• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Желтоқсан, 2021

Қарақшылар қайта бас көтерді ме?

523 рет
көрсетілді

«Жау жағадан алғанда бөрі етектен» дейді қа­зекем. Өт­кен ға­сырдың тоқ­са­ныншы жыл­­дарында – Кеңес Ода­ғы тарап, одақтас республи­калар арасындағы ша­руа­шы­лық байланыстар үзіліп, бұ­рынғы жоспарлы экономи­кадан нарықтық қатынастар­ға көшу басталған өтпелі кезең­де шиеленіскен экономика­лық дағдарыстың салдары­нан қаланы да, ауылды да жұмыссыздық жай­лап, ха­лықтың тұрмысы төмен­дегенде неше түрлі қылмыс өршіп, жол торыған, жеке ісін жаңа баста­ған кәсіпкерлер­ді бопсалаған қарақ­шылар көбейген еді.

Мұндай ұйымдасқан қыл­мы­стық топтар ел жағдайы түзелген жаңа ғасыр басында жойылып, қарақшылық қаупі сейілгендей болған. Алайда «қара алтынға» баланған мұнай бағасы құлдырап, елдің қаржы жағдайы қиындаған, оның үстіне коронавирус пандемиясы экономикаға теріс әсерін ти­гізгендіктен, халықтың табысы тағы да кеміп, қымбатшылық қыс­паққа ала бастаған кейінгі жылдары қарақшылықты кәсіп етушілер қай­тадан бас көтерген тәрізді.

Ішкі істер министрлігі бас­па­сөз қызметінің хабарлауына қа­­рағанда, осы жылдың басында Түр­­кістан облысында ұйымдас­қан қыл­­мыстық топ мүшелері Қазы­ғұрт ауданының тұрғынын қорқы­тып, төрт миллион теңгедей ақша бопсалаған. Полициядан көмек сұ­рауға дәті жеткен азаматтың ша­ғымына орай бірден құрылған Полиция департаменті мен Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті де­пар­­таментінің тәжірибелі қыз­мет­кер­лерінің бірлескен тобы то­ғыз адамды қылмыс үстінде тырп еткіз­бей ұстаған. Кейін олардың төр­теуі ұйымдасқан қылмыстық топ­тардың мүшелері екені, ал үшеуі бұ­рын бұзақылық жасап, адам ұрла­ғаны және террористік әрекетті ұйым­дастыруға тырысқаны үшін сотталғаны анықталған.

Сондай-ақ биылғы жазда Бас прокуратураның үйлестіруімен Ішкі істер министрлігі мен Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласы, Алматы, Ақтөбе, Жам­был және Батыс Қазақстан облыс­тарының аумағында арнайы мақ­саттағы бөлімшелерді тарта отырып жүргізген арнайы операция ба­рысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 28 мүшесі қолға түскен. Елуден астам объектіні тінту кезінде атыс қарулары мен оқ-дәрілер және арнайы бақылау жүргізуге арнал­ған техника табылып, тәркіленген. Бұл қылмыскерлер тобы еліміздің оңтүстігінде 15 ауыр және аса ауыр қылмыс істеген. Соның ішінде 3 рет қарақшылық шабуыл жасау, 5 рет кәсіпкерлерді қару қолдану арқылы бопсалау бар. Бұл қылмыстық топ өз иерархиясы мен қатаң ішкі тәртібін сақтаған және қолдарына түсірген жәбірленушілерге ерекше қатыгездік көрсеткен.

Ал жуырда Алматы облысы­ның Қарасай ауданында беттеріне ме­­дициналық маска, бастарына кеп­ка мен күләпара киген үш жас жігіт қол­дарына пистолет пен пы­шақ ұстап, түнгі уақытта бір­неше тұрғынның бағасы қымбат телефондарын тартып алған. Поли­цейлер қылмыстық топты Ал­маты қаласында ұстап, түрмеге қама­ған. Тергеу барысында олар да бұрын қарақшылық пен адам тонау, көлік ұрлау қылмыстарымен шұғылданып, сотталғандар болып шыққан.

Арада бірер күн өткенде Жетісу өңіріндегі Жаркент қаласында­ғы ойын клубына қарақшылық шабуыл жасалған. Жергілікті үш жас жігіт клуб қызметкерлерін шо­лақ мылтық және пистолет­пен қорқытып, 1 мил­лион тең­ге­ні тартып алып кеткен. Ал­ма­ты облысы Полиция депар­та­мен­ті кри­миналдық полиция бас­қар­ма­сының қызметкерлері олар­ды да оңтүстік астанадан іздеп та­­уып, дер кезінде құрықтапты.

Бас прокуратураның Құқықт­ық статистика және арнайы есеп­ке алу жөніндегі комитетінің мә­лі­меттеріне сүйенсек, 2019 жылы елімізде 465 қарақшылық ша­буыл тіркеліп, оның 83,8 пайызы ашылған. Былтыр мұндай қыл­мыс саны 235-ке дейін азайған әрі ашы­­лу көрсеткіші де жақсара түс­кен (89,7 пайыз). Алайда құ­қық қор­­ғау органдары қол жеткенге тоқ­­­мейілсіп кетті ме, әлде басқа се­бебі бар ма – биыл қарақшылар шабуылдарын үдете түскен тәрізді. Нақты айтсақ, өткен он айда 192 қарақшылық қылмыс тіркеліп, олар­­дың саны былтырғы сәйкес ке­зеңмен салыстырғанда 9-ға, яғни 6,1 пайызға ұлғайған. Олардың ашылу көрсеткіші де былтырғы 92,8 пайыздан 92,1 пайызға дейін нашарлаған.

Қарақшылық әрекеттер бұрын­ғыша Алматы мен Шымкент қала­ларында, Алматы, Шығыс Қазақ­стан, Павлодар облыстарында жиі жасалған, ал Нұр-Сұлтан қа­ла­сы мен Ақтөбе, Қарағанды, Жам­был, Қызылорда, Маңғыстау об­лыс­та­рында өткен жылғы сәйкес мер­зіммен салыстырғанда көбейіп кет­кен. Мұндай қылмыстардың ашы­лу деңгейі Қызылорда (50 пайыз), Қостанай (75 пайыз), Алматы (81,8 пайыз), Батыс Қазақстан (81,8 па­йыз), Шығыс Қазақстан (84,6 па­йыз) облыстарында төмен болып отыр. Сондықтан құқық қорғау органдары, негізінен, жеке кәсібін дөңгелетіп, ел қазынасына салық төлеп отырған іскер азаматтардың төбелеріне әңгіртаяқ ойнатып жүр­ген қаніпезер қарақшыларды әш­керелеп, заң алдында жауапқа тарту жұмысын ширатпаса болмас.

...Жақында маған бір өңірдегі табысты шаруашылықтың көптен таныс басшысы өзіне жергілікті ұйым­­дасқан қылмыстық топтың өкілі келіп, «өздерінің тұрақты «қам­­қорлығына» алып, басқа тиі­с­ушілерден қорғау қызметін көр­се­туді және сол үшін ай сайын кон­­вертпен қомақты «сыйақы» тө­леу­ді» ұсынғанын айтты. Оған өзін қара­қшылардан арашалау үшін тиіс­ті құқық қорғау органдары­на жү­­гінуі қажеттігі жөнінде кеңес бер­­дім. Бірақ мұндай әрекетке оның жү­регі дауалай ма, әлде қыл­мыскерлердің деге­ніне кө­не ме – онысын біле алма­дым. Ой­лап қарасақ, мұндай тәуе­келге бару­дың өзі де басыңды бәй­геге тіккен азаматтық ерлікпен пара-пар-ау...