Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауда айтқан Конституциялық сотты құру туралы ұсынысы – Жаңа Қазақстан үшін маңызы жоғары жаңалық. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болып, ХІХ ғасырдың 60-жылдарына қарай 80-ге жуық елде салтанат құрып үлгерген бұл институт бүгінде демократияның ажырамас белгісі ретінде қаралады.
Қазақстанның құқықтық жүйесі тұтастай алғанда континенталдық (романо-германдық) құқықтық отбасыға жатады. Соның ішінде романдық бағытқа келетін белгілері басымдау (ал ресейлік құқыққа германдық сипат көбірек тән). Романдық бағыттағы Франция құқығында Конституциялық әділ сот институты жоқ. Сондықтан оның орнына біздегі сияқты консультативті орган – Конституциялық кеңес жұмыс істейді. Анығында біз Франция тәжірибесін көшіріп алғанбыз.
Конституциялық сотты құру туралы мәселе қойылған тұста, қай елдің тәжірибесін ескеруге тиіспіз деген заңды сұрақ туындайды? Романдық дәстүрде бұл институт жоқ немесе аса жетіле қоймаған. Қалып отырғаны германдық бағыттағы елдердің тәжірибесі (Скандинав елдері бұл институттан бас тартқан), соның ішінде жақсы болсын, жаман болсын Зорькин, Тумановтар басқарған, әлі де басқарып келе жатқан Ресей тәжірибесі бар.
Жалпы юрисдикциядағы соттар өз алдына құқық нормасын түзе алатындықтан АҚШ секілді англо-саксондық елдер үшін конституциялық юстицияны әдейілеп құруға қажеттілік жоқ. Сондықтан бұл елдердің құқықтық моделі үлгі болуға келмейді. Десе де әділ сот, жалпы құқық туралы танымымыз эмпиризмі басым ағылшын-америкалық құқықтық мәдениетке көбірек туысатындықтан, оның фундаменталды заңдылықтары мен процессуалдық принциптерін (жарыспашылық, жариялық) сөзсіз ескеруге тиіспіз. Оның үстіне әлем ғана емес, құқық та жаһанданып, оның интеркоммуникативті сұлбасы күн өткен сайын кеңеюде.
Бұл мәселенің сондай-ақ екінші жағы бар. Тек шетелдік тәжірибені емес, әділ сот туралы қалыптасқан ұлттық құқықтық ой мен тұжырымдарды, тарихи-мәдениеттанушылық негіздерді тең ескеру қажет. Осылай қарағанда ғана құрылуы көзделіп отырған Конституциялық сот тиімді жұмыс істейтін институтқа айналады.
Конституциялық соттың басты артықшылығы, оның тек адам құқығын жоғары деңгейде қорғауында ғана емес, сонымен қатар Конституция нормаларын тікелей қолдануы және іске асыруы болып табылады.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, Конституциялық соттың корпусы негізінен академиялық сынмен қарай алатын құқық профессорларынан қалыптасады. Олардың шығарған шешімдерін, ондағы келтіретін концептуалды уәждер мен бейтарап негіздеулерін оқудың өзі неге тұрады?! Бұл түптеп келгенде отандық конституционализм мен конституциялық құқық ғылымының дамуына да үлкен серпін беретіні сөзсіз.
Конституциялық соттың корпусын қалыптастыруда Президент пен Парламент теңдей қатысқаны жөн. Қайсыбіріне басымдық беру сот тәуелсіздігіне нұқсан келтіруі ықтимал.
Құрамы 12 судьядан тұрғаны жөн. Бұл әлемдік тәжірибемен салыстыратын болсақ көп те емес, аз да емес, дәл ортасы болып шығады. Мәселен, бұл көрсеткіш Моңғолияда – 9, Бразилияда – 11, Испания мен Иранда – 12, Грекияда – 13, Польшада –15, Германияда – 16. Оның үстіне қазақтың әділ сот тарихында 12 биден тұратын хан кеңестері жиі кездесетін құбылыс. Мәселен, Шыңғыс ханның, Жәңгір ханның жанында 12 биден тұратын кеңестері болған деген дерек бар. Жаңа қалыптасып жатқан институт болғандықтан, азаматтар тарапынан жолданатын істер де көп болады, сондай-ақ Конституция нормаларын қолданудың соттық практикасын қалыптастыру да маңызды жұмыс.
Ендігі жерде Конституциялық соты бар елдің алдында тұрған кезекті міндет ол – Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотқа (ЕСПЧ) мүше болу. Қазақстанның бұған территориялық қана емес (Франция сыйып кететін Батыс Қазақстан облысы Еуропа континентіне жатады), юрисдикциялық та негіздемесі бар. Сондықтан Конституцияға отандық құқықтың егемендігін қамтамасыз ететін нормаларды алдын ала ескеріп енгізу қажет болады.
Қазыбек ДАУТАЛИЕВ,
заң ғылымдарының кандидаты,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы