«Елге ел қосылса – құт, елден ел айырылса – жұт» дейді халқымыз. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында әртүрлі этностар өкілдерінің елеулі бөлігі еліміздің Тәуелсіздігі әкелген еркіндікті пайдаланып, тарихи отандарына үдере көшіп кеткендіктен, Қазақстан халқының саны бір миллионнан астам адамға кеміп, 1999 жылғы халық санағы бойынша 14,9 миллионнан адамды құраған еді. Шүкір, содан бергі кезеңде еліміздің демографиялық жағдайы жылдан-жылға жақсарып, халқымыздың саны бүгінде 19 миллионнан асты.
Дегенмен, әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орынды еншілеген кең-байтақ республикамыздың өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі мен климатында елеулі айырмашылықтар барлығына байланысты олардағы демографиялық ахуал да бірдей емес. Әсіресе, теріскей аймақтарда қалыптасқан жағдай алаң туғызбай қоймайды. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылдарда, әсіресе, шекара маңындағы елді мекендерде тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса, соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз. Бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызы бар», деп қадай айтты.
Осы бағытта Үкімет тарапынан нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аудару және атажұртқа оралған қандастарды квота бойынша орналастыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Әйткенмен, бұл шаралар демографиялық жағдайы мәз емес облыстар тұрғындары санының жылдан-жылға кему үрдісін тоқтата алған жоқ. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, Қостанай облысы тұрғындарының саны былтыр 4020-ға кеміп, биылғы жыл басында 864529 адам болған. Өткен жылы астықты өңірге 28260 адам көшіп келсе, көшіп кеткендер саны – 33334. Осы уақыт ішінде Павлодар облысы тұрғындарының саны 4629-ға азайып, 751011 адамды құраған. Ертіс-Баян өңіріне 26103 адам көшіп келсе, 30331 адам көшіп кеткен. Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының саны 5941-ге кеміп, 1363656 адам болған. Кенді Алтай өңіріне 38051 адам көшіп келсе, көшіп кеткендер саны – 49880.
Ал еліміздің «солтүстік қақпасы» болып саналатын Солтүстік Қазақстан облысында қалыптасқан қолайсыз ахуалға кейінгі жылдары мемлекет тарапынан айрықша назар аударылып отыр. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы 2018 жылы Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінде арнайы қаралды. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың үшжылдық кешенді жоспарын қабылдап, іске асыру үстінде. Бұған қоса, Қызылжар өңірі арнайы экономикалық аймақ болып жарияланды. Осы облысқа қоныс аударушыларды ынталандыру мақсатымен оларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің қанатқақты жобасы қолға алынды. Алайда осындай мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан, Қызылжар өңіріндегі демографиялық жағдай жақсарар емес. Жылдағы үрдіспен былтыр да облыс тұрғындарының саны 5076-ға кеміп, аққайыңдар өлкесінде небәрі 548755 тұрғын қалды. Бұл – республика бойынша ең төменгі көрсеткіш. Мұнда өткен жылы 16969 адам көшіп келсе, 21354 адам көшіп кеткен.
Жұмыс күші жетіспейтін теріскей аймақтардан басқа жаққа көшіп кеткендер – тарихи отандарына оралып жатқан әртүрлі этнос өкілдері ғана емес, олардың арасында жергілікті қазақтар да аз еместігі ойландырмай қоймайды. Мысалы, былтыр еліміздің өзге өңірлерінен Қостанай облысына 4037 қазақ көшіп келген болса, көшіп кеткен ағайындар саны – 6570. Осы жөніндегі көрсеткіш Павлодар облысы бойынша тиісінше 5471 және 6889 қазақ, Солтүстік Қазақстан бойынша 3902 және 6201 қазақ. Ал Шығыс Қазақстаннан көшіп кеткен ағайындар саны көшіп келген қазақтарға қарағанда екі еседен аса көп болып шықты – тиісінше 7500 және 15488.
Демографиялық ахуалы көңіл көншітпейтін теріскейдегі төрт облыстың орталықтарындағы жағдай тәуелсіздік жылдарында біршама жақсарғанымен, бөркімізді аспанға лақтыруға әлі ерте. Биылғы жыл басында Қостанай қаласы тұрғындарының саны 251825 адамды құрап, соның ішінде қазақтардың үлесі 42,2 пайызға жеткен. Ал саны жағынан екінші орынды еншілеген орыс ағайындардың үлесі – 41,2 пайыз. Павлодар тұрғындарының саны 361903 болып, теріскей аймақтағы ең ірі шаһар атанды. Мұндағы қазақтардың үлесі 48,5 пайыз, орыстардікі – 40,5 пайыз. Өскемендіктердің саны 348832, ал қазақтардың үлесі – 46,8 пайыз, орыстардікі – 49,9 пайыз. Теріскейдегі халқы ең аз қала – Петропавлдың тұрғындарының саны – 219822 адам. Оның 58,6 пайызын орыс ағайындар құрап отыр. Ал қазақтардың үлесі 30,5 пайыз ғана.
Солтүстік өңірлердің ұлттық құрамында да тәуелсіздік жылдары елеулі өзгеріс болып, мемлекетқұраушы қазақ ұлтының үлесі едәуір өскен. Биылғы жыл басында Қостанай облысы тұрғындарының 41,5 пайызы қазақтар, ал 40,5 пайызы орыстар болды. Бұл жөніндегі көрсеткіш Павлодар облысында тиісінше 53,6 және 34,5 пайыз, Шығыс Қазақстанда 61,5 және 35,1 пайыз. Төрт облыстың ішіндегі қазақтар саны әлі де мардымсыз болып қалып отырған жалғыз өңір – Солтүстік Қазақстан. Мұндағы қазақтардың үлес салмағы 35,5 пайыз ғана, ал орыс ағайындардікі – 49,2 пайыз.
Қорыта айтқанда, Үкімет тарапынан теріскей өңірлердегі демографиялық жағдайды жақсарту мақсатында іске асырылып жатқан шаралар жеткіліксіз деп білеміз. Мәселен, 2021 жылы өңірлік квота бойынша 1246 қандасты және 6940 қоныс аударушыны қабылдау көзделген. Қандастарды қабылдайтын 7 облыс (Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан) пен қоныс аударушыларды қабылдайтын 6 облыс (Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан) үшін бұл квота аздық етеді. Себебі ол «көрпесіне қарай көсілетін» жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне сәйкес бөлінетіндігі мәлім. Ал өңірлердің әкімдіктері сол мардымсыз квотаға сәйкес шақырылған қандастар мен қоныс аударушыларды тұрақты жұмыспен және тұрғынжаймен толық қамтамасыз ете алмай, сын естіп жүргендіктен, осы стратегиялық маңызы бар шаруаға онша ықыласты емес сияқты.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Үкіметке көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырып, ел ішіндегі еңбек күшінің ұтқырлығы мәселесіне қатысты да жаңа ұстанымдар қажеттігіне назар аударды. Президент: «Үкімет оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауы керек. Атап айтқанда, оны әкімдіктер арқылы ғана емес, оңтүстік өңірлерден адамдарды өз бетімен жалдайтын жұмыс берушілердің шығынын өтеу арқылы да беруге болады. Өз бетінше бизнеспен айналысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасаған жөн. Көшіп келген азаматтарға үй салу ғана емес, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін де жер телімдерін беру мүмкіндігін пысықтау керек», деп, маңызды мемлекеттік мәселені шешу жолдарын да көрсетіп берді. Соның ішінде теріскей өңірлерге бизнеспен айналысу мақсатымен қоныс аударатын азаматтарға басым көңіл бөлу қажеттігін өмір көрсетіп отыр. Бір мысал: сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дүниежүзі қазақтарын атамекенге оралуға шақырған Үндеуіне үн қосып, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына Өзбекстаннан ешқандай мемлекет қолдауынсыз көшіп келген Жаңабай Пірманов өз қаржысымен жеке кәсібін бастаған еді. Оның ісі оңға басып, тасы өрге домалағанын білгеннен кейін бауырлас елден Айыртауға лек-легімен 100-ден астам отбасы қоныс аударып келді. Олардың бәрі Жаңабайды арқа тұтып, жаңа қоныстарына тез бейімделіп, сіңісіп кетті.
Пайымдап қарасақ, теріскейдегі демографиялық проблеманы шешуде сараланған тәсіл керек тәрізді. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы мүшкіл жағдайды өзге өңірлермен салыстыруға болмайды. Бұл өңір, «бәрін білетін» статистика мәліметтері көрсеткеніндей, республикамыздағы демографиялық тұрғыдан ең осал облыс болып тұр. Мұнда халықтың табиғи өсімі де жылдан-жылға азайып, енді теріс үрдіс басталды. Нақты айтсақ, былтыр дүниеге келген сәбилер саны – 6879, ал дүниеден озғандар саны 7512 болып, теріс айырым 633 адамды құрады. 2020 жылғы өмір ұзақтығы бойынша республикадағы ең төменгі көрсеткіш те Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі (69,9 жас).
Бұл ретте жуырда Алматы облысынан Қызылжар өңіріне қоныс аударған қоғам белсендісі Бурахан Дақанов «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында: «Солтүстікке адам көшіруден бұрын, «Солтүстікте адам неге аз?» деген сұрақтың жауабын тауып, салдарын емес, себебін жоюға күш салу қажет. Шындығында, жергілікті жерден көшіп жатқан тек қана орыстар емес, қазақтар да жетерлік. Сол себепті жағдайды көшіп келіп жатқандарға ғана емес, барлығына бірдей жасау қажет деген пікірдемін», деген екен.
Бәлкім, Парламент Мәжілісінің депутаты Артур Платонов Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында ұсынғанындай, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары үшін бір кезде болған «солтүстік коэффициентін» қайта енгізген жөн шығар. Себебі Қызылжар өңірі тұрғындарының табысы басқа жұмыс күші тапшы облыстармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Өткен жылы орташа айлық жалақы мөлшері Солтүстік Қазақстанда – 157497 теңге, көршілес Қостанай облысында – 171319 теңге, Павлодар облысында – 187427 теңге, ал Шығыс Қазақстанда 190287 теңге болған.
Иә, «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, теріскейде тұрмыс жайлы болса, тұрғындардың көшіп несі бар?