• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 25 Қаңтар, 2022

Таланттар Отанын тастап кеткенде...

3557 рет
көрсетілді

Талантты адамдарсыз ел келешегін елес­­тету мүмкін емес. Ақыл-ой игілігін бөтен елдің өркендеуі жолында жұмсағысы келе­тін дарынды ғалымдардың грант иеле­ніп, білім іздеп, жақсы өмір аңсайтын жас­тар­дың шетелге аттанып жатқанын қо­ғам жиі сынға алады. Ширек ғасырдан бері қиырға шеру жасайтындардың арасында шығармашылық өкілдерінің көп екенін білсек те, қалыпты заңдылыққа балап, үнсіздік танытып бейқам отырмыз.

Әрине, аспан астынан өз орнын айқындау үшін қай жерден болса да, қатал өмір сынағын қабылдауға әр адам құқылы. Бұл мәселенің статистикасымен айналысатындар «Қазақстаннан кетіп жатқан әрбір екінші адам жоғары білімді» деп сараптама жасаған екен. Бірақ қолына мұғалімнің, заңгердің, дәрігердің дипломын ұстап елден кету бір бөлек те, опера әншісінің, балет бишісінің, суретшінің, кинорежиссердің өз кәсіби мүмкіндігін Батыс елдері мен мұхиттың ар­ғы жағымен байланыстыруы салыстыруға келмейтін соны мәселе. Руханияттағы бұл мәдени алмасудың беткі жағы «келісімшарт», «тәжірибе бөлісу» деген секілді сыпайы себептермен бүркемеленеді. Кеткендердің өзінен сұрасаң, «кәсіби мүмкіндігін жүзеге асыру үшін Қазақстан кеңістігі тар». Ал бұл кәсіп иелерін даярлау үшін ел бюджетінен орасан зор қаржы жұмсалды. Басты себебі әлеуметтік түйіндерге тірелетін «ағын» арасында шығармашылық әлеуеті зор ақыл-ой иелері жөңкіле көшпесе де, жеке-дара кеткен бірен-саран мысалының өзі біз секілді аз халықтың мәдениетіне көлеңкесін түсірмей қоймайды. Отандық киноның ертеңіне сенбей ме, әлде расымен, ауқымды ойына кеңістік тар келе ме, олар шетел кино нарығынан не іздеп кетті?

Елдегі маңызды салаларды қаржыланды­рып отырған мемлекет өнер мен мәдениетті субсидиялауда ешқашан сараңдық танытқан емес. Мәдениеттің өзге тармағын айтпағанда, бір ғана кино саласына миллиардтаған қар­жы бөлінеді. Алайда жайлы күнкөріс пен жақ­сы табыс, ең бастысы, шығармашылық мақ­сатын жүзеге асыру үшін Отанын тас­тап кетіп жатқан талантты азаматтардың көп болуы ойландырады.

Әлемді тамсантқан блокбастерлердің авторы Бекмамбетов бастап түскен асау ағын иірімі кейінірек Ардақ Қарақұлов, Се­рік Апырымов, Ермек Тұрсынов секілді қазақстандық режиссерлерді толқын-толқы­ны­мен тартып отырды. Қазір де бұл үрдіс қарқын алмаса, үзілген жоқ. Бүгінгі алыс-жақын киногерлер қауымының аузында Әділ­хан Ержановтың есімі жиі аталады, «қазақ киносы» дегенде олар алдымен шын­дықты боямасыз бейнелейтін осы режис­сердің батыл­дығына сүйсінеді, Каннды бағын­ды­рып, «Азия Оскарын» иеленген ол бол­са, Ресей­де жұмыс істеп жатыр. Жүрек жұт­қан Ә.Ержановтың осыдан бес жыл бұ­рын ХІІ халықаралық Еуразия кинофестива­лін­де «Қаратас ауылындағы оба» фильмі үшін жүлдегер атанып тұрып сахнадан сөйлеген әйгілі сөзі естен әлі шыққан жоқ. Фильм түсіруге бюджеттен 100 миллион теңге бөліп тұрып, 80 миллионын өзіне қалдырғысы келген Мәдениет министрлігінің шенеунігін парақорлыққа айыптап, ел алдында екі бетін шиедей жасағаны ерлікпен пара-пар болды. Ержанов елден бекер кеткен жоқ, жасқа тән албырттықпен айтты ма, әлде нағыз шы­ғар­машылық адамы тілін шындыққа ғана төсей ме, әйтеуір алдаспан шындық жас режиссердің буырқанып жаңа басталған жолын шауып түсті, бұдан кейін оған Қазақстан киностудияларының есігі тарс жабылатыны айтпаса да түсінікті еді. Бірақ әр түсірген фильмі жаңалық ретінде қабылданып, қай қоғамды да дүр сілкіндіретін Әділхан сол батырлығы арқылы сырты сұлу көрінетін Қазақстан өнерінің астарында жемқорлық дейтін жеті басты айдаһардың жасырынып жатқанын жұртқа жайып салды.

Голливудта мәмлүктер туралы сериал түсіруді бастаған Дана Зияшева да Қазақ­станнан шыққан тұңғыш тәуелсіз режиссер. Көптеген отандық кинофильмдердің авторы әрі сценарий жазумен танылған Асқар Ұзабаев та жылдан астам уақыт Мәскеуде тұрып жатыр. «Үйлесім сабағымен» Еуропаны елең еткізген Эмир Байғазин де көп жылдан бері сыртта жүр.

Ия, Қазақстанмен салыстырғанда, Ресей де, Голливуд та, сөз жоқ, кәсібиліктің эталоны. Сонымен қатар табыс табудың да көзі. Бірақ алтыннан соғылған сарайда тұрса да, өзіне-өзі азап тауып алатын шығармашылық адамы шетелге шығуға асыққанда жайлы өмір мен мол табыстан гөрі жұмыс істеп шаршап, кәсіби шыңдалуды, шындық пен азаматтық берік ұстанымды маңыздырақ санайтыны анық.