Кеңес Одағы дәуірінде Қазақстанның еркін күрес шеберлері толағай табысқа қол жеткізе алмады. Оны мойындауға тиіспіз. Мәселен, 1945-1992 жылдар аралығында 47 мәрте желбіреген КСРО чемпионаттарында жерлестеріміз небәрі 8 алтын, 10 күміс және 12 қола медальды еншіледі. Барлығы – 30 жүлде. Сол тұста Ресей, Украина және Беларусьтің балуандары талай биік белестерден көрінді. Қарсы келгендерді қоғадай жапырған Қап тауының өкілдері де өздерінің мықтылығын түбегейлі мойындатты. Ара-тұра Балтық жағалауы елдерінен де арынды апайтөстер шықты. Бірақ бізге ондай бақ бұйырмады. Күрестің бұл түрінде қазақтың бір несібесі кем болғаны анық.
КСРО халықтары спартакиадасы 1956-1991 жылдар аралығында 10 мәрте ұйымдастырылды. Алғашқы екі бәсекеден қоржынымыз бос қайтты. Тек 1963 жылы сең қозғалғандай болды. Мәскеуде өткен жарыста Алаштың алыбы Әбілсейіт Айханов алтын тұғырға көтерілсе, Алексей Семкин күміс медальды мойнына ілді. 1967 жылы Ғапиз Мұсаев қолаға қол созды. 1971 жылы Петр Суриков бірінші орын алса, 1975 жылы Рамазан Нұрманов екінші және Александр Иванов үшінші сатыларға табан тіреді. 1979 жылы Мұсан Абдул-Мүсілімов бас жүлдені олжаласа, Александр Мишуров қола медальды иеленді. 1983 жылы тағы да елге еңсеміз түскен күйде оралдық. 1986 жылы Радик Бадрединов, Серік Алшынбаев, Якуб Худжаев (күміс) және А.Сулиев (қола) жүлдегерлер қатарынан көрінді. 1991 жылы Запорожьеде өткен Одақтың соңғы спартакиадасында Мәулен Мамыров екінші және Радик Бадрединов үшінші орындарды еншіледі.
Тәуелсіздіктің таңы атқаннан кейін халықаралық аренаға шығуға даңғыл жол ашылды. Бұрынғыдай орталықтың қас-қабағына қарамай, өз таңдауымызды жасауға мүмкіндік туындады. Сол кездері біздің еркін күрес шеберлеріміз енді ешкімге есе жібере қоймайтын шығар деп топшыладық. Бірақ бәрі біз болжағандай оңай болмады. Өзге мемлекеттер түрлі-түсті медальдарды «күреп» алып жатқанда, жерлестеріміз ара-тұра ғана жеңіс тұғырына көтерілді. Әсіресе алғашқы 10 жылда осалдық таныттық. Сол аралықта өткен байрақты бәсекелерде екі-үш балуанның ғана жүлделі орындарды иеленуге күш-жігерлері жетті.
Өткенге зер салсақ, бұрындары КСРО-ның боданында болған мемлекеттердің 11-іне әлем чемпионаттарының жүлдесі бұйырған екен. Сол тізімде біз 9-шы орынға тұрақтадық. Алдымызда бақандай 8 елдің серкелері бар. Біз тек қырғыздар мен тәжіктерден ғана оздық. Ал түрікмендер мен Балтық жағалауында орналасқан мемлекеттер өкілдерінің қоржыны мүлде бос. Жалпы, 1993-2021 жылдар аралығында 23 мәрте жалауы желбіреген жарыста Қазақстанның еркін күрес шеберлері 15 жүлдеге иелік етті. Тарқатып айтсақ, жерлестеріміз 5 күміс пен 10 қола медальды қоржынға салды.
Әлем чемпионаттарының жүлдегерлері: Күміс – Елмәди Жабырайлов (1995), Нұрлан Бекжанов (2016), Нұрислам Санаев (2018 жыл) және Дәулет Ниязбеков пен Нұрқожа Қайпанов (2019). Қола – Мәулен Мамыров (1997), Геннадий Лалиев (2003), Магомед Круглиев (2005), Леонид Спиридонов (2009), Әбілхакім Шәпиев (2010), Дәулет Ниязбеков пен Дәурен Жұмағазиев (2011), Ақжүрек Таңатаров (2017) және Нұрислам Санаев пен Данияр Қайсанов (2018).
Әлем чемпионаттарында Ресей құрамасы олжаға молынан кенелді. 119 жүлдесі бар бұл елдің балуандары жалпы есепте жеке-дара көш бастады. Осы орайда даңқы жер жарған Чешенстанның мақтанышы Бувайсар Сайтиев алты жарыста алдына жан салмағанын айта кеткен абзал. Осетин Лери Хабелов пен Хаджимурад Гацалов және авар Абдулрашид Сайдуллаев бес реттен теңдессіз деп танылды. Осетияның тағы бір өрені Бесик Кудухов төрт мәрте топ жарды. Чешен Жамал Отарсултанов, кабардин Билал Махов және абхаз Денис Царгуш үш реттен дәл сондай құрметке бөленді.
Грузия, Әзербайжан және Украинаның да қарқыны керемет. Олар 30-40 жүлдеден еншілеп отыр. Аталған елдердің де ұлттық командаларында әлемдік додада бірнеше мәрте дараланған тұлғалар аз емес. Қазақстанға қарағанда Өзбекстанның жағдайы әлдеқайда жақсы. Олар бас жүлденің бесеуін олжалады. Тарқатып айтсақ, Артур Таймазов пен Дилшод Мансуров екі алтыннан алса, Заурбек Сохиев бір рет қамшы салдырмады. Армения мен Беларусьті айтпағанда, Молдованың да көші бізден ілгері. Тоқсаныншы жылдардың басында осы мемлекеттің туы астында өнер көрсеткен Лукман Жабырайлов әлем чемпионы атанғаны жанкүйерлердің есінде болар. Ал оның туған бауыры Елмәди 1995 жылы Қазақ елінің қоржынына күміс медаль салды.
Олимпия ойындарында қол жеткізген табысы жағынан да Ресей құрамасы ешкімге дес бермей келеді. Олардың қоржынында 32 жүлде бар. Дағыстандықтар мен чешендерден және де Қап тауы бөктерін жайлаған басқа да халықтардан жасақталған команда жеті Олимпиаданың бесеуінде жалпы есепте жеке-дара көш бастады. Ресейліктер бір рет АҚШ-тан қалып қойса, тағы бір рет Әзербайжанмен көмбеге бірдей жетіп, екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.
Ресей құрамасы сапында Олимпиадада ең көп жүлде олжалаған – Бувайсар Сайтиев. Чешенстанның саңлағы үш рет теңдессіз деп танылды. Авардың қос жұлдызы – Мавлет Батыров пен Абдулрашид Сайдуллаев екі реттен дәл сондай құрметке бөленді. Әзербайжан мен Грузияның да төртжылдықтың басты додасында қол жеткізген табысы қомақты. Салыстырмалы түрде алсақ, іргеміздегі Өзбекстанның да жағдайы жақсы. Ақиқатын айтсақ, ала тақиялы ағайындарымыз бас жүлденің үшеуін олжалаған еді. Оның барлығы да атақты Артур Таймазовтың еншісінде. Талай жылдар бойы Өзбекстан туы астында өнер көрсеткен Солтүстік Осетияның тумасы 2000 жылы Сиднейде күміс алса, 2004 жылы Афина, 2008 жылы Бейжің және 2012 жылы Лондонда қарсылас шақ келтірмеді. Осылайша, үш дүркін Олимпиада чемпионы атанған санаулы ғана балуандардың бірі ретінде оның есімі спорттық шежіреге алтын әріптермен жазылды. Алайда уақыт оза Таймазовтың допинг қолданғаны анықталып, ол Бейжің мен Лондонда олжалаған алтындарынан айырылды.
Қазақстанның еркін күрес шеберлері Олимпия ойындарында жеті рет жеңіс тұғырына көтерілді. Тарқатып айтсақ, 2000 жылы Ислам Байрамуков, 2004 жылы Геннадий Лалиев күміс алды. Шешуші тұста Ислам Сагит Муртазалиевке, ал Геннадий Бувайсар Сайтиевке жол берді. Чемпиондық тұғырға көтерілгендердің екеуі де – ресейлік. 1996 жылы Мәулен Мамыров, 2008 жылы Марид Муталимов, 2012 жылы Ақжүрек Таңатаров пен Дәулет Шабанбай және 2021 жылы Нұрислам Санаев қола медальды қанағат тұтты. Нәтижесінде, үздіктер тізімінде жерлестеріміз жетінші орынға тұрақтады. Отандастарымыздан тек Тәжікстан, Армения және Қырғызстан төмен тұр. Ал Эстония, Молдова, Түрікменстан, Латвия және Литваның қоржынында бірде-бір медаль жоқ.
Міне, жоғарыдағы мәліметтерден-ақ Қазақстанның еркін күресі әлі де еңсесін тіктей алмағанын аңғару қиын емес. Оған дәлел, 70 жылға жуық уақыт аралығында біздің елдің бірде-бір балуаны не Олимпия ойындарының жеңімпазы, не әлем чемпионы атана алмады (Ресми дерек бойынша спорттың бұл түрі елімізде елуінші жылдардың бел ортасынан дами бастады – ред.). Осы олқылықты түзейтін кез келді. Жасыратыны жоқ, ұзақ уақыт бойы біз легионерлерге арқа сүйеп келдік. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 10-15 жыл аралығында бас командамыздың негізін солар құрады. Қазір жағдай түзелді. Байрақты бәсекелерде күш сынасып жүргендердің дені қазақтың өр мінезді өрендері. Соңғы кездері олар дүбірлі додаларда жеңіс тұғырына жиі көтеріліп жүр. Аз да болса көңілге осы медет. Әзірге қоржында күміс те, қола медаль да бар. Ендігі кезек – алтында.
Әлем чемпионаттарының нәтижесі
(1993-2021 жылдар аралығы)
Орын
Командалар
Алтын
Күміс
Қола
Барлығы
1.
Ресей
62
19
38
119
2.
Грузия
9
9
20
38
3.
Әзербайжан
5
14
16
35
4.
Украина
5
7
20
33
5.
Өзбекстан
5
6
14
25
6.
Армения
5
0
5
10
7.
Беларусь
2
4
9
15
8.
Молдова
1
2
1
4
9.
Қазақстан
0
5
10
15
10.
Қырғызстан
0
1
5
6
11.
Тәжікстан
0
1
0
1
12-15.
Түрікменстан, Литва, Латвия, Эстония
0
0
0
0
Олимпия ойындарының нәтижесі
(1996-2021 жылдар аралығы)
Орын
Командалар
Алтын
Күміс
Қола
Барлығы
1.
Ресей
21
4
7
32
2.
Әзербайжан
3
4
5
12
3.
Грузия
2
3
6
11
4.
Украина
1
3
3
7
5.
Өзбекстан
1
2
3
6
6.
Беларусь
0
3
1
4
7.
Қазақстан
0
2
5
7
8-9.
Тәжікстан
0
1
0
1
8-9.
Армения
0
1
0
1
10.
Қырғызстан
0
0
1
1
11-15.
Эстония, Молдова, Латвия. Түрікменстан, Литва
0
0
0
0