2018 жылы елімізде күн сайын орта есеппен 15-16 мал ұрлығы тіркеліп, қай өңірде болсын белең алып кеткен осы қылмыстың жалпы саны 5 636 болған екен. Ақ адал малынан айырылған шаруалардың жанайқайлары да жиі шығып жатқан еді. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы маусымда Жамбыл облысы жұртшылығымен кездесу барысында мал ұрлығымен күресті күшейту қажеттігіне айрықша назар аударып: «Соңғы кезде қорадағы малын таппай қалатын азаматтар көбейіп барады. Бұған тыйым салу керек. Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қорғауымыз қажет. Заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек. Парламент депутаттары осы бастаманы қолдап, мәселенің оң шешім табуына атсалысады деп сенемін», деген еді.
Бұған қоса, Президент Ішкі істер министрлігіне, өңірлердің әкімдіктері мен жергілікті полицияға мал ұрлауға қарсы шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
«Талап бар жерде тәртіп бар» демекші, нәтиже көп күттірген жоқ. 2019 жылы елдегі мал ұрлығының саны 4 746-ға дейін төмендеді. Сол жылдың аяғында Парламент Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне жаңадан «Мал ұрлау»188-1-бабын енгізді. Соған сәйкес мал ұрлағаны үшін қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде (биыл 8 миллион 751 мың теңге) айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Алдын ала сөз байласу арқылы топтасып жасаған және ірi мөлшерде жасалған мал ұрлау үшін ұрылардың мүліктерін тәркiлей отырып, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Бірнеше рет және мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiру арқылы жасалған мал ұрлау үшін мүлкiн тәркiлеп, 5 жылдан 10 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Ал қылмыстық топ жасаған, сондай-ақ аса iрi мөлшерде жасалған мал ұрлығы үшін кінәлілердің мүлкi тәркiленіп, 7 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Осы бап бойынша «мал» ұғымына ірі қара мал, жылқы, есек, түйе, ұсақ мал және шошқа жатқызылған.
Мал ұрлығының көбейіп кетуіне ел ішіндегі ұрылармен ағайынгершілік жолымен татуласу да теріс ықпалын тигізіп келген-ді. «Алдына келсе, атасының құнын кешетін» қазекем талай «барымташыны» ұрлаған малын қайтарып, «ат-шапан айыбын» төлеп, кешірім сұраған соң түрмеге қаматпай, бостандықта қалдырған. Жұрттың осындай аямпаздығына сеніп, әбден құнығып алған ұрылар «үйреншікті кәсіптерін» одан әрі жалғастыра берген. Мәселенің осы жағы да ескеріліп, Қылмыстық Кодекстің 68-ші бабына тиісті түзету енгізілді. Нақты айтқанда, татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс жасаған адамдарға және бұрын жасаған қылмысы үшін татуласу арқылы жазадан босатылғаннан кейін белгіленген қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі ішінде қасақана қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайтын болды. Бұған қоса, мал ұрлаудың алдын алу үшін мал иелерінің жауапкершілігін күшейту қажеттігі де ескерілді. Осы мақсатпен Ауыл шаруашылығы министрі 2020 жылғы 29 сәуірде «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» №145 бұйрыққа қол қойды. Бұл құжатта мал иелерінің немесе олар уәкілеттік берген адамдардың қадағалауынсыз ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға жол берілмейтіндігі және қараусыз жүрген мал оның иесі анықталғанға дейін уақытша ұстау үшін қоражайларға қамауға жататындығы көрсетілген. Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабына өзгеріс енгізіліп, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу ескерту жасауға немесе үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (биыл 8 751 теңге) айыппұл салуға әкеп соғады деп белгіленді.
Міне, осылайша, заңнаманың айтарлықтай қатайтылуының ықпалы тиген болар, өткен 2020 жылы елдегі мал ұрлығы саны 3 441-ге дейін, яғни бұрнағы жылмен салыстырғанда 27,5 пайызға кеміген. Бұл оң үрдіс биыл да жалғасын тауып, өткен 10 айда мал ұрлау саны 1 873-ке дейін төмендеген, яғни былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 17,4 пайызға азайған.
Дегенмен мал ұрлығымен күресті босаңсытуға болмайды. Өйткені елімізде қазір күн сайын орта есеппен 6-7 мал ұрлығы жасалып отыр. Оның үстіне, кейбір өңірлерде мал ұрлау қылмысының саны әлі де көп. Мәселен, Алматы облысында 2019 жылы –1 065, 2020 жылы – 732, биылғы 10 айда 415 мал ұрлығы тіркелген. Ал Шығыс Қазақстанда 2019 жылы – 376, 2020 жылы – 371, осы жылғы 10 айда 201 мал ұрлығы жасалған. Бұл Жетісу мен кенді Алтай өңірінде бүгінгі заманның «барымташылары» айылдарын аса жия қоймағандығын аңғартса керек.
Мал ұрлығы Түркістан (2019 жылы – 649, 2020 жылы – 415), Батыс Қазақстан (2019 жылы – 407, 2020 жылы – 352), Қызылорда (2019 жылы – 405, 2020 жылы – 354), Жамбыл (2019 жылы – 253, 2020 жылы – 196) облыстарында да азайғаны шамалы.
Малмен күн көріп отырған ауыл адамдарына ауыр соққы болып тиетін осы қылмыс саны едәуір қысқарғанымен, неге тыйылмай тұр деген сауал ойландырмай қоймайды. ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таевтың айтуынша, жоғалған малдың 70 пайызы жайылымнан ұрланады екен. «Малды қараусыз жібермей, бақташы жалдау қажет, ал асыл тұқымды малды бағудың заманауи тәсілдеріне жүгінген жөн. Айталық, GPS-трекер қолдану жоғалған малды табуға да, басқа табынға қосылып кетсе, дау-дамайсыз дәлелдеуге де ыңғайлы. Міндетті түрде әр мал басын сырғалап, ен салдырған жөн», деді ол биыл БАҚ өкілдеріне арналған брифингте. Жалпы, полицейлер өткен жылы 1,5 мыңнан астам мал ұрлаушыны ұстаған, оның ішінде 211 ұйымдасқан топ бар. Қолды болған 14 мың бас малдың 6 мыңнан астамы ғана табылып, иелеріне қайтарылған. Жұртшылықтың ашу-ызасын туғызған ең сорақы қылмыс биыл Атырау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында жасалған. Осы өңірлерде ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері жайылымда қараусыз жайылып жүрген жылқыларды аңша атып өлтіріп, сол жерде сойып, ішек-қарнын, терісін, басын қалдырып кетіп жүрген. Ақыры олар да әшкереленіп, «темір тордың арғы жағына» аттандырылыпты.
Өкінішке қарай, мал ұрлаумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың қатарында «тәртіп сақшылары» да төбе көрсетіп қалып жүр. Мысалы, осы жылдың басында Түркістан облыстық Полиция департаментінде қызмет етіп жүрген 38 жастағы полицей Арыс кентінде тұратын, өзінен 10 жас кіші 2 жігітті қасына ертіп алып, көрші ауылдан 4 өгізшені ұрлау үстінде қолға түскен. Оның кінәсі сотта дәлелденіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылған, ал сыбайластарының әрқайсысы 3 жылға сотталған.
Бұл деректер жұрттың маңдай терін төгіп өсірген малын оңай олжа қылғысы келетін ұры-қарылармен күресті күшейте түсу қажеттігін көрсетеді. Осы орайда тұрғындарға мал бағу ережелерін түсіндірумен қатар, мал ұрлығының алдын алудың заманауи шараларын кеңінен қолдануға күш салынса, құба-құп. Сонымен қатар қолданыстағы заңнаманы одан әрі қатайту да қажет сияқты. Өйткені оның солқылдақ тұстары барлығы сезіледі. Мәселен, біреудің малын топтаспай-ақ, жалғыз өзі әрі алғаш рет ұрлаған қылмыскер үшін жәбірленушімен татуласу мүмкіндігі сақталып отыр. Бірақ осындай қылмысты «жалғыз өзім жасадым және мұндай қадамға бірінші рет баруым» деп ант-су ішіп алдап, ауылдағы кешірімшіл ағайынмен татуласып жататын ұрының шындығында ұйымдасқан топтың мүшесі әрі нағыз баукеспенің өзі еместігіне еш кепілдік жоқ қой. Заңнамадағы осындай солқылдақтықтар кейбір қолы таза емес тергеушілер мен судьялардың да әділдіктен аттап кетуіне жол ашып тұрған тәрізді.