• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Сәуір, 2022

Мықты елдің белгісі – ұлттық бірегейлік

503 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз айындағы Жолдауында жұрттың көкейіндегі көп мәселенің шешу жолдары айқын көрсетілді.

Жолдауда айтылған реформаларды жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына, 7 Консти­тутциялық заңға, 15-тен астам заң­ға өзгеріс енгізіледі. Осы тұста тіл туралы заңна­ма­лық базаға да қазіргі тілдік жағ­даят­тағы орасан өзгерістерді және латынграфи­калы ұлттық әліп­биге көшу арқы­лы жүзеге асатын болашақ тілдік реформаны ескере отырып, сын көзбен қа­рау­ды, сарапшылық талдаулар жа­сауды, соның негізінде, өзгеріс енгізуді ұсынамыз. Сарапшы­лар қазір Қазақстанның жазба коммуника­ция кеңістігі, әсіресе аса маңызды экономика секторында алуантүрлілікке шал­дыққаны туралы дабыл қағып отыр. Қазақ тіліндегі бір ғана сөз не мәтін кирилл – «қонақүй», ресми бектіліген акутты латын – «qonaqúı», апострофты латын – «qonaqu'ı», ағылшын тіліне қазақ мәтінін транслитерациялайтын латын – «khonakhui», умлаутты (түрікшеге жақын) латын – «qonaqüy», ғалымдар ұсынып, 2021 жылдың қаңтарында Үкі­метте мақұлданғанған жетілді­ріл­ген латын бойынша – «qonaqüi», яғни алуан түрлі нұс­қа­да жазылып, көзшалымдық қабыл­дауды бағдарсыздандырып жатыр. Мамандар мұндай жағдай өте қауіп­ті екенін ескертеді: мемле­кет­тік тілдегі жазба коммуни­ка­ция қоғамның барлық саласында тек бір ғана әліпби негі­зінде жүзеге аспаса, ұлттық-мем­­лекеттік бірегейлікке нұқсан келеді. Латындану бүкіл әлемде жүріп жатыр, ал Қазақстанда ол, бір өкініштісі, стихиялы түрге көшті. Әлемдік тенденция, жа­һанданудың ажырамас үде­рі­сі болған соң, оны тоқтату қиын­ға соғары анық, сондықтан бұл жағ­дайды реттеудің жолы ретін­де мамандар латынграфикалы әліпбиді ресми бекіту қажеттігін алға тартып отыр.

Жолдаудың негізгі риторикасы, әрине, атынан-ақ түсінікті. Дегенмен сол риториканың жанама мағынасы, тіпті кейде астыртын түрдегі негізгі мағынасы, сөйлеушінің ішкі интенциясы (жанайқайы) мәтінді құрайтын сөздердің жиілігінде жасырынып қалады. Осы себепті мына сөздердің жиілігіне назар аудару керек, Жолдауда мемлекет сөзі – 67, заң – 44, халық – 43, сайлау – 40, Президент – 19, ұлттық – 19, билік – 19, Конституция – 18, қаңтар – 18, сенім – 15, Пар­ламент – 15, Жаңа Қазақстан – 14, жауапкершілік – 9, мүдде – 8, әділ – 7, болашақ сөзі 6 рет қол­данылған. Бұлар жиілігі жо­ға­ры толық мағыналы сөздер. Әдетте мұндай сөздер бүкіл мә­тін­­нің, мәтін иесі ойының база­лық концептілері – өзегі болып табылады. Осы қатарда халық сөзінің жиілігі жоғары болуы мені ерекше қуантты. Жасыратыны жоқ, соңғы кезге дейінгі саяси элитаның электоратына арнаған мәтіндерінде бұл сөз белсенді қордан салғырт қорға өтіп кеткенін байқап, мұның астарында билік пен халық арасындағы байланыстың әлсіреуі жатқаны айтылып жүр еді. Ал бұл жолғы оның жиілігі­нің жоғары көрсеткіші Президент­тің көкейінде халық тұрғанын, оның билік өкілі ретінде өз электоратымен коммуникациясын жақсартуды көздейтінін анық көрсетіп тұр. Осы сөздердің жиілігіне қарап, «заңға басымдық беретін, «Қасіретті қаңтардан» са­бақ алған, ұлттық мүддеге берік, халқына құлақ асатын мем­лекетшіл билігі бар, сай­лауы әділ өтетін, Прези­денті­нің жауап­кершілігі жоғары, Пар­ламенті күшті, Конституциясы мығым, болашағы зор «Жаңа Қазақстан» туралы ой бүкіл Жолдаудың өзегі деп қорытуға болады.

Маман ретінде мені елең ет­кізген Жолдаудағы сөздің бірі «ұлт­тық бірегейлік» <лат. identikus>.  Бұл ұғым – гумани­тарлық ғылым­ның өте маңызды категориясының атауы. О бас­та психологияда анық­­­та­лып, жеке тұлғаның қандай да бір әлеуеметтік, мәдени, ген­дер­лік, т.б. топқа өзін телу үдерісі­мен бай­ланысты қаралды. Линг­вистика­­­да ұлттық бірегейлік тілдік біре­гей­лік аспектісінде кеңінен зерт­теліп келеді. Жалпы, ұлттық бірегейлік­ті құрайтын гендерлік, мәдени және тілдік фактордың соңғысы олардың ішіндегі ең мықтысы әрі әмбе­бабы екенін гуманитарлық сала­дағы зерттеулер дәлелдеп отыр. Сая­саттанушы ғалым, про­фес­сор Рүстем Қадыржановтың ұлт­тық-мем­лекеттік бірегейліктің нег­і­зінде қазақтың ұлттық этно­сим­волизмі жатқаны туралы зерт­теуінде мемлекеттік тілдің ұлт­ты бірегейлендіруші фактор ретін­дегі рөліне ерекше мән бері­ле­ді. Ұлттық бірегейлігі мықты ел ғана өміршең болатыны айтыла­ды. Ол үшін мемлекеттегі бар­лық азаматтардың санасында бір­дей бірегейлендірушілер, яғ­­ни ортақ түсініктер, аялық білім, кон­цептілер болуы керек. Ал ортақ бірегейлендірушілерді қа­лып­тастырудың мықты құралы – тіл, сол себепті де әлемдік тәжі­рибеде мемлекеттіліктің нышаны – мемлекеттік тіл. Қанша тіл білсе де, мемлекеттік коммуникациялар алаңында бір тілде сөйлеген халық санасында сол тіл арқылы ортақ дүниеліктер қалыптасады, ондай қоғамда қарым-қатынас тез әрі сәтті жүзеге асады, ондай қоғам игі іске тез бірігеді, рухани саламаттылығы, сыртқы қатерге қарсы тұру иммунитеті жоғары болады. Мәселен, бүгінде сондай бірегейлендірушілер­дің қатарына «Шаңырақ», «Ата­мекен», «Аманат», «Отан», «Қазақ», «Астана», «Дастарқан», «Дала», «Береке», «Дәулет» кон­цептілерін (танымның ең кіші бірлігі) жатқызуға болады, бұлар қазақ сөздері арқылы тілде көрініс тауып тұрғанымен, бұл сөздер білдіретін құндылықтар мен түсініктер жүйесі, ұлтына қарамастан, барша қазақстандық үшін ортақ және мағынасы айқын әрі барша қазақстандық санасында Отаны – Қазақстанмен ассоциацияланады. Демек, осындай бірегейлендірушілер саны көп болған сайын ел іргесі нығайып, ел берекесі арта бермек, олай бол­са, мемлекеттік тілдің қол­даныс аясын кеңейту мен сапасын жақсарту қазақ ұлтының ғана емес, барша Қазақстан аза­мат­тарының болашағы үшін маңызды стратегиялық шара болып табылады.

Ономастикалық саясат – мем­лекеттің тіл саясатының аса ма­ңыз­ды бөлігі. Жолдауда оның ұлттық бағдарын айқындайтын шешімдер айтылды: ол – Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құру, Дінмұхамед Қонаев есі­мін Қапшағай қаласына беру бастамасы. Мұның маңызы өте зор. Атына қарап ел таныла­ды, ономастикалық бірлік­тер­дің ұлттық сипаты елдігі­міз­дің, территориялық тұтастығы­мыз­дың кепілі және де ұлттық сана­ның, жоғарыда айтып кеткен ұлттық бірегейліктің берік­тігінің көрінісі. Олай болса, осы бағыттағы үдерістерді тоқ­татп­аудың қажеттігін ғылыми негіз­деген профессор Қыздархан Рысберген бастаған отандық ономаст ғалымдарымыздың талай жылдан бергі зерттеулерінің нәтижелері көрсеткендей, оно­мас­тикалық кеңістігімізді космо­политтік үрдістен ұлттық үрдіске қарай түбегейлі реформалау аса қажет. Қазақстанның кез келген елді мекені мен нысанының атауынан «қай елдікі, қай ұлттікі, кімге тиесілі» екені туралы ақпа­рат «аңқып» тұруы керек, себебі мемлекет территориясы тек шекарамен емес, осындай елді мекен атауларының ұлттық сипатымен де шегенделеді.

Жолдау мәтінінде қолданы­лып, санамыздағы ұлттық та­ным­ға қатысты білімдер­ді тітір­кендірген, сол арқы­лы тілтану­шылық қызығушылығы­мызды тудырған тағы бір ұғым «дала демократиясы» болды. «Дала демократиясы» – суперконцепт: күрделі, өрісі кең менталды категория. Оның микроконцептілері көп, біз солардың ішінде «та­ға­нақ», «тұрымтай» мен «сұр­қыл­тай» туралы айтуды қажет са­надық. Себебі осы кон­цепті­лердің мазмұны Прези­дент Жолдауындағы Ұлт­тық құрыл­тайдың тарихи негізі болады деп санаймыз. Бұл кон­цептілердің ғылыми мазмұны тарихи зерттеу­лерде кеңінен ашылып ке­леді, біз үшін этнографиялық зерт­­теудегі энциклопедиялық ма­ғынасы құнды, сондықтан профессор Нұрсан Әлімбайдың жетекшілігімен жарық көрген «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулары­ның дәстүрлі жүйесі» еңбегіне жүгін­дік. Мұнда тағанақ ханның үл­кен кеңесінің атауы деп көр­се­тіл­ген: «Тағанақ кеңесінің құра­мы үш жүздің қазақы ортада игі жақсылар деп атанған сұлтандарынан, әйгілі билерінен, рубасыларынан, даңқты батырларынан, ақылгөй ақсақалдарынан тұрды. Жылына бір, елдегі сая­си ахуалға байланысты кейде екі-үш рет шақырылып тұрған мұндай кеңесте, «Көшпенділер» атты тарихи трилогияның авторы Ілияс Есенберлиннің айтуынша, «хан сайлау, соғыс ашу» тәрізді күрделі істер ғана қарастырылды. ...Сонымен бірге та­ғанақ кеңесте ел-жұрттың тұтас­тығына үлкен қауіп туғыз­ған әбден кәдік ушыққан руара­лық шиеленістерді реттеуге бағыт­талған ұжымдық шараларды белгілеу және жүзеге асыру­дың келелі мәселелері де талқыға түскен сыңайлы. Осын­дай құрылымдық және функ­ционалдық ауқымдылығына байланысты оны құрылтай немесе құрылтай кеңес деп те атай берген». Сонымен, тағанақ ханның үлкен кеңесі болса, кіші кеңесі тұрымтай деп аталған. Тұрымтай «елдегі кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің оңтайлы шешімін жедел шығару мақсатында айына төрт рет, тіпті саяси ахуалдың күрделілігіне байланысты бұдан да жиірек шақырылып отырылды». Ал сұрқылтай деп әр хан маңында жүретін кеңес­шіні атаған. Профессор Нұр­гелді Уәли сұрқылтайды «хан, сұлтан­дардың жанындағы қарадан шыққан қарашысы (кеңесшісі, ақылшысы), халықтың сөзін хан­ға, ханның сөзін қараға өлең-жырмен жеткізуші ордадағы жырау, ақын, беделді тұлғалардың бірі» деп анықтайды. Тілімізде «әр ханның тұсында бір сұрқыл­тай» деген көнеден келе жатқан сөз орамы бар.  Академик Рабиға Сыз­дық мұндағы сұрқыл­тай сөзінің этимологиясын бы­лай анықтаған: «Бұл сөздің тү­бірі моң­ғолдың 1) «оқыту», 2) «бір нәр­сеге үйрету», 3) «тәрбие­леу» ма­ғы­наларындағы сурга (х) сөзі болуы керек. Сургаал сөзі «ілім» ма­ғынасын, сургууль сөзі. 1) «мек­теп, училище», 2) «оқу, үйрету, оқыту» дегенді білдіреді, ал – тай моңғол тілінде сын есім тудыратын жұрнақ. Сонда сургаал­тай (сургултай) қазақша сұр­­қыл­тай «үйретуші (ақыл-ке­ңес беру­ші)» деген сөз болып шығады».

Шыңғысханнан келе жатқан дала демократиясы бойынша әр ханның сұрқылтайы бол­ған. Про­фессор Нұргелді Уәли «Алтын Орда ханы Тоқтамыс сұ­маяқ Сыпыра жырауды өз жа­нында ұстаған. Бұл дәстүр Қазақ хандығында да жалғасқан. Әз Жәнібектің тұсында Асан қай­ғы, Жиренше шешен ханның ақыл­шысы, сәуегей сұрқылтайы болса, Абылай ханның ордасында Бұқарекең (Бұқар жырау, 1693-1787), Орынбай ақын, хан Кененің жанында Нысанбай жырау болған. ...Ханға ұнар-ұнамасына қарамай, ел мүддесі үшін әлеуметшіл сұрқылтай-жырау әділ сөйлеп, турасын айтқан» деп көрсетеді.

Міне, Жолдаудағы «дала демо­кратиясы» деген бір сөз ұлт­тың тарихи санасындағы жо­ғарыда айтылған үшеуінен басқа да хан мен қараның арасын байланыстыратын, хан мен қараны табыстыратын көптеген құнды ұғымдармен ассоциация­ланады. Бұлардың реалийлері тарих қойнуына кеткенімен, құндылығы ұлт санасынан өш­кен емес, себебі оларды сақтап тұрған тілдік бірліктер – сөздер, сөз орамдары, мақал-мәтел, нақыл сөздер аңыз-әпсаналарда, фольклорлық, авторлық туындыларда, жазба ескерткіштер мен қазіргі мәтіндерде кездесіп, бірі белсенді, енді бірі салғырт болса да тілдік айналымда жүр. Сондықтан ұлттың саяси мәде­ниеті мен санасының тірек ұғым­дары ретінде сақталатыны анық. Президент ұсынған Ұлттық құ­рыл­тайдың принциптері осы іспет­ті тірек ұғымдарды, ұлттық пре­цеденттерді жаңғырту, соларды заманға лайық модернизациялау арқылы айқындалса, өміршең болмақ дегіміз келеді.

 

Анар ФАЗЫЛЖАН,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры