• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 18 Қазан, 2021

Өңделген тауардың 70 түрін жеткізуге дайын

239 рет
көрсетілді

Қазақстан Аустрия нарығына өң­делген тауардың 70 түрін шы­ғаруға дайын. Екі жақты сауда-саттық мәселесі Экономикалық, ауыл шаруашылығы, табиғатты қорғау, өнеркәсіптік, техника­лық және технологиялық ынтымақ­тастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының отырысында пысықталды.

Шетелдік делегацияны Аустрияның цифрландыру және экономика жөніндегі федералды министрлігіндегі бас директор Флориан Фраушер бастап келді.

Сауда және интеграция вице-ми­нистрі Қайрат Төребаев үкіметаралық комиссияның тең төрағасы ретінде экспорт мәселесіне тоқталып, атап айт­қанда, сауда-экономикалық байланыс­ты ретке келтіру үшін ынтымақтастық­тың жаңа түрін енгізуді ұсынды. Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда аустриялық капиталы бар 83 компания және экономиканың түрлі секторында 25 бірлескен компания жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар Алматыда Аустрияның Advantage Austria Almaty экономикалық палатасының өкіл­дігі жұмыс істеп жатыр. Бұл палата­ның да екі жақты алыс-берісті арттыруда әлеуеті зор.

«Екі елдің мамандандырылған құ­ры­лымдарының сауда-саттық мә­селе­сінде маңыздылығы ерекше. Қазақстан тарапы QazTrade, KazakhExport, KazakhInvest және Астана халық­аралық қаржы орталығының Business Connect сынды алаңын ұсына оты­рып, қазақстандық және аустриялық кәсіп­о­рындарды экономиканың нақты секторындағы бірлескен жобаларды іске асыруға сүйемелдеуге дайын», деді Қ.Төребаев.

Сауда ынтымақтастығын жандандыру үшін Аустрия мен Қазақстан нары­ғына әлеуетті экспорттық тауар­лар­дың тізбелерімен алмасу ұсынылды. Айталық, қазақстандық компаниялар экспорт номенклатурасын кеңейтуге және сомасы 500 млн доллардан артық түрлі салаларға арналған өңделген тауардың 70 түрін Аустрия нарығына шығаруға дайын.

«Елімізде металлургия өнімдерінің жеткізілімін – 295,3 млн долларға, мұнай-химия саласын – 137,5 млн дол­ларға, азық-түлік – 74,7 млн дол­ларға, машина жасау бойынша – 16,1 млн долларға, химия өнеркәсібіне байланысты – 16,1 млн долларға, сондай-ақ құрылыс тауарлары бойынша 18,5 млн долларға ұлғайту мүмкіндігі бар», деді Сауда және интеграция вице-министрі.

Бұдан басқа үкіметаралық комиссия цифрландыру, ауыл шаруашылығы, туризм және тағы басқа бағыттарда екі жақты байланысты дамытуды көздейтін хаттамаға қол қойды.