• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қазан, 2021

Қазақстанда онлайн сот практикасы пандемиядан кейін де жалғасуы мүмкін

715 рет
көрсетілді

ҚР Жоғарғы соты Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының судьясы Аслан Тукиев, пандемиядан кейін де онлайн сот практикасын дамытуды ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

«Онлайн сот процестерінің басқа қандай мүмкіндіктерін көрдік дегенге келсек, істерді автоматты түрде бөлу жүйесі бүкіл республика бойынша жүйелі жұмысқа жол ашып отыр. Сондықтан бірыңғай практика болу үшін және елдегі судьяларды жұмысқа теңдей жүктеу үшін азаматтық істерді нақты бір сотқа бағынышты етпей бөлу тетігін ұсынып отырмыз. Әрине мұны тек тараптардың бәрінің келісімі бойынша ғана жасау керек. Яғни, тараптарға «экс-аумақтық» сотттылық принципін ұсынамыз. Онлайн сот процесін басқа аймақтағы судья да қарай алады деген сөз», деді ол «COVID-19 пандемиясы кезінде сот төрелігіне қол жеткізу» тақырыбындағы онлайн кездесуде.

Оның сөзінше, аталмыш тәсілдің бірнеше артықшылығы бар. «Бұл не береді? Біріншіден, бәрінің уақыты мен шығынын үнемдейді. Қазір істердің көбі онлайн өтіп жатқанын ескерсек, мұндай мүмкіндік бар. Біздің ІТ-жүйеміз оған дайын. Біз іс жүзінде пандемиядан кейін де жазбаша әрі онлайн процестерге көшу туралы айтып отырмыз. Әрине, тараптар келіссе ғана осылай болады.

Екіншіден, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Жергілікті соттың әділдігіне күмән болса, бұл жүйеде істі кез келген өңірдің соты қарауы мүмкін. Әсіресе жергілікті әкімдіктермен дау туындағанда осындай күмәндер көбейеді. «Экс-аумақтық» соттылық осы тәуекелдердің бәрін азайтады», деді Жоғары сот судьясы.

Сондай-ақ, ол «бір типті» істер бойынша үгілік шешімдер» тәсілін енгізуді ұсынды. «Бір типті» істерді қарау бойынша реформаның тағы бір тетігін іске асыруға болады. Мысалы ломбардтармен, байланыс операторларымен соттасушылар көп. Мұндай «бір типті» істердің шешімі де, өндіру шарттары да бір-бірінен айнымайды. Осындай істер бойынша әртүрлі шешімдер шығарылған кезде әділ сындар айтылады. Соның салдарынан сот практикасының құбылмалылығы туралы пікірталас күшейеді. Осындай істер бойынша бірізді практика қалыптастыру үшін «үлгілік шешім» енгізуді ұсындық.

Бұл қалай жұмыс істеуі мүмкін? Ұқсас талаптар бойынша даулар көбейген кезде жоғары тұрған сот тараптардың келісімін ала отырып, бір істі қарап, сол бойынша «үлгілік шешім» шығарады. Жоғары тұрған соттың актісі барлық мағынада үлгілік құжат болуы керек. Егер жағдай бір облыстың ішінде қайталанса, ондай шешімді облыстық сот шығарады. Ал республика көлемінде көбейсе, Жоғарғы сот шығарады», деді Аслан Тукиев.