• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 14 Қазан, 2021

Саудиямен сауда-саттық жанданады

437 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Сауд Арабиясының үкіметаралық комиссиясының отырысында еліміз араб мемлекетіне сомасы 400 млн долларға жуықтайтын түрлі саланы қамтитын өңделген тауардың 100 түрін жеткізуге келісті. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сауд Арабиясы – Қазақ­станның Парсы шығанағын­дағы сенімді серіктестерінің бірі. Со­ған қарамастан әлемді жау­ла­ған індеттің салдарынан екі жақтың сауда-экономикалық байланысы біраз тұралап қалғаны жасырын емес. Алайда араб елімен арадағы ынтымақтастықты арт­тыруға мүмкіндігі мол, бірақ әле­уеті толығымен ашылмаған эко­но­миканың секторы көп. Сол себепті Қазақстан бұл бағытты дамытуға ниетті.

Мәселен, еліміз түрлі салаларда өңделген тауардың 100 түрін жеткізу бойынша экспорт номенклатурасын 398,5 млн долларға дейін кеңейтуге дайын. Бұл тізімде машина жасау, қара металлургия, тамақ өнеркәсібі және тағы басқа салаларға қатысты тауарлар қамтылған.

Тараптар екі елдің іскерлік орталарының ынтымақтастығын тереңдетуге және бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруға, оның ішінде өнімді бір елден екіншісіне жеткізіп, сату үшін уақытша немесе тұрақты көрме павильондарын (showroom) ашуды пысықтауға келісті. Қазақстан мен САК өз елдерінде әлеуетті сатып алушыларды іздестіруде бір-біріне жәрдем көрсетуге уағдаласты.

Сонымен бірге Қазақстан ауыл шаруашылығы, мұнай химиясы, туризм, тау-кен металлургия кешені және қаржы сияқты салаларда бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты саудиялық компанияларды тартуға мүдделі.

Атап айтқанда, Бақыт Сұл­танов саудиялық әріптесіне елі­мізде тауар өткізу жүйесін құру жөніндегі жобаның іске қосыл­ғаны туралы айтты.

Екі жақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын жүзеге асы­­ру кезінде карантиндік фито­сани­т­арлық талаптарға байланыс­ты тәжірибемен алмасуға, сол се­кіл­ді өсімдіктер карантині ба­ғы­тын­да ынтымақтасуға уағ­даласты.

Ынтымақтастықтың жаңа бағыты ретінде «жасыл экономика» қарастырылуы мүмкін. Эр-Рияд бірлескен жобаларды іске асырып, технологиялармен алмасуға байланысты және маман даярлау ісінде зор перс­пективалар бар екенін жоққа шығармады. Тараптар күн, сутегі энергетикасы және бейбіт атом­ды қоса алғанда, балама және жаңғырмалы энергетика сала­сындағы серіктестік жолдарын пысықтауға келісті.