Еліміздің кез келген өңірінде табиғаты сұлу, шетелдік туристерді бірден баурап алатын көрікті жерлер аз емес. Соның бірі және бірегейі ретінде Түркістан облысы. Бұл өңір туризмнің барлық саласымен туристерді өзіне тарта алатын еліміздегі жалғыз аймақ деп айтсақ, қателесе қоймаспыз. Өйткені Түркістан облысында ауыл шаруашылығы, емдеу және сауықтыру, экологиялық, гастрономиялық, тарихи және тағы басқа туризм салалары қарқынды дамып келеді. Бұған жуырда Kazakh Tourism ұлттық компаниясы БАҚ өкілдеріне ұйымдастырған ақпараттық тур аясында тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Оңтүстік Қазақстан облысы 2018 жылы Түркістан облысы болып қайта құрылғаны белгілі. Сол уақыттан бері күнгейдегі өңірдің тамырына қан жүгіріп, күн өткен сайын ажары артып келеді. Басқа салаларды айтпағанның өзінде, кейінгі үш жылда облыста туризм саласы өте қарқынды даму үстінде. Мәселен, 2018 жылы Түркістан облысына қаңтар-қыркүйек аралығында – 112 мың, 2019 жылы – 140 мың, 2020 жылы 75 мың турист келсе, биылғы 9 айда 150 мыңнан аса саяхатшы Түркістанның туризміне қаныққан.
Ақсу шатқалы
Үш күнге жалғасқан іссапарымыз Шымкенттен 60 шақырым қашықта орналасқан Ақсу шатқалынан басталды. Әу бастағы жоспар бойынша біз Қазақстандағы ең алғашқы қорықтың бірі саналатын «Ақсу-Жабағылының» (1926 жылы құрылған) тыныс-тіршілігімен танысуымыз керек еді. Алайда табиғаттың тосын мінезіне байланысты қорыққа бару қауіпті болғандықтан, жоспарымызды өзгертіп, қар қалың түскенше туристерге аса қауіпсіз деп саналған Ақсу шатқалын бетке алдық.
Ақсу шатқалы – «Ақсу-Жабағылы» қорығының ең көрікті жерлерінің бірі. Мұнда келетін туристердің де көбі қорыққа емес, дәл осы шатқалға барғанды ұнатады екен.
Ақсу – аумағы және тереңдігі бойынша Орталық Азиядағы ең үлкен шатқалдың бірі. Оның тереңдігі 300-ден 500 метрге дейін, ал ұзындығы 30 шақырымды құрайды. Шатқалға түсу өте қиын, кейбір жерлерінде жүру тіпті мүмкін емес. Бізге жолбасшы болған гидтің айтуынша, Ақсу шатқалы Тянь-Шань тау жүйесінің қалыптасу кезеңіндегі соңғы катаклизмдердің негізінде пайда болған. Бұл – шамамен 10 миллион жыл бұрынғы оқиға.
Ақсу шатқалына саяхаттау хайкинг туризміне (таулы аймақта жаяу жүру) жататын болғандықтан, мұнда келетін туристердің басым бөлігі – жастар. Төмен қарай құлдилау және шыңға қайта көтерілу әжептәуір күш пен ептілікті, шыдамдылық пен төзімді талап ететіндіктен, үлкен жастағы туристер бұл жерге аса қатты қызыға қоймайды.
Шатқалдағы туристік маусым наурыз айының соңында басталып, қазанның ортасына дейін жалғасады. Жаз маусымында жергілікті жастар жазық далада серуен құрып, бір сәт таза ауада демал- ғанды жөн көреді. Яғни оңтүстіктің аптап ыстығында таудың баурайында орналасқан шатқал керемет демалыс орнына айналады.
Бұрындары бұл жерге тек жергілікті тұрғындар ғана келетін болса, кейінгі жылдары еліміздің өзге аймағынан да саяхаттаушылардың саны артқан. Оған екі жылға жуық уақыттан бері адамзатты әуреге салған коронавирус індеті себеп болды деп те айтуға негіз бар. Өйткені шетел шекаралары тарс жабылып, тырп ете алмай қалғанда ел азаматтары елдегі туристік орындарды іздей бастады. Оның үстіне «Әлеуметтік қашықтықты сақтау» сияқты міндеттемелер қойылған уақытта Ақсу шатқалы бұл талапқа толығымен сай келеді. Сондай-ақ мұнда алыс-жақын шетелдерден де туристер легі келе бастапты. Олардың ішінде Еуропа азаматтары көп екен.
Шатқалдан жерасты үңгірлерін көп кездестіруге болады. Бірақ көпшілігінің атауы жоқ. Жол жиегіндегі кейбір үңгірге еркін кіріп-шығуға мүмкіндік бар. Ал «Ақсу-Жабағылы» қорығының аумағында орналасқандары қауіпті саналады. Үңгірге бару үшін басшылықтан арнайы рұқсат алып, тек гидпен ғана баруға болады.
Сырға толы «Сайрам-өгем»
«Ақсу-Жабағылы» Қазақстандағы ең көне қорық саналса, «Сайрам-өгем» – еліміздегі ең жас мемлекеттік ұлттық табиғи парк. 2006 жылы іргетасы қаланған табиғи парк Батыс Тянь-Шань тау жүйесінің солтүстік – шығыс бөлігін қамтиды және Өгем, Қаржантау, Боралдай, сонымен қатар Талас Алатауы- ның солтүстік-батыс бөктерін алып жатыр. Ұлттық парктің аумағында Өгем, Сайрамсу, Қасқасу, Біркөлік, Машат, Даубаба және Көкбұлақ өзендері ағып өтеді. Парк территориясында 7 табиғат зонасы бар, шөлейттен бастап тау зонасына дейін. Мұнда өсімдіктің – 1 635, сүтқоректілердің – 59, құстардың 300 түрі кездеседі.
Табиғи паркте 11 туристік бағыт орналасқан. Атап айтқанда, саяхатшылар Мақпал, Сусіңген, Сайрамсу көлі, Сарыайғыр, Бозторғай өзені, Сазата өзенінің петроглифтері, Владислав шыңы, Қасқасу-Сусіңген, Құс базары, Үшбастөбе ескі қонысы, Сарыайғыр өзені бойындағы шатқалдар секілді бағыттарды аралай алады. 11 бағыттың жалпы ұзындығы – 701 шақырым. Оның 250 шақырымы – жаяу, 263 шақырымы – аттылы және 186 шақырымы – автомобильді бағыт. Саяхаттау түрін туристер өз ыңғайына қарай таңдай алады. Мұндағы ең сұранысқа ие бағыт – теңіз деңгейінен 2 300 м биіктікте орналасқан Төменгі Сайрамсу көлі. Оның қазаншұңқыры гитара аспабына ұқсап кетеді. Судың мөлдірлігі соншалық, тіпті ең терең жердің өзінде көлдің түбін көруге болады. Келетін туристердің де назарын тартып тұратын осы көл.
Біз табиғи паркке туристік маусым аяқталған кезде барғандықтан, аса жеңіл жолды таңдап, Сайрамсу көліне жол тарттық. Сайрамсуға барар жолда оңтүстік өңірдегі ең биік бес шың алыстан менмұндалап тұрады. Олардың ішіндегі ең биігі – 4 299 метрді құрайтын Сайрам шыңы. Сонымен қатар реттілік бойынша Сайрам шыңынан кейін «Шымкент», «Аютөр», «Солидарность», «Еңбек», «Игла», «Қазақстан халқы Ассамблеясы», «Альтус» және Сарыайғыр шыңдары тұрады. Тағы бір айта кетерлігі, бұл шыңдар альпинисттердің сүйікті жаттығу орнына айналған.
Кеңес өкіметі тұсында мұнда жыл сайын альпиниада ұйымдастырылатын болған. Оған КСРО құрамына кіретін 15 елдің ең мықты деген мыңнан аса альпинисі қатысып, жарыс көркін қыздырған. Бұл игі дәстүр әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бірақ қатысушылар саны бүгінде 100-ге де жетпейтін көрінеді. Сондай-ақ мұнда жыл сайын жаз мезгілінде балалар лагері де ұйымдастырылады.
Шырайлы шаһар туризмі
Сапарымыздың соңғы күнінде үшінші мегаполистің туризмімен танысуға мүмкіндік алдық. Еліміздің ең көне қалаларының бірі саналатын Шымкент шаһарында да туризм саласы дұрыс жолға қойылған.
Ортағасырлық қалалардың стиліндегі бекініс болып қайта қалпына келтірілген «Цитадель» қалашығы аз уақыттың ішінде Шымкенттің жарқын туристік брендіне, қала тұрғындары мен қонақтары үшін айрықша орынға айналып үлгерді. «Цитадель» – Шымкент қаласының бірегей мәдени-тарихи аймағы, бұрындары ежелгі қалашықтың бекінісі болған жерде орналасқан.
Жерасты археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған әрбір жәдігер «Цитадель» музейінің негізгі экспонаттары ретінде сақталып, қала тарихынан шынайы сыр шертеді. Қалашықта ашық аспан астындағы мұражай, амфитеатр, галереялар, жәдігерлер, қолөнер бұйымдары, ежелгі және ортағасырлық қаланың даму динамикасын сипаттайтын өзге де қызықты нысандар көп.
Сонымен қатар туристер ең көп келетін Бәйдібек би ескерткіші, «Қазына» этно-кешені, А.Асқаров атындағы дендросаябағы, «Қошқар ата» өзенінің жағалауында болып, Visit Shymkent туристік ақпараттық орталығының жұмысымен танысып, қаланың туризм саласына қатысты мағлұмат алдық. Мәселен, кейінгі 9 айда Шымкентке 230 мыңға жуық турист келген. Өткен жылдардағы статистикамен салыстырғанда биыл 2-3 есеге көп. Үшінші мегаполиске келетін туристердің басым көпшілігі – Ресей, Өзбекстан, Түркия және Қырғызстанның азаматтары екен.