• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Пікір 13 Желтоқсан, 2021

Болат діңгек

663 рет
көрсетілді

Біле білген кісіге, тәуелсіздік айтуға оңай болғанмен, жүрек­ке салмақ салар қасиетті ұғым. Ат арыр, тон тозар, қадір кетер, бірақ тәуелсіздік мәңгіге қалуға тиіс болат діңгек. Осы бір зор діңгекті тұғырына орнатуда оғыландық танытқан Елбасының ерен ерлігі таңғаларлық. Таңғаларлығы – тәуелсіздіктің туын қан төкпей тікті. Азаттықтың ақ таңы мамыражай рауанданды. Тізесі барлар бүгілді, басы барлар жүгінді. Шағыстырғандардың да, шабыстырғандардың да үні өшті. Қазақ ұлтының тәуелсіздігі бой көтерді.

Мақаланың ең бір тартым­дылығы – өткенге барлау жаса­ғаны. Ғасырлар қойнауынан бас­тау алған азаттық жолындағы кү­рес­тің соңғы 30 жылы байсалды, дерек-дәйекпен сараланған. Сүй­сіне­сің, себебі көз көріп, жүрек сенді, құлақ естіп, көңіл сенді.

«Тәуелсіздік те бақыт сияқты, баға­лаған адамның, аялаған қоғамның қолы­на тұрақтайды» дейді Елбасы. Мағынасы зор сөз. Өйткені кейде арамызда тәуел­сіздігіміздің байыбына бармай, қисын­сыз байбаламға салатын заржақтар табы­лып қалатыны жасырын емес. Қо­ғамдағы кез келген қайшылықтардың астарына ши жүгіртіп, бүйректен сирақ шығаруға әуестенетіндер бар. Олар үшін елдің берекесі мен бірлігі тым жеңіл дүние секілді. Қазақ мұндайда «Білгенге – тоғыз, білмегенге – тоқсан тоғыз» немесе «Білімсіздің білмегенін кешір­месең, білгенің қайсы» не болмаса «Қадіріңді білмегенге, қадіріңді кетір­ме» дейді. Еңсесі биік еліміздің босағасы да мы­ғым. Мығым болатыны – жам­позы мен оғыланы көп алаш баласы бар.

Егер байыппен оқыса, Елба­сы­ның бұл мақаласы Тәуел­сіз­діктің шынайы тағылымын ұғындырып береді. Том-том кітаптың сығындысы іспетті, елдің үш он жылдығының сырлы шежіре­сі болып шыққан. Бұл – бір. Екіншіден, бүгінгі ел жағдайы, азат ұрпақтың бол­­мыс-бітіміне баға берілген. «Тәуел­сіз еліміздің басты байлығы – адам» деген Елбасы, сондай-ақ: «Ең бас­тысы – еліміз аман, ұрпағымыз азат. Біз алақанға салып өсірген сол азат ұрпақ ендігі жерде «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек».Тұңғыш Президентіміздің осы сөзі кез-келген ел перзентін ойлантып қана қоймай, меніңше толғанту керек.

Толғантатыны, қазіргідей тех­но­ген­дік заманда отаны­мыз­дың экономи­калық қуатын арт­тыру бір міндет болса, алаш жұртының руханиятын жүдет­пей, байыту зор міндет. Осы ру­хани саланың өкілі болған­дық­тан біз Елбасының туған тіл, діл, салт-дәстүр туралы айт­­қан­­дарын жүрекпен қабыл­дай­мыз. Әйтсе де, тіліміз кеме­ліне келіп, өрісін кең жая қой­ған жоқ. Мұндайда тағы да Елбасы­мыз осы мақалада: «Кейде ойлаймын: қазақ деген не деген төзімді халық?! Көнбеске көніп, шыдамасқа шы­даған. Болашағы бұлдыр болған күннің өзінде сағын сындырмай, келешектен үмітін үзбеген. Қиындық атау­лыға қасқая қарсы тұрып, үздік­сіз алға жылжыған». Алға жылжи да береміз. Себебі Тәуелсіздік діңгегін мықтап, тұғырын шегендей түсетін өршіл халықпыз. Мақаланы тұщына оқыған кісіге осындай жігер береді.

 

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,

облыстық «Қостанай таңы» газетінің директор –

Бас редакторы,  Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты