Қазір арнасы ортайып, суалып сұлқ түскен Сырдария анда-санда тіршілік белгісін байқатып, әлсіз ғана бүлкілдеп жатқан қан тамыры сияқты. Әсіресе, жазда жылғаға айналып кете жаздаса да қайран өзен ел өзегін жалғауға жарап тұр. Жылда қаңтардың аяғында облыстың Шардара мен Көксарайдан алатын су лимиті белгілі болып, соған сәйкес өңірде егілетін күріш пен басқа да дақылдардың аумағы нақтыланатын. Биыл аймаққа жететін су көлемі наурыздың аяғында ғана анық болатын сияқты. Осыдан да күн жылып, жер жіпси бере далаға қарайтын диқандар әлі дайындыққа кірісе алмай дағдарып отыр. Су мамандарының болжамы да көңіл қуантып тұрған жоқ. Олардың айтуынша, осы жылы дария арнасы былтырғыдан да төмендей түсетін түрі бар.
Өңірде су тапшылығының алдын алу мақсатында арнайы жол картасы әзірленуде. Оның аясында 65 жобаның жүзеге асырылуы жоспарланған. Оның жиырмасы 2022-2025 жылдар аралығында жүзеге асуы керек. Биыл облыстық бюджет есебінен 157,1 шақырым болатын 20 канал тазаланады.
Жоғарыда орналасқан су қоймаларының жағдайы да мәз емес.
– Қазір Тоқтағұл су қоймасына 7,9 млрд текше метр су жиналды. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл 1,2 млрд-қа кем. Шардара су қоймасындағы көлем – 4,8 млрд. Өткен жылы дәл осы уақытта Көксарайда 1,3 млрд текше метр су болған. Биылғы тапшылықтан бұл су реттегішке су жиналған жоқ, – деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Сейітхан Әбуов.
Тапшы судың әр тамшысын санап, облыстағы көлдер жүйесін толтырып алудың да қамы ойластырылған. Қаңтар айының соңынан Қызылорда қаласы, Сырдария, Жалағаш аудандарындағы көлдер жүйесіне су жіберілді. «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров Үкімет резерві есебінен республикалық меншіктегі 17 каналға механикалық тазарту жүргізу жобаланып отырғанын айтып өтті. Арналарды тазартудан бөлек егілген дән судан қалмас үшін қашыртқы суды қайта пайдаланудың да амалдары қарастырылып жатыр. Осы мақсатта облысқа республикалық бюджет есебінен 67 насос алуға сұраныс беріліп, қажетті қаржы көлемі ұсынылды.
– Былтыр жазда Арал ауданындағы Аманөткел ауылы тұсынан дария арнасы уақытша бөгеліп, айтарлықтай тартылып кеткен Ақшатау-Қамыстыбас көлдер жүйесін толтыру қолға алынған. Біздің есеп бойынша содан бері Ақшатау көлдер жүйесіне Ақшақыз, Аққой каналдары арқылы 360 млн, ал Қамыстыбасқа Жасұлан, Қулы арналарымен 236 млн текше метр су жеткен. Енді аудан әкімдігі осы жиналған көлемді ұстап тұрудың қамын жасап жатыр, – дейді «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.
Дария арнасы қалыпты кезде облысқа вегетациялық кезеңде 5 млрд текше метрдің үстінде су бөлінетін. Былтыр бұл көлем 4,1 млрд-қа түсті. Биылғы болжам өткен жылдағыдан да аз. Бар болғаны 3,3 млрд текше метр төңірегінде тұр. Шардара су қоймасына суару маусымында қосымша 2,1-2,3 млрд текше метр түссе ғана осы болжанған суға қол жеткізуіміз мүмкін.
Облыс аумағына секундына 480-520 текше метр су жеткеннің өзінде тапшылық тартатынбыз. Осы жылы 380-400 текше метр болады деген болжам бар. Вегетация кезеңінде Сырдария, Жалағаш пен Қармақшы аудандарын суландырып отырған Шіркейлі каналы арқылы 220-228 текше метр жіберілетін. Ал биылғы болжам 175-180 текше метр. Былтыр аймақтың бренді саналатын күріш 84 мың гектарға егіліп еді. Осы жылы бөлінетін су 64 мың гектар күріштік алқапқа ғана жетеді.
Осыған байланысты мамандар қазір аудандарды аралап, егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен кездесіп, күрішті суды аз «ішетін» дақылдарға алмастырудың жолын ақылдасып жатыр. Бірақ диқандардың көбі бұл ұсынысты мақұлдап отырған жоқ. Өйткені өңірдегі егін шаруашылығы күрішке негізделген. Әртараптандыру арқылы жаңа дақыл еккенмен де оны жинайтын техника жоқ, жинағанның өзінде өнімді өткізетін жер іздеп сабылатыны тағы бар. Күріш көлемін қысқартса, лизингке алған техника мен банк алдындағы несиесін өтеудің қиындап кетерін айтып отырған диқандар дәлелімен келісетін де тұстар көп.
Әйтеуір, дария арнасы биыл да төмен, ел көңілі елең. Несібесін жерден терген жұрт жоғарыға үмітпен қарап отыр.
Қызылорда облысы