Мыңның ойын сапырып, жүздің жүрегін толғаған туған жердің тылсым ауасы жаныңды жұпарға бөлейді. Бұйрат құмдардың арасында бұйыққан көңіліңіз шайдай ашылып, әлдебір еркіндіктің құшағына еркін сүңгисіз. Аязды ақпандай суық қоғамда домбыққан жаныңа от берер туған жердің нұрлы табиғаты жүрегіңізге күш-қуат құяды. Оның маңғаз құмдарындай ыстық пен суықты жүрегінен қатар өткізген сіздің де кеудеңіз ізгілікке толатыны анық.
Қаланың қауырт тірлігінен қол босағанда ауылға қарай жол салғың келіп тұрады. Дәл осы картинадағыдай алаңсыз күндердің жаңғырығы санаңызды билеп алатыны бар. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» дегендей осы бір нәзік ойдан арыла алмайсыз. Белгілі суретші Таира Гадеева-Молдабекованың «Жайлаудағы көктем» туындысы сөзімізге дәлел бола алатындай. Картинаның бізді бірден жылы пікірге жетелеуінің түп бастауында сол ауылға деген сағыныш жатқаны даусыз.
Жалпы, қылқалам шеберінің шығармалары өте нәзік әрі әсерге толы келеді. Байқасаңыз, оның туындыларына детальдардың, ракурстар мен композицияның бейнелілігін байыптап алу тән. Содан да болар әрбір кейіпкерінің бойынан жылылық есіп тұрады.
«Жайлаудағы көктем» туындысы негізгі бастаухаты балалық шақ екенін аңдап отырмыз. Қолына қылқалам ұстаған суретші өмірінде әйтеуір бір осы тақырыпқа оралатыны анық. Өнер адамының бойында қанша есейсе де балдәурен күннің бір белгісі қалып қоятыны сондықтан. Ұстаз Василий Сухомлинскийдің «Балалық шақ жылдары – бұл бәрінен бұрын жүректің естелігі» деген сөзі картинаның өмірге келуіне негіз болған сыңайлы.
Балалар қашанда жаңалыққа құмар, үнемі осы шақпен өмір сүреді. Картина композициясында төбеге велосипедін қалдырып, қолына дүрбі ұстап отырған жас баланы көреміз. Дүрбісі арқылы алыстағы қой өрісін тамашаламақ ниетте. Қарап отырсаңыз, жаңа көктеген балғын шөп, шешек жарған ұсақ көк гүлдер, баланың артындағы жайылып жүрген қойлар, солғын жарық бізді көктемнің жылы күніне алып барады. Осы картинаға үңіле отырып бір сәтке балалық шаққа сапарлайсыз.