• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Сәуір, 2022

Басым міндет – газдың ресурстық базасын ұлғайту

285 рет
көрсетілді

«QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының жуырда тағайындалған төрағасы Санжар Жар­кешов компаниялар тобы­ның өндірістік объек­ті­лері орналасқан өңір­лер­ге жұмыс сапарларын бас­тады. Негізгі мақсат – еліміздің газ тасымалдау жүйесі мен магистралдық газ құбырларының жағ­дайымен танысу.

Алғашқы сапар Батыс Қазақстан облысынан басталды. Мұнда ірі мұнай-газ конденсаты кен орындарының бірі – Қарашығанақ орналасқан. Осы кен орнынан өндірілетін газ қазақстандық ресурстың басым бөлігін құрайды және ел­дің батысында газ тасымалдау инфрақұрылымының ірі объектілері жұмыс істейді.

Облыс әкімі Ғали Есқа­лиев­пен кездесуде өңірдің транзиттік әлеуетін дамыту және тауарлық газдың ресурстық базасын арттыру мәселелері талқыланды.

Қарашығанақ кен орны­нан ішкі нарық үшін тауарлық газ көлемін ұлғайту, сондай-ақ ілеспе газдың қосымша көле­мін қайта өңдеу саласын­­дағы ынтымақтастық мәселе­лері «Қа­рашығанақ Петро­леум Опе­рейтинг Б.В.» компания­сының басшылығымен кездесуде жан-жақты сөз болды.

Санжар Жаркешовтің Чи­наревское мұнай-газ конденсат кен орнын игеріп жатқан «Жайықмұнай» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі басшы­лығымен кездесуінде де осы мәселелер көтерілді. Сондай-ақ әңгіме өңір мен елдің тұтыну­шылары үшін тауарлық газ өн­дірісінің көлемін ұлғайту мәсе­лелеріндегі ынтымақтастық перспективалары туралы болды.   

– Қазақстанда газ тұтыну көлемі жылдан-жылға өсіп отыр. Алайда, газ өндіру қар­қыны бұл өсімге сәйкес келмей­ді. «QazaqGaz» Ұлттық компа­ния­сының алдына Мемлекет басшысы тарапынан қойылған негізгі басым міндет – газдың ресурстық базасын ұлғайту. Сондықтан да кездесулер барысында Орал өңірінің тұтыну­шыларына және ішкі нарық­қа қажет тауарлық газ­дың көле­мін, газ өңдеу көлемін артыру бойын­ша әріп­тестік мәселелері талқылан­ды, – дейді «QazaqGaz» Ұлттық компаниясының басшысы.

Сапар барысында Санжар Жаркешов «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның «Орал» ком­прес­сорлық стансасы (КС) мен «Орал» 1-автоматты газ тасымалдау стансасына (1-АГТС) барды. 11 газ айдау агрегаты бар «Орал» КС жылына 9 млрд текше метрден астам та­биғи газды тасымалдауды жү­зеге асырады. Қуаты 170 тек­ше метр/сағ АГТС-1 Орал қала­сы мен оған жақын елді м­екен­дер­дің тұрғындары мен кәсіп­орын­дарын газбен тұрақ­ты жаб­дықтауды қамтамасыз етеді. Ұлттық компания басшысы өндіріс объектілеріне барып, Батыс Қазақстан облысының магистралдық газ тасымалдау жүйесінің объектілері мен жаб­­дықтарын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі жұ­мыс жоспарымен танысты. Осы өңір аумағы арқылы өте­тін «Союз», «Орынбор – Ново­п­сков», «Орта Азия – Орталық» магистралдық газ құбырлары арқылы табиғи газ тасымалдау­ды «Орал» магистралдық газ құбырлары басқармасы жүзеге асырады. Станса жұ­мыс­кер­лерімен өндіріс, материал­дық-техникалық қамтамасыз ету және әлеуметтік-еңбек қа­ты­настарына байланысты мәсе­лелер талқыланды. 

Санжар Жаркешов Орал газ­турбиналық стансасына (ОГТЭС) да барды. Кәсіп­орын пайдаланатын газды «QazaqGaz» жылына 170 млн текше метр көлемінде жеткізеді. Стан­са облысқа қажетті электр энер­гиясының бестен бір бөлігін өнді­реді және Орал қаласының жаңа шағын тұрғын аудандарын жы­лумен қамтамасыз етеді. 

«QazaqGaz» басшысының сапары «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның «Инженерлік-техникалық орталығына» барумен аяқталды. Бейінді мамандар жұмыс істейтін орталық қазіргі заманғы жабдықтар­­мен жабдықталған және газ ин­дус­триясы үшін диагностика­­­лық қыз­­меттердің кең спектрін орын­­дай алады.