Елордадағы Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен «Түрік шайын таныту» іс-шарасын өткізді.
Мәдениет орталығының хабарлауынша, түрік шайы Анадолыға XVI ғасырдан бастап Қытайдан Жібек жолы арқылы тарала бастаған. Османлы мемлекетіне XVI ғасырда шипалы сусын ретінде әкелінген шай туралы 1731 жылы парсы тіліндегі «Рисале-и чай» атты еңбекте баяндалады. Батумиге жұмысшы ретінде барып келіп жүрген Ризе және Артвин халқы қайтқанда шай бұтақтарын әкеліп, оны бақшаларына еге бастаған. Кейін ормандық алқаптар мен қырларда да өздігінен өсетіні анықталды. Османлы мемлекетінің құзырлы мекемелері шайдың зияны жоқ екені дәлелденгеннен кейін өндірісіне де рұқсат берген. Ал Түркия Республикасы құрылғаннан кейінгі жылдары Ризе мен Трабзон облыстарында шай өсіру кешенді түрде экономиканың бір саласына айнала бастады. Ең ірі шай өндіру фабрикасының негізі Ризеде 1946 жылы қаланып, 1947 жылы шай тауар ретінде айналымға шыққан.
Айта кетейік, бүгінде шай – әлемдегі судан кейін ең танымал және көп қолданылатын сусын түрі ретінде түрік асханасының және мәдениетінің де ажырамайтын бөлшегіне айналған. Түркия әлем бойынша шай өндіруде төртінші, ал тұтынуда алғашқы орынды иеленеді. Сондай-ақ қазіргі күні Түркияда шамамен 1 миллион адам шай өндірісі нарығында еңбек етеді.
Аталған фестиваль аясында қатысушыларға түрік шайы, түрік симиті мен ірімшігі ұсынылып, түрікше әндер орындалды. Іс-шараға Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи, Парламент депутаттары, елордадағы дипломатиялық корпус өкілдері, университеттер ұжымы мен студенттер қатысты.