Жастар жылы деп жарияланған 2019 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 3 мың пәтер сатып алу құқығынсыз жалға берілгені мәлім. Сөйтіп ірі мегаполистерде еңбек етіп жүрген соншама жас отбасылар мен жалғызбасты қыз-жігіттер қабырғаларын қайыстырып жүрген баспана мәселесін уақытша (бес жылға) болса да шешіп, қуанып қалды.
Әйткенмен, осы бағдарламаның игілігін көре алмай, реніш білдірген жас адамдар да бар болып шықты. Олардан мұның себебін сұрағанымызда айтқандары мынаған саяды: «Біздің жасымыз 28-ден асып кеткендіктен, әкімдіктегі шенеуніктер құжатымызды қабылдаудан бас тартып: «Сіздер – жастарға жатпайсыздар», деп бір-ақ қайырып, кеудемізден кері итергендей болды».
Расында да, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің 2019 жылғы 29 тамыздағы бұйрығымен бекітілген «Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларында»: «Жұмыс істеп жүрген жастар – жиырма тоғыз жасқа толмаған, жалпы білім беретін мектептердің техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары», деп жазылыпты. Ал бұл жас шегін министрліктегі шенеуніктер аспанға емес, 2015 жылғы 9 ақпанда қабылданған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға қарап белгілеген болып шықты. Өйткені аталған заңның 1-бабының 3-тармағында: «Жастар – Қазақстан Республикасының он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейiнгi азаматтары», деп тайға таңба басқандай етіп айқындалған екен.
Ал қоғамда жастар санатына жасы 35-ке дейінгі азаматтарды жатқызу жайлы ұсыныс-пікір көптен бері айтылып жүр. Ол қисынсыз да емес. Себебі қазіргі заманға тән құбылыс болар – жастардың көбі өмірден лайықты орындарын таппайынша, отбасы құруға асықпайтындығы аян. Сөйтіп жасы отыздан асқанша қалаларда үйсіз-күйсіз, біреудің босағасын сағалап һәм пәтер жалдап жүрген қыз-жігіттер көп. Кештеу шаңырақ көтеріп, тұрғынжай кезегінде тұрған жас отбасылар да аз емес. Осыны ескерген Алматы қаласының әкімдігі «Алматы жастары 3.0» жаңа тұрғын үй бағдарламасын қабылдап, жасы 35-тен аспаған мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету ісін қолға алыпты. Бұған қоса, жалдамалы тұрғынжай алуда басымдық берілетін 100 сұранысқа ие мамандық тізбесін кеңейтіп, оған денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларының жас мамандарын, сондай-ақ жас ғалымдар мен журналистерді енгізгендігін де айта кеткен жөн. Осы игі бастамаға биыл Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қолдау білдіріп, «Елорда жастары» бағдарламасын іске асыруға кірісті.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Президенттік жастар кадрлық резервіне жасы 35-тен аспаған жас мамандарды енгізу қарастырылғандығы да ойға оралады. Сондай-ақ «Ғылым туралы» заңға бертінде енгізілген өзгерістерге сәйкес мемлекеттік ғылыми стипендиялар ғылыми проблемаларды шешу бойынша зерттеулер жүргізуге белсене қатысқан және ғылыми қоғамдастық мойындаған, отыз бес жастан аспаған талантты жас ғалымдарға берілетін болып шешілген.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) белгілеген жас шамасының жіктемесі бойынша орташа өмір сүру ұзақтығы 71 жастан асқан қазіргі әлемде 18-44 жас аралығындағы адамдар жастар болып саналады екен. Қазақстанда да орташа өмір сүру ұзақтығы 71 жастан асқандығын, Президент былтырғы халыққа Жолдауында оны 75 жасқа жеткізу міндетін алға қойғандығын ескерсек, ДДҰ ұйғарымымен келісетін жөніміз бар. Оның үстіне, кешегі Кеңес Одағының қирандысында бізбен бірге қалып, еңсесін енді тіктеп жатқан Молдовада, Ресейде және Украинада бүгінде 35-тен аспаған адамдар заң жүзінде жастар болып танылғандығы да бекерден-бекер емес. Сондықтан Мемлекет басшысының бастамасымен жетінші шақырылымдағы Мәжілістегі қатары едәуір қалыңдаған жас депутаттар өздерінің заң шығарушылық қызметтерінде осы мәселеге назар аударып, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға тиісті түзету енгізуге ұйытқы болса, құба-құп. Бұл ел болашағы – жастарды әлеуметтік қолдауды одан әрі жақсарту үшін қажет.