• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Пікір 05 Сәуір, 2022

Құрылымдық реформаларға деген адалдықты құптау керек

217 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын зор қызығушылықпен оқып шығып, елдің басты құжатына қатысты көзқарасыммен бөліскенді жөн көріп отырмын.

Қалай болғанда да бұл пікір жеке көзқарасым екені рас. Себебі маған ЭЫДҰ маман­дан­дырылған директораттарынан еш­қандай нақты ұсыныс түскен жоқ. Сонымен қатар Жолдау арқау еткен бірқатар мәселеге қатысты көп нәр­сені айта алмаймын. Себебі мұнда эко­номикалық рефор­ма­ларға емес, саяси реформалар­дың тұжырымдамалық бағ­дарламасына назар аударған ләзім.

Жолдауда айтылған көптеген сая­си реформа ЭЫДҰ сараптамасы­нан тысқары тұр. Мемлекеттік бас­қару мәселелері бойынша ауқым­ды жұмыс атқарғанымызға қарамас­тан біздің мүшелеріміздің арасын­да сайлау жүйелеріне, атқарушы және заң шығарушы билік арасын­дағы тепе-теңдікке және өзге бағыттар­ға қатысты айтарлықтай айырмашы­лық­ бар. Ең бастысы, тосын саяси рефор­малар арқылы әр ел өз жолын табуы керек.

Бір анығы, Қазақстанның осы жыл­ғы басты құжатында экономикалық реформалар, мемлекеттік басқару бо­йын­ша ЭЫДҰ жұмысымен үн­десетін бірнеше маңызды тақырып қам­тылған. Қасым-Жомарт Тоқаев­тың баяндамасындағы ең маңыз­ды жолдар – «азаматтардың әл-ауқа­ты­ның артуы шынайы бәсекелес­тік жағ­дайында ғана мүмкін болады» деген мәлімдемеде көрініс тапқан. Бұл – экономикаға да, саясатқа да ор­тақ шындық әрі дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Мемлекет басшы­сының адал және ашық бәсеке­лес­тікке, экономикада да, саясатта да жасанды монополияларды жоюға баса назар аудар­ғаны көңіл қуантады. Бұл ЭЫДҰ-ның Қазақстанмен квазимемлекеттік кәсіпорындар мен ішінара мемлекет қатысатын мекемелерді реформалау, нарыққа шығу және бәсекелестік үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі таяудағы және ағымдағы жұмысына сәйкес келеді.

Президенттің бюрократияны жою­ға, аймақтық биліктің өкілет­тік­терін нақты кеңейтуге баса назар аударуы көптеген себеп бойынша мақұлдауға лайық. Орталықтағы «жоғарыдан төмен» және микроменеджмент тәсілдері Қазақстан азаматтарына ел мұқтаж болып отырған өсу мен дамуды қамтамасыз ете алмайды.

Сондай-ақ Президент сөзіндегі құрылымдық реформаларға деген адалдықты құптау керек. Бұл – жаңа міндеттеме емес. Мемлекет басшысы мен Үкімет не істеу қажеттігін бұрыннан түсініп, көптеген салада реформаларды ілгерілету үшін нақты басымдықтарды айқындады. Міндет әдеттегідей дәйекті және тиімді іске асыруды қамтамасыз ету болып отыр.

Бұдан бөлек Ресей мен Украина ара­сындағы әскери операция нәти­жесінде Қазақстанның бастан кешкен экономикалық мәселесіне жауап ретінде бірқатар іс-шараның қабыл­дануы атап өтілді. Сондай-ақ «ко­мандалық-әкімшілік» деп атала­тын шаралардың шектеулі және уақыт­ша қолданылатындығын атап өткен жөн. Мәселен, шетел валютасын экс­порт­тауға шектеу қою егер ол ұзақ уақыт сақталса, жағдайы реттел­ген қаты­сушылар үшін нарықтық ауы­т­қуларға және экономикалық рента­ның пайда болуына әкелуі мүмкін.

Жолдауда айтылған реформа­лар­дың аясы кең. Оларды жүйелі түрде жүзеге асыру үшін уақыт қажет. Көп­теген бастама ЭЫДҰ-ның «үздік өмір үшін – үздік саясат» мис­си­ясына сәйкес келеді. Біз Қазақ­стан­мен осы бағытта жұмыс істеуге ниеттіміз.

 

Уильям ТОМСОН,

Жаһандық қатынастар Бас хатшылығы Еуразиялық бөлімшесінің басшысы (Франция)