Қай шаһардың да тіршілігі туралы сөз қозғала қалғанда «Қала – ортақ үйіміз» деген ұранның айналасында ғана қалып қоятынымыз бар. Кейде әйгілі әл-Фарабидің «Қайырымды қаланың тұрғындарынан» мысал келтіре қоямыз. Бірақ осыдан мың-сан шаруасы түгесілмейтін қала тіршілігіне сеп бар ма? Жалпы облыс орталықтары қалай тіршілік етіп жатыр? Моноқалалар жағдайын жиі айтамыз, ал облыс орталықтарының ахуалы қалай? Мысалы, Қызылорда қаласында көп мәселе Қоғамдық кеңестер арқылы шешімін тауып, оң бастамалар жүзеге асып жатыр.
Қоғамдық кеңес – көп мәселенің шешімі
Қала тіршілігін жүйелеу үшін құрылған Қоғамдық кеңестің жобасы түзілгенде-ақ шаһар 14 аумаққа бөлініпті. Әрине, әр аумаққа ел ішінде беделі бар азаматтарды жетекші ету ойластырылған. Бұл шаһар тұрғындары үшін маңызды мәселені айқындап, талқыға салып, дұрыс шешім қабылдауға қажет. Ел ішінде қордаланып жатқан мәселе көп, оны екінің бірінің қала басшылығына жеткізе бермейтіндігі және анық. Осындайда көптің көкейіндегіні айтатын, ақыл қосатын Қоғамдық кеңес керек.
– Бұл тәжірибені Сырдария ауданын басқарып отырған тұста қолға алғанбыз. Жасыратыны жоқ, әуелгіде оны түсінбегендер көп болды. Бес жарым жыл ішінде кеңес барлық салаға араласып, талай өзекті проблемаларды талқылады. Басқасын былай қойғанда әскерге барудан жалтарып жүргендер жайын да кеңес талқысына салдық, – дейді қала әкімі Ғанибек Қазантаев.
Сырдарияда сыналған бастама Қызылордада да оң нәтижесін беруі керек. Мысалы, қазір облыс орталығындағы басты мәселе – қоғамдық көлік жайы. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, осы проблема жайлы жазбадан аяқ алып жүре алмай қалған кездер де болған. Қазір шамалы саябырсыды. Мысалы, қала ішінде жолаушыларға қызмет көрсететін «Қызылорда автобус паркі» атты мекеме бар. Ондағы автобустар 5-ақ бағытта жүреді. Шынын айту керек, аялдамаға кешігіп келетін, сирек қатынап, жұрттың жүйкесіне тиетін де осылар. Кейде «Неге келмей жатыр?» деп тыз ете қалғанымызбен байыбына барсақ, олардың да ерігіп жүрмегеніне көз жеткізу қиын емес. Мысалы, маршрут ұзақ. Кейбір бағыттардағы көліктер күніне 300-400 шақырым жол жүреді. Күнделікті мұндай жүріске шыдас бермей, бұзылып жатқан автобус көп. Қалған 21 маршрут жеке тасымалдаушылар иелігінде. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дегендей, жекелер қалайда тұтынушының көңілін табуға тырысады. Парк меншігіндегі автобустар мен жеке тасымалдаушылар бағасы бірдей – 90 теңге. Негізі, бұл 126 теңге болуы керек. Қала әкімдігі қойған баға үстіндегі айырмашылық тасымалдаушыға субсидия түрінде беріледі. Бұл мәселе де алдымен Қоғамдық кеңесте талқыланып, артынша жауапты мекемелер қарады. Одан кейін тәуелсіз сараптама жасалды, тиісті министрлік талқысынан өтті. Табаны күректей төрт ай зерттелген жобаны мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады.
Ендігі қалған шаруа жеке тасымалдаушыға тікелей байланысты. 1 млрд теңгелік субсидияның талабы бойынша, тасымалдаушылар электронды билет енгізуі керек. Көлік иесінің қанша адам тасымалдағаны осы арқылы анықталады. Одан бөлек, жолаушылар да автобустың қозғалыс бағытын, аялдамаға келетін уақытын біліп отырғысы келеді. Ол үшін қажеттісі – GPS. Қала әкімдігі осыны көлік қызметіндегі тасымалдаушылармен кездесіп, түсіндірді. Осы талаптарды орындағандар субсидия ала алады. Ал бұл талапты айналып өтіп, түрлі айла-шарғымен ақшалы болғысы келетіндердің дегені болмайды. Өйткені субсидияның талабы ашықтық.
– Бұл субсидияның ауыл шаруашылығындағы тыңайтқышқа, жанармайға, суға төленіп жатқан субсидиядан айырмашылығы жер мен көктей. Агросаладағылар жаңағы қаржыны алғанымен де күрішін белгіленген бағамен сатпайды ғой. Нарықтағы құнмен қымбатқа саудалайды. Ал көлік қызметіне жұмсалып отырғаны нағыз субсидия. Бұл жолаушы тасымалы құнының қалтаға қонымды, сапасы ел көңілінен шығуы үшін жасалып жатқан қадам, – дейді қала басшысы.
Жалпы, кеңесте талқыланған мәселе көп. Мысалы, дария жағалауына орын тепсе де аяқ су жетпей қақсып отырған қаланы суландыру үшін ұңғымалар қазуда, коммуналдық қызметті жолға қойып, шаһар іргесіндегі күні-түні жанып жатқан қоқыс мәселесін шешуде көп болып кеңесудің пайдасы тиді.
«Мейірімді Қызылорда» қандай қор?
Әдетте қазақтың демографиялық өсіміне дем беріп отырған осы оңтүстік өңір. Әсіресе, Түркістан, Қызылорда облыстары. Бұл мәселенің тағы бір қыры – әлеуметтік қолдаудың үстінен көмек сұрайтындардың көптігі. Олардың ішінде шын мұқтаж да, жорта жоқшылық жолына түскендер де бар екені тағы рас. Осының аражігін ажырату үшін қала басшылығы кәсіпкерлер, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салалары өкілдерінің басын қосты. Бас-аяғы 20 күнге жетпейтін уақыт ішінде жоғарыда айтылған қор дүниеге келді. «Мейірімді Қызылорда» қоры жөнінде тұрғындармен кездесуде түсіндірме жасалды. Өтініш берген адамның әлеуметтік жағдайын комиссия тексереді. Ең бастысы, қала басшылығының ұсыныс бергеннен басқа қор жұмысына қатысы болмайды. Комиссия дұрыс деп тапқанның өзінде арыз берушінің қолына қолма-қол ақша берілмейді. Сұраған дәрі-дәрмегін, басқа да көмегін алады. Бұл әкімдікке айғайды салып кетсе, ақшасыз қайтпайтынына үйренгендер үшін қиын болды. «Көрген жерде ауыл бардың» ізімен сөйтіп келгендердің біразын бейнежазбаға түсіріп, кейбіріне әкімшілік іс қозғап, айыппұл салынды. Осылайша нақты көмекті қажет ететіндер іріктелді. Бірақ әлі де «бере берсе, ала берсем» дейтіндер табылып қалып жатыр.
– Мысалы, кешегі қаңтар оқиғасынан кейін қамалған екі көпбалалы ана есіңізде шығар? Солардың мәселесімен келген мамандарға қордан қаншалықты көмек алып отырғанын көрсеттік. Алған киім-кешегі, азық-түлік, дәрі-дәрмегі, тіпті емделуге байланысты басқа қалаларға берілген квоталар есебін ұсындық. Олардың атаулы әлеуметтік көмек алып отырғанын да ұмытпаңыз. Мәселе бірден шешілді. Бізге «Қазақстан халқына» қорының мамандары хабарласып, тәжірибе алмасып отыр, – дейді Ғанибек Қонысбекұлы.
Ел есепке сене ме?
Биыл қала әкімдігі халықпен кездесулерді жаңа форматта ұйымдастырмақ ойда. Жұрт біліп отырған жұмысқа сағаттап баяндама арнау артық, тіпті бос уақыт өлтіру. Сондықтан да әкімдік атқарылған жұмысты қысқаша бейнебаян арқылы көрсетіп, кездесуді сұрақ-жауап, талқылауға арнауды жөн көріпті. Жұртқа сөз емес, нақты істің нәтижесі қызықтырақ. Сонда ғана ел есепке сенеді.
Нақты іс демекші, былтыр қала басшысы Жастар орталығында кейінгі толқын өкілдерімен кездесу өткізген. Жастардың жұмыспен қамтылуы талқыланған осы жүздесуден кейін қалалық әкімдіктің мүмкіндіктерін пайдаланып, түрлі мамандық алғандарды мекемелерде іс-тәжірибеден бастап жұмысқа орналастыру жолдары қарастырылыпты. Осы жылы қаладағы колледждерді бітіретін бала саны белгілі, ендігі міндет солардың жұмысқа қабылдануына жағдай жасау. Бұл үшін қала әкімдігіндегі мамандар мекемелерден бастап мейрамханаларға дейін ұсыныспен шықты. Қуанарлығы, жұмыс берушілердің көпшілігі жас мамандарды қабылдауға әзір.
Қызылордаға арнайы келген түркиялық DEMS constraction және Tremesheli Holding компанияларының басшыларына да осындай ұсыныс айтылды. Жиырма жылға жуық шетелдерге инвестиция салып келе жатқан компаниялар кәсіптік оқуды тәмамдаған қызылордалық жас мамандарды қайта даярлап, жұмысқа қабылдауға қарсылық танытып отырған жоқ. Облыс орталығынан 9 және 14 қабатты тұрғын үй кешенін салуға ниет білдіріп отырған компания сапында жергілікті жастардың жұмыс істеп, табыс тапқаны өздеріне, ал тәжірибе жинақтағаны бізге жақсы.
«Жауырды жаба тоқымдағаннан» енді еш пайда жоқ. Жалған ұран мен жадағай мадақтың күні өтті. Етек басты ескіліктен арылудың бірден бір жолы – көппен кеңесіп, ел айтқан ұсынысты ұтымды іске айналдыра білу. Бүгінгі күннің талабы осы.
ҚЫЗЫЛОРДА