Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз.
Ең бастысы дұрыс және әділ шешім шығару қажет» деген болатын. Бұл бағытта елімізде Президент тапсырмаларына сәйкес бірқатар игі іс қолға алынғанымен, мемлекеттік органдарда тамыры тереңдеп кеткен бюрократияның жаны сірілігі әлі де байқалып қалады.
Бұған мысал ретінде запастағы полиция генерал-майоры Мирлан Қызыловтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған (11 наурыз, 2021 жыл) «Жетім курсанттың жазығы не?» мақаласында көтерілген әлеуметтік әділдік мәселесі созбалаңға салынып, әлі күнге толық шешімін таппағанын айтуға болады.
Еске сала кетейік: Қостанай қаласындағы Балалар үйінде өскен тұлдыр жетім Татьяна Водолазкина орта мектепті 2017 жылы тәмамдаған соң осы шаһарда орналасқан Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға түсуге құжат тапсырады.
Бірақ оның Ұлттық бірыңғай тестілеуден және қосымша сынақтардан жинаған балл көрсеткішінің жоғары болуына орай, академияның қабылдау комиссиясы Татьянаға Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы келісім негізінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі бөлген квота бойынша Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің Краснодар университетінде оқуды ұсынған. Әу баста бұған қуана келісіп, ІІМ-мен келісімшартқа қол қойған курсант қыз кейін өзіне жетім ретінде туған елі – Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында көзделген әлеуметтік жеңілдіктерден айырылып, тұрмыстық қиындықтарға тап болатынын сезбеген де еді. Атап айтқанда, ол нысанды киіммен, тегін тамақпен және мардымсыз лауазымдық жалақымен (стипендия) қамтамасыз етілгенімен, сабақтан тыс уақытта және каникул кезінде киетін азаматтық киім-кешек алуға және басқа да қажеттіліктерге жұмсауға берілетін материалдық жәрдемнен қағылды. Ал оның елордадағы «Астана» университетіне оқуға түскен сіңлісі Екатерина мұндай жеңілдіктердің бәрін уақтылы алып тұрады екен.
Міне, осындай әділетсіздікке күйінген Татьяна адвокат Н. Ережепов арқылы 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласының Алматы аудандық сотына өзін оқуға жіберген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің үстінен талап-арыз түсіреді. Алайда азаматтық істі қараған судья Л.Рахметулина курсант қыздың өзіне ІІМ-нен 2017 жылдан бастап ақшалай өтемақы өндіріп алу жөніндегі өтінішін 26 қарашадағы шешімімен мүлдем қанағаттандырмай тастайды. Ол сот отырысына қатысқан прокурор Б.Рашитованың талапкердің талап-арызын ішінара қанағаттандырып, ақшалай өтемақыны 2017 жылдан емес, 2018 жылдан бастап төлету қажеттігі туралы қорытындысына құлақ аспайды.
Әділдік іздеген Т.Водолазкина мен оның адвокаты Н.Ережепов 2021 жылы Алматы аудандық сотының шешіміне аппеляциялық шағым білдіріп, Нұр-Сұлтан қалалық сотына жүгінген. Бірақ істі қараған Азаматтық істер бойынша сот алқасы 2 ақпандағы шешімімен Алматы аудандық сотының шешімін күшінде қалдырған.
Содан кейін Татьяна қайтадан Алматы аудандық сотына жүгінеді. Бұл жолы 2021 жылы 27 сәуірде азаматтық істі қараған судья Д.Байменов курсант қыздың ІІМ-ге қатысты талап-арызын ішінара қанағаттандырады. Нақты айтқанда, аталған министрліктің Татьянаға өтемақы төлеуден бас тарту жөніндегі шешімін заңсыз деп табады және оның өтінішін қайта қарап, бұзылған құқығын толық қалпына келтіруге міндеттейді. Алайда сот ІІМ-ді курсант талап еткен ақшалай өтемақыны төлеуге мәжбүрлеуден бас тартып, бұл жауапкердің айрықша құзыреті деп санаған. Бұл шешіммен келіспеген ІІМ-нің аппеляциялық шағымын қараған Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 2021 жылы 7 шілдедегі шешімімен Алматы аудандық соты Д.Байменовтің шығарған шешімін дұрыс деп санап, еш өзгеріссіз қалдырған.
Соттың осындай солқылдақ шешімінде Ішкі істер министрлігін Т.Водолазкинаға қатысты заңдылықты қалпына келтіруге міндеттеу болғанымен, мәжбүрлеу шарасы қарастырылмағандықтан, ондағы шенеуніктер курсант қыздың талабын орындауға аса құлшына қоймаған сияқты. Соның салдарынан қазір РФ Краснодар университетінің соңғы курсында оқып жүрген Татьяна бүгінге дейін өзі азаматы болып саналатын Қазақстаннан үміттенген әлеуметтік көмегін ала алмай, жүдеп-жадап жүр. Ал оның мұқтаждығын шешу үшін Үкіметтің «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулысына өзгеріс енгізу қажет болып шықты. Осы құжатта өз еліміздегі жоғары білім беру ұйымдарында (түріне және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан) тәрбиеленетін және оқитын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсету көзделгенімен, ол мемлекетаралық келісімдерге сәйкес шетелдердегі жоғары оқу орындарында оқитын жетімдерге қарастырылмаған екен. Бірақ іс жүзінде мұндай әлеуметтік көмек Білім және ғылым министрлігіне қарасты білім беру ұйымдарында оқитын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ғана беріліп келген, ал олардың Ішкі істер министрлігіне қарасты жоғары оқу орындарында оқитын тағдырластары мемлекеттің мұндай қамқорлығынан мүлдем шет қалдырылғаны анықталып отыр.
– Өзім де жас кезімде жетімдіктің кермек дәмін татып өскендіктен, Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясын басқарған кезімде жетім курсанттардың жағдайын біліп, хал-қадерімше көмек беруге тырыстым. Олардың Үкіметтің №320 қаулысында көзделген әлеуметтік көмекті алмайтынын анықтап білген соң 2017 жылдан бері осы көкейкесті мәселені көтеріп, хат жазбаған инстанциям қалмады. «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?» демекші, мемлекеттік органдар бір-біріне сілтеп, жетім курсанттар тағдырына жүрдім-бардым қарады. Тек Egemen Qazaqstan республикалық газетінде жарияланған мақалама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, былтырғы 15 наурызда «Өзекті мәселе, жүйелі түрде шешу керек» деген нұсқау жазып, бірқатар мемлекеттік орган басшыларына тапсырма бергенінің арқасында ғана сең қозғалды.
Нақты айтсақ, Ішкі істер министрлігі 2021 жылдың 8 сәуірінде өзіне қарасты жоғары оқу орындарының басшыларына сол білім беру ұйымдарында оқып жүрген 25 жетім курсантқа әлеуметтік көмек көрсету мәселесін шешу қажеттігі туралы нұсқау хат жолдады. Алайда бұл нұсқау осы күнге дейін іске асқан жоқ. Бұған қоса мүдделі Ішкі істер, Білім және ғылым министрліктері Ресейде оқып жатқан жалғыз курсант Татьяна Водолазкинаның мәселесін шешуді де тым созып жіберді. Үкіметтің №320 қаулысына енгізелетін өзгерістер жобасы келісу үшін мемлекеттік органдарға бір емес, екі рет жолданып, бюрократиялық бөгесінге тап болып тұр. Ал Татьяна оқуын аяқтауға жақын. Бес жыл бойы ала алмаған ақшалай өтемақысы қолына қашан тиетіні белгісіз. Әбден ұят болды... – дейді запастағы полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов.
Шынтуайтында, Мемлекет басшысының осыдан бір жыл бұрын берген тапсырмасын әлі толық орындамай, жырақта жүрген жетім курсант қыздың және өз елінде жүріп Конституция арқылы кепілдік берілген әлеуметтік көмекке қолдары жетпей, мұқтаждық көрген ұл-қыздарымыздың көз жасына қалып отырған Ішкі істер, Білім және ғылым министрліктері басшыларының жаны ашымастығына қарап, жағаңды ұстайсың...