Солтүстік Қазақстан облысында өкпесінің басым бөлігі зақымданған жүкті әйел және коронавирус жұқтырған шақалақ қайтыс болды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, өткен тәулікте коронавирусты 57 адам жұқтырған. Ал өткен екі аптада ауырғандар саны 1020 адамға жеткен, бұл оның алдындағы кезеңмен салыстырғанда 1,4 есе аз.
Облыстың бас санитар дәрігері балабақшаларда неліктен ата-аналардың бейне-фото түсірілім жасауына болмайтынын түсіндірді. Басты себеп – эпидемиологиялық жағдай. КВИ және жіті респираторлық вирустық инфекцияның 1,5 есе артуына, сондай-ақ осы аптада екі тұмаумен ауыру жағдайының тіркелуіне байланысты балабақшаларға бөтен адамдардың кіруіне тыйым салынды. Яғни мекемелерге аниматорлар, фотографтар кіре алмайды.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жұқпалы аурулар стационарларында 369 сырқат бар, 22 % ғана жүктелген. Жансақтау бөлімшелерінде 37 адам жатыр. Коронавирус жұқтырған 100 бала дәрігерлердің бақылауына алынған. Олардың алтауы стационарда ем қабылдап жатыр.
«Осы күнге дейін 656 жүкті әйел коронавирус жұқтырды. 10 әйел дәрігерлердің бақылауына алынған, үшеуі стационарларда ем алып жатыр. 200-ге жуық жағдайда әйелдерді кесір тілігі арқылы ерте босандырып алуға тура келді. Бір әйел, өкінішке орай қайтыс болды, оның өкпесінің көп бөлігі зақымданды. Сондай-ақ үш нәрестені өте ерте тууына байланысты аман алып қала алмадық. Бір сәби коронавирустан көз жұмды», дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов.
Мамандардың айтуынша, екпе егу кабинеттері демалыста да жұмыс істемек. Жұмыстан қолы тимейтіндер осы күндері вакцина салдыра алады. Бұл, әсіресе, балаларына екпе қойдыратын ата-аналарға ыңғайлы болмақ, олар демалыста балаларының жанында болып, екпеден кейінгі жағдайларын бақылай алады.