• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Желтоқсан, 2021

Аудармашы-журналист Есенқұл САФУАНИ: Маңызды құжатты қабылдау оңай болған жоқ

580 рет
көрсетілді

Биыл Тәуелсіздігімізге отыз жыл толды. Сіз ұзақ жыл­дар Жоғарғы Кеңес, одан кейін Парламент Сенаты аппа­ра­тының Редакциялық-бас­па бө­лімінде қызмет істеп, заң тер­­минологиясының қалып­тасуына үлесіңізді қостыңыз. 1991 жылы 16 желтоқсанда еліміздің Жоғар­ғы Кеңесінде «Қазақстан Рес­публи­касының Мемлекеттік Тәуелсіз­дігі туралы» Конституциялық Заңының қа­­былданғанын көзбен көріп, тарихи оқи­­ғаның ортасында болдыңыз, осы сәт есіңізде ме?

− Әрине, есімде. Әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Мен онда Жоғарғы Кеңес аппараты Редак­циялық-баспа бөлімі Ілеспе аударма секторының меңгерушісі едім. Онда аударма бөлімінде Жолбарыс Әбішев, Мәди Айымбетов, Ақайдар Ысымұлы, Махамбет Жәмекұлы, Дәуітәлі Омашұлы, Бекен Шоланов, Камал Әлпейісова секілді талантты аудармашылар қызмет істеді. Аталған заң мәтінін аудардық. Оны үстінен бөлім меңгерушісі, көрнекті сыншы Зейнолла Серікқалиев пен тәжірибелі аудармашы Мырзабай Кеңбейілов қарады.

Ол кезде депутаттар құрамы да өте мық­ты, Салық Зиманов, Манаш Қо­зыбаев, Әбіш Кекілбаев, Әнуар Әлімжанов секілді халқымыздың беткеұстар азаматтары сайланған. Дәл сол күні бойларын рух кернеген қазақ жастары Жоғарғы Ке­­ңес ғимаратын қоршап, жиналып тұрды. Шын­дығын айтқанда, ел тағдырын шешетін маңызды құжатты қабылдау оңай болған жоқ. «Біз кімнен тәуелсіз боламыз, онсыз да тәуелсізбіз, біз сол тәуелсіздікті жоғалтып алмауымыз керек», деп заңды талқылау барысында бұра тартып сөйлегендер де кездесті. Қысқасы, жиын қызу пікірталасқа толы болды. Соған қарамастан жоғарыда есімдерін айтқан ардақты ағаларымыздың парасатты ойлары мен салмақты сөздері ешкімді де арнасынан асырған жоқ.

− Сол тұлғаларымыздың айт­қан сөздері жадыңызда қалды ма?

− Көрнекті жазушы Әбіш Ке­кіл­баев «Тәуелсіз ел болуы­мыз­ға қазақтың тарих жағынан да, саяси экономикалық-әлеуметтік жағынан да толық құқы бар» деп байыпты ой айтып, кеңінен толғанса, академик Салық Зи­манов: «Ресей пат­шалығына 200 жыл, Кеңес империясына 70 жыл бодан болып, өмір сүрдік. Қазақтың саны аз демеңіздер, біздің халқымыздың үштен бірі қолдан жасалған ашаршылық пен қуғын-сүргіннен Қытай, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия асты. Сөйтіп, ұрпағын аман сақтап қалды» деп өткен тарих пен қазіргі кезеңді сабақтастыра сөйледі. Қа­ламгер Әнуар Әлімжанов та тағылымды ой қорытты. Өзге ұлт өкілдері арасынан Александр Княгининнің салмақты сөзі де халық қалаулыларының көңілінен шықты.

– Ілеспе аударма сол жылдардан қа­лыптаса бастады ма?

− Мен Жоғарғы Кеңес аппаратына 1987 жылы аға консультант болып жұмысқа қабылдандым. Ол кезде депутаттардың орысша сөйлеген сөздері қазақшаға аударылмайтын. Ал қазақша сөйлейтіндердің тексін алдын ала алып, орысшаға аударып қоя­мыз. 1989 жылдан бастап бұл жағдай өзгерді. Депутаттар екі тілде еркін сөйлейтін болды. Сол кезде олардың сөз­дерін қазақшаға немесе орысшаға ілеспе аударып отырдық. Қазір елімізде ілеспе аудар­ма мектебі қалыптасты деу­ге болады.

− Қазақ ауылында өсіп, орыс­шаға қайдан жүйрік бол­дыңыз?

− Біздің ауылда екі орыс қана болды. Соның бірі – Ресейде туған, бізге 4-7-сы­ныпқа дейін орыс тілінен сабақ берген Елена Пав­ловна Крем­ных деген ұстазымыз. Сол кісі­нің арқасында орыс тілінің грам­матикасын жақсы меңгердім. Негізінен, мұғаліміміздің ұлты чу­ваш, тілі бізге жақын, содан ба, қазақ және қарақалпақ тілінде еркін сөйлейтін. Әскерге бар­ғанда басылымдарға орысша мақала жаздым. Университетті бітіргеннен кейін Қазақ телевидениесінде жұмыс істеп, деректі фильмдерді тәржі­малап, аудармаға төселдім. «Қа­зақстан» баспасында сая­си аудар­маның жілігін шағып, майын ішкен майталман ағаларымнан көп нәрсе үйрендім. Жоғарғы Кеңес аппаратына жұмысқа келгенде заң мәтіндерін аудару оңай деп ойладым. Алайда оның өз ерекшелігі де бар екен. Мұнда өмірінің біраз бөлігін заң саласындағы аудармаға арнаған Баймырза Дәуренбековтің мектебінен өтіп, тәжірибем толыса түсті.

− «Үкімет − заңнама, Пар­ламент – заңдар» деп алады, қай­терімді біл­мей, ақылым айран» деген әзіліңізді әріптес­теріңіз аузынан тастамайды. Қазақ тілін­­дегі заң терминологиясын бір ізге түсіруде проблемалар бар, осы мәселені қалай шешеміз?

− Қазақстан Жоғарғы Кеңесі аппара­тының Редакциялық-баспа бөлімінде алғашқы жылдары ақын-жазушылар қызмет істеді, олардың ішінде алымды аудармашылар да, сөз білеміз деп оңды-солды аудара беретіндер де кездесті.

Терминді ұсынып, орнықтырар алдында оны ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеп, сөздіктер мен энциклопедияларға мұқият назар аудару қажет. Біз осы қағи­даны көбінесе басшылыққа алмаймыз. Мәселен, «нормативный акт» деген­ді әріп­тестеріміздің біреуі «нор­мат» деген «қалып», «акт» деген «құжат» сонда «қалыптық құ­жат» болады, солай жа­зайық» деп ұсынысын айтты. Көпшілігі оны қолдады. Мен қарсы болдым. «Қалыптық құжат» деген «формовочный документ» деп түсінеді, ал «актінің» ауқымы кең, ол бір құжаттың мағынасын бермейді. Мысалы, біз паспортты «төлқұжат» дейміз, құжаттың төл немесе төл емесі бола ма? Дүние­жүзі оны «паспорт» деп айтады, одан біз неге қашамыз?! Сондықтан заң тер­миндерін әбден зерделеп, ғылыми сүзгіден өткізіп барып орнықтыру қажет. Қазақ тіліндегі кірме сөздердің 15-20 пайызы араб, парсы тілінен келген, біз оны қазақ тілінің емлесімен жазып, қазақ сөзіне айналдырдық. Тер­минді осылай қалыптастыру керек.

1933 жылы көрнекті ғалым Құдай­берген Жұбановқа Ақтөбе­дегі Темір қала­сында бірге оқыған мектеп мұға­лімі Жаңғазы Жолаев хат жазып: «Құдай­берген-ау, мектепте балаға сабақ үйреткенде, шеттен келген сөздердің ішінде, әсіресе ағылшын, француз сөз­дері жиі кездеседі, соны қалай жаздыртамыз» деп сұрағанда, ол кісі: «Жаңғазы, біз шеттен кел­ген сөздердің емлесін әлі жаса­ған жоқпыз. Қазір соның әреке­тіндеміз, енді бастап жатырмыз. Әзірше, өз білгеніңді пайдаланып, қа­зақша жалғаумен қолдана бер» деп жауап жазған. Міне, содан бері 88 жыл өтсе да, емле әлі жасалған жоқ.

− Бұған кім кедергі?

− Ешкім, өзіміз. Самарқаумыз. Ақи­қатында, заң аудармасын бұзып жүр­гендер: заңның арналған нысанасына, функциясына, құқық нормаларына мән бермей, тек мәтіннің жатық болып, жеңіл оқылуын ойлап, қазақ тілі бай деп терминді түрлі қолданып, түр­лен­діре беретін қаламгерлер, көркем шығар­малар тілін зерттеп жүр­ген, заң тілін де көркемдеп жіберуге бейім тілші ғалымдар және жазған дүниесінің бәрін көр­­кем тілмен жеткізуге тырыса­тын көсем­сөзшілер дер едім. Мен мұнда заң аудармасымен айна­лыспайтын, айналысса да заң нор­масына жіті назар аудара­тын қалам­герлерді, ғалымдарды, көсем­­сөзшілерді айтып отырған жоқпын. Шындығында, әдеби көркем, бай тілмен заң жазуға болмайды, заңды тек өз тілімен жазу керек.

Бірде Мәжіліс депутаты Шала­тай Мыр­захметов: «Қазақтың тілі бай, синоним көп, соны заң жазуға қашан пайдаланамыз» деп айтқанда, мен шыдай алмай, «Нормативті құқықтық актілер туралы» заңының 18-бабында: «Заңда афоризм мен синоним сөздерді пайдалануға болмайды» деп тайға таңба басқандай жазылған. Әлі жүздеген мыңдаған жаңа заң қабылданады, басқа да сөздер келеді, сонда не істейміз?» деп жауап бергенмін. Сол сөзіме Шәкең ренжіп қалды ма деп қуыс­танып жүргем, бірақ ол заңды терең түсінетін депутат екенін жылы амандасып жүргенінен, ойға қонымды пікірлерінен түсіндім.

Мысалы, заңдарымызда «архив» тер­минін «мұрағат» деп ал­дық. Бұл арада хатқа түсіп, мұ­раға сақталатын орын көз ал­­ды­мызға елестейді. Өте орынды, та­­былған балама демеске болмайды. Ал Ор­ман кодексінің 4-бабы 9) тармақ­шасында, 78-бабының 2-тармағы 2) тар­мақ­шасында: «ар­хивы клонов плюсовых деревь­ев» деген тіркес «артықшылығы бар ағаштар клон­да­рының мұра­ғаттары» деп аударылған. Сонда артықшылығы бар ағаштар клондарын да мұраға қалған дүние деп түсінуіміз керек пе? Ағаш мұраға қалған хат емес ғой...

Терминология мәселесін мем­ле­кеттік тұрғыдан қолға ал­ма­са, шешілмейді. Кезінде оны­мен мемлекет және қоғам қайрат­кері Темірбек Жүргенов айна­лысқан. Кейін Құрманбек Сағындықов, Сақтаған Бәйішев, Төлеубай Ыды­рысов, Кемел Тоқаев, Бай­мырза Дәуренбеков секілді жазушы-журналист ғана емес, ғалым деп айтуға болатын аудармашы ағаларымыз терминология саласын дамытып, бір ізге түсіріп, осы бағытта мектеп қалыптастырды. Қазір сол мектептен ажырап қалдық. Қысқасы, заң тілін зерттейтін институт қажет.

− «Заң қазақша жазылсын десек...» атты мақалаңызда «Тілімізді тәуел­сіз­дігіміздің ті­ре­гіне айналдырамыз десек, ғылым мен практиканы ұш­тас­­­ты­рып, салиқалы көзқарас қалып­тас­­ты­руымыз керек. Онсыз айтылған сөздің бәрі желге ұш­қандай із-түзсіз кете береді» дейсіз. Осы ойымызды тарқа­тып айтасыз ба?

− Тәуелсіздігіміздің алғашқы жыл­дарында «заңнама, ғылыми-техникалық әдебиет, ресми құ­жат тілі қазақтың бай тілімен мағы­насы сақталып, жатық, же­ңіл оқылатын етіп аударылуы керек, жал­пы халыққа түсінікті болуға тиіс» деген пікір басым болды. Мәселен, осы қағидаға сүйеніп: «формальная проверка» – «жай тексеру», «ресми тексеру» деп алы­нып, кейбір көшедегі жарнамаларда «кең көлемді басылым» деп жазылып жүрді. Бұл арада «жай тексеру» – «простая про­верка»; «ресми тексеру» – «офи­циальная проверка»; «кең көлемді басылым» – «широкообъем­ное издание» болып шығады. Соған орай біздің көптеген аудармашыларымыз орысшадан қазақшаға аударылған дүниені кері қарай орысшаға аударуға болмайды деген пікірді ұстанады. Бұл көркем әдебиет аудармасына қойылатын талап. Мысалы, Жамбылдың: «Ленинградтық өренім» деген өлеңі «Ленинградцы – дети мои» деп аударылғанын білмейтін қазақ жоқ. Осы өлең «Ленинградтық балаларым» деп қайта аударылса, нағыз сорақылық болар еді. Көркем аударма – еркін аударма, ал заңнама, ғылыми-техникалық әдебиет аудармасы – дәлме-дәл (адекват) аударма. Екеуінің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Орыс, ағылшын, тағы басқа тілдердегі заңдарды қазақшаға аударып, оларды сол тілдерге кері аударған кезде дәлме-дәл сәйкес келмесе – ол заң емес. Өйткені мағынасына қарай еркін аударылған заң әркім­нің әртүрлі түсінуіне, заңның орын­далмауына әкеп соғады.

− Бүгінге дейін мемлекеттік тілде заң жазуға не қолбайлау болды дейсіз?

− Бір сөзбен айтсам, қазақша заң жазатын маман жоқ. Ол үшін заң мен тілді бірдей меңгерген маман даярлау қажет. Жоғары оқу орындарындағы журналистика мен филологияда оқып жүрген аудармашы болам деген жастарға құқықтану пәнін оқыту керек. Мен орысшадан аударылған заңды аудар­ма деп қарамаймын, бұл орысша заңның қазақша баламасы деп санаймын.

− Қарақалпақстанда өмір­ге келдіңіз, ол жерде де халқы­мыздың терең тари­хы жатыр, содан үзік сыр шертіп өт­сеңіз?

− Қазақ пен қарақалпақ ежелден ауыл­ы аралас, қойы қоралас, қыз алып, қыз беріп, құда-жегжат атанып, қоңсы қонған жұрт. Түрік халықтарының ішінде тілі мен діні, салт-дәстүрі жағынан бізге жақыны – қарақалпақтар. Осы елдің атақты шайыры Садық Нұ­рым­бетовтің «Сөйлескенде сөзi­мiз бiр ағайын, сұрасқанда түбi­мiз бiр ағайын» деп жырлағаны тегін емес.

Бұрынғы кәріқұлақ қария­лардың айтуынша, қазақтардың ол жерге алғаш табан тіреуі XVII ғасырдан басталған. Бабаларымыз алдымен жаппай көшіп келмей, екі ортада сауда-саттықпен жүріп, ақыры тұрақтап қалыпты. Сонымен қатар өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы аштық пен қуғын-сүргін кезінде біраз ағайын сол жаққа жан сауғалап барған, бірақ кейін олардың көбін Сәкен Сейфул­лин отызыншы жылдардың ортасында елге қайтарған.

Өткен ғасыр басында Әмуда­рияның сол жағалауы, оның ішінде қазақтар көп ор­наласқан ай­мақтар Хиуа хандығына қа­ра­ды. 1920 жылы Хорезм Халық Рес­пуб­ликасы құрылып, оған ұлты өзбек Құдай­­­бергенов басшылық жасады. Сол жылдары рес­публика құрамында қа­зақ, өзбек, қарақалпақ, түрікменді қос­қанда бір миллионға жуық халық өмір сүрген. Олар Кеңес өкіметін ішкі істеріне араластырмауға ты­рысқан. Хорезм Халық Республикасы 1927 жылға дейін дербес ел саналды. Бір жағынан, оны формальды деу­ге болады.

1921 жылы Хиуада Хорезм халық өкіл­дерінің II құрыл­тайын­да республиканың Ха­лық Комиссарлар Кеңесінің төраға­лығына ұлты қазақ Меңдіқожа Ибнәминов сайланды. Сол кезде оның жасы 23-те ғана, соған қарамастан сөйлеген сөзі мен ұсынған бағдарламасы көпшіліктің көңі­лінен шығып, халық қолдаған. Өзі де заманның тынысын сезінген, зерделі азамат болыпты.

Бұрын Қарақалпақстанды «Бесқала» деп атаған, себебі Қо­ңырат, Көне Үрге­ніш, Шымбай, Төрт­күл, Маңғыт атты бес шаһар­дың территориясында 1924 жы­лы Қарақалпақ автономиялық облысы құрылып, ол жергілікті халық­тың тілегімен Қазақ АКСР-іне қосылды, ол қаулыға Хорезм Халық Республикасы Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Меңдіқожа Ибнәминов қол қойды. Сөйтіп, 1930 жылға дейін Қарақалпақстан Қазақстанға қарады. Негізі, ондағы ха­лықтың, артық айтпасам, үш­тен бірі – қазақтар. Қарақалпақ қайраткерлерінің дені біздің елімізде білім алған.

− Көршілес ел болғаны­мыз­бен біз сол жерде туған қа­зақ­тан шыққан атақ­ты адамдар туралы білмейміз, соған тоқтал­саңыз?

− Қарақалпақтардың болмысы да қа­зақтар секілді ақкөңіл, аңқылдақ, қо­лын­дағы барын аямай бере салатын жомарт, ойын бүк­пей айтатын ер мінезді ел. Достыққа да берік. Ешкімді бөліп, алаламайды.

Кеңес заманында ол елде қазақтың біраз азаматтары бас­шылық қызмет атқа­рып, автоно­миялық республиканың дамуы мен көркеюіне үлкен үлес қосты. Сондықтан оларға емес, өнер мен әдебиет саласындағы екі-үш азаматқа тоқталып өтейін. Мәселен, қарақалпақтың жазба әдебиеті, оның ішінде проза жанрының негізін салған, ұлты қазақ болса да, шы­ғар­маларын қарақалпақ тілінде жазған Мырзағали Дәрі­баев деген жазушы болды. Оның бірқатар жыр жинақтары мен про­залық кітаптары жарық көр­ген. Соның ішінде шоқтығы биігі – «Мыңлардың бири» атты пове­сі. Қарақалпақтың әдебиетші ғалымдары ол жайында зерттеу еңбектерінде арнайы тоқталып өткен.

Одан кейін қос елге танымал жазушы, публицист, аудармашы Жұмабай Тәшеновті айтуға болады. Бұл кісі Екінші дүние­жүзілік соғыстан оралғасын, жоғары партия мектебін бітіріп, бірқатар беделді қызметтерді атқар­ған. «Әмудария» әдеби журна­лының бас редакторы болды. Қара­қал­пақстан қайраткерлерінің бәрі оны жақсы көріп «Айналайын, Жұмабай» деп қадір тұтты. Кейін қаламгер Алматыға көшіп келіп, «Жазушы» баспасында қызмет істеді. Бірнеше прозалық және драмалық туындылары жарыққа шықты.

Әсіресе қаламгердің «Ана туралы аңыз» атты шығармасының желісімен Алек­сандр Карпов деген режиссер кино тү­сіріп, ол Лениндік сыйлыққа ұсыныл­ды. Бірақ кейбіреулердің көреалмау­шы­лығынан талантты тұлғаға ол сый­лық бұйырмады. Фильм сценарийін Жұмабай аға­мыз Александр Сацкиймен бірігіп жазса, ананың рө­лінде актриса Әмина Өмірзақова ой­наған.

Қазақ өлеңіне өзгеше өрнек, жаңа леп әкеліп, отыз жасында құйрықты жұл­дыздай ағып өткен Төлеген Айберге­нов те Қарақалпақстанның Қоңырат ауда­нында туған. Ақыры, ақынға топырақта туған жерінен бұйырды. Ол кісі маған жақын нағашы болып келеді. Бұл тізімді әлі соза тү­суге болады. Бірақ оған сұхбаттың көлемі көтермес.

− Қарақалпақ қазақтарында жыр­шылық өнер жақсы дамы­ған. Арғы жыр­шыларды айтпа­ғанда, өткен ға­сыр­да өмір сүрген Наурызбек жырау жа­­йында аңыз-әңгіме жетерлік. Сіз ол кісімен жақын таныс болыпсыз...

− Иә, Наурызбек жырау 1931 жылы Қа­ра­қалпақстанда туып, бала күнінде қатты ауырып, аяқ-қолы тартылып қалады. Соған қарамастан домбыраны шебер тартатын. Әкем оның он үш жасынан топқа түсіп, жыр-терме орындаған деп айтушы еді. Ол 1992 жылы атажұртқа қоныс аударып, 90-шы жылдардың басында өмірден өтті.

Наурызбек өзіне дейінгі ақын-жыр­шылардың, әсіресе Тұрма­ғамбет Ізтілеу­ұлы, Нұртуған, Әбубәкір Кердерінің тер­мелерін нақы­шына келтіріп орындай­тын. Кейбіреулер ол мақамын Әбу­бәкір Кердерінің немересі Құдай­берген жыраудан алған деп айтады. Бұл оның жырын тың­дамаған, естімегендердің айтып жүргені деп есептеймін. Нәу­кеңнің ма­қа­мының сарыны өзгеше, ешкімге ұқса­майды.

Ауылда жүргенде оның тер­мелерін тыңдап жүрдік, бір жырды орындағанда 2-3 сағатқа созып, бойын қыздырып алған­нан кейін қариялар: «Ал Наурызбек, үлкен жолға түс» деп қақпайлап, «Едіге­ден» бас­тап, «Қозы-Көрпеш – Баян сұлуға» дейінгі ғашықтық дастандарын жырлататын.

Ол кісі Алматыға бұрын да келіп-кетіп жүрді. Бірақ өзі радиоға, телевидениеге барып, дауысын жаздыртуға онша құлықты болмады. Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті Жақсылық Сәрсенғалиев пен Қаламқас Орашева деген ерлі-зайыпты талантты дәстүрлі әншілер Нәукеңмен жақын араласып, Қарақалпақстанға гас­­­трольмен барғанда сол үйге ат басын тірейді. Жақсылық сол бір жолы: «Аға, жасыңыз болса, ұл­ғайып келеді. Кейінгі ұрпаққа өнеріңізді қалдырыңыз, ол үшін Алматыға барып, радиоға дауы­сыңызды жаздырыңыз» деп ой салып, іле Нәукеңнің өзі де Ал­матыға келіп, «Қазақ радиосына» тер­мелерін жаздырды. Бұл 70-ші жылдардың аяғы, мен онда Қазақ телевидениесінде редактормын. Сол келгенде ол кісіні үйге алып келіп, атақты ға­лым, дәрігер Ишан­бай Қарақұлов, әде­биет зерт­теушісі Әнуар Дербісәлин және т. б. азаматтарды шақырып, тың­дадық. Сонда Нәукең түнге дейін жырлап, құма­рымызды қандырды. Ол жырласа шаршамайды. Төрт-бес дастанды жатқа айтады. Тағы бір ерекшелігі, жырлар алдында дастанның шығу тарихын, не туралы екенін, жырға қатысты басқа да жайттарды баяндап отырады. 1982 жылы белгілі өнер зерттеушісі, ғалым Болат Қарақұловты қолқалап Қоңыратқа Наурызбек жырауға алып бардым. Нәукең өз үйінде Болатқа өзі шығарған 21 термесін жазғызды. Болат ағамыз сол барғанда Бес­қаладағы көптеген әнші, жыршы, күйшілерді жазып алып, 17 таспа жазбаны Қазақ мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамына тапсырды. Наурызбекпен қатар ол кісі Нөкіс қаласында Биман күйшіге тәнті болды. Кейін «Осы екеуін зерттейтін жастар болса маған әкел, кандидаттық диссертациясына өзім жетекші боламын, барынша көмектесіп, қорғатамын» деген еді. Ешкім табыла қоймады.

Жалпы, Наурызбек жыраудың бойында бір тылсым құ­дірет бар, ол аруақ қонған киелі адам. Жақында жыраудың жиені Күнқожа Қайрулла ініміз оның артында қалған дүниесін жинақтап «Наурызбек жырау шы­ғармалары» атты кітап шы­ғарыпты. «Жақсының аты өлмейді» деген осы.

− Әңгімеңізге рахмет.