• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Бизнес 03 Сәуір, 2022

Әлеуметтік кәсіпкерліктің жүгі ауыр

516 рет
көрсетілді

«Әлеуметтік кәсіпкерлік: қоғам мен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер» атты Ақтөбеде өткен жиынға Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары мен елорда кәсіпкерлері, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының қатысушылары, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар қатысты.

Әлеуметтік кәсіпкерлік – қоғамның ең әлсіз топтарын белгілі бір кәсіпке баулу және осы азаматтар өндірген тауар мен көрсеткен қызмет түрлерін сатуды ұйымдастыру. Соңғы өзгерістер бойынша әлеуметтік кәсіпкерлікпен айна­лысушылар үшін төрт санат енгі­зіл­ді. Елімізде қайырымдылықпен ай­налы­сып жүрген кәсіпкерлер қата­­ры көп болса да, олардың бәрі бір­дей әлеуметтік кәсіпкерлер емес. Әлеу­меттік кәсіпкерлердің негізгі мақ­са­ты – қиын жағдайға тап болған адам­дар­дың белгілі бір кәсіп түрін меңгеріп, қо­ғамның толық мүшесі болуына жәр­демдесу. Мұның мысалдары да көп. Жиында 30-дан астам тұрғынды жұмыспен қамтып отырған Бағдагүл Мырзағұлова өз тәжірибесін ортаға салды. Ол 2015 жылы «Келешек» тігін цехын ашып, жұмысқа тек мүмкіндігі шектеулі жандарды ғана қабылдаған. Алғашқы күннен бастап мүгедектігі бар жандар мен түрмеден жазасын өтеп шыққандарды жұмысқа тұрғызу мақсатын көздегенін айтады.

«Бір күні қоғамдық көлікте келе жатып, жанымда отырған ері мен әйелінің өзара ыммен ұғысып келе жатқандарын көрдім. Сол жерде маған бала-шағасын қалай жеткізеді, бізде тілдік ортаны қажет етпейтін қандай жұмыс бар деген ой келді. Ерекше адамдарды тігіншілікке үйрету керек деген шешімге келдім. Көп кешікпей тігін цехын ашып, мүгедек екі әйелді жұмысқа алдым. Бүгінде цехымыз кеңейді, әжеп­тә­уір ғимарат сатып алдым, онда 27 тігінші, киім пішуші жұмыс істейді. Осы кезге дейін ешқашан қолына ине ұста­маған 19 адамды кәсіпке баулысам, олардың екеуі түрмеден жазасын өтеп шыққан жандар. Қазір біздің цехта 16 мүмкіндігі шектеулі азамат, екі түрмеден жазасын өтеп шыққан әйел, бір көпбалалы жалғызбасты ана тұрақты жұмыс істейді. Қазір олар тігінді жақсы меңгеріп алып, еш қо­рық­­пастан тапсырыс­тар алып жүр. Енді Ақтөбе облысының аудандарында шағын бөлімшелер ашып, жазасын өтеп шыққандар мен мүгедектігі бар жандарды жұмысқа алмақпын. Ақтөбедегі түрмелердің бірінен де шағын цех ашу ойымда бар», дейді Бағдагүл Мырзағұлова.

Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе облы­сында 6 мың мүгедек бала, 27 мың ересек мүгедек бар. Өкініштісі, туа­­біт­ті мүгедектігі бар сәбилер қата­ры жыл сайын көбеймесе, азайып жат­қ­ан жоқ. Өз күшімен жүріп-тұра алатын жандарды белгілі бір кәсіп түріне оқытып, жұмысқа қабылдайтын орта­лықтар көп емес. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыстарды көбінесе кәсіпкер әйелдер қолға алған. «Green Tal» әлеуметтік шеберханасының негі­зін салушы, Әлеуметтік инноватор­лар ас­социациясының жетекшісі Әмин Әскеровтің айтуынша, елімізде әлеу­мет­тік кәсіпкерлік жүгін мойнына көте­ріп жатқан негізінен қыз-келін­шек­­теріміз.

«Бұл жерде кәсіпкерлер қайырымды іс жасаудан өзара бәсекелес болуы керек. Сонымен қатар әлеуметтік кәсіп­керлікті дамыту бойынша өңірара­лық жақсы байланыстар орнауға тиіс. Біз өзара тәжірибе алмасып, қоғамға толыққанды мүше ретінде кіре алмай, жабығып жүрген жандарға қолдау көр­се­ту жөнін­де ортақ шешімге кел­ге­німіз жөн. Қазір­гі уақытта мем­ле­кетіміз әлеуметтік кәсіп­керлікке қол­дау көрсетуге әзір. Арна­йы заң да бар. Алайда осы заңның шикі тұс­т­ары көп. Бүгінде депутаттар да, Үкі­мет те әлеуметтік кәсіпкерлік заңын жетілдіруді мақұлдап отыр. Оның қамтылмай жатқан тұстары мен шикі­­лігін анықтап, жетілдіру үшін жұрт­­шы­лықтың көмегін күтеміз. Осы мақ­­сатта, ең алдымен еліміздің әр өңірін­дегі әлеуметтік кәсіпкерлер мен үкі­мет­тік емес ұйымдардың кеңесі керек. Ұсыныстар легін ел Үкіметі естуге әзір. Жақында мемлекет пен әлеуметтік кәсіп­керлер арасындағы диалог алаңы – рес­публикалық Әлеуметтік инноваторлар ассоциациясы құрылды. Оған еліміз­дің кез келген азаматы мүше бола алады», деді Әмин Әскеров.

Әлеуметтік кәсіпкерлікке қатысушы қыз-келіншектер ашатын көбінесе тігін цехтарынан өзге қандай тың кәсіп түрлері бар, осы кезге дейін қоғамда қай салаларды қамти алмай отырмыз? Жиынға қатысушылар басқа мемле­кет­тердің тәжірибесін зерттеуді және еліміз бойынша осы салаға мониторинг жүргізуді ұсынды. Ең бастысы, әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарына салық жеңілдігін беру.

Әлеуметтік кәсіпкерлердің алдын­да тұрған ең басты кедергі – өнім өткі­зу, маркетинг жұмысын жолға қою. Осы жағынан «Атамекен» ҰКП ма­ман­да­ры барынша қолдау көрсетіп, әлеу­меттік кәсіпкерлік бағыты бойынша өңір­лер арасында байланыс орнату мен тә­жіри­бе алмасуды қолға алмақ.

Бүгінде әлеуметтік кәсіпкер болу оңай емес. Осы істі ұйымдастырушы жан төзімді, ақылы мол, психолог, жү­ре­­гі кең, патриот болуы керек. Өйт­кені оның соңында бірнеше денсау­лы­ғы нашар, әлжуаз адам тұрады, ісін лайықты атқара алмаған жанды жұ­мыс­тан шығарып жіберуге болмайды. Бірнеше жанның тағдырын мойнына алған кәсіпкер осы істі орта жолдан үзіп, тастап кете де алмайды. Сол себеп­ті де осы салаға бірыңғай пайда табуды мақсат еткендер емес, қайырымдылық жасау арқылы қоғамды өзгерткісі келетіндер барады. Қоғамнан орын таба алмай жүрген әлжуаз жандарға көмек қолын созып, олардың бойындағы ашылмаған мүмкіндіктерін аша білу үлкен жүректі жандардың ғана қолынан келері анық.

 

Ақтөбе облысы