• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Желтоқсан, 2021

Бес белестің биігін бағындырған...

391 рет
көрсетілді

Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар еліміздегі ең ірі зияткерлік орталық – Ұлттық ғылым академиясының құрыл­­ғанына 75 жыл толып отыр.

Қазақ елінің біртуар перзенті, Қазақ­стан ғылымының негізін қалап, іргетасын бекіт­кен алғашқы академик Қаныш Сәтбаевтың салған сара жолын жалғастырып отырған Ұлттық ғылым акаде­миясының бүгінгі президенті, Қазақстанның білім және ғылым саласының кемел ұйымдастырушысы, аса көрнекті ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат», ІІ және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, химия ғылым­дарының докторы, профессор, академик Мұрат Жұры­нов ағамыз туралы ой-толғамымызды оқырман назарларына ұсынамыз.

 

Мұрат Жұрынұлы 1941 жылы 7 желтоқсанда Оңтүстік Қазақ­стан облысының Арыс қала­сында дүниеге келген. Әкесі Жұрын Омарұлы Ұлы Отан соғысына дейін Оңтүстік Қа­зақстан облысының бірнеше ауда­нында ауыл кеңесінің төр­ағасы қызметін атқарған. Анасы Разия Мағруықызы үй қызметінде балаларын тәрбиелеген. Мұрат аға 1959 жылы онжылдық темір жол мек­тебін үздік біті­ріп, Шымкент қала­сындағы Қазақ химия-тех­нологиялық инс­ти­тутының «Элек­трохимиялық өн­дірістер технологиясы» маман­дығына түседі. Қазақ химия-технологиялық инс­титутын үз­дік бітіргеннен кейін, сол оқу орнында оқытушы болып екі жыл қызмет атқарады. Одан кейін Мәскеудің Д.И.Менделеев атындағы химия-технология институтының аспирантурасын­да оқиды. Осы жылдары химия ғылымының қызығы мен шы­жығын көре жүріп, химиялық экс­­перименттердің тізбегін жа­­­сау жолында лабораторияда түнде де қонып жатып кан­ди­даттық диссертациясының экс­перименттік бөлімін дайындаған. Сол еңбек арқылы 1970 жылы қаң­тар айында тиісті мерзімінен екі ай бұрын кандидаттық дис­сер­­тациясын қорғайды. Бұл отыз­ға жетпей орда бұзған Мұрат аға­­мыздың алған алғашқы биік беле­сі еді.

Бұдан кейін Қазақ химия-технологиялық институтының «Элек­трохимиялық өндіріс технологиясы» кафедрасына оралды. Кафедрада ол органикалық қосылыстардың электрохимия зерт­ханасын құрып, аспиран­тура ашты. Органикалық қосылыс­тардың түрлі кластарының элек­тро­химиялық қасиетін зерттей жүріп, белгілі дәрілік және жаңа физиологиялық белсенді заттарды электрохимиялық синтездеудің жаңа әдістерін әзірледі. Қатты элек­тродтарда алкалоидтардың электрохимиялық қасиеттерін зерт­теуде жаңа теориялық мо­дельдерін анықтады. Сондай-ақ олардың негізінде жаңа фар­макологиялық белсенді заттарды, олардың молекуласының құрамына кванттық-химиялық есептеулермен, процестерді ма­те­матикалық оңтайландыру арқылы алу технологиясы жасалды. Алынған электролиз өнімдерін фармакологиялық бақылаумен бірге, әртүрлі функционалдық топтағы қосындылар енгізу жолымен модификациялық әдістері жасалды. Алғаш рет заманауи вольт-амперлік, спектралды және кванттық-химиялық зерт­теу әдістерін қолдана оты­рып, электрохимиялық реак­ция­­лардың механизмдері анық­талды. Мақсатты өнімдердің элек­­тросинтезі үшін өнеркәсіптік қондырғы құрылып, Шымкент химия-фармацевтикалық зауытында өндіріске үлкен эконо­микалық тиімділікпен енгізілді. Осы еңбектерінің нәтижесі ре­тінде 1981 жылдың қаңтарында «Электрохимиялық технология­лар» мамандығы бойынша Мәс­кеудегі Д.И.Менделеев атын­дағы химия-технологиялық институтында докторлық диссертациясын қорғады. Сол жылы ғылыми-әдістемелік еңбектері үшін профессор да атанған еді.

1982 жылы бү­гінгі Е.Бөке­тов атындағы Қа­ра­ғанды мем­лекеттік универ­ситетіне ректор Зей­нолла Молдахметовтің ша­қы­руы­мен проректорлық лауа­зымға ауысады. Үш жылдан соң Ғылым академиясының Органикалық синтез және кө­мір химиясы инс­титутының ди­рек­торлығына та­ғайындалып, абыроймен алты жыл қызмет атқа­рады. Осы жылдары Ғы­лым академиясының мүше-кор­респонденттігіне сайланды. Өзі­нің шәкірттерімен бірге нанокристалды ультрадисперсті металл ұнтақтарын алудың элек­тро­химиялық әдістері жасалып, оның біріне «Баешов-Жұрынов әдісі» деп авторлардың есімдері бе­рілді, 1989 жылы «КСРО өнер­тапқышы» ме­далімен марапатталды.

Бұл кезде Қазақ мемлекеттік университеті химия факультетінің физикалық химия және электрохимия кафедрасының аспиранты болып жүрген мен үшін, диссертациялық кеңесте М.Жұ­рынұлының оппонент болып сөй­­леген сөзін көріп, электрохимия саласындағы ғылыми еңбек­терімен танысып, келесі 1990 жылы химия ғылымдарының кан­дидаты атанғанда Мұрат аға­ның өзімен де танысып, есте қалар жыл болып еді. Тығыз қарым-қаты­насымыз кейіннен Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті басшысының орынбасары болып жүргенімде қалыптасқан болатын.

Тәу етер Тәуелсіздігіміздің таңы атар жылы Елбасының қа­лауымен туған елі – қасиетті Түр­кістан жерінде ашылған баба­сы Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы Түркістан мемлекеттік универ­си­тетінің бірінші ректоры болып тағайындалды. Сөйтіп, ел ағасы атанар елу жылдық мерейтойын «Бақыр қазан қайнаса – бәріміздің бағымыз, туған жердің әр тасы – біздің алтын тағымыз» дей отырып, екі білегін сыбанып тастап, мемлекеттік үлкен жобаны іске асыруға кірісіп кеткен болатын.

Күні-түнгі ерен еңбектің нәти­жесінде кіш­кентай қаланың көркін кіргізе­тін бірнеше ғима­ратты университет территория­сында жаңадан ашып, небәрі үш жылдан соң Мұ­рат Жұрын­ұлының бастамасымен 1994 жылы Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті болып қайта құ­рылды. Еліміздің бірінші халық­аралық университетінің құ­ры­луына және оның жылдам дамуына университет басшысы орасан зор үлес қосты. «Ерінбей еңбектенсең шындап егер, тікен де гүлге айналып шыға келер»  демекші, М.Жұрынұлының бас­шы­лығымен 10 жыл ішінде рес­публикада жетекші ірі универ­ситеттердің біріне айналды. Түр­­кия­дан 100 млн-ға жуық дол­ларын құрайтын жәрдем қар­жы тартылып, Түркістанда 30 корпус­тан тұратын университет қалашығы салынды. Бұл уни­­вер­ситет – Қазақстанның Түр­­­­кия­мен келісімшарты Пар­ла­ментте бекі­тілген жалғыз ха­лық­­аралық университет екен­ді­гі­мен ерекшеленеді. Ең бас­тысы, үш ғасырға жуық уақыт қазақ хандарының астанасы бол­ған қа­сиетті Түркістан қала­сын дамыту жоспа­рының тұма басында болған, білім мен ғылым және мәдениеттің орта­лығына айналуының нақ­ты ұйыт­қысы болған да М.Жұрын­ұлы еді. Мұн­дай халық­аралық дәре­жедегі университет Түркістан қа­ла­сы­ның көркейіп, қанат жайып дамуына зор ықпал етті.

Жоқтан барды жасай білетін зор ұйымдастырушылық қабіле­тін байқаған ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы жылдары Ғылым академиясының толық мүшелігіне өткен жас академикке Қазақ елінің Білім және ғылым министрлігін басқаруға сенім артты. Адам баласының өмі­рін­дегі бел-белестердің бәрі де елеу­лі дегенмен, М.Жұрын­ұлының үшінші белесі бөлек екен­дігін ғы­лыми-пе­да­го­­гика­лық және қоғамдық, әрине, мем­лекет­тік қызметтегі ұй­ым­­дас­тыру­шылық қабілетінің жо­ғарғы шың­дарға шыққан жыл­­­дары­мен ерекшеленеді. Хи­мик­тер қауымынан шыққан бір топ министрлер Қали Біләлов, Шай­сұлтан Шаях­метов, Ережеп Мәм­бет­қазиевтен кейін химия ғы­лым­­дарының докторы, академик Мұрат Жұрынов осы лауазым­ды Тәуелсіздіктің алғашқы он­жылдығында атқарған болатын.

Былтыр Қазақстан теле­арна­сының «Тұлға» атты хабарына берген сұхбатында Мұ­­рат Жұ­рын­ұлы министр ре­тінде Аме­ри­када болғанында сол ел­дің Бі­лім министрінің «Қа­зақстан­дық­­тардың қанша пайызы сауат­ты?» деген сауалына «100 пайы­з сауатты» деп жауап берген екен. Бұған таңғалған әріп­тесі аме­ри­ка­лықтардың 8 пайызы сауатсыз, яғни бұл алып мемлекеттің бірнеше миллион адамы хат танымайтынын айтыпты. Сондықтан бұл дең­гейімізді сақтап, әрі қарай дамыт­пасақ, ғы­­лымның деңгейіне кінәрат тү­сіріп аламыз, дейді академик ағамыз.

1995-1997 жылдары Білім министрі лауазымын атқар­ған Мұрат Жұрынұлы Конститу­ция­ның білімге қатысты 30-бабын жазуға аянбай атсалысты. 1995 жылы тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңы қабылданып, білім тура­лы 30-бабының жобасын өз қолымен жазған министрдің еңбегі екіауыз сөзі бара-бара на­ғыз тартысты күреске айналады. Мұндағы 30-баптың 1-тар­мағы: «Азаматтардың мемле­кет­тік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік бері­леді. Орта білім алу міндетті». Қар­жы саласындағылар сол кез­дегі Премьер-Министрдің қол­дауымен баршаны «ақысыз» оқы­туға, кейбіреулер «міндетті» деген сөздерге қарсы болады. Алайда бір адым да кейін шегінбей, ұсы­ныстары Үкімет басшысынан қол­дау таппаған соң, Елбасының алдына дейін барып, ел болашағы үшін өте маңызды осы екі сөздің екеуін де сақтап қала алдық»,  дейді Мұрат ағамыз.

Министрлік лауазымынан кейін өзі негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халық­аралық Қазақ-Түрік универ­ситетіне президент болып туған топыраққа қайта оралды. Төрт жылдан соң Алматыдағы Д.В.Со­кольский атындағы «Жанармай, ката­­лиз және электрохимия инс­ти­ту­ты­ның» бас директоры болып қызмет бабымен ауысып, білім саласының «жілігін шағып, майы­н ішкен» ел ағасы ғылымға түбегейлі бет бұрады. Бұл ғылы­ми инс­титуттың дирек­торлық қыз­­метін 20 жыл үздіксіз атқа­рып келе жатқан ака­демиктің ашқан ғылыми жа­ңалықтары да ұшан-теңіз. Соның негізгілеріне ғана тоқ­талатын болсақ, академик Мұрат Жұрынұлының басшы­лығымен элек­тролиз процестерін жүр­гізудің жаңа тәсілдері жасалды. Өн­дірістердің кірленген және қал­дық суларын жиілігі әртүрлі өзгермелі электр тогын қолдана отырып, кесек-кесек биполярлы электродтары бар электролизерлерде өңдеу арқылы тазалау технологиялары дайындалып, өндіріске енгізілді. Электролиз процесін әртүрлі импульстік ток жіберу арқылы әдетте ерімейтін металдарды (титан, алюминий және т.б.) ерітудің жаңа тәсілі жасалды. Бұл зерттеулердің барысында бұрын-соңды белгісіз құбылыс, әдетте тез пассивацияға ұшырап, анодта ерімейтін металдар электролиз кезінде де, тіпті электр тогы тоқтатылғаннан кейін де постэлектролизді ав-тоер­у процесі табылды. Бұл про­цесс табиғатта бұрын-соң­ды белгісіз болғандықтан ғы­лыми жа­ңалық болып тіркелді. Қа­зақ­стандағы алғашқы ғылыми жаңалық болған «Титанның су қышқыл ерітінділерінде электролизден кейінгі химиялық еру құбылысы» жұмыстар циклі үшін Халықаралық академияның дип­ломымен және Нобель сыйлы­ғының лауреаты, академик Петр Капи­цаның алтын медалімен марапатталды. Бұл ғылыми жаңалық әлемде үлкен теориялық және практикалық маңыздылыққа ие болды.

Академик М.Жұрын­ұлы фосфор өндірісінің жанама өнімдері феррофосфор және фосфорлы қал­дық (шлам) сияқты заттарды өңдеудің электрохимиялық техно­логиясын жасап, Тараз қала­­сындағы «Химпром» ком­бина­тында өндіріске ірі эконо­мика­лық тиімділікпен енгізді. Фер­рофосфорды электрохимиялық тә­сілмен еріту арқылы темір фос­­фа­тын, сондай-ақ жоғары са­­палы болат өндірісінде қоспа ретінде қолданылатын вольфрам, молибден және ванадий алу технологиясын жасап, өндіріске ен­­гізді. Фосфорлы қалдықтан таза фосфор мен мыс фосфидін өндірудің жоғары тиімді өндіріс­тік қондырғысын жасады. Автор­дың бұл тәсілдері үшін АҚШ, Гер­ма­ния, Ұлыбритания және Ма­жарстан мемлекеттері арнайы патент берді.

2003 жылы ғылым жолындағы еңбегі бағаланып, осы саладағы ең жо­ғары сыйлық – Қазақстан Респуб­ликасының Ғылым, техника және білім саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреа­ты атанды. М.Жұрын­ұлының ғылыми еңбектері шетелдерде де жоғары бағаланды: оған «Түркі әлеміне сіңірген қызметі үшін» сыйлығы, Токио универ­ситетінің алтын медалі, Фран­ция ғылыми өндірістік қоға­мының және Украина «Алтын фортуна» ғылыми-өндірістік қоға­мының алтын медальдары және Ресей Жаратылыстану ғылым академиясының «Құрмет белгісі» медальдары тапсырылды.

Ғылымның басты зияткер орта­лығы – Ұлттық ғылым акаде­мия­сының президенті болып Мұрат Жұрынұлы 2003 жылы баламалы сайлау нәтижесінде сайланды. Содан бергі уақыт ішінде Ұлт­тық ғылым академиясы ке­ңес моделінен батыс-еуропалық моделге көшті. Алайда Қазақ­стан заңдары Франция заңдарын­дай емес. Осыған байланысты көптеген қиындыққа қара­мастан Ұлттық ғылым академия­сы бар­лық ірі академиялық қа­уым­дас­тықтардың толық мүше­сі бол­ды. Бұл отандық ғалым­дар­дың жетекші шетелдік ғылы­ми орта­лықтармен ынтымақтастық орнатуға кең мүмкіндік ашты. Акаде­мик М.Жұрынұлының бас­шы­лығымен ҰҒА ғылым бойынша жыл сайынғы Ұлттық баяндама дайындайды және оны Үкімет пен Президенті Әкім­шілігі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия мақұлдағаннан кейін шығарады. ҰҒА әлемнің жетекші 73 елі­нің ұлттық кітапханаларына жеткізілетін және Elsevir–Scopus және Web of Science база­­сына кіретін 5 академиялық журналын шығаруды жүзеге асыр­ды. Олар: «ҚР Ұлттық ғылым академиясының баяндамалары», «Ұлттық ғылым академия­сының хабаршысы», 3 сала бо­йынша «Ұлттық ғылым акаде­миясының хабарлары: геология және техникалық ғылымдар; химия және технологиялар: физика, математика және информатика».

Академик Мұрат Жұрынұлы ұзақ жылғы білім және ғылым саласында 22 ғылыми монография, 800-ден астам ғылыми еңбек жариялап, 150 авторлық куәлік пен халық­аралық патентке ие болды. Оның жетекшілігімен 45 ғылым кандидаты, 7 ғылым док­торы диссертация қорғап, 4 шәкірті ҰҒА академигі болып сайланды. Бұл туған елі – Қа­зақстанға деген сүйіспеншілік арқылы парасатты да рухы биік ізбасарлар тәрбиелеу жолында ұлағатты ұстаздығынан басқа дарынды ұйымдастырушы қы­рынан көрінген жылдары болды.

Д.Сокольский атындағы «Жа­нар­­май, катализ және элек­трохимия институтында» өндіріс­тік ката­лизаторлар цехы М.Жұ­рын­ұлының басшылығымен құ­рылып, оның улы газдарды және зиянды қоспаларды жоятын қондырғыларын мұнай-газ өндіріс орындары келісімшарт бойынша тұрақты сатып алып жатыр. «ҚазМұнайГаз»-ға қарасты 3 мұнай өңдеу зауытымен (Пав­лодар, Атырау, Шымкент) келі­сімшарт бойынша металлокон­струк­цияларды коррозия­дан сақ­тау компетенциялық орта­лы­ғы зерттеулер жүргізіп, оларды өндіріске енгізуде және ірі эко­номикалық тиімділіктер беруде. Осы институтта жасалған, мұнайдан «Евро-4» бензинін алуға арналған «КТ-19» катализа­тор патенті Қытайдағы Фу­шунь мұнай зауытына 500 мың дол­ларға сатылды. Олар Ресей, АҚШ және Қазақстан катализаторларын салыстыра отырып, таңдап алғанын да айта кету керек.

Мұрат Жұрынұлының ғылы­ми басшылығымен өндіріске ен­гізуге дайындалған «Жел энер­гиясы мен күн сәулесінен алы­натын электр энергиясын бере­тін комплексті агрегат» дайын­далып, өндірістік сынақтан өтті. Бұл агрегатты жел энер­гиясы мен күн сәулесі энергиясы мол Қы­таймен шекаралас «Жоңғар қақ­пасына» және Түркістан облы­сының Созақ ауданына қарас­ты Қаратау тауындағы жотаға ор­наластырылғаны тиім­ді. Ха­лық­аралық GEIDKO ұйы­­мы­ның Қазақстандағы ко­мите­тінің төр­ағасы ретінде Мұрат Жұ­рын­ұлы осы жобаларды өн­діріске енгізу үшін Қытайдың және Ресейдің жекеменшік бизнес компанияларымен GEIDKO басқармасының тапсырмасымен келіс­сөздер жүргізуде.

Сонымен қатар осы жылдарда ҰҒА президентінің ұсыны­сымен Бейжіңдегі халық­аралық ұлттық академиялар альян­­сының – ANSO президиум мүшелерінің және Кіндік Азия мен Кавказ, Ресей академия­лары президенттерінің дауыс беруі арқылы өткен конкурста Өз­­бекстан ұлттық акаде­мия­сы­нан басым түсіп, Қазақстанның ҰҒА ANSO-ның Кіндік Азия ай­мақтық бөлімі Алматы қала­сында ашылды. Бұл ҰҒА мен оның президентінің ха­лық­аралық ғылым аренасында жоғары беделі бар екенін анық көрсетеді. Ендігі кезекте Алматы қаласындағы осы аймақтық ANSO бөлімі арқы­лы Кіндік Азия мем­лекет­те­рінің ғалымдары ANSO қаржы­лан­дыратын экология, нано­тех­нология, инженерлік генетика, тарих, археология салала­рындағы ірі мега-жобаларға қа­тыса алады. Бұл Қазақстан ғалым­дарына үлкен мүмкіндік бере­тіні сөзсіз. Қазіргі кезде осы жа­ңалықпен Қытайдың Шэньси провинциясындағы дү­ние ­­жү­зіндегі ең ірі Баоцзи титан кор­­­порациясы 3 миллион дол­лар тұратын шаруашылық келі­сімшарт жасауға ынталы болып отыр. Пандемиядан кейін шекара ашылған соң келіс­сөздер жал­ғасуға тиіс.

2015 жылы Мұрат Жұрынұлы Түркі әлемі Ғылым академиялары одағының тұңғыш президенті және Ислам елдерінің Ғылыми академиялары ассоциациясының вице-президенті болып сайланды. Әрине, біліктілігі мен ғы­лымда жеткен жетістіктері өз ма­ңыздылығын атқарғандығынан басқа, бірнеше тілді, оның ішінде түрік тілін жетік меңгергендігі де өз рөлін орындағаны шүбәсіз.

ҰҒА президенті 2019 жылы КСРО Ғы­лым ака­демиясының мұрагері болып есептелетін Ғы­лым акаде­мия­­ла­рының Халық­аралық Ассоциа­циясының акаде­мигі болып сайланды. Соны­мен қатар Қытай, Ресей, Қырғыз­стан, Тәжікстан ғылым акаде­мия­ларының шетелдік мүшесі, Халықаралық инженерлік ака­демиясының академигі, Ха­лық­аралық жоғары оқу орындары ғылыми академиясының акаде­мигі атанды. 2017 жылы Бейжің қаласында ЮНЕСКО-ның қа­тысуымен 54 мемлекеттің ұлт­тық ғылым академияларынан тұра­тын ең ірі ANSO альянсы құрыл­ды. Оның 6 мүшеден тұ­ратын Прези­диумына Кіндік Азия мен Кавказ өңір­лерінен ҰҒА пре­зиденті ака­демик М.Жұ­рын­ұлы сайланды.

Мәскеу қаласындағы Д.И.Мен­­­­делеев атындағы Ресей хи­мия-технологиялық универ­­си­те­­­тінің құрметті докторы, Бе­ла­русь Республикасы Ұлттық ғылым академиясының «Жаңа материалдар химиясы» институ­тының құрметті докторы, Ва­шин­гтондағы Джорджтаун уни­верситетінің құрметті профессоры, Токио уни­вер­ситетінің құр­метті профессоры, сонымен қатар Қазақстанның бірқатар ірі университеттінің құрметті профессоры.

Жоғарыда көрсеткен орден­дерінен басқа медальдардың мол саны марапат иесінің еңбе­гінің зор екендігін көрсе­теді. Ака­демик ағамыз Оңтүс­тік Қа­зақстан облысы және Арыс, Түр­кістан, Кен­тау қалалары­ның, Созақ пен Түл­кібас аудан­дарының, сондай-ақ Кен­тукки штатындағы Луисвилл қала­сы­ның құрметті азаматы.

Бақ-берекелі отбасының ота­­ғасы болып отырған Мұрат Жұ­рын­­ұлының тағы бір қыры – саламатты өмір салтын насихат­тайтын сергек спортшы екендігі. Жас кезінде бокс шаршы алаңында үздік жетістіктерге жетсе, дана­лыққа бет алған шағында шахмат тақта­сын мейлінше мең­гергендігі өз алдына бөлек әңгіме. «Шахмат ойнау қисынды ойлау қабілетіңді жетіл­діріп қана қоймай, адамның бойында шыдамдылық пен сабыр­лыққа тән қасиеттерді арттырады», дейді ол.

 

Алтынбек НУХҰЛЫ,

химия ғылымдарының докторы, ҰҒА Павлодар

аймақтық бөлімшесінің төрағасы, Сенат депутаты