Сыр бойына жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Жаңақорған ауданында шаруашылық нысандарын аралап, шаруалармен ортақ мәселелерді талқылады. Аққорған ауылдық округінде Түгіскен елді мекенінің тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ауыл азаматтарының «Түгіскен» тәжірибе шаруашылығына тиесілі 2 048 гектар жерді халықтың үлесіне бөліп беру жөніндегі талаптары ескеріліп, жерді толықтай аудан меншігіне қайтару туралы шешім қабылданды.
Облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықова әкімдік тарапынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы бірнеше рет ұсыныс жасалғанын айтып өтті. Енді шығын көлемі анықталып, тиісті сараптама жүргізіледі. Заңға сәйкес тарату комиссиясы құрылады, оның құрамына барлық мүдделі орган мен тұрғын кіреді. Қажетті рәсімдер жүргізілгеннен кейін тәжірибелік шаруашылық жойылып, оның жері жергілікті атқарушы орган теңгеріміне қайтарылады.
Министр мен әкім Қыркеңсе ауылдық округіндегі «Бекарыс-С» шаруа қожалығына барып, көктемгі егіс барысымен де танысты. Былтыр күріштен 57 центнерден өнім алған қожалық осы жылы жаңа сорт екпекші.
Осы күні аудан орталығында көктемгі егіс науқаны мен мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған жиын өткізілді.
«Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ басқарушы директоры Айгүл Жуанышбаева, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асылхан Жұбашев, аудандағы шаруашылық иелері қатысқан жиында облыс басшысы суды мейлінше аз қажет ететін өнім түріне ден қою, Үкімет бекіткен су лимитіне қарай әрекет ету, каналдарды тазалау, насос қондырғыларын орнату бағытындағы жұмыстарды саралады.
– Биыл да өткен жылғыдай су тапшылығын тартатын түріміз бар. Бұл егінмен қатар жайылымдықтар мен шабындықтарды суландыруға әсер ететіні сөзсіз. Осыған байланысты Үкімет резервінен бөлінген қаражатқа 21 канал тазалап, 52 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, 133 дана насос қондырғысын алу жоспарымызда бар. Осыған байланысты елдегі шаруалармен кездесіп, лимит аясында егілетін өнім көлемін нақтылауда ортақ шешімге келу үшін талқылаулар ұйымдастырдық. Оңтүстік аудандарда көкөніс шығымы жоғары. «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен бірлесіп, қажетті картоп, сәбіз, пияз және басқа да өнімдерді егіп, тұрақтандыру қорына ұсынып, сырттан өнім алуға деген тәуелділікті азайтуға жұмыс істегеніміз жөн, – деді Г.Әбдіқалықова.
Жиында тиісті басқарма басшылары вегетациялық кезеңде іске асырылуға тиіс жұмыстар жоспарын баяндаса, Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов егіске дайындық барысын айтып, Келінтөбе магистралды каналының бас сағасына су тоспасын салуды ұсынды. Бірқатар шаруа қожалық иелері субсидия алу, жемшөп тасымалдау, су қорына қатысты сауалдар қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Басқосуда көтерілген әрбір ұсынысты тыңдай келе Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қаршөкеев шаруаларды алаңдатқан мәселелерге қатысты нақты жауап берді.
– Биыл Президент тапсырмасы негізінде көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін қаражат көлемі ұлғайды. Біріншіден, «Кең дала» бағдарламасы арқылы жыл сайын 70 млрд теңге қаражат бөлінсе, осы жылы соны екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік алғалы тұрмыз. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы форвардтық сатып алу үшін жыл сайын 40 млрд теңге бөлінсе, оның көлемін 80 млрд теңгеге ұлғайтып жатырмыз, – деді министр.
Биылғы күрделі кезеңді ескеріп, субсидия алу тәртібінің жаңа ережесі келесі жылдың 1 қаңтарына қалдырылды. Демек субсидия ескі жүйе бойынша беріледі. Осы жылы бұл үшін 309 млрд тенге ақша қарастырылған еді. Президент тапсырмасына сәйкес қаражат көлемін 388 млрд теңгеге ұлғайту туралы ұсыныс берілді. Министр бұл былтырдан қалған қарызды өтеуге мүмкіндік беріп, ауылшаруашылық өнімінің бағасын тұрақты ұстауға септігін тигізетінін атап өтті. Сонымен бірге, субсидиялаудың бірыңғай ақпаратын енгізетін жаңа жүйе дайындалды. Енді фермерлерден артық құжат талап етілмейді. Барлығы автоматты түрде іске асырылады.
Сапар соңында Ербол Шырақпайұлы Шиелі ауданындағы «Мөлдір және К» серіктестігінің құс фермасына барды. Кәсіпкер Насырбек Мырзабеков «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несие алып, өндіріс орнындағы екінші цехты іске қосқан. Тәулігіне 20 мың дана жұмыртқа алатын фермада алдағы уақытта құс етін өндіру жоспарланып отыр.
Қызылорда облысы