Жақында бұқаралық ақпарат құралдары «Қытайда коронавирус қайта өршіді» деп жерден жеті қоян тапқандай жарыса хабарлады. Бақсақ, Қытайда жаман індетті жұқтырудың небәрі 93 жағдайы тіркелген екен. ҚХР Денсаулық сақтау және бала туу жөніндегі мемлекеттік комитетінің хабарлауынша, Қытай билігі халықты сақ болуға шақыра отырып, ел азаматтарының сапарға шығуын шектеу, тексеру мен тестілеу шараларын күшейту үстінде.
Жалпы, пандемия басталғалы 1 млрд 440 млн тұрғыны бар алып елде қарашаның 5-і күнгі дерек бойынша 97 605 адам коронавирус жұқтырып, 4 636 науқас қайтыс болған. Құмырадан шыққан жын тәрізді коронавирусты желкесінен алып, қуып жібергендей қылған қытайлықтардың темірдей тәртібіне тәнті болып, Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деген аталы сөзін еріксіз еске алғандаймыз. Ал халқының саны 19 млн-нан енді асқан біздің елде 945 922 адам қауіпті инфекцияны жұқтырып, 12 204 отандасымыз опат болған. Тиісті санитарлық-эпидемиялық талаптарды бәріміз бірдей орындай бермейтініміздің, әсіресе, тығылып той-томалақ жасауды тыймағандығымыздың сазайын тартып отырған жайымыз бар.
Бұл ретте бізге көршілес Өзбекстан да өнеге болғандай екен. Халқының саны бүгінде 34,5 млн-нан асқан бауырлас елде небәрі 187 085 адам коронавирус жұқтырып, 1 332 науқас өмірмен қоштасқан көрінеді. Қазіргі кезде алашапанды ағайындардың арасынан тәулігіне 270-290 адам індет жұқтырып жатқан болса, біздегі көрсеткіш 1 300-ден асып тұр. «Әлемдегі тоғызыншы территория» атанған кең-байтақ Қазақстандағы халық тығыздығы Өзбекстанмен салыстырғанда он еседен аса аз екенін ескерсек, елді мекендерінің арасы алшақ еліміздегі пандемиямен күрес нәтижесі көңіл көншітерліктей еместігі көзге ұрып тұрғандай.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған болжамға сүйенсек, «пессимистік сценарий» бойынша тәуліктік індет жұқтыру көрсеткіші қарашада – 1 800, желтоқсанда 2 350 адамға дейін, ал «оптимистік сценарий» бойынша қарашада – 1 500, желтоқсанда 1 100 адамға дейін болуға тиіс екен.
Осындай «оптимистік сценарий» іске асырылып жатқанын өткен аптадағы Үкімет отырысында мәлімдеген Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов: «Қазақстандағы санитарлық-эпидемиялық жағдайдың жақсаруы жалғасып жатыр. Барлық өңірде ауыру деңгейінің, стационарлық және амбулаториялық емдеудегі ауыр жағдайлардың санының төмендеуі байқалады. Әлемдік рейтингке сәйкес 222 елдің ішінде Қазақстан сырқаттану көрсеткіші бойынша 105-орында, өлім көрсеткіші бойынша 102-орында тұр», деді.
Індеттің ептеп кему үрдісі көңілге үміт ұялатқанымен, алдына әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылуды айқын мақсат етіп қойған Қазақстан үшін бүгінгі «мылтықсыз майдан» – пандемиямен күресте 105-орынды еншілеу – әсте де мақтанарлықтай жағдай емес. Осы ретте Үкімет басшысы Асқар Маминнің қалыптасқан ахуалға сыни тұрғыда қарап, «жасыл», «сары», «қызыл» аймақтардың қайсысында орналасқандығына қарамастан, барлық өңірде шектеу шараларының сақталуын және мониторинг топтарының күшейтілген жұмыс режімін қамтамасыз етуді, Нұр-Сұлтан қаласының, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне коронавирусқа қарсы вакциналау қарқынын арттыруды тапсырғаны құптарлықтай.
Өйткені тіпті Денсаулық сақтау министрлігі шенеуніктерінің көз алдындағы астанада да назар аударарлық кемшін жайлар бар. Кейінгі апталарда «қызылдан» шығып, «сары аймаққа» көшкен бас қалаға өңірлерден студенттер ағылып келіп, әдеттегі форматта сабаққа кіріскелі қоғамдық көліктегі жағдай тым күрделеніп кетті. Автобустарда аялдамалар хабарланып, жолақы төлеу қажеттігі ескертіліп, Полиция департаментінің қалта ұрыларынан сақтандырған хабарламасы оқылғаны болмаса, маска тағу режімін сақтау қажеттігі жайлы бірауыз сөз айтылмайды. Бұған қоса «Үркер» шағын ауданына баратын №36 және №45 автобустардың салонына сағат 18.00-20.00 аралығында жастар лық толып, бөшкедегі балықтай сығылысып тұратындығын, көбі маска тақпағандығын өз көзімізбен талай көрдік. Осындай қалаішілік бағыттардағы жолаушылар ағынын жете зерттеп, кешкі қарбалас шақта қосымша автобустар бөлуді қарастырған жөн. Елордадағы қоғамдық тамақтандыру орындарына рейд жасап жүрген мониторинг топтарының мүшелері де көзімізге түскен емес. Тіпті Ashyq жүйесіне қосылған кейбір объектілерде де келушілерді тексеріп жатқан ешкім жоқ. Олардың тек қалтасына түсетін пайданы ойлаған қожайындарына ақшалай айыппұл салып, айылдарын жиғызбаса болмас.
Ал коронавирус пандемиясына байланысты өлім-жітім көрсеткіші бойынша Қазақстанның 102-орында қалып отырғаны еліміздің санитарлық-эпидемиялық саламаттылығы саласында қалыптасқан жағдайдың мәз еместігін анық аңғартып тұр. Осы орайда биылғы маусым айының соңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездескенінде ресейлік дәрігерлерге өзін коронавирустан емдеп жазғаны үшін ризашылығын білдіріп: «Мен ауырып қалғанымда бір топ ресейлік дәрігер жанымда болғанын ешқашан ұмытпаймын. Бұл ұмытылмайды», дегені еріксіз ойға оралады. Сондай-ақ жуырда әлеуметтік желіде белгілі экономист Олжас Құдайбергенов өзінің екпе салдырса да, қате түсінікпен сақтық шараларына жете мән бермегендіктен, қатерлі ауруды жұқтырып алғандығын айта келіп: «Коронавирусты жеңуіме Мәскеуден келген дәрігерлер көмектесті. Өкінішке қарай, жергілікті мамандар жәрдем көрсете алмады. Жағдайым нашарлап, жансақтау бөлімшесіне ауыстырылғанымда мен байланыссыз қалып, достарымның жолдаған хабарламаларына жауап бере алмадым. Соған күдіктенген олар бірден дабыл қағып, аурухана басшылығымен сөйлесіп, Мәскеуден дәрігерлер іздеп тауыпты. Олардың қызметінің ақысын да өздері жинап төлепті. Мұны мен наркоздан кейін өкпені жасанды желдету аппараты астында жатып есімді жиғанда бір-ақ білдім. Сол күні мәскеулік дәрігерлер келіп, дұрыс емдеу жүргізіп, жағдайым жақсара бастады. Әрине, жергілікті дәрігерлерге байланысты айтатын жеке ой-пікірлерім бар, бірақ еліміздің денсаулық сақтау саласында сапалық өзгерістер қажет деген жалпы тұжырыммен шектелмекпін. Ал жансақтау бөлімшесінің мейіргерлері мен санитарларына келсек, олардың сапалы күтімі мен өте жоғары адами қарым-қатынастарына аса ризамын», деп жазды.
Неміс жазушысы Эрих Мария Ремарктың «Бір адам өлсе – трагедия, мың адам өлсе – статистика» деп жазғанындай, қан майданда жүргенде адамның көз алдында болып жатқан мың сан өлімге бойы үйреніп, үрейленіп, қорқып-үркуден қалатын көрінеді. Сол секілді осы біз – елдің денсаулық саласының басшылары да, былайғы жұрт та қазіргі уақытта коронавирус пандемиясынан күнде болып жатқан өлім-жітімге былтырғы, бастапқы кездегідей қорқынышпен, уайыммен қарауды қойып, тым босаңсып кеткен жоқпыз ба? Ал жеті басты айдаһар сынды жалмауыз дерт күн сайын ондаған абзал азаматымызды арамыздан жұлып әкетіп жатыр. Әрқайсысы – бір-бір тұлға, һәм бір-бір трагедия...