• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 25 Қараша, 2021

Аударма да ардың ісі

3011 рет
көрсетілді

Ұлттық әдебиеттің дамуына ең алдымен төл шығармалар, сосын сапалы аударма туындылар көмек­те­сетіні шындық. Әлемдегі оқырманы көп үлкен әдебиет­тердің көбі осы үрдісті басынан өткізді. Әлем әдебиетінің бір бұтағы болған қазақ әдебиетінің де дамуы мен деңгейі туралы айтудан жалықпаймыз. Өйт­кені әдебиет – тарихтың, өмірдің айнасы. Сол айна­дан руханиятымыздың келбетін көре аламыз. Бүгінгі сөзімізде біз көркем аударманың жай-күйі туралы ой ортақ­тас­тырмақпыз. Бүгінгі дөңгелек үстелге ақын, аудар­машы Жүкел Хамай, көптеген қазақ шығармасын түрік ті­ліне аударған тәржіман Ашур Өздемір, аудармашы Кен­жебай Ахметов, парсы тілінен түпнұсқадан аударып жүрген Айнаш Қасым және Абылай Мауданов қатысты.

мюнхаузенді Оспанхан орысшасынан асырып жіберген

 

– Кезінде қазақ оқырманы әлемге та­нылған классик жазушылардың шы­­ғар­маларын сапалы аудармамен оқы­ды. Сол аудармалар әлі күн­ге де­йін оқырманның жадынан өшкен жоқ. Сізше қазіргі көркем аудар­ма­ның жағдайы қалай? Көркем аударма жа­са­­лып жатыр ма өзі?

Жүкел ХАМАЙ:

– Иә, кеңестік кезеңде әдебиет – Коммунистік партияның үгіт құра­лы­на айналып, соның арқасында әлем әдебиетімен қолжетімді түрде та­ныс­­қанымыз рас. Алайда ол кездегі аудар­ма­лардың барлығы жетік аударма болды десек қателескен болар едік. Бұл орайда түпнұсқадан аударылған орыс әдебиеті мен орыс аудармашыларының орыс тіліне аударған, сол арқылы қазақ тіліне аударылған. Сондай-ақ сөзбе-сөз аударма арқылы орыс тіліне аударылған дүниелерді жеке-жеке қа­рас­тыруымыз керек. Түпнұсқа орыс тілінен қазақ тіліне аударылған орыс тілді әдебиеттің аудармалары сөзсіз шедевр аудармалар болды. Мысалға: Л.Н.Толстойдың, А.С.Пушкиннің, Н.А.Некрасовтың екі том­дықтарын, Сергей Есенин бас­та­ған орыс ақындарының таң­дамалы жинақ­та­рын алайық. Бұлар­дың барлығы – таң­даулы ақын-жазу­шы­ла­р­ымыздың бірік­кен аудармасымен арнайы редкол­ле­гия сараптамасынан өтіп, жарық көр­ген дүниелер. Оларды әрбір ақын, жазушының аудару шеберлігіне қарай кітап ішін саралауыңа болады. Ал орыс аудармасы арқылы қазақ тіліне аударылған ағылшын, француз, қытай, үнді... өзге де тілдер әдебиетінің сапасы орыстың аудармашыларына тікелей қатысты. Жақсы да, жаман да аудармалар болды. Бір ғана Шекспирдің өзі орыс тіліндегі аудармасы арқылы қазақ тіліне аударылды. Ғабит Мүсірепов, Хамит Ерғалиев, Әбіш Кекілбаев... бастаған классиктерімізді жаман аудармашы деп айта алмаймыз. Гәп – Шекспирдің орыс тіліне қалай аударылғанында. Орыстар Махамбеттің жетік аудармасын әлі күнге дейін бізге көрсете алған жоқ. Шекс­пир­дің орысша аудармасына да сол күдікпен қарауға болады...

Оның үстіне, кеңес кезінде бізде жабық әдебиет деген болды. Сол себеп­ті түпнұсқадан аударатын көп тілді аудар­машыларды дайындауға шек­теу қойылды. «Түйенің танитыны – жа­пы­рақ» дегендей, біз орыс әдебиеті арқылы да­мыдық. Бұл біздің әдебиеттің дамуында үлкен мек­теп болды.

Қазіргі көркем аударма туралы нақты ештеңе айта алмаймын. Бай­қа­ғаным шет елдерде оқыған, шет тілдерін білетін жаста­рымыз Батыс, Шығыс демей, сол ел­дер­дің тілін, әдебиетін игеріп, әде­бие­ті­мізді түрлі тіл, түрлі ағымда дамытуға ұм­тылыс жасап жүргендері қуантады. Әде­биет­тің дамуы уақытқа тікелей қа­тыс­­ты. Арада жылдар өтіп, жастарымыз өз бағыттарын түзеген тұста бұл туралы сол кездің әдебиетшілері айтатын болар.

Ашур ӨЗДЕМІР:

– Дұрыс айтасыз, кезінде көркем аудар­ма әдебиеттің бір саласы болып есептелген. Бұл үрдістің тамыры өте тереңде. Сонау Х, ХІ ғасырларда алғашқы аударма араб тілінен түркі тіліне жасалған. Содан кейін бұл сала дамып келген. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында көркем аударма шарықтау шегіне жетті деп айтуға болады. Ал кеңес дәуірінде де бұл салада ілгерілеу болғаны шындық. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі көркем аударманың күйін онша жақсы білмеймін. Не аударылып жатыр, кім ауда­рып жатыр, қандай бас­падан шығады, оның оқырманы қандай дегенге қанық емеспін. Ал Түркияда қазір кез келген тілден көркем аударма жа­са­лып жатыр, әсіресе, ХХ ғасырдың ба­сынан соңына дейін бізде керемет талантты аудармашылар болған. Олар жасаған аударманың өзі бір көркем шы­ғарма деп айтуға болады. Қазіргі аудар­ма жайына келсек, екі түрлі жағ­дай қалыптасты. Біріншісі, бұрынғы дәстүрлі аударма үрдісін жалғастырған аудармашылар, екіншісі, әртүрлі тілден әр уақытта аударатын аудармашылар. Соңғы саптағы аударма қосыны көбейіп ке­ле­ді. Бұлар негізгі тілді жақсы білуі мүм­кін, бірақ аударылатын тілді білмеуі мүмкін.

Кенжебай Ахметов:

– Біздің әдебиет – аударма жасаудың түрлі кезеңдерін өткеріп, жап-жақсы тәжірибе жинақтаған әдебиет. Мәселен, бір кезеңдерде өзге ел авторларын, олардың шығармаларын таныстыру мақсатында аудармалар жасалды. Бұл тұста шығарма мазмұнын, ой-идеясын жеткізу мақсат етілгендіктен, еркін аудару басым болды және ондай аудармалар өз уақытының қажетін өтеді. Алайда бұл тәжірибе қазіргі уақытқа жарамайды.

Одан кейінгі кезеңде аударылып оты­р­ған автордың, шығарманың ерек­ше­ліктеріне нұқсан келтірмей аударуға ден қойылды. Оқырман жадынан өшпей жүрген аудармаларымыз осы кезеңге тән. Нағыз көркем аудармамыз да осы талапқа жауап беруге тиіс. Ол дегеніміз – автордың көзқарасын, дүниетанымын, ойын, ой жеткізудегі, суреттеудегі ерек­ше­­ліктерін мейлінше дәл жеткізу деген сөз, яғни автор стилін аудармашының өз ыңғайына бейімдеп әкетпей, қаз-қал­пын­да сақтауы керек деген сөз. Бұл ретте Мағжан ақынның аудармалары мен Ілияс ақынның «Евгений Онегин» аудармасын үлгі етуге болады. Ілияс ақын бұл аудар­масында Пушкиннің ұйқас үлгісіне дейін сақтайды. Оның себебі Пушкин поэ­масындағы ерекшелікті дәл жеткізуді мақ­сат етуінде жатыр.

Қазіргі көркем аудармадағы қиындық та осы тұстан, автор стилін анық таны­мау­дан яки немқұрайды қараудан туын­дайды. Басқаша айтқанда, сөзді, сөй­­лемді қан-сөлсіз аударып шығу немесе бір-бірімен байланысып жатқан күр­де­лі ойды бөле-жармай, тұтас беруді көздеген автордың құрмалас сөйлемін бөлек-бөлек сөйлемге айналдырып ауда­ру, иә болмаса, өз қалауынша маз­мұн­дап шығу. Бұлардың қай-қайсысы да – авторға қиянат жасау. Өкініштісі, осы үш жағдайдың үшеуі де қазіргі аударма тә­жірибесінде кездеседі.

Бұлардың арасынан өз қалауынша мазмұндап шығу дегенді аударма деуге де болмайды. Ал құрмалас сөйлемді бөлшектеп жіберу автордың сөйлемін қазақ тілінде құрмалас сөйлем үлгісінде беруге қабілеті жетпегендіктен шығады. Бұл да құптайтын жол емес. «Қан-сөлсіз аудару» дегенге келсек, мұндай жағдай –  авторды да, шығарманы да тани алмаған адамның тірлігі. Мәселен, автор юмор араластыра суреттей отырып, мұңлы бей­не жасауы мүмкін. Мұңлы шығарма екен деп авторға тән юмор аудармада қағыс қалса, бұл да қиянат. Демек аудармашының ең маңызды міндеті – авторды, шығарманы барынша анық танып алу және соған зиян тигізбей, қазақ ті­лінде жеткізе білу. Өйткені қазіргі оқыр­манға қажеті шығарманың жалпы маз­­мұнын білу емес, шығарманың және ав­тордың ерекшелігін тану болса керек.

Жалпы, қазір көркем аударма үде­сі­нен табылатын аудармалар жоқ деп үзілді-кесілді айтуға болмайды. Сондай-ақ әлжуаз аудармалар да баршылық.

Қалай дегенмен, көркем аудармаға талап күшею керек, аударма сапасына аудармашы да, тапсырыс беруші де жауап бергені дұрыс. Әсіресе, мемлекеттік тапсырыс бойынша қолға алынған шаруа болса.

Айнаш Қасым:

– Қазақ әдебиетіндегі көркем аудар­ма бір ғасырдан астам тарихқа ие. Әсіресе, бұл салада орыс тілін жетік меңгерген бел­гілі жазушы, ақын аудармашылар шо­ғыры тәржімалаған шығармалар көз­ге түседі.

ХІХ ғасырда Ыбырай Алтынсарин, Абай мен Шәкәрім бастаған көркем аударма ісі XX ғасырдың басында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұма­бай­ұлы сияқты кейінгі талантты буы­н­ның әлем әдебиетінің озық шы­ғар­ма­ла­ры­ның аудармаларымен жалғасты.

Парсының классик ақындарының шығармаларымен қазақ оқырманын та­ныс­тыруда Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Ғали Орманов, Қалижан Бекхожин, Мұзафар Әлімбаев, Әбіраш Жәмішев сынды танымал ақындар үлес қосты. Олардың аудармалары әлі күнге дейін өзек­тілігін жоғалтпай, парсы поэзия­сы­на қызығатын оқырмандар мен зерт­­теу­ші­лер үшін дереккөз ретінде қол­да­ны­лып келеді.

Белгілі ғалым Өтеген Күмісбаевтың «Шы­ғыс шайырлары» деген бес том­дық кітабының екінші томында парсы әдебиетінің классиктері – Рудаки, Фирдоуси, Омар Хайям, Хафиз бен парсы прозасынан жасаған көркем аудармалары жарық көрді.

Соңғы буын өкілдерінен шығыс­та­ну­шы, ақын Дүйсебай Дәуірбек Рудаки, Хайям, Руми, Сағди, Хафиз, Этесами сияқты парсы ақындарының бірқатар өлеңін түпнұсқадан қазақ тіліне аудар­ды. Таяуда проза жанры бойынша Иран­ның жаңа дәуір әдебиетіндегі танымал жазушылардың әртүрлі тақырыпқа жазған он төрт шығармасының аудармасы енген «Іңкәрлік» атты таңдамалы жинақ шығардым. Шығармалар парсы тілінен қазақ тіліне алғаш рет аударылды. Мұның алдында да аударған бірнеше кітабым жарыққа шықты.

Қорытындылай келе айтарым, парсы әдебиетінен көркем аударма аздап болса да жасалып жатыр. Оның сапасын бағамдап, пікір айту талғамы жоғары оқырман мен әдебиет сыншыларының еншісінде.

Абылай Мауданов:

– Көркем аударма жасалып жатыр ма, жатқан жоқ па, оны айта алмаймын. Бұл сұраққа жауап беру менің құзырыма жатпайды. «Кезінде қазақ оқырманы әлемге танылған классик жазушылардың шығармаларын сапалы аудармамен оқыды. Сол аудармалар әлі күнге дейін оқырманның жадынан өшкен жоқ» дейсіз, бұған келісуге болады. Бірақ «әлемдік классиканың бәрі ауда­­­рылды» деп сеніммен айта аламыз ба? Аударманың бәрі сапалы ма? Бұл сұрақты мен сізге қойғым келеді. «Көркем аударма жасалып жатыр ма өзі?» дегенге келсек, мен кәсіби аудармашы емеспін. Қолымда құзірет жоқ, қаламым ғана бар. Биыл «Қасым» баспасының тапсырысымен Л.Толстойдың балаларға арналған әңгімелерін аудардым. Онымен Мәдениет және спорт министрлігі өткіз­ген «Рухани қазына» фестивалінде «Бердібек Соқпақбаев атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік кітаптың авторы» аталымын ие­лен­дім. Оның сыртында Э.Распенің Мюнхаузенін аударып көрдім. Екеуі де бұған дейін бірнеше рет тәржімаланған. Сонда түсінгенім, классика әр кезең са­йын жаңадан аударылып тұру керек. Өйткені ұғым, тіл, ұлттың танымы өз­гер­ді, ұрпақ ауысты. Кешегі аударма «ескі­ріп» қалды.

Мәселен, түпнұсқасын қайдам, Мюн­хау­зенді Оспанхан орысшасынан асырып жіберген. Оны қазақшадан қайтадан түпнұсқа тіліне аударса, немістер танымай қалар еді. Бірақ қанша шедевр болғанмен Ос-ағаңның тәржімасын санасы қалада қалыптасқан оқырманның қабылдауы қиын-ау.

Сондай-ақ күні кеше Саадала Ван­нус­тың «Сұлтанның аты – сұлтан» («Тақталас») комедиясын аударып шық­тым. Құдай қаласа, ол Қостанай театрын­­да сахналанады. Әлемде танымал бұл пьеса әлі күнге қазақшаланды ма, жоқ па, оны білмеймін. Басқалар үшін жауап бере алмаймын, өз басым осындай жұ­мыс­тар істедім. Тағы бір танымал туын­­­дыны «мүжіп» жатырмын.

Түпнұсқадан аудару басты қағида болуы керек

– Түпнұсқа тілдерден аудару біз үшін аса маңызды мәселе болып отыр. Осы туралы көзқарасыңыз...

Кенжебай Ахметов:

– Бұл – аса қажет шаруа және ше­ші­лу­­ге тиіс мәселе.

Бүгінде түпнұсқадан тікелей аударып жүрген жастар бар. Дегенмен аздық етеді және ол аудармаларды түпнұсқамен салыстырып, қаншалықты сапалы екенін талдап бере алатын мамандар да жоқ.

Мәселені қалай шешуге болады? Шетел тілдерінен аударма жасай алатын жастарды дайындау қажет. Бұл үшін қазақ тілін өте жақсы білетін және әдебиетте өзін танытып үлгерген, тіл үй­ренуге қабілеті байқалған жас­тар, негізінен, филолог, журналистер арасынан іріктеліп алынуы керек. Осы талаптардың біреуі сақталмаса, жақ­сы нәтиже шықпайды. Содан кейін олар­ды әлемде кең таралған тілдер бо­йынша топтастырып, шетелдерде фи­ло­ло­гиялық мамандық бойынша оқыту қажет. Оқып жүрген кезінен бастап, шағын аудармалар жасауға тапсырыс беріп, сол еңбектеріне талдау жасалып, бағыт беріп отыру орынды болмақ.

Шет тілі бойынша филологиялық мамандықта оқудың не үшін қажеттігін де айта кетелік. Біріншіден, өзі игеруге тиісті тілдің лексикалық, грам­ма­ти­калық ерекшеліктерін терең түсініп шығады; екіншіден, аудармамен ғана айна­лы­су­дың реті келмей қалған жағдай­да осы мамандығы бойынша да қызмет етуі­не мүмкіндігі болады.

Әрине, бұл жұмыстарды іске асыру үшін Мәдениет және спорт министрлігі мен Жазушылар одағының бірлескен жоспары болуы қажет және мемлекет тарапынан қаржыландыру керек. Басқа жағдайда әншейін сөз болып қалады.

Айнаш Қасым:

–Түпнұсқа тілден аударудың маңыз­ды­лығында шек жоқ. Шығарманы жа­зыл­ған тілден тікелей аудару кәсіби бі­лік­ті, тәжірибелі аудармашы маманның ғана қолынан келеді. Қазір елімізде Батыс, Шығыс тілдерін жетік білетін аудар­­машылар жеткілікті. Оларды ба­ғыт­­тап, ынталандырып, қолдаса, ара­ла­ры­­нан осы іске қабілеттілері іріктеліп шы­­ғады деп ойлаймын.

Шығарманы түпнұсқа тілден тікелей ауда­ру­дың артықшылықтары мен ба­сым­­д­ықтары делдал тіл арқылы ауда­ру­дың олқы тұстарын атағанда ай­қын­дала түседі.

Аудармашы шығарманы түпнұсқа тілде оқи алмаса, оны көзімен көріп, қолы­мен ұстамай аударғанда оқырман үшін орны толмас өкініш сол болмақ. Өйт­кені аудармашы дәнекер тіл негізін­де тәржімалаған кезде негізгі автор­дың емес, екінші тілге аударған ортадағы аудармашының тұлғалық сипатын еріксіз қайталайды. Аудармашының тұл­ға­лық сипаты деген не? Оған аудар­ма­шының тілді меңгеруі мен білім деңгейі, дүниетанымы, жазушылық шеберлігі мен тәжірибесі және жеке басына тән тағы басқа ерекшеліктері жатады.

Көркем аударма аударманың құқық­тық, ғылыми-техникалық немесе нақ­ты­лық пен дәлдікті қажет ететін тағы басқа салалардағы түрлеріндей емес, тәржімашыны сөзбе-сөз аудармадан қа­шық болуға міндеттеп, оны өзінің шы­ғармашылық таланты мен шеберлігі негізінде ана тілінің тілдік нормаларына сай жүзеге асыруды талап етеді. Сайып келгенде, көркем аудармадан аудар­машының шығармашылық дара­лы­ғы көрінеді. Бір шығарманы бірнеше аудармашы жеке аударғанда нәтиженің әркелкі болатыны осыдан. Мәселен, Иран жазушысының бір шығармасын ағылшын немесе Батыстың басқа бір тіліндегі аударма негізінде қазақ тіліне тәржімаласа, ақжемденген ет сияқты сөлі мен құнарынан айырылып жететініне шәк жоқ. Себебі Батыс адамының немесе өзге ұлттардың пайым, түсінігінің бізден басқа екені айтпаса да түсінікті. 

 Жүкел ХАМАЙ:

– Түпнұсқа тілдерден аудару бас­ты қағида болуы керек. Жоғарыда бұл туралы да айтқандай болдым. Жалпы, әлем әдебиетінің қазіргі дамуын байқасаңыз, Батыс та, Шығыс та ағылшын тіліне қарай бет түзеген. Шығыстың ақын-жазушылары Батыс елдеріне қарай қоныс аударуда. Бәрінің мақсаты – ағылшын тілін игеріп, ағылшын тілінде шығармаларын жариялау. Соңғы жылдары қытайдың, жапонның, үндінің жас жазушылары сол жаққа қоныс аударып жатыр. Үлкен елдер түгілі 3 миллион ғана халқы бар моңғолдардың өзі Батысқа бет бұрды. Қазір АҚШ-та, Швецияда... моңғол әдебиетінің бөлімшелері пайда болып, өз әдебиеттерін насихаттауда. Келешекте бізге де осындай батыл қадамдар қажет шығар. Бұрынғыдай «орыс ағаларға» жалтақтайтын за­ман­ның өткені анық.

Абылай Мауданов:

– Аударма, шама келсе, түпнұсқадан аударылуы керек. Өйткені әр тәржімашы өзі аударып отырған тілдің табиғатына тартпай тұра алмайды. Оған мысал, Ос-ағаңның Мюнхаузені...

Ашур ӨЗДЕМІР:

– Әлбетте, мүмкін болса, шығарманы түп­нұсқадан аударған жөн. Менің бі­луімше, Кеңес дәуірінде қазақшаға ауда­рыл­ған көркем шығармалардың бәрі орыс тілінен аударылды. Өте маңызды мәселе көтеріп отырсыз. Аударманың қиын екені шындық. Өйткені бір тілді бір тілге аудару – бір мәдениетті бір мәдениетке таныстыру деген сөз. Екі ұлттың мәдениетін жақсы біліп, екі тілді жетік меңгерген адам ғана жақсы аударма жасай алады. Түпнұсқадан ауда­рылмаған шығарма көп нәрсені жо­ғалтады. Мысалы, ағылшын тілі­нен орыс тіліне, одан қазақшаға ауда­­рылса, ол көркем шығарманың көп­теген кемшіліктері болары даусыз. Сол үшін бұл – аударма саласы тұрғы­сы­нан айтқанда, олқылықтың бір түрі. Мүмкіндігінше көркем шы­ғар­маны түп­нұсқадан аудару керек. Ке­зінде еуро­па­лық­тар ежелгі грек фило­соф­тарының шығармаларын араб тілі арқылы таныды. Бірақ оны кейін келе түпнұсқадан аударып оқыды. Бұл үрдіс оларға керек болған соң солай істеді.

 Аудармадағы үш тұғыр: жазушы, баспа, оқырман

– Аударманы бизнеске, жан бағыс­қа пайдаланатындар да жоқ емес, бұ­ған кім кінәлі?

Кенжебай Ахметов:

– Егер көркем аудармаға қатысты айтар болсақ, автордың, шығарманың обалын ойламайтындар, қара басының қамы үшін өз тілінің қадір-қасиетін аяққа басып өтуден ұялмайтындар кінәлі...

Бір өкініштісі, қарапайым география­лық атауларды, әлдебір елдің яки қала­ның тұрғындарының қалай аталатынын, иә болмаса бір халыққа тән ұғым­ды кей жағдайларда екінші бір ха­лық­тың тілінде қолдануға болмайтынын да білмейтін «аудармашылар» бар. Мә­се­лен, Генуя тұрғынын «генуездік» деп, қорсикалықты «корсикандық» деп аудару, «тәңір» сөзін өзге діндегі адамның аузына салу, т.с.с. өте өрескел жайт екені анық.

 Ашур ӨЗДЕМІР:

– Меніңше, аударманы бизнеске айналдырудың еш әбестігі жоқ. Өйткені бәрі ақшаға барып тіреледі. Экономика әрқашан алдыңғы орында. Аудармадан ақша табу айып болмауы керек. Бірақ жақсы аудармашыға еңбегін төлеп, аударма жасату – маңызды шаруа. 1940 жылы Түркияда Білім министрлігі жанынан аударма бюросы ашылған. Сол бюроға көркем аударма, ғылыми аудар­ма жасайтын аудармашылар ша­қы­рыл­ған. Сол кезде оларға жақсы ақша төленіп, дүниежүзіндегі барлық тілден түрік тіліне көркем аудармалар жасалды. Қазір ол бюро жұмысын тоқтатқан. Сол үшін бүгінде мардымды ақы төлемей, ешкімге сапалы аударма жасата алмайсыз. Қазіргі аудармалардың сапасының төмен болуының бір себебі де осы деп ойлаймын. Тіпті кейбірі жақсы аудармашыға аударма жасатпайды. Аудармада жазушы, бас­па, 

оқырман атты үш тұғыр бар деп есептесек, осылар бірігіп, әдеби на­рық­ты құрайды. Осы үш үрдістің бірі кем болса, онда әдебиет те, аударма да ақсайды. Ал енді ойлап көрсеңіз, осының бәрі ақшаның көмегімен жүзеге асады. Бір шығарманың көптеген аудармасы болуы керек, сонда ғана әде­би нарық жақсысын сұрыптап алады әрі оқырман екшейді. Мысалы, Түркияда Толстойдың кітаптарын он неше баспа басып шығарды, әркім өзіне керегін алады. Аудармашы көп болғаны жақсы, бірақ сапалы жұмыс жасауға құлшынғаны тіптен жақсы.

 Жүкел ХАМАЙ:

– Жалпы, аударма болсын, әдебиет болсын «жанбағыс» екені жасырын емес. Сіз әлемнің қай еліне барсаңыз да талантыңызды саудаға салып, күн көресіз. Ол үшін жақсы аударма жасай білуіңіз керек. Әріден соң, Нобель деп жүргеніңіз де жанбағыс! Мәселе жаныңызды қандай деңгейде, қалай бағуда.

Абылай Мауданов:

– Аударма – үлкен еңбек, ал еңбекті бағалау, сату – нарық заңы. Түпнұсқа өтпей жатқан біздің қоғамда біреу «аудармамен жан бағып, пайда қылып отыр» дегенге мен сенбеймін. Тіпті кәсіп қылғанның өзінде оған қуану керек. Әдебиетшілер «ол неге пайда табады?» деп емес, «ол қалай аударды?» деп алаңдағаны дұрыс шығар. Мысалы, Қарағандыда кәсіпкер Ерлан Әшімге тиесілі «Қасым» баспасы өзі қаражат бөліп, аудармалар жасатып жатыр. Сол баспаның көмегімен танымал әдебиетші Кенжебай Ахметов ағамыз алғаш рет Булгаковтың «Ит жүрегін» тамаша тәржімалап, кітап қылып шығарды. Бұл – әдебиетке қосылған зор үлес. Егер осындай жұмысты мемлекет істеп жатса, сіз бірінші сұрақты маған қоймас едіңіз деп ойлаймын.

 Орыс тілі арқылы ағылшын тіліне...

– Біз әлем әдебиетін қазақ тіліне аударудан кенде емеспіз деп ойлаймын, ал біздің көркем шығармалар әлем оқырмандарына қашан сапалы аударылады?

Кенжебай Ахметов:

– Бұл сұрақтың жауабы да екінші сұрақтың жауабымен орайлас. Қазақ қаламгерінің шығармасын өзге тілге сапалы аудару үшін ол адам қазақ тілін өте жақсы түсінетін және өзі аударуға тиіс шетел тілін жетік меңгерген маман болумен қатар, әдеби шығармашылыққа жақын адам болуы керек. Ондай маман аудармашы шетелде оқып, тілдік қорын байытқан және шетел авторларын қазақ тіліне аударуға маманданған жастар арасынан сұрыпталып қана шығады. Қазақ тілінен өзге тілге көркем аударма жасай алатын мамандарды даярлаудың басқа жолын байқап тұрған жоқпын.

Ал қазақ авторларын аударуда қазір қолданып жүрген аударма үлгісі – амалсыз шара ғана. Әуелі бір адам жол­ма-жол аударма жасап, сол аударманы келесі бір адам көркемдегенде не шы­ғып жатқаны бір құдайға аян. Оның сапасын ажыратып, бағалап бере алатын жағ­дайға жеткен жоқпыз. Әйтеуір, өзге тілге аударылды деп мәз болып қоямыз...

Қысқасы, көркем аударма жағдайы кең ауқымда ойластырып, атқарылуға тиіс жұмыстарды нақты жоспарлап, мемлекеттік деңгейде шешуді қажет етіп тұрған күрделі мәселенің бірі екені сөзсіз. Бұл мәселеде шешілуге тиісті түйткілдер аз емес.

Жүкел ХАМАЙ:

 – Қалай десек те айналамыздағы елдер біздің әдебиетті белгілі деңгейде түсінеді. «Әлем» деп отырғанымыз біздің түсінікте – Батыс. Батысқа жас әдебиетшілеріміз көптеп шығуы керек. АҚШ-қа да көптеп барып, Мұқаңның қасына қазақ әдебиетінің клубын ашып, нақты іске кірісу керек. Нұр-Сұлтан, Ал­ма­тыға шоғырланып алып, бірлі-жарым ақын-жазушыны орыс тілі арқылы ағылшын тіліне аудартқаннан ештеңе ұтпаймыз. Шетелдердің жазушыларына кезіккенде көбінде екі Бақытты, Рол­ланды, Есенғалиды сұ­рай­ды. Олар шетелге көп саяхат жа­са­ған­дар. Сол сияқты қытайдың Хадаа, Мэйар, жа­пон­­ның Муракамиін көп ел біледі. Бұның барлығы солардың ме­нед­жер­ле­рінің мықтылығына және өздерінің «қаңғыбастығына» байланысты. Біздің жазушылар да осындай қадамдарға баруы керек.

Айнаш Қасым:

– Қазақтың белгілі қаламгерлерінің таңдаулы шығармаларын «Рухани жаң­ғы­ру» бағдарламасы аясында БҰҰ-ның алты тіліне аудару ісі қолға алынғанын бәрі­міз естіп, куә болып отырмыз. Олар­дың қай деңгейде, қандай сапамен аударылғаны туралы да азын-аулақ сын-пікір айтылып жатыр. Деген­мен қалай болғанда да аударма ісіне елі­мі­зде мемлекеттік деңгейде көңіл бө­лініп, қолға алынып жатқаны – қуан­тар­лық жағдай. Өйткені Кеңес Одағы заманынан кейінгі аралықта аударма әдебиетіміздегі кенже қалған салалардың бірі болатын. Ал аударма – ел мен елді, мәдениеттерді бір-біріне таныстырып, жақындататын, қарым-қатынасты нығайтатын көпір, аудармашы – ауыр, әрі жауапкершілігі зор осы міндетті мойнына алып, жүзеге асыратын маман.

Қазақ қаламгерлері шығарма­ла­ры­­ның парсы тіліне аударылу жағ­да­йына тоқталсам, қазақ әдебиеті шы­ғар­маларымен парсытілді оқырман аса таныс емес. Бұл тілге аударылған шы­ғар­­малардың саны саусақпен санар­лық. Аударма жайлы бұрынғы бір сұх­ба­тымда да атағандай, Мұхтар Әуе­зов­тің «Абай жолы» роман-эпопеясын Назли Асқарзаде, Абайдың өлеңдерін Фарзане Хожанди, қарасөздерін Сафар Абдулло, Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім кел­мей­ді» монолог-хикаясын Самира Ысмайыли орыс тіліндегі аудармалары негізінде аударды. Абайдың толық шы­ғармаларын Мұхаммад Шадкам тәр­жі­ма­лады.

Одан кейін бұл тізімге басқа шығар­ма­лардың жаңа аудармасы қосыла қойған жоқ. Мен қазақ тілінен аударған Оралхан Бөкейдің екі әңгімесі оны ұзарта қояды деп ойламаймын. Аудару туралы ұсыныс болмаса, қолдау жасалмаса, қаламақы төленбесе, аудармашы қанша жерден елін, жерін, төл әдебиетін сүйетін отаншыл болғанымен, бұл іске бел шешіп, ықыласпен кірісіп кетпейтіні шындық.

Батыс қаламгерлерімен қатар орыс­тың танымал жазушыларының шығар­ма­лары қазіргі таңда 84 миллионға жуық халқы бар Иранның ресми тілі парсы тіліне дерлік аударылған десем, артық айтқандық емес. Ауғанстан халқының 33,6 миллионнан 15 миллионға жуық азаматы осы тілде сөйлейтінін ескерсек, оқырман саны қаншалықты көп екенін аңғару оңай. Сол аудармалардың көбісін ирандық аудармашылар жүзеге асырған. Бұл жерде нені меңзеп отырмын? Қазақ қаламгерлерінің шығармалары оқырманның көңілінен шығатын, төл туындыдай оқылуы үшін оларды орыс тіліне аударылған нұсқа негізінде емес, түпнұсқа шығарманы ұжымдасып аудару арқылы жақсы нәтижеге жеткізу керек, яғни негізгі міндетті қазақ аудармашы орындап, сол материалды «тіл иелері» аудармашының жіті қадағалауы және келісімімен өздерінің тілдік нормаларына сай редакциялап, оқырманның қолына ұстатса, сапалы дүние пайда болады. Мұндай тәсілді басқа тілдерге қатысты да қолдануға болады. Бұл іс республикалық деңгейде екі елдің мүдделі ұйымдары тарапынан қолға алынып, қолдау тапса ғана жүзеге асады.

Ашур ӨЗДЕМІР:

– Қазақ шығармаларын түрік тіліне аударып жүрген маман ретінде айтар болсам, қазір қазақ қаламгерлерінің көптеген шығармасы басқа тілдерге аударылып жатыр. Әсіресе қазақ тілінен түрік тіліне көп аударылып жатыр. Бірақ аударма сапасына келсек, өкінішке қарай, көңіл көншітпейді. Қазақ ақын-жазушыларының көбі кітаптарын түрік тіліне аудартқысы келеді, соны біліп алған біздегі пысықтар сапасыз аудармамен айналысып жатыр. Біздегі аудармашыларға келсек, олар қазақ тілі тұрмақ, түріктің көркем әдеби тілін мардымды білмейді, сонда да аудармамен, әсіресе көркем аудармамен айналысып жүр.