Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасын іске асырудың мақсаты – 2021-2025 жылдары базалық қызметтерге тұрғындардың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысын дамыту, көлік қатынасын жақсарту есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру.
Осы Ұлттық жобада Қазақстанның позициясын Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде «Инфрақұрылым» көрсеткіші бойынша қазіргі 62-ден 49-ға дейін, Дүниежүзілік банк рейтингінде «Логистика тиімділігі» көрсеткіші бойынша 71-ден 50-ге дейін жақсарту міндеттері қойылып отыр. Бес жыл ішінде барлық қаржыландыру көздері есебінен 236,7 мың отбасының тұрғын үй жағдайы жақсартылмақшы. Қалалар мен ауылдарды сумен қамтамасыз ету 100 пайызға жеткізілмекші. Агломерациялар мен облыс орталықтарындағы, сондай-ақ Семей қаласындағы тұрғындар санын жыл сайын 1,7 пайызға ұлғайта отырып, урбандалу деңгейін бүгінгі 59,1 пайыздан 62,6 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Жаңадан 15,7 мың тұрақты және 475,4 мың уақытша жұмыс орнын құру, қоныс аударушылар мен қандастардың кәсіпкерлік бастамасын дамыта отырып, олардың жұмыспен қамтылу деңгейін 79 пайыздан 87 пайызға дейін арттыру қарастырылған.
Алға қойылған осындай нақты міндеттерді іске асыру үшін бес жылда 7,5 триллион теңгеден астам, соның ішінде республикалық бюджеттен – 4 триллион теңгеден астам, жергілікті бюджеттерден 785 миллиард теңгеден астам, бюджеттен тыс көздерден 2,7 триллион теңгеден астам қаржы бөлінбекші. Әлбетте, Ұлттық жобаны іске асыруға бөлінетін осыншама қаражат мақсатына сай әрі тиімді жұмсалса, өңірлердің қуаты молайып, олар, шынында да, ел дамуының драйверіне айналады деп үміттенуге болады.
Расында да, алдағы уақытта урбандалу процесі жеделдеп, ауылдан қалаға қоныс аударатын адамдар қатары қалыңдай түсетін тәрізді. Өйткені бес жыл ішінде қала халқының санын 3,5 пайызға көбейту – жыл сайын қалаларға ауылдардан шамамен 120 мыңнан астам адам қоныс аударады деген сөз. Бұл көрсеткіш негізсіз де емес. Себебі республикамыздағы 6 322 ауылдық елді мекеннің небәрі 3 561-і ғана даму әлеуеті бар тірек және серіктес ауылдар ретінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасына енгізілген. Олар қазір ауылдық кластерлер ретінде басымдықпен қаржыландырыла бастады. Бұл ретте даму әлеуеті бар ауылдар тізбесіне мемлекеттік шекара маңындағы стратегиялық ауылдардың бәрі жеке тізіммен енгізілгендігі – құптарлық жайт. Ал «келешегі жоқ» деп танылған 2 761 ауылдық елді мекеннің енді «басына тартса, аяғына жетпей, аяғына тартса, басына жетпей» көрпесіне қарап көсілетін жергілікті бюджетке ғана күні түсіп қалғандықтан, болашағы бұлыңғыр тартып тұр. Сондықтан олардың көбінің тұрғындары, әсіресе, жастар жағы қазірдің өзінде қалаларға жаппай қоныс аударып жатқандығы, бұл үрдіс алдағы кезде тіпті үдей түсетіндігі анық. Бірақ қала ауылдан шыққан көшті құшақ жая қарсы алуға әзір ме?
Осы орайда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Жастар жылы атанған 2019 жылдан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 3 мың пәтерді сатып алу құқығынсыз жалға беру қолға алынғаны мәлім. Бұл әлеуметтік жоба мегаполистерде еңбек етіп жүрген жас отбасылар мен жалғызбасты жастардың баспана мәселесін шешуіне оңтайлы мүмкіндік берді. Енді осы игі бастаманы алдағы жылдары еліміздегі урбандалу қарқыны күшейе түсетіндігін ескере отырып, Ұлттық жоба бойынша тұрғындарының санын жыл сайын 1,7 пайызға ұлғайту көзделген барлық облыс орталығы мен Семей қаласында да іске асыру мүмкіндігін қарастырған жөн сияқты. Өйткені «келешегі жоқ» деп қатаң үкім кесілген ауылдардың жастары жұмыс іздеп, негізінен, мегаполистерге, сондай-ақ облыстардың орталықтары мен Семей секілді үлкен қалаға қарай ағылып жатқаны мәлім.
Тағы бір назар аударатын жайт – Ұлттық жобада астананың, республикалық маңызы бар қалалардың жалпы ішкі өнімін жыл сайын 3,9 пайызға ұлғайту көзделген. Бұл үш мегаполистің әкімдіктерін өндірісті барынша жандандыруға, жаңа жұмыс орындарын көптеп құруға міндеттейтіндігі даусыз. Сонымен қатар тұрғындарының санын көбейту ұйғарылып отырған облыс орталықтары мен Семей қаласының жалпы ішкі өнімін жылдан-жылға барынша арттыру мәселесін де жан-жақты қарастырған жөн деп ойлаймыз. Мұның өзі ауылдан қалаға көшіп келіп жатқан азаматтарды, әсіресе, «екі қолына бір күрек таппай» сенделіп жүріп, әрнеге ұрынып қалып жататын жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге септігін тигізері кәміл.
Бұған қоса, еліміздің урбандалу деңгейін барынша шынайы да әділ анықтауда да ойланарлық мәселе бар. Атап айтқанда, «Экономикалық зерттеулер институты» акционерлік қоғамы жүргізген «Заманауи өңірлік саясатты және жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту міндеттерін ескере отырып, жергілікті басқару жүйесін жетілдіру» тақырыбындағы зерттеу қорытындысына қарағанда, еліміздегі 41 шағын қаланың 12-сі «халық саны» өлшемшарты бойынша «қала» мәртебесіне сәйкес келмейді. Яғни олардағы тұрғындар саны 10 мыңға жетпейді. Мұндай шағын шаһарлардың – шын мәніндегі ірі ауылдардың көпшілігінің қалақұраушы кәсіпорындары да жоқ. Сондықтан да олар экономикасының құрылымы мен тұрғындарының жұмыспен қамтылуы бойынша да қала атауына сәйкес келмейді. Аталған институт индустриялық келешегі жоқ шағын қалаларды ауылдарға айналдыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге мамандандыру арқылы олардың әлеуметтік-экономикалық дамуына соны серпін беруді ұсынған. Алайда бұл ұсынысты қарау халық санағын өткізуге байланысты кейінге қалдырылып келген. Сондықтан алдағы кезде облыстар мен аудандардың әкімдіктері атына заты сай келмейтін қалалардың мәртебесін өзгерту мәселесін жергілікті жұртшылықпен бірлесе қарастырып, жан-жақты ойластырылған шешімдер қабылдауы қажет.
Сонымен бірге кеңес заманында «қала үлгісіндегі кент» атанған елді мекендердің көбі кейін «ауыл» мәртебесін алғаны белгілі. Олардың арасында уақыт өте келе айтарлықтай дамып, көркейіп, қазіргі кезде қаладағыдан еш кем түспейтін инфрақұрылымға ие болып, қалақұраушы кәсіпорындары мен шағын және орта бизнесі өркендеп отырғандары да бар. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық дағдарыс кезінде тоз-тозы шығып, тұрғындарының жартысы үйлерін тастап, басқа жаққа көшіп кеткен, бүгінде кәдімгі ауылға айналған Сергеевка және Булаево сияқты шағын қалаларының тұрғындары бұрын «қала үлгісіндегі кент» мәртебесінде болған Новоишимское ауылының бүгінгі қалаға бергісіз келбеті мен тұрғындарының жайлы тұрмысына қызыға қарайды. Демек осындай шағын қалалар мен ауылдардың шынайы мәртебесін зерттеп, зерделеп, тиісті шешімдер қабылдайтын кез келді.