• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Қаңтар, 2022

Әкімдер шешпеген мәселе әлеуметтің ашу-ызасын туғызады

437 рет
көрсетілді

Еліміздің экономикалық-әлуметтік дамуына қатысты атқарылатын істер жаңа бағытқа ойысқаны анық. Осы тұста аймақтардағы қордаланған мәселердің де бар екенін айтуымыз керек. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдар мен бұқара халықтың арасындағы өзара байланыстың тиісті деңгейде болмауының салдарынан әлеуметтің ашу-ызасын туғызатын жағдайлардың жиі кездесетіні жасырын емес.

Мұндай өткір мәселенің күн тәртібіне шыққанын жақында ғана Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап айтқан болатын. «Мемлекеттік басқару саласы кешенді реформалауды қажет етеді. Кадрлық әлеуеттің төмендігін, формализмді, жемқорлықты және кадр тұрақтамауын мойындау керек. Сондықтан халықтың мемлекеттік билік институттарына сенімі төмен» деген Президент  аймақтарды дамыту барысында теңсіздіктің орын алғанына да ерекше тоқталды. «Жасыратыны жоқ, көбіне кей өңірді қолдау деңгейі тұрғындардың нақты сұранысына емес, нақты бір әкімнің «салмағына» байланысты. Бұл дамудағы теңгерімсіздікке және азаматтардың наразылығына әкеледі» деген Қасым-Жомарт Тоқаев қалыптасқан жағдайды реттеу үшін Үкімет пен әкімдердің елмен етене жұмыс істеп, халық үніне құлақ асуды тағы да міндеттеді. Демек, аймақтағы әлеуметтік проблемалардың шешілуіне әуелден жауапты болып келген әкімдер корпусы енді жаңа жүйедегі жұмысын қордаланған мәселерді шешуден бастауы тиіс.

Өкінішке қарай, аймақтарда жылдар бойы жиналып қалған күрделі жағдайлар бар. Оның ішінде жергілікті атқарушы биліктің тікелей араласуымен шешілетін мәселе шашетектен болмаса да, жеткілікті. Ал дәл осы кептен Алматы облысы да арылмай тұрғаны өкінішті. Сондай мысалдың бірін Алматы қаласының іргесіндегі Бесағаш ауылының тұрғындарының жанайқанынан көруге болады. Ауыз су зардабын әбден тартқан тұрғындар былтыр Талғар – Алматы тас жолын жабуға дейінгі әрекетке барды. Ағайын бұл істерінің заңға қайшы екенін біле тұра, басқа амалдары қалмағанын айтады. Яғни, ауыз су тапшылығы тау етегіндегі ауылдың негізі мәселесіне айналып кеткен. Әсіресе, жаз айларында бір жұтым таза суға зар болған халық соңғы 3 жыл бойына аудан әкімдігінің табалдырығын тоздырғанымен іс бір табан болса да ілгері жылжымаған. Одан бері Талғар ауданында үш әкім ауысып үлгеріпті. Осы ауылдың тұрғыны Алмагүл Құрманбаева жыл сайын қайталана берген проблемадан әбден мезі болған тұрғындар жолды жабуға дейін барғанын айтады. Сондай-ақ, бесағаштықтарды жергілікті биліктің «ауыз су ауылдың бір көшесіне ғана тұрақты берілмейді, басқалардың жағдайы жақсы...» деп жоғарыға жөнелтетін желдіртпе жауабы әбден ашындырғанға ұқсайды. Анығында, бүгінде ауылдың бір көшесі емес, тағы 3 көшенің тұрғындары ауыз суға зәру болып отыр екен. Мұнан бөлек, құбырмен келетін судың қысымы өте төмен болғандықтан барлық үйдегі тұрғындар тіршілік нәрін ыдысқа жинап алып, ішуге мәжбүр екен. Әрі бұл жағдай жаздың екі айында тұрақты түрде қайталанады-мыс. Ал ауылдағы орталықтандырылған су жүйесіне «Тасқұмсу» серіктестігі иелік ететін көрінеді. Олардың да өз уәжі бар. Ауыл ішіндегі құбыр желісінің дені ескіріп, шіріген. Жыл сайын жөндеуге көп қаражат жұмсалып отыр. Қаржыны да тұрғындар өз қалтасынан шығаратынын да айтады.  Мұның бәрінен аудан әкімдігі хабардар,  ал Бесағаштағы ауыз су мәселесін толық шешу үшін ауыл әкімдігі жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, ауданға өткізген. Оған да 3 жыл болыпты. Бірақ, нақты шешім қабылданбағанға ұқсайды. Қазір жоба республикалық коммиссияның зерделуінде жатыр-мыс. Жобалауына ғана 24 млн теңге жұмсалған бағдарламаны Үкімет бекітсе, Бесағаштағы 7 шақырым су құбыры жаңаланады екен. Әкімдіктің есептеуінше оған 3 млрд теңге қаражат бөлінуі тиіс. Бірақ, тұрғындар 3 жыл бойына ауызбен айтылған уәденің орындаларына күмәнмен қарайды.

Сондай-ақ, осы ауылдағы Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмысының 3 жылдан бері аяқталмай отырғаны да тұрғындарды қынжылтады. 2018 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасымен қолға алынған құрылыс жұмыстары нысанның кездейсоқ жағдайда өртеніп кетуінен кейін мүлдем тоқтап қалған болатын. Өткен жылдың соңында Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Талғар ауданында болғанда Бесағаш ауылының инженерлік инфрақұрылыммен қамтылу жағдайымен танысқан. Демек, бұл ауылдың әлеуметтік проблемасын атқарушы билік жақсы біліп отырғаны анық.

Айтпақшы, осыған ұқсас әлеуметтік проблема Қапшағай қаласының аумағына кіретін Қосқұдық ауылында да бар екен. Ауыл тұрғындары осыған дейін өздерін толғантқан мәселеге тұщымды жауап алмағандарын айтып, облыс әкіміне шағымданған болатын. Ол ауылға да аймақ басшысы Қанат Бозымбаев арнайы барған-ды.  Сол жолы ауыл тұрғындары облыс әкіміне шешімін күткен бірқатар мәселелері бар екенін жеткізген. Яғни, жаңа су құбыры тартылғанымен ауылда ауыз суға қосылу мен үздіксіз су беруде қиындықтар әлі бар. Ауылдағы мектепте асхана жоқ, спортзал жертөледе орналасқан, ал бастауыш сынып оқушылары бейімделген ғимаратта оқып жүр. Ауылдың фельдшерлік-акушерлік пунктінің мамандары бұрынғы мешіт ғимаратында отыр. Елді мекен көшелерінде жарық шамдары жоқ. Жайылымдық жер жетіспейді. Балалар мен жастардың бос уақытын пайдалы ұйымдастыруға ықпал ететін мәдениет үйі керек. Ауыл тұрғындары ұялы байланыс сапасыздығына, жол жөнделмегеніне шағым білдірген-ді. Ал Бозымбаев ауыл тұрғындарының мәселесін шешуге уәде берген. Енді ол уәденің орындалуына уақыт төреші.

 

Алматы облысы