Биыл қазақтың бұлбұл әншісі, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы өткен жылдың басында ғасырлық той қазақтың ғажап әншісінің есімін ел есінде мәңгі қалдыруға арналуы керектігін тапсырған болатын.
Осы жылы талантын жер жүзі таныған әнші дүниеге келген Қазалы өңірі үшін мерейтойлар жылы. Киелі топырақта кіндігі кесіліп, Шығыс жастарының жалынды көсеміне айналған Ғани Мұратбаевтың да туғанына 120 жыл толып отыр. Осыған байланысты аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Шығыстың жұлдызы, Шығыстың бұлбұлы» атты шаралар жобасын түзіпті. Одан бөлек «Айналайын халқымнан еркелеткен» атты бағдарлама аясында қазақтың атын алыс-жақынға танытқан ақмаңдай әншінің рухын ұлықтауға арналған шаралар өтіп жатыр.
– Былтыр жыл соңында Роза Тәжібайқызының отбасында болып, жоспарларымызды талқыладық. Жаңа мәдениет үйінен ашылатын музейге қойылатын жәдігерлер жағын пысықтадық. Қазір ән өнерінің тұтас бір дәуірінің басында тұрған тұлға туралы біраз естелік, фотосуреттер жинақталды, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев.
Былтырғы жыл соңынан бері жоспарланған 44 шараның алғашқы легі өтіп жатыр. Аудан орталығында салынып жатқан жаңа мәдениет үйінің алдына қойылатын бюстің тұғыртасын дайындауға пандемия кедергі болды. Бағланова бар қазаққа ортақ, бірақ әншінің кіндігі кесілген киелі топырақтағылар той иесі болғандықтан, жауапкершіліктің салмағын сезініп, өлмес өнер иесінің ғасырлық тойын атап өтуге айрықша дайындалып жатыр.
Ауданда жыл басынан бергі барлық мәдени іс-шара кіріспесі Бағлановамен байланыстырыла басталатын болыпты. Осыған дейін ауданда «Ақмаңдайлым» атты әншілер конкурсы өткізіліп келген болатын. Кейін облыс орталығына көшкен өнер додасы талай дарынның тұсауын кескен айтулы шараға айналды. Былтырдан бастап ауданда «Іңкәрім-ай» конкурсы қолға алынды. Жұлдызы биік өнер иесінің жүз жылдығына байланысты естеліктер мен сирек фотолар топтастырылған кітап та баспа жүзін көреді. Құрастырушылар бұл кітапқа әнші туралы бұрын белгісіз болып келген мәліметтер енгендігін айтып отыр.
Мәлімет демекші, Роза Тәжібайқызының туған жері Қазалы өңірі екендігі әмбеге аян. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әнші күллі қазаққа ортақ, тіпті қай шет елдің сахнасына шықса сол тілде бір ән салатын дарын иесін әлем жұртшылығы да жатырқамайды. Даңқы аспандап тұрса да қайран балалығы қалған Қазалысына еркелеп келетін әншінің өмірбаянында кіндік кескен жері туралы анық та, қанық жазылған. Бірақ осыған қарамастан қазір Бағланованы басқа көршілес аудандарға теліп жүргендер де кездесіп қалады.
– Менің нағашы әжем Жекей Қожахметова осы Розаның жақын жеңгесі болып келетін. Роза мен екі шешесі осы кенттегі 1 Май көшесінде тұрған, – дейді бүгінде сексеннен асып отырған Тойған Алданазарова. – Ал әншінің оқыған жері теміржол вокзалына жақын №420 мектеп. Бала кезінде Мойнақ жағында да біршама уақыт тұрса керек. Атасы азан шақырылып қойған аты Теке болса да ел аузында Шақкөз аталып кеткен әйгілі батыр. Ол атамыздың сүйегі, әкесі Тәжібайдың белгісі осында. Туған топырағына жиі соғып тұратын Роза апамыз осыдан біраз жыл олардың басын қарайтып, ас берді.
Қазалыдағы мәдениет орталығы, ескерткіш бюст ашыларда Тойған апаға әншінің келіні Марал жолығып, аманатын жеткізіпті. Еліне еркелеп өткен Роза Тәжібайқызының ақырғы өтініші бойынша қабірінен алынған топырақ туған жеріндегі ескерткіш түбіне, ол жерден алынған бір уыс Алатау баурайындағы зиратына жеткізілді.
Әлеуметтік желілерде Бағлановадай күллі Алаш алақанына салған аяулы жанның руы туралы жаңсақ айтылып жүргені де жерлестерінің жанына батады. Қазақ руға бөлінбейді, қазақ рудан құралады. Дегенмен...
– Өнерінің арқасында елін әлемнің әр түкпірінде танытқан бұлбұлдың бар қазаққа ортақ екенін тағы бір еске сала кеткеннің артығы болмас. Бірақ тұлғамыздың тегін тануда осындай олқылықтардың да кездесіп қалатынын жасырмай айтқан жөн. Біз Кіші жүз ішінде Әлімнің Шектісінен тарайтын Асанбыз. Оның ішінде былайғы жұрт «Бөлек Асан» атандырып жіберген Өтебіміз. Роза Тәжібайқызы осы рудан, біздің апамыз. Тіпті бала кезімде аудандық газетке берген сұхбаттарының бірінде өзінің руы туралы айтқанын оқығанмын. Сол тұстағы екі шоқып, бір қарайтын сауысқандай сақ саясаттың басылымға бұл деректі қалай жібергеніне әлі күнге қайран қаламын. Бірақ анығы осы, – дейді осы елдің белгілі азаматы Дәулет Тұяқбаев.
Мерейтойға дайындыққа оралайық. Кітаптан бөлек, облыстық Qyzylorda телеарнасы Роза Тәжібайқызының ғұмырын қамтитын деректі фильм түсірді. Аудандағылар жуырда ашылатын мәдениет үйінен жабдықталар музейге қойылатын жәдігерлерді түгендеп, тыным таппай жүр. «Мерейтой шараларын Асанәлі Әшімов ағамызбен де ақылдастық» дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев. Қазақ киносының мэтрі: «Музей жасақтасаң, апамның қасығына дейін сонда тұрсын», деген тілегін айтыпты.
Өткенді құрметтеу, тұлғаны тану деген осындайдан басталса керек.
Қызылорда