Маңғыстауда мал қырылды. Астанада аяздан газ құбырлары қатып қалды. Қостанайда егіс алқаптарының 20 пайызы күйіп кетті, содан бидайдың қауызы дәнсіз. Не себепті? Енді қайтпек керек? Барлық сұрақтың жауабын, мәселенің мәнісін іргелі ғылымнан ғана біле аламыз. Ал бүгінгі іргелі ғылымның ізі бар да, іздеушісі жоқ секілді...
Грант ғылыми зерттеуге бөлінсе...
Ләтипа Қожамжарова биология ғылымымен айналысады. Іргелі ғылымның маңызын қарапайым тілмен түсіндірген ол қазіргі таңда өсімдіктердің, малдың түрін танитын биолог жоқ екенін айтады.
«Шыны керек, балықтың түрін танитын ихтиологтер де жоқ. Осыдан келіп іргелі ғылымды қалыптастыратын пәндер бойынша маман таппай келеміз. Өсімдіктің, малдың, балықтың түрін танымай, биологиялық ерекшелігін білмей, қалай зерттеу жүргізуге болады? Қолданбалы зерттеулерге көңіл бөлінді де, іргелі зерттеулер назардан тыс қалып қоя берді. Бұл дегеніңіз – әріп танымайтын балаға мәтін оқытып қойғандай әрекет. Жасанды жаңбыр жаудырып жатырмыз дейді, мұны қолданбалы ғылымның нәтижесі дейік. Ал сол жаңбырдың құрамын зерттейтін іргелі ғылым дамымаған кезде қолданбалы ғылымның қандай нәтиже көрсеткенін қайдан білеміз? Мысалы, Маңғыстау облысында қуаңшылықтың алдын алу үшін жасанды жаңбыр жауғызбақ. Жаңағы жаңбыр қышқыл ма, өлі жаңбыр ма, шын мәнінде бізге қажет жаңбыр ма, жоқ па? Іргелі зерттеу болмаса, осы салмақты сұраққа жауап та жоқ», дейді Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Л.Қожамжарова.
Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырған болатын. Осыдан соң Білім және ғылым министрлігі «Ғылым туралы» заңға өзгерістер енгізудің жобасын әзірлеп, жаңа өзгеріс жақында күшіне енді. Сөйтіп, жақында «Ғылым туралы» заң «Іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру» дейтін баппен толықты. Біз былтыр «Ғылымда сөзден іске көшу қиын ба?» деген талдау мақаламызда аталған заңның ғылыми әзірлемелерді қаржыландыруға қатысты тарауында дәл осындай баптың, «іргелі ғылым» дейтін сөздің жоқ екенін жазғанбыз. Сең қозғалғандай.
Енді осы өзгерісті тиімді пайдалану үшін келесі қадам қандай болуы керек? Бұл сұраққа сарапшы Л.Қожамжарова іргелі ғылыммен де, қолданбалы ғылыммен де қатар айналысып отырған маман ретінде былай жауап берді: «Кез келген ғылыми кеңеске нағыз ғалымдарды, зерттеумен айналысып отырған адамдарды жинау керек. Және магистратура мен докторантурадағы гранттарды жоғары оқу орындарына емес, ғылыми зерттеулерге, белгілі бір зерттеумен айналысар маманды даярлаймын дейтін нақты бір ғалымға беру қажет. Қазір бізде қалай? Жоғары оқу орнынан кейінгі білім гранттары университеттерге «бумалап» беріледі. Ал онда дәл сол тақырыпты зерттеп жүрген маман бар ма? Бұл ешкімді мазаламайды. Грант беруші ғылыми зерттеу жүргізе жүріп маман даярлайтын ғалымнан өтініш толтыруын, онда қандай тақырып зерттелетінін анық көрсетуін, сол салада практикалық тәжірибесінің, өндірістік актісінің болуын, өндіріске енгізетін жерін келісіп белгілеуін талап етуі тиіс. Сонда ғана нәтиже көңілге қонымды болады».
Ғылым процестерге түрткі болса да нәтиже
Негізі көбіміз біле бермейтін, білсек те көңіл қоя қоймайтын бір парадокс бар. Әрбір министрліктің жанындағы институттарға 018, 019, 008 сынды бюджеттік кіші, яғни мемлекеттік бағдарламалар арқылы іргелі ғылыми немесе ғылыми-техникалық зерттеулер үшін қаржы бөлінеді. Қаражат қарастырылғандықтан ғалымдар ізденеді, зерттеу жүргізеді, зерттеудің нәтижесі туралы қат-қат есепті грантты, яғни сол тапсырысты берушіге өткізеді. Зерттеудің нәтижесін зерттеу жүргізуге ақша бөлген, тапсырыс берген мемлекеттік органдар жұмыс барысында қаншалықты негізге алып жатыр? Бұл сұраққа жүйелі жауап табу қиын.
Саясаттану бойынша PhD докторы Индира Рыстина еліміздің ғылымды коммерцияландыруы әлемде жоғары бағаланатынын айтады. Алайда соған қарамастан көзге көрінетін, қаншама грант пен қаржыға жүргізілген зерттеулер нәтижелерінің жемісін бермей келе жатқанын ортақ жүйенің жоқтығымен байланыстырады.
«Қазақстанның ғылымды коммерцияландыру саясаты шетелдерде жоғары бағаланады. Бұл әрине жақсы, өйткені мұны ғалымдарды ынталандырушы фактор деп айта аламыз. Иә, зерттеушілерді белгілі бір дәрежеге жеткізетіні, абыройын асыратыны түсінікті. Бірақ ғылымның басты, негізгі көрсеткіші ретінде табыс табуды қоюға болмайды. Зерттеу зерттеу, іздену, қарау, анықтау, зерделеу, себебін табу, тереңіне үңілу мақсатында жасалуы қажет. Түптеп келгенде, зерттеудің мәні сол зерттеудің өзі болуы тиіс. Қолға алынған зерттеу дәл бүгін ақшалай табыс әкелмеуі мүмкін, алайда үлкен бір процестерге түрткі болуы ғажап емес. Мысалы, мал шаруашылығымен айналысып отырған облыстың жергілікті бюджетінен іргелі зерттеу жүргізілді делік. Ғалымдар біраз уақыт жұмсаған зерттеудің нәтижесінде сол өңірде биыл сүт аз болуы мүмкін екенін болжады. Ал сол зерттеудің нәтижесін енді аталған салаға жауап беретін мемлекеттік орган қараса, сонда ғана ғылымның игілігін көреміз. Ақиқатында, мәселе іргелі немесе қолданбалы зерттеуде де емес, мемлекеттік саясатта. Бұл үшін қандай да бір ғылыми зерттеулердің нәтижесімен жұмыс істеу, соған сүйеніп шешім шығару жүйесі мемлекеттік саясатты қабылдаудың этикасына немесе дәстүріне енуі керек», дейді Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы И.Рыстина.
Оның ойынша, шетелдердегі әр министр немесе ведомство басшысының жанында сол саланың жілігін шағып, майын ішкен ғалым-кеңесшісі болады. Былай қарасаңыз, бұл жүйе бізде бар, яғни әр министрлікке қарасты ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істейді. Алайда ондағы ғылыми орта бір бөлек, басқарушы, шешім шығарушы тарап өз бетімен «өмір сүреді».
Сарапшының сөзіне қарап «бүгінде іргелі ғылымның ізі бар, іздеушісі жоқ екен-ау» деген ой келеді. Себебі іргелі ғылым жасалып жатыр, аталған бағытта зерттеулер жүргізілген, әлі де жалғасып келеді. Демек ізі бар. Бірақ сол зерттеулердің қорытындысын қарап, нәтижесіне үңіліп, іздеп, іске асырып, қолданып жатқандар сирек. Яғни керек қылған іздеушісі жоқтың қасы. Бұл неден туып тұр? Ғалым И.Рыстинаның айтуынша, бұған мемлекет өзі тапсырыс беріп жасалған ғылыми зерттеулердің нәтижелерін сол мемлекеттік басқаруда немесе мемлекеттік мәселені шешу кезінде қолдана білудің мәдениеті қалыптаспағаны себеп болып отыр.
«Меніңше, іздеушісі жоқ дегеннен гөрі іргелі ғылымның нәтижесін қалай қолдану мәдениеті әлі қалыптаспады деу орынды. Сол себепті біздің басты саяси негіздерімізге айналған «экономика мен саясаттың» арасына бутерброд секілді «ғылымды» қосу қажет. Мұндайда екінші бір маңызды мәселенің шеті шығады. Бұл – ғылыми зерттеулердің қорытындысын жариялау. Ғалымдар көбіне болжамы қате шығып қалуы мүмкін екенінен қорқады да, шығаруды қаламайды. Зерттеушілеріміз нәтижесі қандай болса да жариялаудан қорықпағаны абзал. Жақсы, ғалымдар жариялауға құлықты делік. Бірақ жарыққа шығару жүйелі жолға қойылмаған ғой. Қазақстандық ғылыми материалдар мен авторлардың ортақ базасы болатыны біраздан бері айтылып келеді, алайда әлі қолданысқа енген жоқ. Бізге белгілі бір тақырыпты жаза қалғанда сол туралы ғылыми зерттеулердің, оны жариялаған басылымдардың тізімі шыға келетіндей жүйе керек», дейді саясаттану бойынша PhD докторы И.Рыстина.
Дегенмен қолдану сол іздеуден басталмай ма? Мемлекеттің, үкіметтің, мемлекеттік менеджерлердің тарапынан «Бізде іргелі ғылымның нәтижесі бар еді ғой, қайда?» деп іздеу болғанда барып қажетін табу, оны пайдалану, кәдеге жарату іске асатыны анық. Алдымен іздеп таппаса, қайдан қолданады? Демек, бізде бәрібір іздеу болмай тұр. Ал іздеуді және қажетін, тиімдісін табуды жеңілдету үшін ортақ жүйенің керегі сөзсіз.
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының зерттеу жұмыстарына жауап беретін жоғары қызмет өкіліне хабарласып, журналистік сауалымызды қойдық. Мемлекеттік басқаруда ғылыми зерттеулердің нәтижелерін қолдануды қалай жолға қоюға болатынын сол саланың маманынан білуді жөн көрдік. Сөйтіп: «Барлық ведомстволардың жанында ғылыми зерттеулер жүргізетін институттар бар. Ведомстволардан институттарға ғылыми зерттеу жүргізуге қаражат қарастырылады. Ғалымдар зерттеуін жасап, есебін береді. Бірақ көбіне зерттеулер нәтижесі мемлекеттік басқаруда, қандай да бір шешім шығаруда, стратегиялық жоспар құруда қолданылмайды. Кейбір саясаттанушылар іргелі ғылымның нәтижесін қолдану мәдениеті мемлекеттік органдарда қалыптаспағанын айтады. Осы мәдениетті қалыптастыру үшін не істеу керек?» деп сұрадық. Өзі жауап беруге алдын ала келіскен академия маманынан: «Я не смогу дать комментарии по вашему вопросу. Есть определённые ограничения, извините», деген хат алдық...