• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Пікір 12 Сәуір, 2022

Мүмкіндік

1021 рет
көрсетілді

Заман – ауыр. Алда не боларын, тайға таңба басқандай кім айтпақ?! Әркімді заман сүйреп жүр. Қиыны сол, сол заманды кім билемек?! Заманды билей алатын тұлға бар ма?! Ауыр сауал. «Тұлға» деп кезінде тамсандырғандар, уақыт тезіне шыдамай, санадан шығып қалуда.

Бірақ өмірден мүлдем түңілмей, барға разы болу мұсылмандық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын тыңдап, оқып, ой-талқысына салып, тәубе дейсің.

Жолдауда келешекке жол ашатын мүмкіндіктер баяндалған. Ол алдымен партия құрылысына қатысты келелі мәселе. Тың, тіптен, батыл шешімдер.

Президенттің партиядан тыс болуы арман еді... Орындалды.

Американың бір президенті айтып, одан кейін басқалары қайталаған сөз бар. «Мен, Америка президентімін және әрбір америкалықтың президентімін» деген.

Міне, осы биік ойды Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев іске асырды.

«Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз. Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да заңнамаға енгізген жөн.

Барлық өкілеттікті бір қолға шоғыр­ландырған орталықтағы жағдай аймақ­тарда да қайталанатынын көріп отыр­мыз. Сол себепті әкімдер мен олар­дың орынбасарларына партия филиал­дарында да лауазым иеленуге заң жүзін­­де тыйым салу керек. Мұндай ше­шім­­дер көпполюсті партиялық жүйе қалып­­тас­тыруға мүмкіндік береді», деді Мемлекет басшысы.

Президент бір партия адамы емес, ол барлық партияға ортақ. Ол күллі қазақтардың және әр қазақтың Прези­денті. Президенттің солай болуы қазақ елінің бақыты емес пе? Менің Президентім деу әр адамға қуат әрі сенім бермек. Әдетте Мемлекет басшысына күдік пен сенімнің қатар жүре­тіні бар. Әрбір қазақ Президентіне күдік­пен емес, үмітпен қарайтыны табиғи жағдай. Жолдауда партия құруға заң жүзінде еркіндік берілген. Бұл мүмкіндікке өріс ашылды деген сөз. Президент кең тынысты саясатқа жол бастаған. Азамат­тардың белсенділігіне мүмкіндік ашқан. Осы мүмкіндікті пайдалана білу, ол да осал шаруа емес.

Алда тартысы мол дәуір басталмақ. Ол ескі мен жаңаның тартысы. Мұндай жағ­дайда неше қилы оқиғалар орын алып, тіптен түсініксіз жағдайлар да туын­дауы ықтимал. Мажоритарлық жү­йе­ге мүмкіндік беру, Президент айт­қан­дай, тың тұлғалар қалыптасуының мектебі болмақ.

Жолдауды оқып отырып, қала, аудан және өкілетті органдар басшыларының партиядан тыс болуын заңмен бекіту нағыз либералдық-демократиялық үрдіске мүмкіндік беру.

* * *

Мүмкіндік дегеніміз әлі орындалған іс-шара емес, алда орындалатын жағ­дайларға қатысты. Әр жағдайға даяр болу – ел болу деген сөз. Украина елінің ба­сы­на түскен жағдай-тағдыр бізге, әр қаза­қ­қа мықтап ой салады-ау деймін. Елдік мүддені биік қоятын азаматтар, менің ұсыныстарымды саналарында салмақтап, таразылайды-ау деген ниеттемін. Анығында, етек-жеңімізді әлі жиып үлгермеген халықпыз. Сондықтан Қазақ елінің солтүстік өңірлері туралы мықтап ойлануымыз қажет-ақ.

Менің айтпағым, «жақсы замандарда» қалыптасқан кейбір жағдайларды түбегейлі өзгеріске түсірген дұрыс болар ма екен?! Ақылдасайық. Ойланайық. Асықпай шешімге келейік. Мысалы, Абай облысы болып құрылған аймаққа несіне Әдебиет және өнер институтын орналастырмасқа. Ахмет Байтұрсынов кезінде «Қазақтың бас ақыны» деген Абай атында облыс құру идеясын Пре­зидент ұсынды, жұртшылық қол­дады. Ендеше, Абай дәстүрін жалғас­тырып, осы жаңа өңірде Әдебиет пен өнер инс­титуты қанат жайса, несі мін?! Бұл, кері­сінше, аса көрнекті қаламгерлер шыққан аймақты одан сайын байыта түсіп, Абай облысының көркіне көрік қоспақ. Абай облысы деп аталатын өңірде, өкінішке қарай, әдеби және мәдени үр­дістер тоқырап қалған. Оларды жандан­дыру үшін тың күш қажет немесе сол­түс­тік аймақта саяси-этностық мә­се­ле­лер­дің шешімі күрделі. Аймаққа ин­тел­лек­туалдық қуат қажет. Петропавл өңі­­рін­де арнайы идеологиялық қызмет атқа­ратын инс­титуттар жоққа тән. Шоқан Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология инс­титутының Петропавл өңірінде қыз­мет атқаруы қазақ елінің келешегіне, оның тұ­тастығына, ынтымақтастығына және қауіп­сіздігіне көп жәрдем берер еді.

Қостанай өңіріне Ахмет Байтұр­сын­ұлы атындағы Тіл білімі институты қоныс аударса деген тілек бар. Қос­танай, Петропавл өңірлеріндегі қазақ тілі мәселесі аса өзекті. Маманданған инсти­туттың ықпалы бұл өңірге аса қажет.

Қазақстан Республикасы Прези­дентінің жанындағы Қазақстан стра­те­гиялық зерттеулер институты және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­техникалық университеті Петро­павл өңірінде қызметтерін бастаса қан­дай ғанибет. Саяси жағынан бұл өте дұрыс шешім болар еді. Мәселе шека­ра­лық аймақтарда қордаланған. Бұл мем­лекеттік, ұлттық қауіпсіздік мәселесі.

Студенттерді бір жерге шоғыр­лан­дыру дұрыс тәжірибе емес. Облыс­тарды өркениеттік орталықтарға айналдыру мақсатында студент жастардың өңірлерде тең орналасқаны Қазақ елінің келешегіне қызмет ететін жағдай.

* * *

Жаңғыру үнемі жаңашылдықты талап етеді. Жаңғыру – жаңару. Бұл партия мәселесіне аса қажет.

Партияға жасы келгендерді қабыл­даудың еш қажеті жоқ. Партия – жастар­дікі болуы табиғи жағдай. Қазақ қырықта қа­мал алады дейтін, яғни негізінен қы­рық жастағылар партиясы болғаны жөн.

Жаңа сөз жастардікі. Жастарға жол ашу қажет! Мағжан ақын «Мен жастарға сенемін» – дегенде өз заманындағы жас толқынды айтқан. Бүгінгі толқын жас­тар қандай.

Жастар толқын-толқын. Ресми тұр­ғы­да жастар деп он төрт жас пен отыз жасқа дейінгілерді айтады. Ол да дұрыс шығар, алайда жастарды саяси, әлеу­меттік, мәдени және демографиялық құн­ды­лықтар жүйесіне орай былайша жіктеймін.

Бірінші толқын қырық пен елу жас аралығындағылар. Мен бұларды «қола ұрпақ» өкілдері деймін. Қазақтың қырықта қамал алады дейтіндері осы жас шамасындағылар. Бұл жағдай Украинада өткен сайлауда айқын көрінді, билікке жасы қырықтан жаңа асқан азамат келді. Демек, осы жастағы азаматтарды қақпайламай, оларға өріс ашқан жөн. Бұл жастағылардан елге пайдалы әсер коэффициенті көп.

Екінші толқын отыз жастан қырыққа дейінгілер, мен бұл жастағыларды «күміс ұрпақ» деймін. Қазақтың тағы да айтқан аталы сөзі бар, «отызда орда бұзады» деген. Бұл ұрпақта қуат ересен мол, демек Пайдалы Әсер Коэффициенті (ПӘК) де мол. Келешек-ресурс осы отыздағылардан шықпақ.

Үшінші толқын, жиырма жас­тан отызға дейінгілер, бұларды «алтын ұрпақ» деу орынды. ПӘК – бұл жаста­ғы­ларда орасан, тек бағыттай, бағдарлай, бау­ли білу қажет. Бұлар тәуелсіздік құр­дастары, бұлар ХХІ ғасыр азаматтары.

Төртінші толқын, өмірге еніп жат­қан бөбектерден бастап, жиырма жас­қа дейінгілер. Бұлар «бриллиант ұр­пақ» болмақ. Бұлардың пайдалы әсер коэф­фициенті орасан мол. Осы ұрпақ билік­ке жеткенде, ат жалын тартып азамат бол­ғанда қазақ елі бұрын болмаған керемет жағдайға өтеді, тамаша ғұмыр кешеді.

* * *

Жастар және құндылық дегенде тағы бірер айтар мәселе бар. Ол жастардың мәдени-бағыт ынталарында. Қазақ елінің жастары бұл бағытта біртекті емес.

Біріншіден, қазір батысшыл бағыт­тағы жастар толысып келеді, олардың тілі де, мәдениеті де ағылшын. Бала жасынан, тіптен балабақшадан ағылшын тәрбиесінде болған жастардың діни сезімдерінің өзгеше болуына да таңғалу­ға болмайды. Бәрімізге белгілі ағыл­шын тілімен простестанттық тәрбие бірге. Сонда нәтиже не болмақ? Балаларын, немерелерін осылайша тәрбиелеп оқытуды өркениеттік деп түсінетін қазақ ата-аналар қаншама. Ағылшын тіліндегі арнайы орта мектепті тәмамдағандар, әрине оқуларын әрі қарай Англияда, Америкада жалғастырмақ. Сөйтіп қазақ жастарының түйсік-сезім-саналарына бөгде мәдениет мейлінше сіңе бермек. Оларға ұлттық ортадан ағылшын тіліндегі орта жақын бола бермек.

Екінші араб тілі және ислам діні негі­зіндегі бірыңғай мұсылмандық бағытқа бұ­рыл­ған жастар да бар. Олар үшін ұлт­тық құндылықтардан араб тіліндегі құн­ды­лықтар жақын. Бұл айтарлық мәселе.

Үшінші бағыт, орыс тілі және мәде­ниеті негізінде тәрбие, білім алған қазақ жастары. Олардың дені қазақша сөйлемейді. Қазақ тілін өлі тілдер қатарына қосатындары да бар. Қазақ тілі тұрмыстық тіл, ол тілде ғылым, тех­ника, технология болуы мүмкін емес деу­шілер де шығуда. КСРО құрамында бол­ға­нымызда мұндай көзқарас үстем болды, ал тәуелсіздік жылдары өзгеруі керек еді, олай болмай тұр. Бұл қауіпті.

Төртінші бағыт, бұл күннен-күнге күшейе беретін қытай тілі негізінде жат тәрбие. Құндылықтар жүйесі қытай құндылықтар жүйесімен бәсекеге түскенде, қалай боларын болжау қиын.

Бесінші бағыттағы жастар, ол өзіміз­дің төл мәдениетімізбен, ана тілінен сусындап келе жатқан дәстүрлі тәр­бие кеңістігіндегі жастар. Бұлар қазақ елінің іргетасы, бүгіні және келе­шегі. Олардың жастардың ішінде үлес-сал­мағы басым болса керек. Осы мәселеде социологиялық зерттеулер қажет-ақ!

Осы бес бағыттағы жастар арасында ауытқуда, толқуда, ойлануда, ізденісте жүргендер бар, олардың да қаншама екенін нақты айту қиын.

Осы мәселені неге арнайы сөз етіп отыр дейсіз ғой, айтайын. 1926 жылы дүниеден өткен араб Халел Жебран деген суретші-ойшыл болған. Сол кісінің кезінде қазір бүлініп жатқан Сирия туралы айтқаны бар. «В Сирии, например, все образование как милостыня получено от Запада, и до сих пор мы едим хлеб этой подачки, как голодные и алчущие. Этот хлеб позволяет нам жить, но, даруя жизнь, он несет одновременно и смерть. Дает жизнь, потому что будит наши духовные силы и вливает свежую струю в наши умы, убивает, потому что разобщает наши мысли, ослабляет единство, расторгает союзы разъединяет сообщества. Ведь страна наша превратилась в небольшие колониальные территории, разные по характеру и склонностям. Каждая колония привязана к одной из западных наций, живет под ее знаменем и воспевает ее достоинства и славу. Юноша, вкусивший немного науки в американской школе, легко превращается в доверенное лицо Америки. Юноша, испивший глоток науки в иезуитской школе, становится посланником Франции. Юноша, надевший рубашку, сшитую из материи русской школы, делается представителем России. И так далее: каждая школа каждый год выпускает своих представителей. Самое яркое доказательство того, как далеко в настоящее время зашли различия во взглядах и устремлениях, дает вопрос относительно политическую будущего Сирии».

Халел Джебран диагнозды дөп қойған, Сирия бүлінді. Неге? Тіл бірлігі болмады. Сол заманда Сирияда кім Халел Джебранды тыңдады. Қандай дерттің болмасын емі бар. Сөз рухани дерт туралы болғанда ойланып, толғанып атқаратын іс көп. Сириядағы орын алған қауіптің алдын алу үшін елімізде қазақтығымызды нығайтуымыз қажет. Бес бағыттағы жастарды біріктіріп, бір тілде сөйлейтін елдің азаматтары етіп топтастыру аса қажет.        

Қазақ тілі – ұлттық идея!

* * *

Біздің ұрпақ көп сөз айтты. Керегі де, қажеті жоғы да болды. Пайдалылары да, залалдылары да болды. Ендігі сөз – жас­тарда. Мінбер – жастардікі. Ақыл заманмен толысатын – феномен. Қырықтан бергі жастар – ақылдылар, себебі замандары солай, жаңа сөз солардікі...

Мәселе сабақтастықта. Сабақтастық жалғасу, жіптің үзілмеуі. Бұл дұрыс қағида. Сонымен қатар сабақтастық ішкі мазмұны бар, оның мәнісі мынада. Сабақтастық болуы үшін сыншылдық қажет. Өткенге сыни көзқарас қажет, сонда ненің сабақтас екенін анықтай аласыз. Сабақтастық әншейін реттік сан емес, ол эволюция, ол өзгеріс, ол ескіден жаңаға өту. Сонда ескіден нелер өтуі керек, нелер өтпей қалуы керек деген сараптамасыз нағыз сабақтастық болуы мүмкін емес.            

* * *

Бәрімізге қатысты әңгіме. Нарықты білдік, нарықтық қатынастарға ендік деп бір марқайдық. Ол жақсы. Нарықтық қатынастағы елдер қатарына қосылдық. Алайда біз нарықтық қатынастарға Еуропа елдерінен кеш ендік және де авто­ритарлық социалистік жүйеден келіп, өзіміз тағы авторитарлық жүйе құ­рып алдық. Осындай жағдайда қоғам­ның дерт­терінен арылу мүмкін бе деген сауал­ды өзімізге қоюымыз керек секілді.

Айтарым, нарықтық қатынастарға әбден енген елдер, оның бар пайдасын көре отыра, енді нарықтық кем­шілігін сезіп, біліп, танып айта бас­тауда. Сірә, бұл тақырыпты қозғау бізге ертерек көрінеді, алайда мәселе барын біліп қойған жөн. Айталық, Нобель сыйлығының лауреаты, америкалық экономист Пол Кругман былай дейді: «Нарық экономикасының заңдылығы бойынша, бір адамның шығыны – екінші адамның табысына айналатыны белгілі аксиома. Бірақ билік басындағы кей­бір саясаткерлер бұл заңдылықты жете түсіне бермейді. Демек, экономика­лық дағдарыстар мен репрессиялардың кейбір себептері саясат тізгінін ұстаған­дардың әлжуаз экономикалық доктриналарынан туындайды».

Шетелдік экономистердің бір парасы экономиканы адамгершіліктен (моральдан) тыс қарамауды айтады. Экономика адамгершілік ұғымы деген тезис үйлесімді. Мәселені қалай қойсаң да біз бәрібір адам мүддесіне орала береміз. Экономика адамға емес, керісінше адам экономикаға тәуел­ді болмағаны табиғи түсінік. Адам мүд­десі деген мемлекетте кедейлер мен бай­лар­дың арасы алшақ болмауы деген мағы­на бермек. Әйгілі «Коэффициент Джини» соны айғақтамай ма? Байлық бір пайыз адамдардың қолында болса, тоқсан тоғыз пайыз адамдардың күні не болмақ, міне, нарықтық экономиканың аса қауіпті салдары.

Қазақ еліндегі кедейлер мен байлар арақатынасы қандай?

Ар, ұят, намыс дегендер біздің елде экономикалық ұғымдарға айналды ма? Бұл жайында экономистер не дейді?

Біреудің бай болуы көпшіліктің кедей болуына тікелей қатысты болса не болмақ? Сауал экономист мамандарға.

Дәстүрлі қазақ қоғамында кедейлік пен байлық дәстүрмен реттеліп отырғаны экономикалық тәжірибе емес пе екен?!

* * *

Екінші Республика деген сөзді құла­ғым шалып қалды. Жағымды жаңалық деуге болады. Бұл Президенттің аузынан шыққан сөз. Әрине, сөздің мәнін айтушы біледі. Бірінші республика өткен тәжірибе.

Екінші Республика және Жаңа Қазақ­стан деген ұғымдар мағынасы бір деуге де болар, бірақ өзгеше де айтуға болады.

Мен үшін Екінші Республика сали­қалы ұғым. Мемлекеттік хатшы Ерлан Карин айтқандай, Екінші респуб­ликаның өзіне тән Конституциясы болуы керек. Тың Конституция қабылдау елдің, мемлекеттің, қоғамның түбегейлі өзгерісі. Екінші республика жаңа түсініктерді және ұғымдарды қажет етеді. Республика деген мемлекеттің түрі, олай болса, мемлекеттік басқару жаңа талаптарды қажет етіп отырғаны түсінікті. Әлеуметтік желілерді мұқият қарап отырсақ, «Қаңтар оқиғасынан» кейін азаматтық санаға тың өзгерістер енгенін аңғарамыз. Жұрт пікірімен келіспеске амал жоқ.

2021 жылдың желтоқсанынан «Қаң­тар оқиғасы» орын алған мерзім арасында қазақ халқы мықтап өзгеріске түсті. Ол өзгерістерге сай, азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ұсынуымыз керек еді. Ол мүмкіндіктер Жолдауда жан-жақты қамтылды және де сапалы өзгеріс «Екінші республика» деген ұғыммен анықталады деген ойдамын. Біз, әдетте, әлеуметтік парадигма дегенді жиі қолданамыз. Анығында, әлеуметтік парадигма көп іске мұрындық бола алмайды. Бізге керегі өзгерістер ағыны. Сол ағынға сай басқару формалары мен түрлерінің тың арнадан өсіп шығуы тұрақты эволюция. Республика – сайлау арқылы үнемі өзгеріп отыратын мемлекеттің басқару формасы.

«Бірінші республика» – өткен тарих. Алайда оның қызуы әлі басылмаған. Бірінші республика біз жүріп өткен тәжі­рибе. Негізінен, теріс тәжірибе. Бірін­ші республиканың саяси жүйесі авто­ритаризмге негізделген болатын. Суперпрезиденттік идея либералдық-демо­кратиялық үрдістерге мүмкіндік бер­меді. Қоғам «қазан ішінде» қайнады. Ақы­ры, ол «Қаңтар оқиғасына» апарды. Ойлай­мын, «Қаңтар оқиғасы» Бірінші рес­пуб­лика мен Екінші республиканың межесі.

Президентіміздің «Екінші респуб­лика» туралы Алматыда Наурыз мере­кесінде жұртшылық алдында білдірген пікірі құлаққа жағымды. «Екінші рес­публика» деген сөзді естіп, санамда ризашылық сезім орнықты. Қазақ «Таң­дағы тамақ – Тәңірден» дейді, алайда жатымды, жарасымды сөздерді Мемлекет басшысы аузынан ести беру болашаққа бастайтын ырыс демекпін.

* * *

Жолдауда МҮМКІНДІК туралы жақ­сы жазылған. Мен, метафораға малы­нып, ҮМІТ ШАМЫН жағып қойдым!..

 

Ғарифолла ЕСІМ,

академик, абайтанушы