Жақында Астанада “Нұр Отан” ХДП жанындағы Мемлекеттік қызметтер мен рұқсат беру құжаттарының сапасы мен қолжетімдігін бақылау және мониторинг жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Кеңес отырысына “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, Парламент депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты, деп хабарлады “Нұр Отан” ХДП-ның баспасөз қызметі.
Жиын бейнемәслихат түрінде өтті, бұл жергілікті атқарушы орган мен партия филиалдары жетекшілерінің, мемлекеттік қызметтер мен рұқсат беру құжаттарының сапасы мен қолжетімдігін бақылау және мониторинг жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес мүшелерінің мәселені талқылауға қатысуына мүмкіндік туғызды.
Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін реформалау аясында үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДЖ) енгізілді. Жаңа бастамаға “Нұр Отан” ХДП мониторинг және қоғамдық бақылау жүргізіп отыр. Осы мақсатта Қазақстанның медициналық ұйымдарының базасында үстіміздегі жылдың қаңтарынан бастап партиялық бақылау постылары жұмыс істейді. Республика бойынша барлығы 316 пост құрылған. Медициналық қызметтерді тұтынушы халықтан, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің өздерінен медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімдігіне қатысты көптеп шағымдар түсуіне байланысты БҰДЖ енгізу мәселесі кеңестің мұқият бақылау нысанына айналды.
Әсіресе, еліміздегі медициналық мекемелерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге баса назар аударылды. Өйткені, бұл мәселе алаңдатарлық жағдайда. Ағымдағы жылдың алғашқы айларында дәрілердің жетіспеушілігі байқалған. Орын алған жағдайдың бірден-бір себебі – “Фармация” СҚ, Денсаулық сақтау министрлігі және жергілікті атқарушы органдар арасында дәрімен қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттердің анықталмағандығы болып отыр. Нұрлан Нығматулин: “Біз еліміздің медициналық мекемелерінде барлық дәрілік қажеттіліктерді үздіксіз жеткізіп тұруды қамтамасыз етуіміз керек, біздің азаматтарымыз бұдан зардап шекпеуі тиіс. Ал қандай бір ұлттық компания деңгейінде, қандай бір мекемелермен тіл табыса алмай жатқанымыздан біздің халыққа келер пайда жоқ. Сол үшін біз ортақ тиімді жол табуымыз қажет. Егер ұлттық компания бұған дайын болмаса, өзіне ол міндетті алуға асығудың керегі жоқ еді, ал дайын болса, онда өтініш түсірген компаниядан, медициналық мекемеге дәрілерді жеткізуге дейінгі жұмысқа дайын екендіктерін айту керек. Ондай жағдайда жауапкершілік тікелей “Фармация” СҚ жүктелуі тиіс”, – деді.
Кеңес отырысының қорытындылары бойынша БҰДЖ енгізу механизмін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар қабылданды. Бұл ұсыныстар Денсаулық сақтау министрлігі мен Үкіметке жолданатын болады.