• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Әдебиет 04 Сәуір, 2022

Шешендік өнердің өрісі кең

1848 рет
көрсетілді

Бүгінгі күні шешендік өнердің бұрыннан келе жатқан саяси, соттық, салтанат­ты көркем сөздер және діни уағыздар сияқты дәстүрлі салаларына акаде­миялық, іскерлік және көсемсөз (публицистика) тәрізді жаңа бағыттар қосылды.

Тұтастай алғанда, қазіргі таңда коммуникацияның қаншама саласы, тілдің функционалдық түрлері болса, соншалықты жеке риторикалар бар деуге болады. Шешендік ғылымының бөлініп кеткен ұсақ салаларын есепке алатын болсақ (мысалы: теледидардан шығып сөйлеу шешендігін көсемсөз шешендігінің қосалқы саласы ретінде қарастыруға болады) қазіргі риторика ғылымының қаншалықты күрделеніп, дамып кеткенін байқаймыз. Сонымен, шешендік өнерді, риториканы белгілі бір ойды қисынды дәлелдермен, көркем сөзбен ауызша және мәтін түрінде өзгелерге беру және оны қабылдап алу ғылымы деп кең мағынада түсінуге болады. Әрбір дәуірдің қоғамдық ақыл-санаға ең көп әсер ететін басым тілдік коммуникативтік бағыттары болады. Айталық, бұқаралық ақпарат құралдарындағы риторика, саяси және іскерлік (коммерциялық) риторика қазіргі заманғы шешендік өнерінің басым салалары болып отыр.

Дәстүрлі шешендік ғылымы – жалпы риторика және жеке риторика деп аталатын екі үлкен салаға бөлінеді. Жалпы риторика шешендік сөз сөйлеудің және оны құрастырудың әмбебап принциптері мен қағидаларын зерттейді. Жеке риторика тілдік коммуникацияның әрқилы түрлерінің ерекшеліктерін сөйлесімнің жағдаяттарымен, тілдің функциялары­мен және адам іс-әрекетінің салаларымен байланыстыра отырып қарастырады.

Сонымен қатар филология ғылымда­ры­ның докторы, профессор Г.Қосымова өзінің еңбегінде шешендікті өз алдына жанр ретінде қарайтын, бірақ оны халық ауыз әдебиетінің бір түрі билер сөзі деп есептейтіндермен де келіспейтінін хабарлайды. Шынымен де, шешендік өнерді «билер сөзі» деп қарастыратын болсақ, онда оны билер өмір сүрген және өздерінің шешен­дік сөздерімен танылған дәуірдің шеңбе­рімен шектеуге тура келер еді. Бірақ шешендік өнерді белгілі бір уақыттың шеңберімен шектеуге болмайды. Шешен­дік өнер адам қоғамымен бірге пайда болған деп ойлаймыз. Тіпті жер бетінде адам енді ғана пайда болып, алғашқы қарабайыр, әлі жетілмеген тілмен сөйлей бастаған кездің өзінде өте ежелгі дәуірдің шешендері әрқилы дау-дамайларды шешкен, өз тайпаластарының алдына шығып сөз сөйлеп, белгілі бір әрекеттерді жасауға көндірген ғой. Бұның бәрін шешендіктің ең қарабайыр үлгілері ретінде қарастыруға болады.

Қоғам дамыған сайын шешендік өнер де дамып, жетіліп отырған. «Қазіргі дәуірде шешендіктің қажеті болмай қалды» дей алмаймыз. Керісінше, жер бетіндегі көптеген мемлекетте демократиялық басқару үлгісінің орнығуына, демократиялық елдердің көбеюіне байланысты, бүкіл әлеуметті толқытқан үлкен, келелі мәселелердің бәрі талас-тартыс, айтыс, сөзжарыс, яғни шешендік сөз арқылы шешілетін болды. Тіпті, бүкіл адамзат өркениетін толғандырып отырған ғаламдық көкей­кесті мәселелердің бәрі шешендік сөз­жарыстар арқылы шешілуде.

Демек шешендік өнерін «адамзат өркениеті» деп аталатын үлкен ұғымның ажырамас бір бөлігі ретінде қарастыруға болады.

Жалпы, қазақтың шешендік өнерін зерттеу ғылымы үнемі өсіп-өркендеп, тереңдеп келеді. Біздің ойымызша, ше­шендік ғылым болашақта үш ба­ғыт­та дамитын сияқты. Біріншіден, қазір қазақ ғалымдары Түркия, Қытай, Иран мемлекеттерінен, араб, Батыс елдерінен халқымыздың өткеніне, әсі­ресе түркі дәуіріне байланысты өте құнды жәдігерлерді, материалдар­ды іздеп, тауып әкеліп жатыр. Соған орай қазақ шешендігінің әрқилы дәуір­­ле­р­іне байланысты жаңа зерттеу жұ­мыстары көбейеді деп ойлаймыз. Сол жәді­герлердің бәрі тыңғылықты, жан-жақты зерттеулерді қажет ететіні сөзсіз.

Екінші бағыт, біз ноғай, түрік, өзбек, түрікмен, қырғыз, әзербайжан, башқұрт, татар, тағы да басқа түркі халықтарының шешендікке байланыс­ты ғылыми жұмыстарымен, жалпы бәрімізге ортақ көне түркі мұрасы туралы зерттеулерімен әлі де жақсы таныс емеспіз. Егер түркі халықтарының ғалымдары жалпыға ортақ ғылыми кеңістік құрып, бір орталықтан жұмыс істей бастаса, осы кезге дейін айқын болмай тұрған мәселелердің көбі ашылар еді, шешілер еді. Қазақ шешендік ғылымының жаңа өрісі пайда болар еді.

Шешендік ғылымының тағы бір даму бағыты – қазіргі шешендікті терең зерттеу, шешен сөйлеудің методологиялық негіздерін дамыту, тереңдете түсу. Қазақ шешендігі билер шешендігі дәуірінен кейін тоқырап, тоқтап қалған жоқ. Біз демократиялық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Біздің елімізді толғандырған егемендік, азаматтық, тіл, жер, демография, т.б. тәрізді мәселелердің бәрі бұрын да, қазір де қызу талқыланып, шешендік сөздің тезінен өтуде. Айтыс өнері тәрізді шешендіктің ең күрделі түрі де сахна төрінен орын алып отыр. Демек бұлардың бәрі шешендік ғылымы тұрғысынан зерттеп-зерделеуді қажет етері сөзсіз.

Біздің оқу орнында «Шешендік өнер» пәнін студенттерге оқыта отырып, оны өз тәжірибелерінде қолдануға үйретеміз. Сондай-ақ шешендік өнердің тарихы, даму кезеңдерімен таныстырып, болашақ мұғалімдерге көркем сөздің мән-мағынасын түсіндіре отырып, жұрт алдында сөйлеу мәдениетіне, ше­шендікке қойылатын талаптарды орындай отырып сөйлеуіне көңіл бөлеміз.

Педагог-мамандарға сөзді дәл, нақты сөйлеу үшін көпшілікпен тиімді қарым-қатынас жасай білуі керек. Шешендік өнер педагогтерге өте қажет. Ұтқыр сөз, ұтым­ды ой арқылы жастарды ақылды аза­мат етіп қалыптастыруға әбден болады.

 

Айнұр КӨШЕКОВА,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті,

филология ғылымдарының кандидаты