• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Бизнес 13 Қазан, 2021

Әйелдер кәсіпкерлігі әлдене түспек

363 рет
көрсетілді

Бүгінде Қазақстандағы шағын және орта бизнестің 43 пайызын әйелдер кәсіпкерлігі құрап отыр. Ал MsKinsey зерттеулеріне сүйенсек, нәзік жандардың экономикаға қосар үлесі алдағы уақытта еселеп өсе түспек.

Атап айтқанда, әйелдердің эконо­микаға қосар үлесі 2025 жылға қарай әлемдік ішкі жалпы өнімнің 28 трлн долларын құрауы мүмкін. Бұл дегені­міз – 11-26 пайыз. Тарқата айтсақ, ішкі жалпы өнімдегі әйелдердің үлесі Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда 9 пайызға, ал Қиыр Шығыс пен Сол­түстік Африкада 11 пайызға өседі деген болжам бар. Десек те, әйелдер құрған һәм басқаратын компания­лар жұмыс барысында көптеген қиын­­дыққа кезігетіні қазірден ай­ты­­лып жүр. Бұл ретте Еуропа қай­та құру және даму банкінің «Биз­нес­­тегі әйелдер» бағдарламасы биз­нес­­тегі би­кеш­терді қаржылай, қаржы­лай емес тәсіл­дермен қолдауға бағытталған.

Статистикаға жүгінсек, Қазақ­стан­­дағы әйелдер ерлермен салыс­тыр­ғанда несиелік төлемдерге жауап­к­ер­шілікпен қарайды екен. Бұл ретте уақыты 90 күннен асып кеткен төлем­дердің дені ерлердің мойнында екенін ресми статистика растап отыр. Сондықтан Еуропа қайта құру және даму банкі қаржыландырудағы дефицитті жергілікті банктер мен микроқаржы ұйымдарына әйелдер кәсіп­керлігіне арналған несие желі­лерін ашу арқылы шешіп келеді. Бүгін­де қазақстандық серіктес қаржы инс­ти­туттарына 86,5 млн доллар бөлінген.

– Гендерлік инклюзивтілік стратегиясына сәйкес, біз қазақстандық кәсіп­кер әйелдерді «Бизнестегі әйел­дер» бағдарламасы арқылы қол­дай­мыз. Бүгінге дейін әйелдер бас­қара­тын компаниялармен бірге 300-ден астам жобаны жүзеге асырдық. Бұ­дан бөлек, жыл сайын бизнесте жүрген 1 мыңнан астам қыз-келіншекті түр­лі тренинг, бағдарламалар көмегі­­мен оқытып келеміз, – дейді Қазақ­стандағы Еуропа қайта құру және даму банкінің шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасының менеджері Алма Қасымова.

Банк қаржылай емес қолдау құ­рал­дары арқылы кәсіпкер әйел­дер­дің кәсіби сараптамаларға, биз­нес-коучинг­ке, оқуға, тәлімгер­лік­ке қол­же­тім­ділігін қамтамасыз ете­ді. Мұн­дай шаралар өз жемі­сін беруде. COVID-19 пан­демия­сына қара­мас­тан, тәлімгер­лік бағдар­ламасына қатысқан 50 адам франшизаларын сатуға, жаңа нарықтарды игеруге, жа­ңа өнімдер шығаруға мүмкіндік алған. Дегенмен пандемияның жа­ғым­сыз экономикалық әсері де жоқ емес. Мәселен, Қазақстанның түрлі ай­мақ­тарындағы 800 микро, шағын және орта бизнес кәсіп­орын­дары ара­сын­да жүргізілген сауалдама қо­ры­тын­дысына сүйенсек, каран­тин кезінде әйелдердің иелі­гін­дегі кәсіп­орын­дар­дың 75 пайы­зы­ның табысы қыс­қар­ған. Ал ерлер басқ­аратын компа­ния­­лар­да бұл көрсет­кіш 60 пайызға тең. Әйел­дер бизнесінде орташа есеппен жұмыс орындарының саны 12 адамнан 9 адамға дейін қысқарған. Сондай-ақ банк кәсіпкер әйелдер басқаратын отбасылық бизнесті қолдауда.

– Зерттеулер бүгінгі отбасылық биз­нес жетекшілерінің 70 пайызы­ның ұрпаққа мұра ету жоспары жоқ екенін анықтады. Отбасылық кәсіп­орын­дардың 30 пайызы ғана келесі ұр­пақтың басқаруына өту кезе­ңін аман-есен өткереді екен. Бұл рет­те басты мәселелердің бірі – отбасы­лық компанияларды ин­но­ва­ция­мен, цифрландырумен, қа­жетті бі­лім­мен қамтамасыз ету. ReStart бағ­дарламасы аясында біз Қазақ­стан­дағы отбасылық компанияларға жар­қын болашақты қамтамасыз етуге мүм­кіндік беретін пайдалы білім бе­руге тырысамыз, – дейді А.Қасымова.

Қазіргі кезеңге дейін Еуропа қайта құру және даму банкі әйелдердің эконо­микалық мүмкіндіктерін кеңей­ту үшін 1,5 млрд еуро қаржы құйған. Банктің құрылған кезінен бастап гендерлік теңдік пен инклюзияны қолдау бағытында 350-ден астам жоба жұмыс істеуде.