Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйекте жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлік әрекеттер жиілеп кетті. Бұл мәселе жөніндегі ұстанымым белгілі: бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылуға тиіс. Осыған орай заңнамалық сипаты бар қосымша шаралар қабылдау қажет. Парламент пен Үкімет осы мәселені шешу жолдарын ұсынуы керек», деп еліміздің экономикалық дамуына теріс әсер етіп, азаматтардың іскерлік белсенділігін тежеп тұрған қауіпті құбылысқа ерекше көңіл бөлгені мәлім. Арада өткен уақытта Президент тапсырмасының орындалуы қалай?
Бұл ретте бір айта кетерлік жайт: еліміз нарықтық қатынастарға көшіп, жекеменшік шаруашылық құрылымдары көптеп пайда болған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары мен осы ғасырдың бас кезінде рейдерліктің «қара сұлбасы» бойынша жоғары жақта қолдаушысы жоқ талай кәсіпкердің табысты шағын және орта кәсіпорындарын парақор шенеуніктер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қолдауына сүйенген рейдерлер күштеп алып қойған екен. Олар осы мақсатпен тіпті біреудің бизнесін тартып алып, саудаға салатын холдингтер құруға дейін барып, қылмыстық «кәсіппен» жүйелі түрде айналысқан көрінеді. Ал кейінгі жылдары мұндай тым дөрекі «қара рейдерлік» күрт азайып, есесіне, сырт көзге «бәрі заңды» сияқты алдамшы әсер қалдыратын, негізінен, ірі компанияларды олардың басшыларына корпоративтік шантаж жасау арқылы тиімсіз шартқа қол қойғызу сияқты жолмен иемденіп алуды көздейтін «ақ рейдерлік» пен көбінесе шағын және орта кәсіпорындардың құжаттарын қолдан жасап, мемлекеттік органдардың басшы қызметкерлеріне пара беру арқылы біреудің бизнесін заңды белден баса иемденіп кететін «сұр рейдерлік» белең алған. Мұндай қитұрқысы көп қылмыстарды әшкерелеу де оңай емес екен.
Осыған орай, Президент тапсырмасына сәйкес Парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң әзірлеп, оған Мемлекет басшысы 2021 жылғы 2 шiлдеде қол қойды.
Бұл заң Қылмыстық кодекстің рейдерлік туралы 249-бабының шын мәнінде тек «ақ рейдерлікке», яғни корпоративтік дауларды реттеуге арналған бұрынғы нұсқасын айтарлықтай толықтырып, осы қылмыс түрлері үшін белгіленетін қылмыстық жауаптылықты анағұрлым күшейтті. Атап айтсақ, онда азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен мүдделеріне елеулі зиян келтіруге алып келген жиналыстың, отырыстың хаттамаларына дауыс берушiлердiң саны немесе дауыс беру нәтижелерi туралы көрiнеу анық емес мәлiметтердi енгiзу, жалған сенiмхатпен акционердiң, қатысушының немесе басқару органы мүшесiнiң атынан дауыс беру жолымен дауыс беру нәтижелерiн қасақана бұрмалау арқылы бағалы қағаздарды артықшылықпен сатып алу құқығын бұзу, заңды тұлғаның құрылтай құжаттарын, мөрлерін ұстап қалу жолымен оны басқаруға қасақана кедергілер келтіру арқылы сол заңды тұлғаға қатысу үлесіне меншік құқығын, оның мүлкі мен бағалы қағаздарын заңсыз иемдену – мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару құқығынан екi жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе мүдделеріне елеулі зиян келтіруге алып келген құқық қорғау органдарының, бақылаушы немесе өзге де уәкілетті органдардың заңды тұлғаға қатысты тексерулер ұйымдастыруы немесе оларға бастамашылық жасауы, шектеу, тыйым салу шараларын қабылдауы не сот тәртібімен қабылдау нәтижесінде меншік иесін осы заңды тұлғаны, оған қатысу үлесін, бағалы қағаздар мен өзге де мүлікті иеліктен шығаруға мәжбүрлеу жолымен сол заңды тұлғаға қатысу үлесіне меншік құқығын, оның мүлкін немесе бағалы қағаздарын заңсыз иемдену – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Аталған қылмыстар адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; бiрнеше рет; қызмет бабын пайдалана отырып жасалса – мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Осындай іс-әрекеттерді қылмыстық топ жасаса – мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан он жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, ал мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берiлген адамдар жасаған болса – мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, сегіз жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғау мақсатында Қылмыстық-процестік кодекстің 105-бабына түзету енгізіліп, олардың өздерін ұстап алу, күдікті деп тану, лауазымынан шеттету, санкцияланбаған қарап-тексеруді, тінтуді, алуды жүргізу, мүлікке билік етуін уақытша шектеу, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауын тоқтата тұру кезіндегі заңды бұзушылық туралы шағымдары алынған кезінен бастап үш тәулік ішінде қаралуға жататын болып шешілді. Прокурорларға сотқа дейінгі тергеудің мерзімін қайта қарап, ақылға сыятын уақыт белгілеу құқығы берілді. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған өзге де шаралар қарастырылған.
Алайда өткен жылы қолданыстағы заңнамаға рейдерлікке қатысты енгізілген өзгерістердің іске асырылуы әзірге көңіл көншітпейді. Өткен жылы тек Қарағанды қаласындағы бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылтайшыларының арасындағы дау-дамай бойынша жергілікті құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің 249-бабы («Рейдерлік») бойынша қозғаған қылмыстық іс кейін 385-бабына («Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, мемлекеттік пошта төлемі белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу») ауыстырылыпты. Ал «Рейдерлік» бабы бойынша 2016 жылы 1 адам ғана сотталған. Одан кейінгі жылдары осы қылмыс деректері бойынша бірсыпыра іс сотқа жолданғанымен, кінәлілер анықталмаған. Сондықтан да болар, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің былтырғы жылғы есебінде бірқатар қылмыс түрлерінің нақты саны көрсетілгенімен, рейдерлік туралы ешқандай мәлімет жоқ. Мұның өзі «Еліміздің құқық қорғау органдары Президентіміз «мемлекетке қарсы қылмыс» деп санап отырған келеңсіз құбылысты әшкерелеуге құлықсыздық пен дәрменсіздік танытып отырған жоқ па?..» деген күмәнді ойға жетелейді. Шынтуайтында, Мемлекет басшысы айтқандай, шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлік әрекеттер жиілеп кеткені анық. Мәселен, 2020 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына рейдерлік деректері жайлы 13 кәсіпкерден шағым түскен. Ал рейдерлердің қорқытып-үркітуіне шыдамай, өз қолымен құрған, маңдай терімен өркендеткен бизнесінен айдың-күннің аманында айырылып қалған жандардың саны қанша екені бір Аллаға ғана аян.
Бұған қоса, кейінгі кездері «сенгенінен сүйенгені күшті» кейбір байлар арам жолмен тапқан миллиондаған-миллиардтаған доллар қаражаттарын бұрынғыша шетелдерге жылыстатудан тайсалып, отандық табысты компанияларды арзанға сатып алуға көшіпті. Мысалы, бұдан бірнеше жыл бұрын астанадағы өз байлығын жарияламайтын, құрығы өте ұзын олигархтардың бірі Көкшетауда сыртында ешқандай «көкесі» жоқ, адал да қажырлы еңбегімен бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкерге өз өкілдерін жіберіп, «компаниясын сатпаса, алдағы уақытта мемлекеттік органдардың тексерістерінен көз ашпай, жағдайы өте қиындайтынын» жұқалап жеткізіп әрі «аса ренжімейтіндей» қаржы ұсынып, ісі оңға басып тұрған компанияны оп-оңай иемденіп алыпты. Ал туған елінде көрген осындай озбырлыққа қарсы іс-қимыл жасауға батылы жетпеген бизнесмен енді мұнда жаңадан өндіріс ашып опа таппаспын деп түйіп, көршілес Ресейге қоныс аударып, қазір сондағы жолдастарымен бірге қарекет қылып жүрген көрінеді. Сол сияқты бертінде Солтүстік Қазақстан облысында саудасы жүріп тұрған дүкендер желісін құрған кәсіпкерге де елордадан бір «биязы» рейдер келіп, дөңгелеп тұрған бизнесін қудалаумен қорқытып «сатып алғандығын» жергілікті жұрт «жыр» қылып айтып жүр. Өкінішке қарай, қолданыстағы заңнамада рейдерліктің мұндай түріне тосқауыл қою шаралары көзделмеген болып шықты. Әлде, «биязы» рейдер қылмыскер емес пе?..