• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Сәуір, 2022

Мақаншыға мән берілсе екен...

1342 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында бұрынғы Семей облысын Абай облысы деп қайта құру туралы ұсынысын естігенде бөркімізді аспанға атып, қуанғанымыз сонша, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай болды. Ендігі арман-аңсарымыз – бұрынғы облыс құрамында болған аудандарды қайта жасақтау кезінде Мақаншы өңірі қайта аудан болып құрылса деген тілек.

Шекара шебіндегі шарасыздық

Іргесі 1928 жылы аудан болып қалан­ған Мақаншы өңірі – Қазақ­стан­ның оңтүстік-шығысында орна­­лас­қан шекаралық аймақ. Қытай Халық Республикасымен шекара­мыздың ұзындығы 220 шақырымға жуық қашық­тықта, таулы-жазықты аймақта шек­тесіп жатыр. Шекара бойындағы Үржар ауданы бойынша шекара басқар­ма­сына (бұрынғы Мақаншы шекара отряды) қарасты 3 комендатура арқылы 13 шекара бекеті (застава) орналасқан. Ше­каралық аумақ ашық қалған, бақылау жолдарын шаң басқан, жауынды күні лайсаң. Бірер жауынгер жаяу жүріп шекараны бақылайды, әскерилер жетіспейді. Бұрынғы 40-60 адам қыз­мет ететін кейбір бекеттер қазір күзет постыларына айналған. Застава­лардағы ауыз су тасымалды, бұрынғы су көздері төмен түсіп кеткен. Тіпті Шағантоғай заставасында әлі күнге дейін электр жарығы үшін дизель пайдаланылады...

Көрші Қытай елінде шекара бойы жаңа салынған ауылдармен нығайтылып жатыр. Бүгінде Бақты кеден бекетінен 20 шақырым қашықтықта орналасқан Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласының халқы біздің бір облыс­тың халқымен теңесіп қалды. Қытай­дағы Шағантоғай, Дөрбілжін, Толы аудандарының халық саны да еселеп артып келеді. Шекара маңында соң­ғы жылдары көпқабатты биік үй­лер бой көтерген, жаңа қала, зауыт­­тар салынуда. Ауылдар мен кент­тер­де, қыстақтарда тұратын халық өздерін «дивизия жасақтары» санай­ды. Шекараның әр 100 метр ара қа­шық­тығы бақылау каме­ра­лары­мен бақыланып, электр жарық­тары­мен қамтамасыз етілген. Баған­дар жа­нындағы бақылау жолдары асфальт­талған. Сағат сайын әскери­лер ел байрағын көтеріп шығып, бақы­лауын­дағы 100-500 метр жерді жүріп өтеді. Міне, мемлекеттіктің айбары!

Ал елімізде шекара бойындағы ауыл адамдары қотарыла көшіп, қала жа­ғалап кетті. Еске түсірсек, 1969 жы­лы Жалаңашкөл маңынан елі­міз­ге баса көктеп кірмек болған қытай­­­лық­тарды Кеңес әскері тоқ­татып, ел ір­гесі­нің бүтіндігін сақ­тап қалды. Біраз жыл бұрын Алматы облы­сының Алакөл ауданы аумағын­да ор­наласқан Үшарал шекара жа­са­ғына қарасты «Арқанкерген» ше­кара бекетінде болған қанды қыр­ғын көңілімізге алаң ұялатты. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданын­дағы «Терісайырық» шекара бекетінде шекараны тастап кеткен 11 жауынгердің іс әрекетін есті­генде, не дерімізді білмедік. Ко­ман­дирлер мен жауынгерлер арасында пат­риоттық тәрбие мен ұлттық идео­логияның әлсіз­дігі, офицерлер құрамының тәжіри­бесінің аздығы, жауынгерлердің психоло­гия­лық тұрғыдан дайын еместігі, азамат­тары­мыздың «әскерге шақырылу – бола­шақта жұмысқа тұруға жол ашу» деген санада болуы. Осының бәрі ойлан­дыруға тиіс. Ұлттық қауіпсіздік коми­­тетінің бұрынғы 2 186 шекара жаса­ғы­ның оңтайландырылуы, оның бүгін­­де Шығыс Қазақстан облысы бо­йын­­ша департаментінің Үржар аудан­­дық шекара басқармасы болуы, жасақ­­тың ғасырға жуық сақталған туы­ның әкетілуі – әскеріміздің айбынын төмендетті, жауынгерлердің ру­хын түсірді. Болашаққа ұмтылған елдің туы қашан жығылып еді. Бүгін ал­дың­ғы шептегі туымызды түсірсек, ертең не болмақпыз? Ту­дың иесі қай­да? Өске­мендегі мұра­жай­дан іздей­міз бе? Міне, қазір шекара­шы­лардың өңір халқымен арадағы байланысы жоқтың қасының бір дәлелі – осы.

Ат төбеліндей шенділердің елдің болашағын ойлайтынына күмән басым. Олар қайткен күнде бос жатқан жерді игеріп, пайда табуды көздейді. Ше­кара­лық аудан мәртебесінен айырыл­ған барлық елді мекеннің көрген күні – осы. Жағдай осылай жалғаса берсе, «Жаңа Қазақстанды» қалай құрамыз?! Ауыл өмірін көрмеген, маңдай терімен табыс тапқан отбасыда тәрбие ал­маған қазіргі әртүрлі деңгейдегі бас­шылардың елдегі нақты жағдайды білемін деген жалаң сөзі сенімге селкеу түсіргені рас.

Аудан орталығынан алыстаған ауылдар

1997 жылдан бері Мақаншы шекара­лық ауданын қайта қалпына келтірсе деген ұсыныс-пікірлерімізді Президент әкімшілігіне, Үкіметке, Парламент депутаттарына талай мәрте жолдадық. Олардан оң шешім табуын күтіп, үміт үзбеген едік. Мақ­сатымыз – портфель ұстау емес, іргесі 1928 жылы қаланған шекаралық ауданның тынысы кеңейсе, жастарымыз тұрақтаса, ел іргесіндегі ше­кара бүтін болса деген ой еді. Кеден­­дік бақылау заңдылықтарына сай шекарадан қашықтық 3-тен 60 ша­қы­рымға дейін орналасқан. Ұлы Жібек жолының үстіндегі Бақты кеде­ні еліміздің осы облыстағы қақпа­сы сияқты. 1993-1997 жылдары тығы­рыққа тірелген уақыттың өзінде, аудан өз күш-қуатын сақтап, әр жылды таза пайдамен аяқтап отыр­ды. Тіпті көрші Үржар ауданы­на қосыл­ған кездің өзінде 1997 жылғы бағам бо­­йынша аудан бюджетінде 23 млн теңге таза пайда болып еді. Ауда­нымыз еш­қашан мемлекеттен дот­ация алып күн көрген емес. Осын­дай ауданның таратылып кетуі мақаншы­лықтарға әлі күнге жұмбақ болып қалды.

Бұрынғы Мақаншы ауданы халқы­ның саны 1990 жылы 50 мыңға таяу болса, қазір 31 мың адамға дейін қыс­қарып, әсіресе жастар ауыл­дар­да тұрақтамайтын болды. Шекара маңын­да орналасқан Ақшоқы, Саз, Бұғыбай, Қарабұта, Бақты, Қара­тал, Барлық-Арасан, Қара­бұ­лақ, Қызыл­бұлақ, Көктерек ауылдарын­да халық саны бұрын 1 500-3 500 аралы­ғын­да болса, қазір 700-1 500 адам ара­лы­ғын­да қалды. Бұрын «Ел шекарасын бүкіл халық қорғайды» деуші едік. Қазір бәрі керісінше. Тіпті ата-аналар ше­ка­ра әскеріне қызмет етуге балаларын жі­бер­­меуге тырысуда. Бұл – өрескел әрекет.

Мақаншы ауданы таратылып Үржар ауданына қосылғаннан кейін, шекара бойындағы ауылдар аудан орталығынан 100-170 шақырымға дейін алыстады. Мектепте оқитын балалар саны азай­ды. Бүгінде 13 мың шамасында халық тұратын Мақаншы ауылында 2 мың­ға тарта балдырған болса, олардың бала­бақшаға баратыны – 1 500. Ал олар­ға арналған 2 балалар бақшасы 150-дей ғана баланы қамтып отыр. Бір анықтама алу үшін арысы 100-150 шақы­рым жол жүріп аудан орталығы Үржарға келген адам, сол күні мақсатты жұмысын аяқтай алмай, қаншама қаржы шыға­рып ауылына қайтады. Ауылдар мен аудан орталығы арасындағы жол қа­ты­насы да өз деңгейінде емес. Жыл са­йын жол жөндеуге бөлінген қаржы жел­ге ұшқанмен бірдей. Бірікті­ріл­ген 3 ауданның (Таскескен, Мақан­шы, Үржар) жер аумағының өте а­лшақ­­тығы­нан, ауданды басқаруға өте ауыр. Бүгінде аудан әкімшілігі бас­қару жүйе­сіндегі кадрлардың саны сол бұрын­ғы 3 аудан басшылығын қо­са есеп­те­ген­нен әлдеқайда көп болса да, ат­қара­тын жұмысынан нәтиже көре алмай отырмыз. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар деп айта алмаймыз. Мал шаруашылығының дамуы бақылауға алынбағандықтан соң­ғы 5-6 жылда мал аурулары өте көп­теп шығуда. Бұл да басқару жүйе­сін­дегі тәртіптің жоқтығы. Бүгін­гі бас­шы­лар: «Біз өңірдегі Мақан­шы, Қабан­бай ауылдарын тірек ауыл­дары­ның қатарына қостық, қомақты қаржы бөлініп әлеуметтік дамудың шаралары жасалып жатыр», деп жаттанды сөздерін қайталаудан жалықпайды. Мәселен, 2018 жылы бас­талған су тарту жүйесі міне, төр­тін­ші жылға кетті, аяқталар түрі жоқ. Салынған құры­лыста сапа жоқ. Мақаншы ауылын­да соңғы 3-4 жыл­да бірер көшенің асфальті жамал­ғаны болмаса, жыл сайынғы «8-10 көшеге асфальт жайы­лады» деген меже шығарып салма сөз күйінде қалып келеді.

Рас, соңғы 2-3 жылда өңірдің ауыл­дарына шамалы қаржы бөлін­ді. Бірлі-жарым ауылдарда мәдениет ошақтары жөнделіп, мек­теп ішінен сәбилерге арналған бейім­деу орта­лықтары ашылуда. Шағын ауыл­дар­дың көшелері жарық­тан­дырылуда, су жүйесін тарту қолға алынуда. Алай­да сол қаржының шын мәнінде қанша көлемде бөлініп, жұмыстың қандай сапада атқарылып жатқанын жергілікті халық қана сезініп отыр, ашып айтуға дәрмен жоқ. Міне, 3-4 жылдан бері өңіріміздегі Алакөл көлі­нің жағасын су шаюдан қорғау, құр­­ғату, абаттандыру мақсатында бір­­неше жүз­деген миллион ақша мем­ле­кет­тен бөлінуде. Алайда су көл жа­ға­сын емес, бөлін­ген қаржыны тез ша­йып кетуде. Көл жағасының ба­йыр­­ғы табиғаты бұзылып, Алакөл жаға­с­ын құрғатамыз деп жүріп, емдік су көз­дері бітеліп, табиғи байлық­тары­­на үлкен зиян келуде. Мил­лион­даған қаржы сапасыз жөндел­ген жол­дың ша­ңының астында қалды. Оны тек­се­ре­тін немесе жауап беретін адам жоқ.

Халық саны аудан құруға мүмкіндік береді

Жалпы, шекара бойының бос қалуы саяси және мемлекеттік жағы­­нан мән беретін мәселе болып отыр. Еліміздегі эконо­микалық жағ­дайдың қалыпты тұрақ­тылығын сақтау, барлық сала бойын­ша даму стратегия­сын қолға алу қажеттілігін Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына ар­наған Жолдауында баса айтқан еді. Сондықтан шекаралық аудандарды қалпына келтіру кезек күттірмей­тін мәселе. Әсіресе, алыс шетелмен шектесетін шығыстағы санаулы 4-5 ауданды, соның ішінде Мақаншы өңіріне назар аударған ләзім. Бүгінде халық саны азайды десек те, мұның өзі Шығыс Қазақстан аймағындағы аудандық мәртебесін бұған де­йін сақтап қалған Абай, Бесқара­ғай, Күршім, Курчатов, Көкпекті, Катонқарағай сияқ­ты аудандардың халқынан әлде­қайда көп. Яғни халық саны аудан болып аяғымыздан тік тұрып кетуге толық мүмкіндік береді. Жердің табиғи бай­лығы да жетерлік. Жалаңашкөл көмірі, Бақты халықаралық кедені, Алакөл турис­тік аумағы – біздің болашағымызға жол ашар үмітіміз.

Әлбетте, ауданды құрудың бір күнде шешіле салмайтынын да біле­міз. Мақан­шы аудан болып құрыл­ған жағдайда шекаралық аудан, шекара­лық аймақ деген ұғымдар ел ішінде қалыптасар еді. Жалпы, шекаралық аудандарды сауық­тырамыз деп қар­жы бөлу ақылға симайды. Нақты айтар болсақ, ол қаржы біреудің жемі. Алматы облысының Нарын­қол ауданы сияқты, тек аудан мәр­тебесін қайтарған күнде ғана қаймана қазақтың қолы аузына жетері анық.

Облыс әкімі Д.Ахметов 2021 жылы бізге хат арқылы берген соңғы жауабында «Мақаншы ауданын қайта қалпына келтіру үшін 9-12 млрд теңге көлемінде қаржы керек», деп жазды. Бұл – атүсті алынған цифр. Мақаншы ауданын қалпына кел­тіру­ге сонша көп қаржы қазір қажет емес. Олай дейтініміз, Үржар ауданы­ның бюджетінде бұл өңірдің бір­шама шығыны қарастырылған. Осы өңірде орналасқан 11 ауылдық окру­гі, 19 елді мекендегі барлық мек­теп пен аурухана және емдеу орын­дарының қаржысы бюджетте бекі­тіл­ген. Сондай-ақ кадр мәселесі де шешіл­ген. Одан басқа аудандық дең­гейде жұмыс іс­тей­тін 40-тан астам облыс­тық, рес­пуб­ликалық бюджет қаржы­лан­дыра­тын мемлекеттік ұйым­дар, инф­ра­құ­ры­лымдар, басқару жүйелері, ірі кәсіп­керлік сала мен шаруа қо­жа­лықтары жұмыстарын жалғастыруда.

Шекара бойындағы аудан дамып, халық қоныстанып, ауыл-аймақ ажарлана түссе, мемлекеттің айнасы емес пе?! Ең бастысы, шекара шебін­дегі елдің ең­се­сі­нің түспеуі, ел іргесінің бүтін болуы.

 

Әбен РАЗУЕВ,

мәдениет қайраткері, Үржар ауданының құрметті азаматы,

Сүйеубай БАЙҚАДИЕВ,

мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы,

Мақаншы ауылы