• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Қараша, 2021

«Алыстан арбалағанша...»

467 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Халық бірлігі және жүйе­лі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында: «Біздің еңбек нары­ғы­мызға көші-қон үдерісі де зор ықпал етеді. Қазақстан – еңбек мигранттарын қабылдау жағынан ТМД елдері ішінде екінші орында. Бұл саладағы проб­­ле­маларды дұрыс шешуіміз керек. Үкімет Көші-қон саясатының жаңа тұжы­­рым­дамасын әзірлеуге тиіс. Онда шетелдерде жұмыс істеп жүрген өз азамат­­тары­мыздың құқықтарын қорғау тәсілдері де көрініс тапқаны жөн», деген еді.

Расында да, Қазақстанға Орталық Азия елдерінен жыл сайын жүз­­деген мың заңды және заңсыз ең­бек миг­рант­тары келіп, нәпақа тауып жүр­­гені­мен, өз елімізде төленетін жала­­қы­ны азсынып, «ақшаны күреп табу» үшін алыс-жақын шетелдерге аттан­­ған аза­маттар да мыңдап саналады. Әрине, олардың дені – «Алыстан арба­лағанша жақыннан дорбала» деген на­қыл сөзді құлағына іле қоймайтын жастар. Мол табыс тапқысы келетін қа­зақстандықтар көбінесе Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес арнайы рұқсат алмай-ақ көр­ші­лес Ресейге жұмысқа барып жат­қа­ны­мен, шалғайдағы Оңтүстік Корея­да заң­сыз еңбек миг­ранты ретінде жұмыс іс­теп жүрген отан­дастарымыз да аз емес.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Оңтүстік Кореяға 2018 жылы – 11 413, 2019 жылы – 10 707,  2020 жылы 8 902 қазақстандық заңсыз еңбек мигрантта­ры ретінде барған. Олардың саны коронави­рус пандемиясына байланысты өткен жыл­дың екінші жартысында біршама кеміген.

Айтпақшы, Таңғы шық еліндегі заңсыз еңбек мигранттары – тек Қазақстан азаматтары ғана емес. Былтырғы шілде айындағы жағдай бойынша Оңтүстік Кореяда 321 606 шетел азаматы заңсыз жүргендігі анықталған болса, оның 29 пайызын (немесе 138 591 адам) тайландықтар, 20 пайызын (71 070 адам) қытайлықтар, 11,8 пайызын (42 056 адам) вьетнамдықтар, 4,4 пайызын (15 919 адам) моңғолиялықтар, 3,6 пайызын (13 020 адам) филиппиндіктер, 3 пайызын (10 906 адам) ресейліктер, 2,8 пайызын (10 228 адам) қазақстандықтар, 2,2 пайызын (80 58 адам) индонезиялықтар, 1,6 пайызын (5 890 адам) өзбекстандықтар және осынша пайызын (5 868 адам) камбоджалықтар құраған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев был­тырғы қазан айында өткен Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінің төртінші отырысында қазақстандықтардың еңбек көші-қоны мәселесіне назар аударып, олардың шетелдерде тіркелу кезінде және күнделікті тұрмыста әртүрлі қиындыққа жиі ұшырайтындығын да айта келіп: «Мұның пайдалы қырлары да бар. Мысалы, бұл – біліктілікті арттыруға, жаңа іске машықтануға, өз кәсібін бастау үшін қа­жетті қор жинауға, жер көріп, ел тануға жақсы мүмкіндік. Сондықтан мемлекет өз азаматтарының, соның ішінде, шетелдерде жұмыс істеп жүрген адамдардың әлеуетін пайдалануға бар күшін салады. Үкімет осы мәселенің бәрін мұқият зерттеп, ұсыныс енгізуі керек», деген болатын.

Ұлттық  банктің  мәліметіне қарағанда, азаматтардың Оңтүстік Кореядан Қазақстанға жіберген ақша аударымдарының жалпы сомасы 2012 жылғы 1,7 миллион АҚШ долларынан 2019 жылы 105 миллион АҚШ долларына дейін ұлғайған. Бұл сол елде заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың әрқайсысы өз отбасысының бюджетіне жылына орта есеппен 10 мың АҚШ долларындай қаржы қосады деген сөз.

Қазақстаннан Корея Республикасына қа­рай ағылған заңсыз еңбек мигранттарының көші 2014 жылы басталған. Себебі сол жылғы 29 қарашада екі ел үкіметтері арасындағы визалық талаптарды өзара жою туралы келісім күшіне енген. Осы келісімге сәйкес қазақстандықтар Таңғы шық еліне туристік, жеке, іскерлік, мәдени және медициналық мақсаттармен визасыз барып, онда 30 күнге дейін бола алады. Ал Оңтүстік Кореяда жұ­мысқа орналасуға баратын азаматтар арнайы еңбек визасын алуға міндетті. Алайда отандастарымыз екі ел арасындағы барыс-келістің жеңілдетілген тәртібін  заңды ора­ғытып өтіп, жұмысқа орналасу мақсатында пайдалануға әккіленіп алған. Олар Корея Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткен кезде келу мақсатын турист ретінде көрсетіп, заңсыз еңбек көші-қонын жылдан-жылға үдетіп жіберген. Қазекемнен қулық артылған ба, Сеул халықаралық әуежайында Корея көші-қон қызметінің өкілдері ұстап, Қазақстанға қайтарып жібермеуі үшін қас­тарына қарт ата-аналарын ертіп барып, олар­ды емдетуге әкеле жатқандарын немесе үстеріне спорт киімін киіп, бір қалада өтетін жарысқа қатысу үшін келгендіктерін айтып алдайтын көрінеді. Әйткенмен, осындай өті­ріктері әшкереленіп қалған жүздеген отандасымыз Сеул халықаралық әуежайынан кері аттандырылған. Бұл дегеніңіз, қарапайым адамдарға оңайға соқпайтын қып-қызыл шығын. Өйткені Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан Сеулге ұшып барып-қайту үшін ғана жан басына 1 мың АҚШ долларындай қаражат қажет. ТМД-ның тұрмыс деңгейі төмен елдерінен Оңтүстік Кореяға заңсыз жұмыс іздеп баратын азаматтар саны аздығының немесе мүлдем жоқтығының бір сыры осында болса керек.

Корея Республикасы жұмыс берушілерінің шетелдіктерге заңсыз жұмыс ұсынуы, әрине, олардың салық және сақтандыру төлемдерін, зейнетақы аударымдарын жасамау арқылы өз шығындарын үнемдеу пиғылынан туын­дайды. Заңсыз еңбек мигранттарымен ең­бек шарттары жасалмайтындықтан, олар  өз еңбек құқықтарын қорғай алмайды. Өйт­­кені кореялық құқық қорғау орган­да­ры­на шағымданса, заңсыз жұмыс істеп жүргендіктері әшкереленіп, депортацияланады. Әртүрлі кәсіпорындар мен құрылыс объектілеріндегі ең ауыр жұмыстарды жасырын атқарып жүрген шетелдіктердің медициналық сақтандырумен қамтамасыз етілуіне, банктік қызмет алуына да рұқсат берілмейді.   Ең өкініштісі, көбірек ақша табуды ойлаған қазақстандық жас жігіттердің арасында күнделікті 8 сағаттың орнына, өз еріктерімен 12 сағат бойы тынымсыз қара жұмыс істеп, зорығып өлгендер бар.

Бір айта кетерлігі, Корея Республикасы ТМД елдері мен Қытайда тұратын этностық корейлерге артықшылық беріп, олардың тарихи отанына 5 жыл бойы емін-еркін келіп кетуіне және өнеркәсіп орындарында 3 жылға дейін  өз мамандықтарына сай жұмысқа орналасуына жағдай туғызып отыр. Бұған қоса, ТМД елдерінің ішінде Қырғызстан мен Өзбекстанның ұлты корей емес азаматтары да уақытша еңбек визасын алу арқылы Таңғы шық елінде заңды түрде жұмыс істеп жүр. Себебі бұл елдер Корея Республикасымен екіжақты келісімге қол қойған. Ал Қазақстан Үкіметі кезінде осындай келісім жасасу мүмкіндігін мүлт жіберіп алған болып шықты. Нақты айтсақ, корей тарапы өз елінде қолға алынған шетелдіктерді еңбекке тартудың жаңа бағдарламасы – «Еңбек етуге рұқсат жүйесі» бойынша 2005 жылы қазақстандықтарды жұмысқа шақыру жөнінде ұсыныс жасаған. Аталған бағдарламаның басты талабы – Ко­рея Республикасымен еңбек көші-қоны туралы екіжақты келісім орнатуға мүдделі ел­дер Үкіметтерінің жанында еңбек мигрант­тарын шетелге жұмысқа жіберумен айналы­са­тын арнайы ведомство болуы  қажеттігі еді. Осы талапты көршілес екі ел бірден орындап, Корея Үкіметімен екіжақты келісім жасас­қан. Соған сәйкес бөлінген квота бойынша өз азаматтарын заңды түрде жұмысқа орналастырып келеді. Бұл ретте шектеулі квотаға қолы жетпеген Өзбекстан азаматтары да Оңтүстік Кореядағы заңсыз миг­ранттар қатарын толықтырып жүргендігін де айта кеткен жөн. Ал біздің елдің Үкіметі корей та­рапының талабын құптамағандық­тан, тиісті келіссөз жалғасын таппаған. Тек кейін­гі жылдары Корея Республикасына ­жұ­мыс іздеп барған қазақстандық заңсыз еңбек миг­ранттарының саны көбеюіне байланыс­ты Қазақстанның Сыртқы істер министр­лігі корей тарапына «Еңбек етуге рұқсат жүйесі» бойынша үкі­мет­аралық екі жақты келісім жасасу жөнінде бірнеше мәрте ұсыныс жаса­ған. Оған корей тарапы қарсылық білдірмегені­мен, бұрын қойған  талабын қайтадан алға тар­тып, Қазақстан Үкіметінің шетелдерге еңбек ­мигранттарын жіберумен айналысатын арнайы мемлекеттік мекемені құруын күтіп отырған көрінеді.

Осы орайда көші-қон мәселесінің қыр-сы­рына жетік мамандар мен қоғам қайраткер­лері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің жанынан Көші-қон комитетін құру ту­ралы ұсынысты көптен бері айтып жүр­гені мәлім. Оны Сыртқы істер министрлігі де қол­дап отыр. Мұндай ведомство шетелдерде жүрген қазақстандық заңсыз еңбек миг­ранттарының құқықтарын қорғаумен қа­тар, атажұртқа оралатын қандастарымызды қа­былдау мен жұмыс күші артық өңірлерден жұ­мыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударушы ағайындарымызды орналастыру сынды қа­зіргі таңдағы аса маңызды стратегиялық мәсе­лелер­мен ойдағыдай айналысу үшін де қажет деп білеміз.