• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Пікір 01 Сәуір, 2022

Жаңару жасандылықтан арылудан басталады

211 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты жаңа Жолдауында биылғы қаңтар оқиғасы жайлы ашық сөз болды. «Депутаттарға және бұқаралық ақпарат құралдарына бәрі ашық айтылды. Қоғамды мазалаған сұрақтарға жауап берілді... біз ақиқатты айтуымыз керек. Бұл – менің жеке қағидатым», деген Президенттің сөз бен істің бірлігін дәлелдеуі, халықты тыңдайтын мемлекет құруға деген оң қадамы көңілге жақсы әсер етті.

Жолдаудың әр сөйлемін шұқшия оқуға тура келді. Бабаларымыздың «Іштен шыққан жау жаман» сөзі мысал­ға келтіріліпті. Жолдауда «Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды» делінген. Осы тұста «Сол белгілі адамдар кімдер?» деген сұрақ көңілде көлденеңдей береді. «Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасаса» бұл да ашық айтылуы керек деген ойдамын.

Әрине, Елбасының өткен отыз жыл ішіндегі еңбегін ешкім жоққа шы­ғара қоймас. Бірақ халық тарапынан оған таңылып жатқан кінәлар мен айып­тау­лар­дың бәрін терістеу билік пен жұрт­шылық арасын бітістіре түседі деген­ге сене қою қиын. Сол күндері Қауіп­сіздік кеңесі бұғып қалды. Кәрім Мәсімов неге сатқындық әрекетке барды? Міне, осы және басқа сұрақтар ел тағ­дырына алаң әрбір қазақстандықты ойланды­рып жүргені анық. Жолдауда «Біз теріс пи­ғылды адамдардың мемлекеттік төңкеріс жа­самақ болғанын нақты білеміз» делін­се, бұл жайындағы толық ақпаратты ел халқының тездетіп білгенін қалар едік.

Жолдаудағы мына жолдар көңілге үміт ұялатады: «Қағаз бетінде ғана жүзе­ге асырылған, бірақ шындыққа еш жа­нас­пайтын жалған табыстарға масат­танып отыратын заман келмеске кетті. Ха­лыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көз­бен көріп, қолмен ұстауға бола­тын оң өзгерістер керек». Солай болса жақсы ғой. Көңілімізде жүрген көп қы­жылды дөп басқан. Шындыққа жанас­пайтын жалған көрсеткіштер мен мәлі­мет­терді беріп отырған әртүрлі деңгей­дегі статистикалық құрылымдар. Сірә, кезінде оларға «жоқты бар етіп көрсету» тапсырмасы берілген. Олар ол жүктемені күні бүгінге дейін бұлжытпай орын­дау­ға әбден бойлары үйреніп кеткен. Ағат­тықты дәл сол күйінде көрсетпеудің зардабы қандай болатынын өмірдің өзі көрсетіп берді.

Жолдаудағы мына жолдарды көре­гендік деп бағалаймын. «Бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты. Бұл жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра ал­май­ды... Алдымызда Парламенттің рө­­лін күшейту міндеті тұр. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­да­масын табысты жүргізуге жол ашады».

«Барлық азаматқа бірдей мүм­кіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын. Президенттің өкілеттігі көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады». Өте дұрыс айтылып отыр. Шексіз билікте шекесі шылқығандар өздерінің негізгі міндетін, мемлекеттің тұтастығы мен бірлігіне жауапты екендіктерін ұмытып та кеткендей. Билікке шексіз қомағайлық, мақтау-мадақтауға малдану кімді болсын басқару тізгінінен айырылуына, айналасындағы сыбайлас топтардың уысынан шыға алмай қалуына апарып соқтыратынын өмірдің өзі, мына қаңтар оқиғасы анық көрсетті. Мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастау, мем­лекеттегі ең жоғары лауазымды тұл­ға­­ның қолында барлық өкілеттіктің шоғыр­­­лануы, оған жақын тұлғалар мен қар­жылық-олигархиялық топтардың ықпа­лын орынсыз күшейтетін де өт­кен уа­қыттың бізге көрсеткен шындығы.

Жолдауда өкілді билік тармағын қайта құру мәселесі кең қамтылған. «Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлау­ды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы ма­ңыз­­ды екеніне, ел өмірін жақсартуға ық­пал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутат­тар­ды аса тани бермейді»... Міне, көңіл­де жүрген ащы шындықтың бірі осы. Кезінде өзіміз бір шетінде жүрген жұмыс болған соң білетініміз, сайлауға келмеген адамдардың орнына өздеріне қажетті кандидатура үшін топтап бюллетень салып, өтірік сайлау өткізу жазылмайтын дертке айналды. Халықтың көптеген өкілінің «бірде-бір дұрыс өткен сайлауды көрген жоқпыз», деуі рас сөз. Әйтпесе, бүкіл Қазақстан бойынша бір кандидатураның 90 пайыздан аса дауыс жинауы ешқандай ақылға сыймайды. Демек өтірікті де ойланбай айтатын дәрежеге жеттік.

Жолдауда сайлау жүйесін жетіл­діру, партиялық жүйені дамыту мүмкін­дік­терін кеңейту, сайлау үдерісін жа­ңар­ту, құқық қорғау органдарын күшейту бойынша көтеріліп отырған мәселелер егер жергілікті жерлерде бұрынғы көз де, бой да үйренген таптаурын жасан­ды­лықтан арылып, шындыққа негізделіп жүргізілсе, жаңару мен жаңғыру жолына түсіп, Жаңа Қазақстан құрарымыз анық.

Жолдаудың жетінші бөлімінде бұ­қаралық ақпарат құралдарының да тың міндеттері белгіленген. «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек» делінген. Демек газеттердің үстінен қарап, ре­дак­­тор­дың билігіне қол сұғушы қан­дай да бір құрылымның болуы – бұдан әрі тиім­ділігін жоғалтатыны анық. «Жур­налистер өз еліне және азаматтары­на шынайы жанашыр болу­ға тиіс. Бұ­қара­лық ақпарат құрал­дары бекерден бекер «төртінші билік» атанбаса керек», делінген Жолдауда. Ендеше, «төртінші биліктің» өз құзыреті шеңберінде қанатын еркін жазатындай жағдайы болуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдаудың соңғы бөлігінде отандастарға арнаған сөзін­де: «Осы тұрақсыз, құбылмалы әлем­де Қазақстанымыз бізден басқа еш­кім­­ге керек емес. Сондықтан маған елім­нің амандығы мен жерімнің тұтас­ты­ғы­нан асқан құндылық жоқ... Бабалар ама­на­тына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз», деді. Бұл әрбір ел­жан­ды, саналы отандастың мәңгілік өзгер­мейтін жүрек үніне айналып, сол жол­да бірлігімізді көрсеткенде ғана жаңа Қазақ­станның жарқын бейнесін көре аламыз.

 

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері