Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақстандық патриотизм, азаматтық теңқұқықтық қағидаттарын, мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлін, алуан түрліліктегі бірлікті ілгерілету, ұлтты тұрақты жаңғырту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 656,3 мың адам тұрады. Жайық бойында жарасым тапқан жұрттың ішінде 82 этнос өкілі бар екен. Мұндағы барлық халықтың 76,3%-ын қазақтар құрайды. Одан кейінгі ең ірі этностық топ орыс – 125 мың (19,3%), украин – 9210 (1,4%), татар – 8400(1,3%), беларусь – 1806, әзербайжан – 1668, неміс – 1257. Осы халықтың жартысына жуығы, яғни 47,4 пайызы облыс орталығы Орал қаласында тұрады.
Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында 54 этномәдени бірлестік бар. Олардың 31-і мемлекеттік органда тіркеуден өткен. Ал қалған 23 ұйым тіркеусіз жұмыс атқаруда. Облыс орталығындағы Достық үйінде жабдықталған арнайы бөлмелерде 17 этномәдени бірлестік орналасып, жүйелі жұмыс істейді.
Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесі 196 мүшеден құралған. Ал республикалық Ассамблея кеңесінің құрамына Ақжайық өңіріндегі этномәдени бірлестіктердің, құрылымдық бөлімшелердің, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, барлығы 29 мүше кіреді.
Этномәдени бірлестіктердің бастамасымен облыс орталығында әр этностың «Достық алаңқайларын» жабдықтап, ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестік төрағалары мен өкілдері халыққа әлеуметтік көмек көрсету мақсатында түрлі қайырымдылық жұмыстарымен де белсенді айналысып келеді.
Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы республика бойынша 2014 жылы алғашқылардың бірі болып облыста, аудан орталықтары мен ауылдық округтерде және кәсіпорындарда Қоғамдық келісім кеңестерін құру жұмысын қолға алды. Бүгінде Қоғамдық келісім кеңестері кез келген салада қордаланған мәселені шешуге белсене араласып, татулық пен тұрақтылықтың сақталуына жергілікті билік өкілдерімен белсене қызмет атқарса, ғылыми-сараптамалық кеңесі этносаясат саласындағы мәселелердің шешілуіне ғана емес, этносаралық қарым-қатынасты зерттеуге үлес қосуда. Ал Ақсақалдар кеңесі қазақстандық патриотизмді нығайту, азаматтық, рухани және мәдени қоғамды қалыптастыруда өз үлестерін қосты. Аналар кеңесі отбасы институтын қалыптастыруға ұйытқы болып, отбасы құндылықтарын дәріптеуде. Кәсіпкерлер қауымдастығы шетелдермен әріптестік қарым-қатынас орнату, өңірімізге инвестиция тарту мақсатында қызмет атқарса, «Татуласу» орталығы бітімгершілік жүйесін насихаттап, көптеген даудың тиімді шешілуіне мұрындық болып отыр. Ал «Тіл мұра» қоғамдық қозғалысы өңірдегі барлық ұлтқа мемлекеттік тілді тегін оқытып, тіл үйренгісі келген азаматтарға жағдай жасап отыр.
Пандемия жарияланғалы бері Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы көптеген қайырымдылық шара ұйымдастырды. Осы кезге дейін мұқтаж жандарға 190 млн теңгенің көмегі көрсетілген. Соның ішінде «30 қайырымды іс» республикалық марафоны аясында облыстық Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері мен құрылымдық бөлімшелері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, еріктілер «Қайырымдылық керуені» акцияларын өткізіп, 13 мыңға жуық аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көмек көрсетті.
Өңірдегі ұлтаралық ахуал қалыпты жағдайда. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, сауалнамаға қатысушылардың басым көпшілігі, яғни 96,4%-ы облыста қалыптасқан этносаралық қарым-қатынасты тұрақты әрі жақсы деп санайтынын айтқан. Сұрау салушылардың 96,2%-ы ұлтына байланысты кемсіту, құқығы бұзылу оқиғасына тап болмаған екен.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы тұсында халқымыздың «Бір күнгі ұрыс жүз күнгі ырысты қашырады» деген қанатты сөзінің мәні мен мағынасын терең сезініп, татулықты ту етіп көтеріп келеміз. Қазір Қазақстанды мамыражай мерекеге бөлеп отырған да дәл осы ынтымаққа қонған ырыс деп білеміз.
Ғали ЕСҚАЛИЕВ,
Батыс Қазақстан облысының әкімі, БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы