• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 18 Қазан, 2021

Өңірлердегі жемқорлықты ауыздықтау амалы

472 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында мемле­кет­т­ік аппарат қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту мерзімін жедел­детуді тапсыра отырып: «Үнем­делген қара­жаттың есебінен қалған қызмет­кер­лердің жалақысын көбейтетін боламыз. Еңбекақысы аз мемлекеттік қыз­меттің қо­ғам үшін пайдасынан зияны көп», деген болатын. Президенттің бұл сөзі қазіргі өмір шындығына сүйеніп ай­тыл­ған­ды­ғы­на шәк жоқ.

Бұдан он шақты жыл бұрын облыстық құқық қорғау органдарының бірін басқаратын танысымнан өз әріптестерінің жемқорлығын неге тыя алмай отырғандығын сұрағанымда ол: «Жуырда біздің департаменттің ішкі қауіпсіздік қызметінің бастығы бір жас офицердің өзі тексеріп жатқан кәсіпкерден 100 мың теңге дәметкені жайлы «сигнал» түскенін айтты. Қызметін мінсіз атқарып, келешегінен үміт күттіріп жүрген аға лейтенант еді. Оның теріс жолға түсуіне не себеп болғанын білгім келіп: «Өзіне сез­дір­мей аңдып, кәсіпкерден алған ақша­ны қандай мақсатқа жұмсағанын анықтап, маған айтыңыз», деп тапсырдым. Ертеңіне қауіпсіздік қызметінің бастығы әлгі офицер­дің кәсіпкерден сұраған параны алысымен дүкендерге барып, балаларына киім-кешек пен тамақ алғандығын, содан кейін ешқайда бұрылмай, үйіне оралғанын баяндады. Кабинетіме шақырып сөйлескенімде ол әйелі кішкентай екі баласын күтіп үйде отырғандықтан, бір өзінің табысы отбасысын асырауға жетпейтінін айтып, жыламсырады. Оны үстінен қылмыстық іс қозғап, түрмеге отырғызуға дәтім бармай, қызметтен босатумен шектелдім. Біз­дің саладағы жемқорлықтың бір себебі осы. Қызметкерлерге лайықты жалақы төлемейінше, бұл келеңсіздіктің тамырына балта шабуымыз қиын», деп қынжылған. Жемқорлықпен күрестегі осы маңызды факторды ескерген мемлекет басшылығы кейінгі жылдары құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын едәуір көбейтті. Сондай-ақ өз деңгейлерінде шешім қабылдау құзыреті берілген мемлекеттік саяси қызметшілер мен «А» корпусындағы мемлекеттік әкімшілік қыз­мет­шілерге де лайықты жалақы төленіп отыр. Алайда өңірлердегі қатары қалың «Б» корпусы мем­ле­кеттік әкімшілік қызмет­шілерінің жа­ла­қысы төмен болып, мұның өзі мемле­кет­тік қызметтің беделін түсіріп қана қой­май, жергілікті билік органдарында кадр тұ­рақ­та­мауының белең алуына және сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеліп соққандығы анық.

Бұдан бірер жыл бұрын өз кәсібін ашып, озық технологиямен сапалы металл бұ­йымдар шығарып, аты шыға бастаған жас кәсіпкер бір мегаполистің ішіндегі ауданның әкімінің орынбасарына жолығып: «Мен сіздер жариялаған тендерге қатысып, пайдалану мерзімі 25 жылға дейін жететін, мықты материалдан жасалған әрі сәнді орындықтарымызды қала көшелеріне қоюға ұсынбақшымын», деген екен. Сонда әлгі шенеунік: «Айналайын, сонда мен келесі тендерді өткізуді ширек ғасыр күтіп отырамын ба? Тек жалақыма қарап отырсам, бала-шағамды қалай қамтамасыз етемін?», деген екен беті бүлк етпестен. Осы мысалдан-ақ, Президент айтқандай, еңбекақысы аз мемлекеттік қызметтің қоғам үшін пайдасынан зияны көп екендігі аңғарылады.

Енді, міне, Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалып, шілде айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусындағы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жалақысы айтарлықтай өсірілді. Мысалы, бұрын ауылдық округ әкімі аппаратының жетекші маманы мемлекеттік қызметтегі еңбек өтіліне қарай айына 84-114 мың теңге аралығында жалақы алған болса, енді оның мөлшері екі еседей арттырылып, 210 мың теңгеге жеткізілген. Аудандар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары осыған дейін небәрі 150-203 мың аралығында жалақы алып, ұнжырғалары түсіңкіреп жүрген болса, қазір айына 512 мың теңге табыс та­­­уып, көңілдері көтерілген. 182-ден 246 мың теңгеге дейінгі айлығын місе тұтпай жүрген облыстық басқармалар басшылары енді 688 мың теңге алып, жұмысқа ынталары да еселеп артқан көрінеді. Осылайша, елімізде іске асырылып жатқан реформалардың негізгі салмағы иықтарына түсіп жүрген өңірлердегі мемлекеттік қызметшілердің мерейі өсіп отыр. «Алмақтың да салмағы бар» демекші, енді салық төлеушілердің мемлекеттік қызметтегі жемқорлықтың жойылуын қатаң талап етуге хақысы бар.