• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Сұхбат 30 Наурыз, 2022

Айдар Махметов: «Әуесқой спортшыларға көрсетілетін коммерциялық қолдауды шектеуге болмайды»

348 рет
көрсетілді

Белгілі спорт қызметкері Айдар Махметов Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер спортын қаржыландыру мәселесі туралы ойларын бөлісіп, бірқатар ұсынысын ортаға салды.

– Сіз қазақстандық спорттың, соның ішінде бұқаралық, балалар мен жасөспірімдер спортының дамуы неге тоқтап қалды деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, бұл бізде ешкімнің ұзақ мерзімді перспективаны ойламауына байланысты. Шенеунік болып мәңгі отыра берем деу – қате пікір. Сондықтан нәтижені осы жерде және дәл қазір көрсету керек. Ал болашақтың негізін бүгін қалау үшін балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуды қолға алу қажет. Жеңістерге жету дәуірі тек бірнеше жылдық тынымсыз еңбектен кейін басталады. Министрдің немесе әкімнің жасаған жұмысының жемісін олар кеткеннен кейін басқа біреу пайдалануы мүмкін. Өкінішке қарай, бізде адамдар нәтижеге бірден қол жеткізгісі келеді. Біз мұндай көзқарастан бас тартып, бұқаралық, балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға ден қоюымыз керек. «Бұқаралық бұлқыныспен – шеберлікке!» ұраны ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. Жақын арадағы бірнеше олимпиаданың Қазақстан үшін табысты болуы екіталай екенін түсініп, мимен қабылдау қажет, есесіне елімізде спорт дами бастайды.

– Біздің спорттың әлемнің озық елдеріндегідей дамуына не кедергі келтіріп отыр? Спорттан еш­кім ақша табуды талап етпей­ді, керісінше, ол тұтасымен мем­ле­кет­тің мойнында емес пе?

– Шынында да, мемлекет спортқа жеткілікті қаржы бөліп жатыр. Мен дамудың негізгі кедергілерінің бірі – бір сәттік нәтижеге қол жеткізуге деген құлшыныс дер едім. Сондай-ақ қазақстандық спортта сыбайлас жемқорлық тамырын тереңге жайған. Бөлінген бюджеттің 20-40 пайызы пара беруге және басқа да бейресми төлемдерге кетіп жатыр деп ойлаймын. Бұл ешкімге құпия емес.

Жас мамандарды Қазақстанға білім алып қайтулары және елге пайдасын тигізулері үшін шетелдерге оқуға және тағы­лым­дамаға жіберу қажет. Мұндай білімді бәрі бірдей ала алмайды, білім алғанның өзінде елімізде оны қажетке жарата алатындар сау­сақ­пен санарлық. Ескі жүйе олардың дамуына жол бермейді, керісінше, қанаттарын кеседі, жанбай жатып сөндіреді.

Сонымен қатар елде спорттық инфрақұрылымның халі мүшкіл. Әсіресе өңірлерде жастардың бос уа­қытын спортпен өткізетін орындары жетіспейді. Жағдай жақ­сарып келе жатқан сияқты болып көрінгенімен, қарқыны біз қа­ла­ғандай емес. Оның үстіне балалар жаттықтырушыларының жа­лақылары төмен. Бұл мәселені тез арада шешіп, жаттықтырушының мәртебесін шұғыл көтеру керек.

– Мемлекеттік бюджеттен бір жылға бөлінетін қаражат неліктен бірнеше айдан соң таусылып қа­ла­ды?

– Бұл ретте кілтипан жоспарлау­да, дәлірек айтқанда, қаражаттың дұрыс бөлінбеуінде. Бұл сұраққа бір нақты спорт түріне сілтеме жасамай жауап беру маған оңай емес, бірақ мұндай проблеманың бар екені жасырын емес.

– Сіздің ойыңызша, Қазақ­стан­дағы спортқа жауапты шенеу­нік­тер мемлекет ақшасына неге соншама жармасып алады?

– Бюджетті бақылайтын адамның қолында үлкен билік болатыны сөзсіз, бір себебі осы шығар. Қаржы кранын ашып-жауып отыратын шенеуніктің есебі түгел, демеушілік инвестициялар түрінде қосымша қаражат тарту жөніндегі міндетіне аса бас ауыртпайды. Оған артық жұмыстың қажеті жоқ, мемлекеттік ақшаның үстіне жайғасып алып, өз қалауынша тарата береді. Бірақ біздің елде бұл тек спортқа ғана қатысты емес қой.

Меніңше, кез келген шенеунік мемлекетшіл болуға тиіс – ол мем­ле­кеттің мүддесін бәрінен жоға­ры қойып, өз орны мен бюджеттік ақша­ға жабыса беруін тоқтатып, зиян­ды пиғылдардан ада болуға тиіс.

Тағы бір айта кетерлігі, бізде спортшыларға демеушілердің қара­жа­тын ұсына алатын нарық жоқ. Бұл нарық мүлдем дамымаған, спортшылар мен жетекші брендтер арасындағы оңға басқан істер мен ынтымақтастық мысалдары мүлдем аз. Бұл, негізінде өте перспективалы бағыт және оны дамыту қажет. Спортшылар танымал болуға тиіс, сонда оларды дәріптеу де жұмысы жақсы жүреді, мұның өзі спорттың бұқаралық сипат алуына ықпалын тигізеді.                                               

– Сіздің ойыңызша, бизнес қа­зақ­стандық спортқа қаржы са­лу­ға неге құлықсыз?

– Бизнес әдетте инвестицияны өзіне пайдалы жерге салады. Оған қандай болсын бір спортшыны немесе команданы өзінің амбассадоры ретінде пайдалану, оның көмегімен өзінің бренді туралы хабардарлықты арттыру, өз өнімдерінің сатылуын жақсарту пайдалы болса, онда бизнес бұл салаға қуана келеді.

– Бұл тығырықтан шығудың жолы бар ма, әлде үміт жоқ па?

– Спортшылар мен командалар демеушілер үшін тартымды болуға тырысулары қажет. Ең алдымен, олар жұртшылыққа кеңінен танымал болуға тиіс. Бұл үшін спортты телеарналарда, интернетте, қоғамдық кеңістікте насихаттау жұмысы жүр­гізіледі. Мысалы, билбордтың көме­гімен көп адамға белгілі болуға болады. Адамдар өз заманының қаһар­мандарын танулары керек. Олар таныла бастағаннан кейін бизнес те көп күттірмейді. Мәселе мынада — бізде нарық кеңістігі тым тар, ол енді ғана пайда бола бастады. Бұл бағытта қыруар жұмыстар атқарылуға тиіс.

– Дегенмен, өз қаражатын қа­зақ­­стандық спортты дамытуға салғы­сы келетіндер бар шығар, олар­ға қайтарым ретінде не ұсы­ну­ға болады?

– Елімізде спортты дамытуға жұмсалатын қаражаттың басым бөлігін мемлекет бөліп отыр. Бірақ меценаттар – спортты шын сүйетін адамдар да бар. Негізінен, олар спортшылардың туыстары мен достары немесе жанкүйерлері. Бірақ Қазақстанда демеушілер тарапынан жүйелі қаржыландыру ісі қалыптаспаған. Негізінен, барлық демеушілік инвестиция ХОК арқылы өтеді, өйткені оған жаһандық брендтер қатысады. Бұл салада ынты­мақ­тастыққа жол ашу тек бірен-саран спорт жұлдыздарының ғана қолынан келді, олар – Илья Ильин, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Александр Винокуров.

– Сіз көптеген мәселенің шеші­мі ретінде атаулы көмекті қолда­ну­ға қалай қарайсыз? Нақтырақ айтсақ, бизнес өкілдері үшін де, спортшылар үшін де федерациялар, қауымдастықтар, әкімдіктер сияқты әртүрлі құрылымдарға жұты­лып кетпей, тікелей ынты­мақ­­тастық жасау әлдеқайда тиім­ді болар ма еді?

– Жоғарыда аталған әйгілі спортшылар федерацияларды айналып өтіп, жарнамалық келісімшарттарды тікелей жасаса алды. Бірақ тағы да айтайын, олар – ең үздік спортшылар, әлем және Олимпиада чем­пион­дары, олардың есімдері күллі жаһанға мәшһүр.

Сонымен қатар әуесқой спорт­шы­ларымыздың да жеке демеушілер іздеуіне шек қоюға болмайды. Егер, мысалы оны өзі тапса және осы демеушінің өнімдері бойынша ешқандай ескертулер немесе мүдделер қақтығысы байқалмаса, онда спортшы қаржыландыруды толығымен өз игілігіне пайдалануға құқылы болуға тиіс. Бұл жағдайда Федерация одан ешқандай үлесті талап етпеуі керек. Мұндай тәжірибе қа­зақстандық спортшылардың де­меу­шілер табуына мүмкіндік туғы­зар еді.

– Бүкіл әлемде букмекерлік кеңселер тарапынан спортшылар мен командаларға демеушілік ету тәжірибесі бұрыннан бар екені белгілі. Қазақстанда әлде бір себептермен букмекерлік кеңселердің табысы казино кіріс­терімен ұқсастырылған. Дегенмен егер адам спорттық іс-шаралардың нәтижесіне бәс тіге­тін болса, ол сүйікті спорт түрін қолдауға мүдделі деген емес пе? Бұл мәселеге көзқарасыңыз қан­дай?

– Шынында да, әлемнің барлық жерінде, әсіресе, соңғы жылдары демеушілер ретінде түрлі бук­мекерлік кеңселерді тарту тәжі­рибесі қалыптасқан. Айтпақшы, ол Қазақстанда да біртіндеп таралып келеді. Мен осы мәселені әлі жете зерттеп, өз пікірімді толық қа­лыптастырған жоқпын. Бір жағынан, олар спорттың дам­уы­на қомақты қаржы сала алады және салып та жатыр, екінші жағы­нан қарағанда, букмекерлік құмар ойынға жатады деуге болады.

– Ал сол букмекерлік кеңселер тара­пынан атаулы көмекті қан­дай да бір түрде жүйелеуге бола ма? Мысалы, оларға пайда­лары­ның белгілі бір пайызын Қазақ­стан­да балалар мен жасөс­пі­рімдер спортын дамытуға бағыт­тау­ды міндеттесек қайтеді? Сонда «қасқыр да риза, қой да аман» болмай ма, яғни мұн­дай ақша «құмар» деп аталмай, спортсүйгіш жандардың қам­қор­лығы болып саналмай ма? Немесе букмекерлік кеңселер бөлген қаражаттың біреулердің қалта­сына түсіп кетуіне жол бермеу үшін оны спорттық жарыс­тар­ды ұйымдастыру мен өткізу, жол жүру, тамақтану, жас спорт­шы­лардың жүріп-тұруына ақы төлеуге жұмсауды талап етсек ше?

– Егер букмекерлік кеңселер белгілі бір сомасын балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға жұмсайтын болса, онда мұндай ұйымдармен ынтымақтаса қыз­мет етуге болар еді. Оның үстіне букмекерлік кеңселерді өз табы­сы­ның белгілі бір пайызын спортты дамытуға бағыттауды міндеттеу дұрыс та болар еді.

Анықтама: Айдар Махметов, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері2010-2011 жылдары – «Астана» велокомандасының коммерциялық директоры.2012 жылғы 13 ақпаннан бастап — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ сыртқы және ішкі коммуникациялар жөніндегі департаментінің директоры.2013-2015 жылдары – «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының бас менеджері, қамқоршылық кеңесінің мүшесі.2017 жылғы 9 қаңтардан бастап — Қазақстан Республикасы ММА және панкратион ұлттық федерациясының құрметті президенті. KazSport телеарнасы Қоғамдық кеңесінің мүшесі.

 

Сергей САДЫКОВ

 

НҰР-СҰЛТАН