• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Өнер 26 Желтоқсан, 2021

«Аққан көздей ақты жұлдыз...»

435 рет
көрсетілді

Беу, солардың көз жасындай,

О, бәрібір... ақты жұлдыз...

Пернетақтаның алдына жақындай бергенде Маралтайдың осы бір өлеңі санамызға сап ете қалды. Қайдан? Неге? Білмеймін. Ақынның тәні – жер, жаны– ғарыш қой, рух биігінен көз тастасақ ай мен жұлдыздың жақыны солар секілді көрінеді бізге.

Ал кәсіби тұрғыдан дүрбі салсаңыз, әрине, алдымен ғарышкерлер менмұндалайтыны анық. Бала күнінде ұшқыш болуды армандайтын менің де, сіздің де осы саладан бір романтика іздейтініміз бар еді ғой. Қазір сол арманшыл түннің жұлдызы сөніп, әні ғана қалғандай. Қалай ойлайсыз?

Иә, аяулы әні ғана өлмеді. Жер-Ананың көңілін босатқан, жанын тербеген мейірім музыкасы әлі де көкіректе сайрап тұр­ғандай. Өткен дәуір бедерінде ғарышкердің қаһармандық һәм романтикалық кәсібіне арнал­ған көптеген ән жазылды. Десе де 1982 жылы адамзат ғарыш кемесінің терезесінен төмен қа­рағанда, осыған дейінгі туын­дылар түкке тұрмай қалған­дай. Оған айғақ жігерлі гитара риф­теріне толы және сахнаның түтінге ораған «Земляне» тобы­ның «Үйдегі көкорай» («Трава у дома») әні. Тыңдап көріңізші, космостық әуенге қосыла кеткіңіз келіп тұрады.

Әйткенмен әуелгі концепциядан ұлттық хитке жету жолында туынды бірнеше метаморфозаны басынан өткерді. Бар­лығы композитор Владимир Мигуляның «Ғарышкерлер кү­ніне» ән жазуды ұйғаруынан басталған еді. Осылайша, ол му­зыкаға мәтін жазудың шебері, ақын Анатолий Поперечныйға жүгінеді. Қаламгер қайтсін, қо­йын дәптерін парақтап отырып, бұ­рыннан таныс «Үйдегі шөп» деген өлеңіне тоқталады. Онда космостан басқа, қарашаңырақ, шөп, сарай, тіпті қорадағы сиыр­ға дейін бар еді.

Қорадағы сиыр дегеннен шығады, о баста ақын әннің не­гізгі культі әкесінен қалған ала сиыр болады-ау деп ойлаған екен. Естелікке үңілсек, сазгер басты образ ретінде үйдің жанын­дағы шалғынды алуды өтінген. Ғарышкер әуекемесінде жатып, ауылын еске алуы тиіс. Жырдан жерге, анаға деген сағыныш аңқып тұрғанын қалаған.  

Ақын айтқандай-ақ, компо­зитордың ойына дөп түседі. Тіпті өзі хабарласып, жазған өле­­ңін телефоннан қуана оқып береді де. Көп ұзамай ән автор­дың орындауында радиодан шырқала бастайды. Бірі білсе, бірі білмес «Үйдегі көкорай» әні­нің алғашқы орындаушысы Владимир Мигуляның өзі болған. Бұл салтанатты сәт 1982 жылы 12 сәуірде «Жердің тартылыс күші» бағдарламасында орын алды. Әннің бірінші нұсқасы Мигуляға тән мәнерде лирикаға толы, өте жұмсақ естіледі.

Ән тағдырына орындау­шы­ның қосар үлесі едәуір. Бұл – өнер заңдылығы. Қараңызшы, шығарма «Земляне» рок-тобы­ның қолына тигеннен кейін түр­леніп сала берді. Жастық максимализмге толы, заман талабына сай өңделген туынды бір­ден қо­ғамдағы рөлін айшық­тап алды да. «Земляне» өзінің киім киі­­сімен, жүріс-тұрысымен, тек өз­­­деріне тән бағыт-бағдарымен тың­дарманның жүрегін жаулады. Осы әннен кейін аталған топтың мәртебесі күннен-күнге шарықтады. Теледидар бетінен түспеді, сұқбаттары да жиі шы­ғып тұрды. Әрине, мұнын бәрі ұйымдастырушысы Владимир Киселевтің коммерциялық қа­бі­леті мен тапқырлығының ар­қа­сында жүзеге асты. Бұл рет­те топтың негізін қалаған про­дюсердің ерлігі орасан.

1980 жылдан бастап Мигу­лямен бірлесіп жұмыс істеген өнер майталмандары алғашында-ақ композитордың каратэ және кас­кадерлер туралы әндерін хит­ке айналдырған екен. Енді, міне, біз мысалға алған ғарышкерлердің гимнін жастар сүйіп тыңдайтын туындылардың санатына қосады. Тіпті, автордың есімін аңызға пара-пар биікке көтереді.

Қызығы сол, «Земляне» тобы халық арасында кең таралған ­соң, мемлекет оларды өз игілігіне пай­даланғысы келді. Қалалық партия комитеті: «Ленинградтық рок-клубқа кірсеңдер, студия береміз, өнер көрсетесіңдер» деп үгіттейді. Былайша айтқанда, биліктің қолшоқпарына айналып, идеологиясына қызмет ету­ді ұсынған. Бірақ топтағы жігіт­тер қарсы болады. Себебі оларда он­сыз да бәрі бар еді. Соның салдарынан болар, кейін топты билік қыспаққа ала бастады. Оны өздері де іштей сезді. Дегенмен де 1982 жылы топтың «Уақыт машинасы» әні хит-па­радта бі­рінші орыннан төмен түспеді, ке­лесі жылы бұл қатарға «Үйдегі көкорай» әні қосылды да кетті. 

Дәстүрлі кеңестік эстрада­ның шекпенінен шыққан Мигуля әнді рок стилінде жаңа түстер­мен жарқырайтынына күмәнмен қарады. «Олимпийскийде» концерт беруге дайындалып жатқан жігіттер, айтулы кешке бір күн қалғанда «Үйдегі көкорай» әнін өңдеуге кіріседі. Мұны естіген композитор наразылық танытады. Әнді сонша ретроградтық емес, қарапайым қалпын сақ­тауды ұсынды. Бірақ оған жанып тұрған жас жұлдыздар көне қойсын ба? Биязы әнге жаңа дем, еркін екпін, жарқын леп берді. Нәтижесінде, композиция «Ән-83» байқауының лауреа­ты атанып, «Ансамбльдер ше­руі» альбом-жинағына енді. Оған қоса, режиссер Карен Шахна­за­ров өзінің «Курьер» фильміне қо­сып, даңқын одан сайын асқақ­татты.

Бертін келе ғарышкерлер әнді ғарышта шырқады. Топтың үздік вокалисі Сергей Скачков соңғы онжылдықта кем дегенде мың рет орындағанын айтады. Бұған сенсек, шығарма­ның өміршеңдігіне күмәнмен қарау­дың өзі әбестік. Шынында аталған әннің танымалдылығы КСРО ыдыраған кезде де, Ресей космонавтикасы құлдырағанда да аман қалды. Бүгінде ресейлік космонавтиканың басты әнұраны. Аспаннан қанша жұлдыз ақса да «Земляне» өз биігінен құлаған емес.

Ал осы әнді тыңдаған сайын біздің ойымызға Маралтайдың сол бір өлеңі оралады да тұрады.

Көкжиекке батты

жұлдыз,

Аққан көздей ақты жұлдыз...

Есіне алса, өкси берер...

О, осынау шақты...

бір қыз.

Иә, сол бір кезеңнің тәтті әні кімді де болса толқытатыны дау­сыз.