Nur Otan партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасында әрбір тірек ауылға баратын жалпы ұзындығы 27 мың километр жергілікті жолдар жөнделіп, олардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 95 пайызға жеткізу көзделген. Қазір өңірлерде осы мақсатты орындау жолында қыруар жұмыс атқарылып жатқандығы жайлы жағымды хабарды жиі естіп, ауылдағы ағайындардың көбінің жандарына батып, жанайқайларын шығарып келген күрмеулі мәселенің түйіні тарқатыла түскеніне қуанып отырған жайымыз бар.
Бірақ мемлекет қазынасынан жыл сайын жүздеген миллиард теңге қаржы бөлініп, қалпына келтіріліп жатқан автомобиль жолдарын бүлдірмей сақтау мәселесі бүгінгі таңда аса өзекті болып отыр.
Осыдан бірер жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысының шалғайдағы Тимирязев ауданына қарасты Докучаево ауылында болып, жергілікті тұрғындармен кездескенімізде олардың жарыса айтқан жалғыз мұқтаждығы – жуырда ғана күрделі жөндеуден өткізілген жолды күзде астық тасыған ауыр салмақты машиналардың езіп-жаншып, жеңіл көлікпен жүруге жарамсыз етіп тастағандығы. Мұны біз өз көзімізбен көріп, жағамызды ұстағандай күй кешкенбіз. Ашына сөйлеген ауылдықтар: «Қалтамыздан төлеп отырған салықтан құралатын бюджеттің қаражатын осылай рәсуа етуге бола ма? Жетпіс тонналық қытайлық өзі аударғыш автомобильдер нені шыдатсын?! Сондықтан ондай көліктердің астық пен басқа да ауыр жүктерді ауыл жолдарымен тасуын мүлдем тоқтату керек», деген еді.
Шынында да, бұл мәселе кейінгі жылдары, әсіресе еліміздің астықты өңірлерінде елеулі проблемаға айналған. Қазір елімізде 55 мыңнан астам өзі аударғыш ауыр салмақты жүк көлігі бар көрінеді. Олар негізінен кеніштерден инертті материалдар тасумен айналысқанымен, күзде астық тасуға да заңсыз пайдаланылады. Ал сол үшін олардың иелеріне салынатын айыппұл сомасы автожолдарға келтірілетін зиянның ширегін де өтей алмайды.
Бұған қоса, «Автомобиль көлігі туралы» заң талаптарының орындалуын қатаң қадағалап, автожолдарды ауыр салмақты көліктердің бүлдіруіне жол бермеуге тиісті өңірлік көлік бақылау инспекциялары өздеріне жүктелген міндетті толық атқарып отыр деу қиын. Себебі олардың қызметкерлерінің саны аз және материалдық-техникалық жабдықталуы жеткіліксіз.
Осыған орай, өңірлердегі көлік бақылау инспекциялары ішкі істер департаменттерімен бірлесіп, ауыр жүк тасымалдаушыларды бақылау бойынша Жол картасын әзірлеп, іске асыру үстінде. Соған сәйкес жол-патрульдік полициясының қызметкерлері қолданыстағы заңнаманы бұзған өзі аударғыш ауыр салмақты көліктерді тоқтатып, тиісті әкімшілік жауаптылық туралы хаттама толтыру үшін көлік бақылау инспекциясының өкілдерін оқиға орнына шақырады. Алайда олар көлік бақылау инспекциясының қызметкерлері оқиға орнына келіп жеткенше кейде ұзақ уақыт күтуге мәжбүр. Сол себепті кезінде Мәжіліс депутаттары Үкіметке еліміздің негізгі астықты өңірлерінің ерекшеліктерін ескере отырып, олардың көлік бақылау инспекциялары қызметкерлерінің және жылжымалы көлік бақылау бекеттерінің санын көбейту, сондай-ақ жол-патрульдік полициясына да автокөлік құралдарының рұқсат етілген салмақтық өлшемдерді сақтауын бақылауды жүзеге асыру функциясын беру мәселесін қарастыруды ұсынған екен. Алайда Үкімет көлік бақылауы саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында және полицияны өзіне тән емес функциялардан босатуға байланысты депутаттардың ұсыныстарымен келіспеген.
Ал онда астықты өңірлердегі жолдарды сақтаудың басқа жолдарын неге қарастырмасқа? Мәселен, заң бұзған ауыр салмақты машиналардың иелері мен жүргізушілеріне саралап салынатын айыппұл мөлшерін арттыруға, жүк тасуға қатаң шектеу енгізу шарасын астықты өңірлер үшін тек ылғалы мол көктемде ғана емес, астық тасымалы басталатын күзгі уақытта да қабылдауға болмай ма? Бұған қоса, ақпараттық технологиялар өмірге кеңінен енгізіліп жатқан қазіргі кезде ауыр салмақты көліктердің ауыл жолдарын бүлдіруіне тосқауыл қоятын бір бұлтартпас құралды ойлап табуға да болатын шығар.