Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді», деген болатын. Бұл міндетті іске асыру Президент тапсырмасына сәйкес қазір Үкімет әзірлеп жатқан халықтың табысын арттыру бағдарламасының бір маңызды бағыты болуға тиіс. Соның ішінде елімізде дамуы кенжелеп қалған көкөніс пен бау-бақша шаруашылығына жете мән берілсе, құба-құп.
Түгін тартса майы шығатын топырағы құнарлы, кең-байтақ жерге ие бола отырып, жеміс-жидек түгіл, картопқа да жарымай жүргеніміз жасырын емес. Былтыр күзге қарай «екінші нанның» базардағы бағасы аспанға шарықтап, килосы 300-ден 500 теңгеге дейін саудаланғанда айлығы шайлығына әрең жететін қарапайым халық қатты наразылық білдіргені – соның айғағы.
Бір қайран қаларлығы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, отандық картоп өндірісі еліміздің ішкі сұранысын 108 пайыз қамтамасыз ететін көрінеді. Ендеше, осы өнімнің тапшы болуының себебі неде? Шенеуніктердің сөзіне сенсек, жиналған картоптың небәрі 47 пайызы немесе 1,9 млн тоннасы ғана тауарлық өнімге жатқызылады екен. Қалған 53 пайызы, яғни 2,1 млн тоннадан астамы тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылықтарында өндірілгендіктен, тауар айналымына қосылмайды-мыс. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметі бойынша 2020 жылы экспортқа шығарылған картоп көлемі рекордтық көрсеткіш 360 мың тоннаға дейін жеткен. Соның салдарынан елде «екінші нан» тапшылығы туындаған. Тек картопты экспортқа шығаруға тыйым салынғаннан кейін баға тұрақтандырылған. Ал жетіспейтін 28 мың тонна өнімді Қазақстан Иран мен Пәкістаннан үш есе қымбат бағамен сатып алуға мәжбүр болған.
Сәбіз өсіруде қалыптасқан жағдай тіпті күрделі болып шықты. Бұл көкөністің жыл сайынғы жетіспеушілігі сұраныстың 5-6 пайызын құрайды екен. Негізгі тапшылық сәуірден шілдеге дейін болатындықтан, осы кезде сәбізді Өзбекстаннан қымбат бағаға сатып алуға тура келіп жүр.
Шынтуайтына келсек, Ауыл шаруашылығы министрлігінің республикамызда өсірілетін картоптың 53 пайызы ауылдағы ағайындардың жеке қосалқы шаруашылықтарына тиесілі дегеніне сену қиын. Бұл шенеуніктердің статистика бойынша жалпы ішкі өнімді жылдан-жылға ұлғайтып көрсетіп, жоғары жаққа «Біз қатырып жатырмыз» дегенге саятын жалған есеп беруінің бір қитұрқы амалы тәрізді. Әйтпесе, ауылдағылар қалалардағы базарлар мен сауда орталықтарында картоптың бағасы бұрынғы 100-150 теңгеден бірден 300-500 теңгеге дейін өскенін білсе, қоймасына үйген «екінші нанының» отбасынан артылатын бөлігін жақын маңдағы шаһарға өзі-ақ апарып сатуға асықпас па еді? Ауыл мен қала арасында әрілі-берілі шапқылап жүрген «делдалдар» да мұндай «майшелпекті» мүлт жіберер ме еді?
Әлбетте, елімізде, әсіресе бос жатқан құнарлы жері көп теріскей өңірлерде картоп пен сәбіз өсіруге қолайлы мүмкіндік мол. Алайда көкөніс өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны саусақпен санарлықтай ғана. Ауыл тұрғындарының ішінде де жеке қосалқы шаруашылығында картоп пен сәбіз өсіретіндер көп емес. Олардың үй іргесіндегі шағын бақшасында өсірген өнімдері өз отбасыларынан артылмайды. Ал қазақ ауылдарының тұрғындары болса, баяғыша төрт түлік малды көбірек ұстағанмен, көкөніс өсіруге аса мән бермейді.
Осы орайда белгілі мемлекет қайраткері Еркін Әуелбеков зейнеткерлікке шыққаннан кейін қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов атындағы ауданына қарайтын туған ауылы – Жаңасуға әдейілеп келіп, ағайындарының басын қосып, жиналыс өткізіп, бақшаларында көкөніс пен жеміс өсіруге үгіттегені ойға оралады. Үгіттеп қана қоймай, айтқан сөзін әр отбасының қалай тыңдағанын өзі ауыл ішін аралап жүріп қадағалаған екен. Нәтижесінде, елге танымал үлкен кісіден ұялған ауылдастарының бәрі үйлерінің іргесіне көкөніс пен жеміс-жидек егіп, әжептәуір өнім жинап, дастарқан берекесін молайтыпты. Осы мысалдан көрінгеніндей, жергілікті әкімдер жолын тауып ұйымдастыра білсе, ауылдағылардың жеке қосалқы шаруашылықтарында өсірілетін көкөніс пен жеміс көлемін еселеп арттыруға болатыны анық. Бұл іске, ең алдымен, жер тырмалап өскен қандастар мен оңтүстік өңірлерден қоныс аударушыларды тартып, өзгелерге үлгі етуге неге болмасқа?! Өкінішке қарай, қазір олардың арасында жергілікті әкімдіктерден сұраған жер телімдерін ала алмай, жігерлері құм болып жүргендер бар.
Демек көкөніс пен бау-бақша шаруашылығын дамытуға Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңірлердің әкімдіктері жете мән беріп, шындап қолға алса, әзірге қағаз жүзінде бар болғанымен, ауыл тұрғындарының қоймасында жоқ миллиондаған тонна картоп пен сәбізді базар мен дүкен сөрелеріне түсіруге әбден болар еді. Бұл – ауылдағылар үшін қосымша табыс көзі, ал қаладағылар үшін бағасы қолжетімді көкөніс пен жеміс молшылығының сенімді негізі емес пе?
Айтпақшы, жуырда Сенат депутаты Әли Бектаев Үкіметке еліміздегі бау-бақша шаруашылығын дамыту жөнінде депутаттық сауал жолдапты.
«Қазақстанда жеміс-жидек өндірісінің келешегі өте зор. Елімізде жылына 420 мың тоннадай жеміс-жидек өндірілгенімен, әлемдегі тамақтану стандарттарына сай әр адамға қажетті жылдық норманы есептейтін болсақ, халқымызға 2,5 млн тоннадан астам өнім қажет. Біз оның 17 пайызын да қамтамасыз ете алмай отырмыз. Ал бау-бақшаның гектарынан түсетін таза табыс майлы дақылдармен салыстырғанда 16 есе, астық шаруашылығына қарағанда 25 есе жоғары.
Өкінішке қарай, бұл саланың еліміз үшін аса маңыздылығы, денсаулық үшін пайдалылығы, экономикалық тиімділігі құзырлы органдар тарапынан ескеріле бермейді. Біз әлі де импортқа тәуелдіміз. Елімізге жылына 230 мың тоннадан астам бау-бақша өнімдері шеттен әкелінеді. Біздің нарыққа көршілес Өзбекстан мен Қырғызстанды айтпағанда, Түркия, Польша, Беларусь, Молдова, Әзербайжан, Қытай, Иран мемлекеттерінен жеміс-жидек тасымалданады. Тіпті Ауғанстаннан жылына 2 мың тонна жүзім сатып аламыз.
Еліміздегі бау-бақша дақылдарының өнімділігі өте төмен, гектарына 7-8 тоннадан аспайды. Ал бұл көрсеткіш Ресейде – 12, Өзбекстанда – 15, Польшада 25-30 тоннаны құрайды. Еліміздегі бар болғаны 8 алма өңдеу кәсіпорнының қуаттылығы 37 пайыз ғана қамтылған.
Бізде бау-бақша және жүзім шаруашылығын мемлекеттік қолдау нашар. Соңғы 15 жылда осы өндіріспен айналысатын 1500 шаруашылықтың 2,5 пайызы ғана жеңілдетілген несие алған, ал екінші деңгейлі банктер 2 жобаны ғана қаржыландырған. Осы аралықта өсімдік шаруашылығына бөлінген субсидияның 0,02 пайызы ғана бау-бақшаға бөлінген. Ауыл шаруашылығын дамытудың тұжырымдамасында да, өңірлік бағдарламаларда да бау-бақшаны интенсивті дамыту, өнімді сақтау, нарыққа делдалсыз шығару шаралары қамтылмаған. Бау басынан әр килограмы 150 теңгеге сатылған алмалар делдалдар арқылы бөлшек саудада 480-500 теңгеге сатылып жатыр. Яғни бау мен базар арасындағы бағаның айырмашылығы 3,5 есе», дей келіп, сенатор еліміздің ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырудың негізгі бағыттарының бірі ретінде бау-бақша шаруашылығын интенсивті дамытудың нақты салалық бағдарламасын әзірлеп қабылдауды, соның ішінде бау-бақшамен айналысуға қажетті жер телімдерін алудың оңтайлы жолдарын және басқа да тиімді шараларды қарастыруды ұсыныпты.
Үкімет бау-бақша шаруашылығын дамытуға ғана емес, көкөніс өсіруге де тиісінше көңіл бөліп, бұл өзекті мәселені кешенді тұрғыда шешкені жөн.