• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қазан, 2021

«Батагөй» байқауы өтті

619 рет
көрсетілді

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы аймақтағы ардагерлер кеңесімен бірлесе бата беру дәстүрін дәріптеу, батаның тәрбиелік мәнін насихаттау, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу мақсатында облыстық «Батагөй» байқауын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған болатын.

Жуырда Тіл сарайында биылғы байқаудың жеңім­паз­дарын марапаттау салтанаты болды. Жиында бас­қарма басшысы Болат Керімбек марапатқа ие болған батагөй қария­ларды құттықтады.

– Ғасырлар бойы ауыздан ауызға тарап, көшпелі өмірдің келбетіне айналған, қазақ салт-дәстүрінің ішінде әлі күнге дейін қолданысқа ие болып, ескірмей келе жатқан салттың бірі – бата беру. Бата беру дәстүрі – тәрбиенің бастауы. Себебі қазақ қандай да бір істі бастамас бұрын үлкендердің алғысы мен батасын алған, жақсы сөзді жарым ырыс, жан азығы деп бағалап шешен адамға сөз, көсем адамға ел бастатқан халық. Батагөй қариялар ел арасындағы жақсы іске рухани демеу болып, бір ауыз сөзбен тоқтам айтып, халыққа бағыт-бағдар беріп, тәрбиелеп отырғаны анық, – деді басқарма басшысы.

Салтанатты іс-шарада сөз кезегін алған облыстық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Е. Келімсейіт «аталы сөз – баталы сөз» деп, бір ауыз сөзге тоқтаған халықтың бата беру әдебі жөнінде айтты. Ал Талдықорған қала­лық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы А.Керімбеков ертеден келе жатқан ұлттық дәстүріміздің бірі – батаның түрлеріне тоқталды.

Жалпы, онлайн байқау ел ара­сында кең таралған және үміт­керлердің өздері жазған баталары бойынша екі бағытта өтті. Байқау­дың бірінші кезеңі бойын­ша аудандар мен қалалардан іріктеуден өтіп, үздік деп танылған қатысушылар екінші кезеңге – облыстық сынға жолдама алды. Байқауға барлығы 174 үміткер ұсыныс білдірсе, 37 үміт­­кердің бейнероликтері облыс­тық кезеңге өтті. Ал «Бата­гөй» об­лыс­тық байқауына қатысушы­лар­дың ең жасы 37 жаста болса, ең үл­кен батагөй 85 жастағы қария екен.