Жыл басы – Наурыз «мұнайлы астанаға» жағымды жаңалығымен келді. Өткен жұма күні Атырауда мұнай өнімдері өндірісінде қолданылатын катализаторларды тестілеуден өткізетін Қазақстандағы алғашқы арнайы зертхана ашылды.
Жаңа зертханада заманауи жабдық орнатылған. Ол FCC каталитикалық крекинг катализаторы үлгілерінің химиялық құрамын, үстіңгі қабатының аумағын және басқа да физикалық қасиеттерін анықтайды.
Каталитикалық крекинг процесі мұнайды терең өңдеуді қамтамасыз етеді және мазут пен вакуумдық газойлды өңдеу есебінен бензин мен сұйытылған газды өндіру көлемін ұлғайтады. FCC катализаторы сынамалары талдамасының нақты және уақтылы алынған нәтижелері отандық мұнай өндіру зауыттарының (МӨЗ) жоғары сапалы мұнай өнімдерін өндірудің технологиялық процесіне шұғыл өзгеріс енгізуіне мүмкіндік береді.
Осы уақытқа дейін отандық МӨЗ-дер катализатор сынамаларын еуропалық зертханаларға жіберіп келген еді, ал олардың қорытындысын алу ұзақ уақытқа созылатын. Жаңа зертхана ашылғаннан кейін талдау қорытындысын алу мерзімі екі күнге дейін қысқарады.
Зертхана америкалық W.R. Grace & Co компаниясы (Grace) және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (ҚМГ) құрған бірлескен кәсіпорын аясында ашылды.
Айта кету керек, Grace компаниясының негізі 1854 жылы қаланған. Ол катализатор өндіру бойынша әлемдік көшбасшы болып саналады. Қазіргі кезде Еуропа нарығының 63 пайызын және Таяу Шығыс нарығының 100 пайызын иемденіп отыр. Компания әлемнің 40 елінде жұмыс істейді және FCC катализаторын өндіретін 7 зауыты бар.
Әлемге әйгілі компанияның бір жарым ғасырдан асатын тарихы қызғылықты. Оны Ирландияда туып-өскен 22 жастағы Уильям Рассел Грейс Перуде құрып, арада 11 жыл өткенде Нью-Йоркте бас кеңсесін ашқан. Бизнесмен кейін саясатпен де айналысып, Нью-Йорктің католиктердің арасынан шыққан алғашқы мэрі атанған. 1904 жылы, 72 жасында дүниеден озған соң, оның орнын бірге қызмет атқарған інісі Майкл басып, компанияның құрылымын әлдеқайда кеңейте түскен. Ал компанияның негізін қалаушының немересі Джозеф Питер Грейс 1945 жылы басшылық тізгінін өз қолына алып, АҚШ-тағы мұнай ұңғымаларын орнататын аса ірі флотқа ие болған, әлемдегі ең ірі мал шаруашылығын, какао-бұршақ өнімдерін өндіретін компанияны және басқа да бірқатар өнеркәсіп орнын басқарған. Ол гендік инженерия мен гендік терапияның пионері атанып, Вашингтонда зерттеу орталығын құрған. 1954 жылы компания арнаулы химикаттар мен материалдар нарығына шығып, 2016 жылдан бері катализаторлар өндірумен де айналыса бастаған.
Атырауда ашылған бірлескен кәсіпорында қазақстандық мамандар еңбек ететін болады. Grace компаниясы оларды озық технологиялармен жұмыс істеуге оқытуды өз мойнына алып отыр.
Сондай-ақ қазіргі уақытта Grace және ҚМГ Қазақстанда мұнай өңдеу саласында қолданылатын катализатор өндіретін толық циклді зауыт салу перспективасына бағалау жүргізіп жатыр. Бұл отандық шикізатты пайдалану және логистиканың арзандауы есебінен катализатор құнын төмендетуге мүмкіндік бермек.
Бұған қоса, Атырауда жаңадан ашылған зертхана мұнай саласының мамандарын сапалы даярлауға септігін тигізбек. Осы мақсатпен оның базасында студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі үшін қазақстандық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнату мүмкіндігі пысықталып жатыр.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Атырауда ашу жоспарланған зертхананың іске қосылуы – Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жүйелі жалғасын тауып жатқанының тағы бір айғағы іспетті.