• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 26 Қазан, 2021

«Біздің ортақ күн тәртібіміз» және 2023 жылғы бағыт

344 рет
көрсетілді

ВАШИНГТОН, КОЛУМБИЯ ОКРУГІ. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бұрын-соңды халықаралық қоғамдастық коронавирус пандемиясы, климаттың өзгеруі секілді дағдарыстармен, сондай-ақ солардың салдарынан туындаған терең әлеуметтік және экономикалық теңсіздіктер секілді күрделі сынаққа тап болған емес. 

Аталған дағдарыстарды шешу үшін жаһандық, ұжымдық әрекет қажет. Алайда осындай маңызды кезеңде ерекше ұлтшылдық пен ұлы державалар ара­сындағы шиеленіс күшейді. Әсіресе де­мократиялық мемлекеттер мен авто­кратиялық елдер арасындағы «қырғи-қабақ соғысқа» ұқсас қақтығыстар маңызды көпжақты ынтымақтастықты бұзады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш «Біздің ортақ күн тәртібіміз» атты жаңа баяндамасында осыған тоқталды. «Адамзаттың алдында күрделі әрі тез арада қабылдауы тиіс таңдау тұр. Бұзып шығамыз немесе бұзыламыз» деді ол.

Гутерриш сенім мен ынтымақтас­тықтың іргелі құндылықтарына, сон­дай-ақ азаматтар мен оларды бас­қару­дың барлық деңгейіндегі институттар арасындағы жаңа әлеуметтік келісім­шарттың қажеттілігіне назар аударады. Мұндай қадам жер-жаһанды қазіргі пандемияға мойымай, тұрақты түрде қалпына келтіру үшін қажет.

Біріккен Ұлттар Ұйымының құрыл­ған күні қарсаңында (24 қазан) бұл құн­ды­лықтарды қайта еске салған дұрыс. Бұлар 1945 жылдан кейінгі көпжақты жүйе­ге жасалуы қажет, ұзақ уақыт бойы орын­дал­маған институционалдық және құқықтық өзгерістерге қатысты саяси сауатты, бірақ амбициялық стратегияны анықтауы тиіс.

Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мем­лекеттер 25 қазанда Нью-Йоркте Бас Ассамблеяның президенті Абдулла Шахидтің төрағалығымен өткен жиынға қатысқаннан кейін көп ұзамай олар Гутерриштің көптеген ұсынысына қатыс­ты әрекеттерді бастау туралы қарар­ды мақұлдайтыны жоспарланып отыр. Ол анағұрлым инклюзивті және желілік көпжақтылықты құруға арналған тың идеялар ұсынды. Олардың қатарында күрделі жаһандық дағдарыстарға қарсы тұру үшін жаңа Төтенше жағдайлар платформасы қолдаған жаңартылған Бейбітшілік күн тәртібін, Болашақ ұрпақтың арнайы өкілін тағайындау, сондай-ақ цифрлы трансформацияны, деректерді талдауды және стратегиялық болжауды қамтитын инновациялар бар.

Біз сондай-ақ Гутерриштің БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін «инвестицияларды арттыруға» және әлемнің бүкіл елін жасыл экономиканы дамытып, қайта қалпына келтіруді әділ жүргізуге шақыруын құптаймыз. (Оған қоса Глазгодағы БҰҰ-ның кли­маттың өзгеруі жөніндегі конферен­ция­сында айтылатын мәселелер бар). Оның Біріккен Ұлттар Ұйымы, Дүниежүзілік банк және Халықаралық валюта қоры бас­шыларымен бірге G20 және БҰҰ Эко­но­микалық және Әлеуметтік кеңесі­нің өкілдерімен бірге әлемдік көшбас­шылардың екі жылда бір рет саммитін өткізу туралы ұсынысы – процесті бақылаудың дұрыс жолы.

Жаһандық қауіпсіздік, әділет және басқару жөніндегі комиссияның 2015 жылғы есебінде де осындай ұсыныс жасалды. Яғни G20+ басшыларын және БҰҰ-ның барлық мүше мемлекеттерін екі жыл сайын қыркүйекте Бас Ассам­б­леяның Жоғары сессиясы кезінде ша­қыру ұсынылды. Сондай-ақ өзара қарым-қатынасты қолдау және басқару үшін санаулы қызметкері бар G20 хатшылығын қалыптастыру керек.

Әлемдік судағы шиеленістер, Антарктиданы, атмосфераны және ғарыш кеңістігі секілді мәселелерде жаһандық ортақ ресурстарды басқаруды жақсарту кезек күттірмейді. Осыны ескере отырып, Гутерриштің БҰҰ Қамқоршылық кеңесінің мақсатын өзгерту туралы ұсынысын қолдаймыз. Бірақ жаһандық қоғамдық игіліктерді тиімді жеткізу және жаһандық қоғамдық тәуекелдерді басқару билік органдарының «кеңес пен басшылық» рөлінен шығып, басқаша әрекет етуді талап етеді.

Мысалы, 2015 жылғы баяндамамызда БҰҰ-ның Бейбітшілікті құру жөніндегі комиссиясын консультативтік-кеңесші органнан халықаралық шараларды үйлестіретін, Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібіне енбеген қақтығыс жағдайларды шешуге қажет ресурстарды жұмылдыру өкілеттігі берілген мекемеге айналдыруды ұсындық. Мұндай бітімгершілік кеңесі өлімге әкелетін зорлық-зомбы­лықтың өршуін, қайталануын болдырмау мақсатында тиімді әрекет етіп, оны бақылай алады.

Гутерриштің өршіл ұсыныстарын жүзеге асыру мемлекеттердің әрекет етуін қажет етеді. Соған сәйкес, жаһан­дық басқару жүйесін жаңғырту үшін арнайы үкіметаралық реформалар процесін құрған жөн. Кешікпеу өте маңызды. Жыл аяқталмай тұрып, БҰҰ-ға мүше мемлекеттер Гутерриштің 2023 жылдың қыркүйегінде Болашақ саммитін өткізу туралы үндеуін қолдайтын «модальдық резолюцияны» мақұлдауы керек.

Саммиттің әсерін барынша арттыру үшін бірнеше қадам жасалуға тиіс. Біріншіден, бейбітшілік, қауіпсіз­дік және гуманитарлық әрекеттердегі ж­аһан­дық басқару инновацияларын қарас­тыру және ілгерілету үшін бүкіл әлем бойынша дайындық комитеттері (PrepComs) құрылғаны абзал. Тұрақты дамуды және коронавирустан кейінгі қалпына келтіру, адам құқықтары, инклюзивті басқару және заң үстемдігі және климаттың жылынуына қарсы тұру секілді мәселелер де назарда ұсталғаны жөн. Сондай-ақ идеяларға сүйене отырып интеграцияланған, жүйелі реформаларды қалай алға жылжыту мәселесі де ұмыт қалмауы керек.

Екіншіден, БҰҰ-ның саммитінде айтылған жаһандық әңгіме диалогтері мен сауалдамаларына сүйеніп, жаһандық және аймақтық халықтар форумдары мен электронды диалогтер құрылуы қажет. Бұл қоғамның мәселелерді дұрыс түсінуіне, азаматтық қоғамның санасын арттыруға көмектеседі.

Үшіншіден, негізгі мәселелерді шешу үшін Жоғары деңгейдегі Консуль­тативтік кеңес (қоғамдық зиялы қауым өкілдері мен бұрынғы мемлекет басшылары) және БҰҰ елшісі-сарапшы дөңгелек үстел­дерін құрған жөн. Бұл жаһандық бас­қару жүйесінің әлеуетін қалай күшейту керек­тігін талқылауға, PrepComs-ке қосымша идеяларды бағыт­тауға жол ашады.

Төртіншіден, 2023 жылғы саммит бас­талмас бұрын оның қорытынды құжа­тында кемінде амбициялы, жақын және ұзақ мерзімді нәтижелерге көмек­тесе­­тін құжат жасалуы қажет. 2005 жыл­­ғы Қорытынды құжаты (UN60) секіл­­ді таңдаулы, нақты, уақытпен шектелет­ін және өлшенетін реформалық міндеттемелерге баса назар аударған абзал.

Жаһандық басқару инновацияларына қатысты бұл идеялар мен оған қатыс­ты ұсыныстар жақында Стимсон ор­талығының «UN75-тен тыс: Инклюзивті, желілік және тиімді жаһандық басқаруға арналған жол картасы» баяндамасында көрсетілді. «Ортақ күн тәртібіміз» және бұрынғы комиссиялар, ғалымдар және адвокаттық ұйымдар ұсынған көптеген жақсы идеяны біріктірген құжат адамдардың көпжақты институттарына сенімін қалпына келтіруге және нығайтуға көмектесе алады. Енді жұмысқа кірісетін кез келді.

 

Мадлен ОЛБРАЙТ,

АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы және Біріккен Ұлттар Ұйымындағы елшісі, Жаһандық қауіпсіздік, әділет және

басқару жөніндегі комиссияның бұрынғы төрағасы,

Ибрагим ГАМБАРИ,

Нигерияның бұрынғы Сыртқы істер министрі және Біріккен Ұлттар Ұйымындағы елшісі, Жаһандық қауіпсіздік, әділет және басқару комиссиясының бұрынғы тең төрағасы

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org