• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Әдебиет 03 Сәуір, 2022

Ақын образы

168 рет
көрсетілді

Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Мұқағали туралы кинофильм түсіру көрнекті кинорежиссер Болат Қалымбетовтің пешенесіне бұйырған екен.

Қырмызы қырда аты аңызға айналған, қала жұртшылығына кеңінен танымал кемел ақын образын, шалқар шайырдың көркем бейнесін экранда түзу – қиынның қиыны.

Біз жұмыстың мінсіз қалыптаған, үздік сомдаған деңгейін көрдік. Әдетте, өнерпаз жайлы шығармалар, өнерпаздың өзі – бұталардан буып жасаған қараған сыпыртқыдай қауқиып тұрады.

Бұл фильмде пафос жоқ екен, демек фальштан аман. Мұқағали – кәдімгі Мұқағали. Алматы да бұрынғы. Кезінде атақ-даңқы дүркіреген архитектуралық әдемі нысандар, сәулет өнерінің озық үлгілері, Опера және балет театры, кең, ұзын даңғылдар, сылдыраған арықтар, өтіп бара жатып төбеден төгіп-төгіп жіберген өткінші қара нөсер жаңбыр, ізін ала жарқырап шыққан күн, сосын... жапырақтар, жапырақтар, қызылды-жасылды, сан түрлі сәкілер, бәрі жиылып Мұқағали өмір сүрген ортадан, қала бульварларынан, шаһар кейпінен хабар береді. Қолмен тізгендей кіршіксіз кадрлар күзде, қыста, көктемде көңілге жұбаныш, Сізді жалғызсыратпайды. Фильмді көріп отырып көркем сурет көрмесін аралап келе жатқандай боласыз.   

Алмалары қыздай сұлу, ағаштары ғарыштай биік. Әсілі, Алматыда төмен дүние, аласа нәрсе жоқ, жан-жақ, айнала тегіс – аспандай асқақ, тарихқа толы, заманымыздай заңғар. Камера үлбіреген дүниені үлбірге сыйғыза білген. 

Әр кадрда Алматыдай тұнық, Алма­тыдай мөлдір – шексіз дүние. Ақын туралы баян. Бұл фильмнің поэтикасы шайырдың поэзиясындай аяулы, ажарлы, албырт. Әлемдік деңгейдегі әшекейлі фильм. Жанры – әдемі кино. Сымбатты.

Дүниеге деген ақындық көзқарас. Мұқағалиды бәрі­міз де білеміз, мәселені қиын­дататыны сол: көруге, тамашалауға аттанға­ндар тарихи деректердің түпнұс­қадан ауытқуына қарсы, режиссердің мақсатында шаруасы жоқ, жалған ақпар-мәліметті жібермеуді өзіне міндет санайды. Олар – Мұқағали мұрасына адал қара орман қалың оқырмандары, ақын өнерін өзгермейтін постулаттай көреді. Ілімге балайды, ілкіге теңейді.

Рас, Мұқағали – поэзия символы, әр өлеңі санатта, тізімде, есепте. Бірақ режиссер көп нәрсені емеурінмен, тұспалмен айтып кетеді, бұдан фильм әсері күшейе түседі, автор туындының жалпы талабын, ортақ талғамын бұзбайды, табанды, өз әдіс-тәсілін қызғыштай қорғайды, асыл ақынның жаңа образын сомдайды. Экрандағы Мұқағали – көп Мұқағалидың эстетикалық биігінің бірі. Жақсының мұрагері, таланттың жалғасы. Шәрдің шайыры бір қырынан, тіпті жаңа қырынан ашылады. Ірі планда конъяк ішіп, қораптан сигарет алып жатқаны күллі көрерменді дүр сілкіндірер еді, еліктіріп, желіктірер еді, бірақ онда фильмнің мақсаты ауысып кетері сөзсіз, режиссер байыпты, байырқалы жолды таңдап алды, адасқан жоқ, автор таза эстетикаға қызмет еткені көрініп тұр, кейіпкерін тұрмыстың ұсақ-түйек келеңсіз жайттарымен былғамайды, киногер о бастағы, фильм идеясынан туған алғашқы мұратына адал, әр кадр не эпизодымен ақын бейнесін асқақтата түседі, абыройын арттыра береді.

Мұқағалида жабық тақырып жоқ, тек тұр­пайылыққа (пошлость) деген қарсылық бар.

Бұл фильм дарақылықтан ада, айтпай кететін, түсіріп кететін жерлері жеткілікті, көрінісі – тілі. Ұлттық кино, демек мемле­кеттік. Елді танытатын, қазақты атын шыға­ра­тын қам-қаракет. Жүзеге асқан талпыныс.

Мұқағалидың ғұмырнамасы емес, философиясы.

Режиссер ақын образын жасамайды, ақынды көрсетеді, бізден айырмашылығы жоқ, бірақ ерекшелігі көп. Өлең жазады. Сөзге сенеді. Уәдеге берік...

Персонаж да ақын болып көрінуге тырыспайды. Өзіміздей – қуана да біледі, ренжи де алады.

Кадрда өлең жазып отырмайды, өмірдің метафизикалық мән-мағынасын іздейді. Ол ақиқатты іздеп келді, ақиқатты іздеп қайтты. Фильм осы туралы.

Гамлет құсап басын ұстап сахнада ерсі­лі-қарсылы теңселіп жүрмейді. Ол – мұхит. Үнемі ойдың үстінде, сөздің мұхитында. Өзі жазғандай өмірі – өзен. Санасы – өзен. Сана ағысында – жұмбақ дүниенің ақиқаты жүзіп, ұзап кетіп бара жатыр, күндердің күнінде, мүмкін, қайтып келе ме, кім білсін.

Бәрі анық емес, иррационализмге құрылған. Түгел түсінікті болса, кино түсіріп неміз бар.

Режиссер әсерді бір деңгейден асыр­маған да, түсірмеген де. Біресе жоғары жүйткіп, біресе төмен құлдиламайды. Стиль – тұрақты.

Ол баяу қалпында бейнелейді. Паң кадрлер көз алдыңыздан ақырын өтіп жатады. Әсілі, финалға асықпайды, финал – дүниенің басы. 

Мәңгі айналған дүние, шеңбер ішінде шектен шыға алмаған дүние, бірақ, шеңбер бойында шек бар ма, бірде тұйық, бірде жазық.

Бәріміз Мұқағалиды жақсы біл­ген­діктен, киноға кемшілік-қателіктерін іздеп келеміз. Бірақ ештеңе таппаймыз, бұл кинотуынды Болат Қалымбетовтің Мұқағалиы туралы.

 

Дидар АМАНТАЙ