• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Желтоқсан, 2021

Бұл – бәрінен биік мереке

269 рет
көрсетілді

2011 жылдың соңына қарай «31 арна» телерадио компаниясының ұжымы жаңа жылды тойлау мақса­тында корпоративтік кеш ұйым­дастырды. Бұл менің телеарнаның шеф-редакторы қызметіне жаңадан келіп, осындай шараға алғашқы қатысуым еді. Жалпы, бұл ұжымда жаңа жыл тойлауды үлкен мәселе етіп көтеріп, тіпті қараша айы басталысымен жиналыста күн тәртібіне қойып, талқыға салып, қыруар қаражат бөліп жатады екен. Сонымен, жаңа жылға дейін әлі талай уақыт бар – 15 желтоқсан күні арна басшылары бас болып, «Пираты» деген ресторанның салтанат залына жиналдық.

Ұжымның бас директоры Бағдат Қожахметовтің қызметке кіріскеніне де аз ғана уақыт болған. Ол еліміздің Тәуел­сіздігінің 20 жылдық салтанатына орай Астана қаласына шақырылды да, ұжым басқосуына қатыса алмады. Қал­ған орыс тілді орынбасар, продюсерлер, арнаның мәскеулік өкілі Марат Даулет­келдиевтер ортаға шығып, шетінен келе жатқан жаңа жыл құтты болсын деп қуа­ныш­тары қойындарына сыймай жұртты құттықтаумен болды. Әрине, бәрі түгелдей дерлік орысша сайрап жатты.

Ал келесі күні, яғни 16 желтоқсан  елі­міздің ең ұлық мейрамы – Тәуелсіздіктің 20 жылдығы болатын. Ол туралы бір ауыз сөз айтпақ түгілі, халқымыз үшін аса қымбат, айтулы мереке естеріне де түскен жоқ. Содан кейін маған сөз берілді. Мен тұрдым да арнайы киіп барған ұлттық шапанымды әдейі жамылып қазақ тілінде: «Оу, ағайындар, жаңа жылға дейін әлі бақандай екі аптадан артық уақыт бар. Ал ертең, яғни 3-4 сағаттан кейін басталатын 16 желтоқсан – еліміздің ең ұлы мерекесі Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойы. Оны біз неге ұмытамыз?! Алдымен осыны салтанатты түрде атап өтейік. Жасасын Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы!», деп едім, осындағы дастарқан басында отырған «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасының Болат Мүрсәлім жетекшілік жасайтын қызметкерлері: Саламат Омаш, Мақсат Толықпай, Ме­де­тжан Ізғұтты, Аида Боранбай, Лима­ра Салих, Жанар Жолтаева, Ирина Советжанқызы, сондай-ақ Диана Саба­зова бастаған аударма, дубляж бөлімі­нің қыздары және Нұрлан Қоянбаев жетекшілік ететін «Әзіл студио» ойын-сауық бөлімінің қыз-жігіттері өре тұрды. Барлығы қошемет көрсетіп, қызу қолдап, қол шапалақтап қуаттай жөнелді. Тіпті екі-үшеуі қасыма келіп, қолымды алып, «Аға, сіз болмасаңыз тәуелсіздігімізді ешкім елейтін түрі жоқ қой. Жақсы айтып естеріне салдыңыз. Біздің салымыз суға кетіп, еңсеміз түсіп қалып еді, көңіліміз көкке көтерілді, рахмет сізге!», деп алғыстарын білдіріп жатты.

Міне, осыдан кейін ғана алда келе жатқан жаңа жылмен қоса еліміздің Тәуелсіздік мерекесі ара-тұра айтыла бастады. Осылай корпоративтік салтанат тойы жалғаса берді. Сағат тілі түнгі 12-ге жақындады. Түн ортасына бес минут қалғанда «Әзіл студио» ойын-сауық бағдармасының танымал қызметкері Нұрбигүл қарындас жүгіріп келіп, «Аға, сіз қазір тағы сөз алып сөйлеңізші, осыдан кейін біз сағат тура 12.00-де «Әнұранды» шырқатамыз. Дайындап қойдық», деді. Осыны күткендей, алдын ала ескертіліп қойған кештің жүргізушісі микрофонды маған келіп ұсынды. Мен тағы «Тәуелсіздік мейрамы құтты болсын, бұл – біздің еліміздің ең басты мерекесі. Дәл бүгін еліміздің егемендік алғанына тура 20 жыл толып отыр. Біздің мемлекет үшін бұл айтулы дата. Өміріміз мәнді, тұрмысымыз сәнді, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!» деп ұрандаттым. Сол кезде сағат тілі 12-ні соғып, салтанат залын Әнұранның асқақ әуені кернеп кетті. Жұрттың бәрі біреуі қалмай жаппай орындарынан тұрып, кеудесіне қолдарын қойып, Әнұранға қосыла шырқап кетті. Бір қарасам, Мәскеу жақтан келген меймандардың да қолдары кеуделерінде, жұртқа қосыла ауыздарын жыбырлатып тұр екен. Шіркін, Шәмшінің рухы күшті, ғажап, сиқырлы сазы осылай баршаны баурап алғаны көкірегімізге қуат құйды.

Артынан ойласам, кейбіреулер жаңа жылды тойлауды әдейі 15 желтоқсанға, Тәуелсіздік күнінің алдына қойған секіл­ді... «31 арнаның» сол тұстағы мәскеулік басшыларының бірі Марат Дәулеткелдиев болса: Тәуелсіздік туралы тіл қатып, «бұл қағаз жүзіндегі, ауызша азаттық қой, әйтпесе бәрі баяғыдай. Шын мәнінде Қазақ­­станның Ресеймен арқасы жабысып қалған. Қайта Татарстанның өзі Ресей Федерациясы құрамында болғанымен, латын қарпіне көшуді әлдеқашан қолға алған. Онда біраз дербестік бар. Мәскеудің өзінде 2 миллионға жуық татар тұрады. Өндіріс ошақтары да қарқынды дамуда дегенді айтып қалды. Кім білсін, іші күйгендіктен бе, әлде басқа ойлары бар ма, осылай деді.

«31 телеарнаға» басшы болып қызметке келісімен алғашқы басқосу жиында Бағдат Қожахметов былай деді: «Қазақстанның Тәуелсіздік жариялағанына жиырма жылдан асты. Ал мұнда әлі іс қағаздары тек орыс тілінде жазылады екен. Мемлекеттік тілді білмейтіндер көп. Бұдан былай бәрің қазақ тілін үйреніңдер. Ол үшін аптасына екі-үш рет қазақ тілін оқыту курсын ұйымдастырамыз. Мемлекеттік тілді білмейтіндерге қиын соғады. Енді іс қағаздары да екі тілде жүргізіледі. Қазақ тіліндегі бағдарламалар тым аз, әрі олар түн жарымында немесе таңға жуық көрсетіледі. Сонда қазақтар ұйықтамайтын халық па?» деп батыл пікірін білдірген болатын. Және соған орай тиісті шараларды қолға ала білді.

Осыдан кейін жағдай едәуір түзелді. Жаңадан жобаланған қазақ тіліндегі тың жобалар көбейіп, көрерменге жол тарта бастады. Әлгі Мәскеуден келген «31 телеарнаның» сол тұстағы өкілі Марат Дәулеткелдиев скайп арқылы аптасына екі рет маған хабарласып, Мәскеуде отырып қазақ тілін үйрене бастады. Телеарнада тіл үйрену курсына көп адам жазылып, арнайы мұғалім тартылды. Алғашқыда қазақ тілі курсына қатысушылар соның нәтижесін біршама көргендей болды.

Содан бері он жыл өтіпті. Биыл Қазақ­стан тәуелсіз мемлекет болғанына отыз жыл. Дербес, азат елдің тіл мәселесіндегі жағдайы жақсарды ма? Күмән көп, жетістіктен гөрі көңіл құлазытатын жағ­дай басым. Аулаға шықсаң, көшеде жүрсең шүлдірлеген жастар. Қалада бала жетектеген келіншектен бастап, жасамыс кемпірге дейін немерелеріне өзге тілде сөйлейді. Тіпті соны мақтан тұтатындай. Әлгілерді, жоғарыда айтылғандай, еліміздің тәуелсіздігі қызықтырмайтын секілді. Ендігі жерде осы мәселе бәрімізді ойландырып, асқынған жағдайды түзетуге құлшына кіріспесек болмас. Азаттық қадірін ұғынайық, ағайын.

 

Саясат БЕЙІСБАЙ,

журналист